Он балаға қорған болған аяулы жан
Қазір қоғамда қазақ аналарының бет-бейнесін айшықтап, олардың ерлікке пара-пар істерін насихаттаудың жақсы үрдісі қалыптасып келеді. Асылды ардақтай білетін қоғам барда пайым-парасатымен, ісімен көпке үлгі болған ақ жаулықтыларға еліктейтін қыз-келіншектер табылады. Мұның өзі түсінгенге үлкен тәрбиелік мәні бар дүние. Біз әңгімелегелі отырған көпбалалы ана – Сәбикүл Бесбаеваның өмірден көрген-білгені көп. Сәбикүл Басбаева 1938 жылы 12 мамырда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Сарыкөмей селолық советіне қарасты «Ерікті» ұжымшарында Доспаевтар шаңырағында дүниеге келіпті. Әкесі – Баспай Доспаев, анасы – Оңлай Жайлаубайқызы. Ата-анасы тұрмыс тауқыметін көп тартқан, өз заманына қарай қиыншылық көріп, еңбекпен есейген жандар болған. Сәбикүл Басбаеваның да балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Әкесі майданға аттанған. Анасы ерін жоқтатпай, балапандарын бауырына басып, аяқтандыруды ойлайды. Соғыс жылдарында елді мекендегі халық аштықтан қырылмаса да, жоқшылық көрді. Күнкөріс қиын. Шаруашылықтағы өнім майданға жөнелтіліп, халыққа азын-аулақ қалады. Сол кезеңдердің қиындығын Сәбикүл бала болса да түсінетін. Қазір де еміс-еміс есінде. Төрт сыныптық білім алып, әрі қарай оқуын жалғастыра алмаған. Амал жоқ, заман қиын. Оқудан да маңыздысы – жан бағу, аман қалу. Анасы сиыр сауып, мал шаруашылығына жәрдемдесіп жүргенде үнемі Сәбикүлді қасына ертіп жүреді екен. Бәлкім, көрсін, білсін дегені ме, әлде қызық үшін алып бара ма, ол жағы белгісіз. Содан Сәбикүлдің балалық шағы мал шаруылығында анасына жәрдемдесіп жүрген шақта зулап өте шығады. Көп ұзамай 16 жасында өмірлік серігі Төлеу Тықыровқа тұрмысқа шыққан. Бұл – 1954 жылдың 7 қаңтары еді. Төлеу мырза 1930 жылы маусымда туған. Ерте жастан тұрмыс құрғанына қарамай, Құйған ауылындағы «Томатный» зауытында жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілдерімен, оның ішінде кәріс, орыс, неміс, шешен халықтарымен араласа жүріп, 3 жыл жұмыс істеген. Кейін бұл шаруашылық жабылған соң, «Өзек» балық қабылдау пунктінде 10 жыл еңбек еткен. Жұмыстың ауырлығына байланысты кейін «Достижение» колхозының бригадасына ауысып, 20 жыл пияз, картоп еккен. Алтын құрсақты ана еңбек ете жүріп, дүниеге 10 перзент алып келген. Жолдасы Төлеу екеуі 10 баланы бағып-қағып, әрқайсысын өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге жәрдемдескен. 1970 жылы «Ударник коммунистического труда» құрмет белгісімен, 1976 жылы «Мать-героиня» орденімен, 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2004 жылы «Алтын алқа» алқасымен марапатталған.
![]()
Шаруашылықтан қол үзбеген Сәбикүл Басбаева жаз айларында егістік, бау-бақша өсірумен айналысса, қыс мезгілінде қамыстан маты тоқыған.
Алтын құрсақты ананың 6 қыз бен 4 ұлынан 31 немере мен 55 шөбере тараған. Осы күнде батыр ана, көпке үлгі болып жүрген мейірбан әже сол құлыншақтардың қызығына тоймай жүрген жайы бар.
«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», - деп Абай атамыз айтқандай, Төлеу атамыз бен Сәбикүл әжеміздің тәрбиелеп өсірген он баласының оны да жоғары білім алып, әке мен ананың еңбегі мен үмітін ақтай білді.
Ең бірінші дүниеге келген алты қыздың үлкені - Бақыт Төлеуқызы да анасының өкшесін басып, 70-ке де келіп қалды. Қазір зейнет жасындағы Бақыт әпкеміз медицина саласында білім алып, «ақ халатты абзал жандардың» қатарын толықтырып, 21 жыл абыройлы еңбек атқарды. Зейнет жасына дейін балық заводында тәлімгер қызметін атқарған.
Екінші қыз Гүлнар Төлеуқызы «Алматы Жеңіл өнеркәсіп және халыққа қызмет жасау техникумын» тәмамдаған. Сол салада 15 жыл қызмет атқарып, кейіннен білім беру бойынша екінші рет қайта оқып, тәжірибесімен өскелең ұрпақпен бөлісті. Мектеп қабырғасында білім бере жүріп, Гүлнар Төлеуқызы
![]()
аудандық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алған шәкірттерді дайындады. Қазір зейнет жасында болса да, білімін өз немерелеріне беруде.
Үшінші қызы Динара Төлеуқызы да «адам жанының арашасы болар» медицина саласында білім алған. Оқуын бітірген бойда қызу жұмысқа араласып, 40 жыл сол салада адал қызмет атқара жүріп, елдің алғысын, басшылықтың мақтау қағазын алған абзал жан. Таңдаған мамандығының дұрыс екендігіне бір күн де күмән келтірмей, зейнетке шықты.
Төртінші қызы Жанат Төлеуқызы да оқуын аяқтап, нағыз маман бола білген жан. Қиын да қызығы мол есепші мамандығын меңгеріп, 20 жыл өзінің біліктілігін, ұқыптылығы мен жауапкершілігін көрсете білді. Зейнетке шықпастан бұрын туған ауылының мәдениет саласына да зор еңбегін сіңірді.
Бесінші қызы Ақмарал Төлеуқызы әпкесінің жолын қуып, білім беру саласында қызмет атқарды. Қаскелен қаласындағы Культпросвет училищесін бітіріп, мәдениет саласында еңбек етті. Өзін ізденімпаз, мейірбан ұстаз ретінде көрсете білді. Өмір ағымына сай еңбек ету
![]()
бағытын өзгертіп, бүгінгі таңда жеке кәсіпкер ретінде танылып жүр.
Қыздың кенжесі Анар Төлеуқызы – заман талабына сай дамып келе жатқан байланыс мамандығы бойынша білім алып, бұл саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдай білген жан.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің», - деген Бауыржан атамыздың сөзі Төлеу әулетінің екі бірдей ұлдарының тағдыры мен еңбек жолына тікелей байланысты болды. Көптен күткен ұлдың үлкені – Жарасхан Төлеуұлы екі бірдей жоғарғы білім: бірі – әскери (Конев атындағы АВОКУ), екіншісі – заңгер мамандығын алған. 1986-1998 жылдар аралығында әскери қызмет атқарып, елінің нағыз қорғаушысы екенін көрсете білді. Бүгінгі таңда балық шаруашылығын басқарып еңбек етуде.
Ұлдың екіншісі – «қара шаңырақтың иесі» Бауыржан Төлеуұлы туған ауылының тұғыры болған балық шаруашылығында еңбек етеді. Балқаштың асау толқындарын бағындыра жүріп атқарған қызметі өзі сүйіп оқитын том-том кітаптардың кейіпкерлерінен кем емес. Үшінші ұлы Ғалымжан Төлеуұлы алдымен білім саласында, одан кейін мемлекеттік қызметкер ретінде өзін жақсы
![]()
қырынан көрсете білді. Бүгінгі таңда кіндік қаны тамған Құйған ауылының әкімі қызметін атқаруда. Адал басшы қашан да өзінің халқын ең бірінші кезекке қояры сөзсіз. Ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп, ауыл ақсақалдарының батасын ала жүріп қызметін жалғастыруда.
Төлеу атамыз бен Сәбикүл әжеміздің «сүт кенжесі» Қали Төлеуұлы ағасының ізін басып, әскери мамандықты таңдады. Бүгінгі таңда аты алтын әріппен мәртебесі биік қызметкерлер тақтасында тұрған Қалиды бауырлары мақтан тұтады. Еңбек жолын 1993 жылы қатардағы жауынгерден бастаған кенже ұл 2019 жылы полковник дәрежесін алды. 2010-2012 жылдар аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Әскери академияны «Алтын белгімен» аяқтады.
Он баладан тараған немерелер де жетістіктен құр алақан емес. Олардың өздерінің атасы мен әжесі туралы айтатын естеліктері де баршылық. Бірақ, бұл келесі бір тарихи әңгімеге арқау болары сөзсіз...
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()