Ақын-сазгер, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Құрметті азаматы
Өнерімен Ойылын өрге сүйреген
Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі – Айтқұлов Жолдыбай, бала кезінен өнерге құштар, өлең жазып, ән шығаратын, сурет салып, музыка аспаптарында шебер орындайтын, ән салып, жыр толғайтын жас болып өсті. Алғашқы әндерін мектеп оқушысы кезінен жазып бастаған. 1966 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласында алғаш құрылып жатқан Республикалық эстрада-цирк студиясына (Ж.Елебеков атындағы колледжге) окуға түсіп, 1969 жылы студия және «Қазақфильм» жанындағы кешкі актерлік шеберхананың дуб-ляж цехын бітірді. Сол жылы тұңғыш құрылған республикалық «Гүлдер» ансамблінде, кейін Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) жолдамамен аттанып, облыстық «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде артист-орындаушы болып қызмет атқарды. Жолдыбай Айтқұлов Алматы консерваториясының кешкі бөлімінде, Шымкентің Әл-Фараби атындағы мәдени-педагогика институтында оқып, отбасы жағдайына байланысты аяқтай алмайды. Кейіннен Ақтөбе педагогика училищесін, Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтын бітіреді. 1971-1977 ж.ж. Ш.Берсиев атындағы кеңшарда комсомол хатшысы болып қызмет жасады.
![]()
1977 жылдан бастап Ш.Берсиев атындағы орта мектепте, кейіннен Новый орта мектептерінде ұстаздық етті. Мектеп қабырғасында ұстаздық жұмысы өнермен байланысты болды. Сондықтан ол ән-күй пәнінен, тарих, география, бейнелеу пәндерінен және музыкаға қатысты түрлі үйірмелерге сабақ бере жүріп, өзінің өнерін де ұстарта береді. Ойыл музыка мектебінің филиалында шәкірттерге домбырадан дәріс үйретті. Сонымен қатар, бірнеше мектепте ән, терме, айтыс өнері бойынша үйірмелер ұйымдастырып, сабақ берді. Ауылда, ауданда ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына ұйытқы болды. Ауылда тұрса да, алыстағы өнер додаларынан қалмай, республикалық, облыстық көркем өнерпаздар байқауына катысып, талай мәрте топ жарды. Облыстық, аймақтық айтыстарға катысып, жүлде алды.
Қазақстан Республикасының өнер қайраткері С.Мырзабаева, Республикалық байқауының лауреаты А.Төлесінов сияқты шәкірттері көптеп саналады. 1976-1992 жж. аралығында айтыс-кер-ақын ретінде аудан, облыс намысын қорғап, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған: аудандық айтыстарда
![]()
3 рет – І орынға, телевизиялык айтыстың жеңімпазы (1985 ж.), облыстық айтыста (1986ж) II орынға, Қ.Жұбанов, Ә.Молдағұлова, Ә.Кердері, Шернияз мерейтойларының жүлдегері.
Жолдыбай Айтқұлов әуесқой ақын-сазгер, әнші, суретші. Көпшілікке сазгерлігімен танымал. Елуден аса ән-күйлердің, сахналық қойылымдардың авторы. Ол әннің әуендерін де, сөзін де өзі шығарады. Туған жерге деген сүйіспеншілігінен туындаған «Ойылым менің - ойдағы елім» әні Көкжар өңірінің «әнұранына» айналып отыр. «Ойылым ерке өзенім» әні 1980 жылы Алматы қаласында өткен республикалық әуесқой сазгерлер конкурсында жүлде алып, Қазақ радиосының алтын қорына жазылды.
Ойыл өңірі жөніндегі ән-толғаулары мен балалар әндері арқылы туған өлкесін Республика жұртшылығына танытып, Ойыл туралы отызға жуық әнді зерттеп, ән альбомын шығаруға бастамашы болды. Автордың біраз әндері «Шарықта, шырқа, жас ұлан!», «Жыр жазамын жүрегімнен» ән жинақтарына енген.
Ж.Айткұловтың денсаулығы сыр берсе де, шығармашылықтан қол үзбей, мәдени шараларға үнемі қатысып, жастарға өз өнерін, тәжірибесін үйретіп, бөлісу мақсатында бірнеше жинақтарын шығарды. Олар: «Өмірім-өнерім», «Ойылым менің-ойдағы елім» (2006ж.), «Жүрегім соғып тұрғанда…» (2011), «Өнеге» (2019)атты өлеңдер, әндер, әңгімелер жинақтары (2011ж.), «Сыны кетпеген сырлы әуен» (2009ж.), «Қос ішекке даламның қостым әнін» атты ән альбомдары жарық көрді (2011ж.).
![]()
1994-2009 жылдар кезінде «Сазгер ұстаз», «Ж.Айтқұловтың творчествосы», «Кешкі шай», «Кеш жарық» теледидар хабарларында насихатталды. Сырлы сызды әсем әндері республикалық, облыстық теледидар мен радио толқындарында жиі орындалып жүр.
Жолдыбай Айтқұловтың «Сазгер-ақын Ж.Айтқұлов» (1996 жылы), «Сырлы саз» (2004 жылы), «Сыны кетпеген сырлы әуен» атты шығармашылық кеші (2009 жылы) табысты өтті. Ол туралы Қаратал өңірінде түсірілген «Барқыннан ескен әсем ән» атты бейнефильм бар. 70 жасқа толуына байланысты Ойыл ауданының әкімшілгі ұйымдастырған «Ән құдыреті» шығармашылық кешіне аудан халқы ризашылықпен қол соқты.
2012 жылы «Сәуір самалы» әні, сөзі Н.Қалауовтікі, Т.Айбергеновтің 75 жылдығына орай өткізілген сазгерлердің Республикалық жабық байқауында I орынға ие болып, ақшалай сыйлықпен марапатталады. Республикалық кәсіби домбырашылар байқауында II орын иегері болса, көркем өнерпаздардың Республикалық, облыстық байқауларынын, Алматы қалалық байқауының жеңімпазы. Ол облысымыздан шыққан дубляж актері, белгілі режиссер Д.Тналиннің класында оқыды. «Шить и мечь», «Звучит там-там» т.б. бірнеше документальды-хроникальды фильмдерде сөздері дыбысталған актер және сахналық көркемсөз шебері ретінде де танымал. Ойыл өңірінен шыққан тұңғыш кәсіби эстрада артисі.
Сазгер Ж.Айтқұловтың өнерінің тағы бір қыры – тарихымызды түгелдеп, баспасөз беттерінде өлеңдерімен қатар, мәдениет пен өнер, жастар шығармашылығы жөнінде мақалалары жарияланып тұрды. Өнер зерттеушісі
![]()
ретінде «Өнердің туын тіккен Ойыл» атты тарихи илюстрациялық кітабы баспаға дайындалып жатыр. Шығармалары: «Той бастау», «Шығанақ» туралы толғау, «Ақтөбе» толғауы, «Ақтөбе вальсі», «Ойылым менің-ойдағы елім», «Тыңдашы мені», «Елек жағасында», «Құмжарғаным», «Көрікті мекен-Көкжарым», «Баркын» толғауы, «Қиылда менің кимасым», «Ағайынды Жұбановтар көшесі», «Мектеп бітірушілер әні», «Қараталым», «Ардагерлер арман ерлер», «Ойылым ерке өзенім», «Берсиевшілер маршы», «Орамал», «Қысқы серуен», «Арай таң асыл еркем», «Сәбиім-сүйкімдім», «Саралжын вальсі», «Сағыныш», «Арман ауыл Көптоғай», т.б... Соңғы жылдарында жазылған әндері: «Егіз гүлдер», «Алтай бабам-ардағым», «Сәуір самалы», «Сағынышым-жан әкем», «Құмжарғаным»; «Жайдары қыз қайдасың» - сөзі Н.Қалауовтікі, «Сағынған көздің моншағы» - сөзі Т.Айбергеновтікі сияқты әндері жұртшылық ілтипатына бөленсе, «Шотан батыр» атты толғауы, «Киелі бабам-Ер Шотан» әні Маңғыстау өңіріне кең тарап кетті. Арқалы ақын сазгер Жолдыбай Айтқұлов 2021 жылы 21 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеден өтті. Өнер майталманының денесі арулап, туған жері Ойыл ауданы, Қаратал селосына жерленді.
«Барқыннан ескен әсем ән»
Шын жүйрік бәйге басталғанша бойын жасырып ұстайды. Сәйгүліктер арасында қызбалыққа салынбай, оғаш
![]()
мінез көрсетпей моп-момақан күйде тұрады. Сөреде сәйгүліктер сап түзеп, тұлпар тұяғының дүбірін естісімен жанарында от ойнап, ширығып-ширап шыға келеді. Міне, сол кезде көрсең ғой сәйгүліктің сымбатын, – деуші еді үлкендер жағы.
Адам да жылқы мінездес. Әсіресе, өнер адамы. Тұла бойы тұнған талант, сегіз қырлы бір сырлы Жолдыбай Айтқұловты өнердің өрен жүйрігі деу орынды. Сол жүйріктігі болар әлдекімдей мен мұндаймын деп кеуде керіп жатпайды. Қашанғы қарапайым қалпымен халқына өнерімен, өлеңімен, ұстаздығымен, адами азаматтығымен қызмет етуден танбай келеді.
Тал бойына өнер ұялаған ол ақын, күміс көмей әнші, сырлы сазгер, дәулескерей күйші, әсемдікті қалт жібермейтін суретші, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз. Баялыш пен бургенге, құмарлық пен қымыздыққа, бүлдіргені мен жусанға толы, жапырақтары сыбырлап сыр айтатын қарағайлы, терегі көкке жарыса бой созған Барқын құмының әсем де әдемі қойнауында дүниеге келген оның жүрегін ән болып, күй боп, сурет боп тербеген таланты осы, туған жерден тамыр тарса керек. Әрі білсем, тұңғиық сырына үңілсем деп өскен бала қиялға қанат бітіргенде осы табиғаттың өзі болса керек секілді. Табиғатынан сұлулыққа жаны құмар Жолдыбай Айтқұловтың әсершіл болып өсуіне сылдырап аққан Ойыл, Ащыойыл мен Қуырдақты өзен-дерінің де әсері мол.
![]()
Бозала таңнан тұрып бозторғай үніне құлақ түрген, аққу-қаздың сұңқылынан сыршылдық әсем әуен іздеген оның бойындағы талант отының маздап жануына сөзге кенен, әңгімешіл, жыр, қисса, дастан айтатын әке өнегесінің де әсері зор.
Барқын құмының бір бүйіріндегі шағын ауылда таланттың тақымына ер салған ол бес жасында-ақ домбыра тартуды игеріп, әкесінен үйренген «Қырық қыз», «Қыз Жібек», «Қарасай-Қази», «Мұңлық-Зарлық» дастандарынан үзінді айтуға дағдыланды. Кеш түсе шам жарығымен домбырасын тыңқылдатып, қиссалардан үзіндіні жатқа соғатын қара баланың әр қадамынан үміт күтуші еді-ау әке жүрегі. Мектепте жүріп-ақ ақын бала, артист бала атанған ол Ойылдағы H. Крупская атындағы қазақ орта мектебінде көптеген ұлағатты ұстаздардың қамқор қолының ыстық табын сезінді. Мектептегі «Жас қалам» қабырға газетінде ауданның әр қиырынан жиналған оқушылар жарыса өлең, әңгіме жазып жататыны әлі есінде. Әрине, жазған-сызғандарының бәрі төрт аяғынан тең басқан дүние деп ешкім де айта алмас. Бірақ бала қиялға қанат бітірген сол кездің шуақты сәттері көңілден кетер ме?
Өлеңге әркімнің де бар таласы демей ме? Әсіресе, әсершіл бала кезде. Мектеп қабырғасында өлең жазған бір топ бала орта мектепті бітірісімен КазГУ-дің журналистика факультетіне бардық. Кейін солардан тек Ж. Хасенов, А. Орынғалиев қана осы кәсіптің тізгінін ұстап, өз өмірлерінің алтын қазығына айналдырды.
![]()
– Дегенмен мен де осы бағыттан көп ауытқи қойғаным жоқ, қанаттас қадам басып келемін, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – Өнер деген адамдардың жанын тазартып, бір-бірімен достастырады ғой. Олармен әлі күнге көңіл-күйден су ішетіндей достармыз.
Ол сондай-ақ ізденістің адамы. Оның бастамасымен кезінде өзі еңбек ететін Ш. Берсиев атындағы орта мектептің жанынан музыка мектебінің филиалы жұмыс істеді.
– Қазір олардағы музыкалық құрал-жабдықтар талан-таражға тускен, мектептер жабылып қалды. Оларды қайта ашуға қаржы жоқ, ата-аналар төлейтін жарна үлкен. Сол себепті өнердің бағы тайып барады. Жастардың көбі қалаға кетуде. Ауыл сахнасында өнер көрсетушілердің дені менің туыстарым. Бұл ойланатын мәселе. Әсіресе жастардың халық әндерін орындауы сирек, жеңіл әуендерге әуес. Олардың эстетикалық-тәрбиелік мәні жоққа тән. Сөйтіп тарихы тамырынан үзілген өнердің өрісі тарылмағанда қайтсын, – дейді Ж. Айтқұлов әңгіме арасында. Қазір кешіктірмей қолға алатын мәселе ретінде - бұрынғы ізі бар ауылдарда саз мектептерінің филиалдарын кайта ашу керектігін ұсынады.
![]()
Ол әнге, өлеңге, күйге құмар балалардан жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. К. Шегетаев, С. Мақсымов, М. Муқашев сияқты шәкірттеріне үлкен үміт артады. Әрі қарай шеберліктерін шыңдаса бір жерден жарып шығарына сенімі мол. Облыстық «Жас қанат» байқауынан бірінші орын алған Гүлдана Еркебаева да болашағынан үміт күттіреді. Облысқа белгілі домбырашы, әнші, мұғалім С.Мырзабаева, саз мамандары Н. Насырова, Г. Базарова, төкпе ақын-термеші С. Қожасаев өзге мамандықта өнерін тастамай жүрген шәкірттер қаншама.
Ж. Айтқұлов 1980 жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, суырып салмалылығымен айшықты өнер көрсетті. Әр жылдары Қ.Жұбанов, Ә.Молдағұлова, Шернияз, Әубәкір Кердері мерей тойларында ақындар айтысында жүлдегер де болды. Ауданның, облыстың намысын қорғады.
– Айтыс тым кеш бастап алдық, демеуші деген болған жоқ. Айтысқа шығармашылық дәрежеде мән бермегеніміз де рас. Шөп те өлең, шөнге де өлең дегенді малданғандар айтысты тым қара байырландырып жіберді. Дегенмен аудандағы жас айтыс ақындары Б. Хамиев, Серік Қожасаевтың ізденсе қалыптасып кететін-ақ жөні бар. Мен өзім он жылдай болды айтысты қойдым, – дейді ол.
Мүмкін оны екі-үш күн қалғанда тауып алып айтысқа қатыстыратындай жүйесіздік қажытты ма, кім білсін. Ақын Ертайша (Ашықбаев) айтқанда осал аудан емес екендігін дәлелдеп баққан, сын сөзден қызғыштай қорғаған, мақтауын жетістірсе де оңала қоймаған Ойылын көріп шегіншектеді ме екен, әйтеуір айтыстан бас тартты. Мүмкін, оның бір ұшы тақымдап отыратын талантты талқынды көре алмағандықтан да жатқан шығар. Рас, өзі бас тартқанмен айтыстың ажары ашылып келе жатқанына қуанады. Тек облыстан дұрыс айтыс ақыны шықпағанына өзін кінәлідей сезінуінің өзі өнерге деген махаббаттың суымағанын көрсетпей ме?
![]()
Қайдан суысын, қайта есейген, толысқан, толған сайын шыныраудан шыққан мөлдір судай ішкі-сезімнің иірімдері ән болып төгіліп, өлең болып өріледі. Көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын ол өлеңін өзі жазып, әнін өзі шығара береді. Аспаптарда өзін-өзі әдемі сүйемелдеп асқақтата шырқап орындайды да. М. Құрманалиннің сөзіне жазылған «Ағайынды Жұбановтар көшесі», «Қиылда менің қимасым», З. Шүкіровтің өлеңіне жазылған «Тыңдашы мені» әндері осындай ізденістерден туған дүниелер.
Ауылда болсын, ауданда болсын ұйымдастырылған мәдени шаралардың бел ортасында жүретін елгезектігі өз алдына. Сонда да еңбегін бұлдап жатқан ол жоқ.
Қолы сәл босай қалса қылқаламын алып, сурет салуда ежелгі дағдысы. Ал, естіген-көргенін жадында ұстайтын зеректігіне тәнті боласың. Содан да болар оның қасынан шәкірттері арылмайды. Бала жүрегіне жол табудың өзіндік сырын алған ол мектепте қай пәнді жүргізуге де шамасы келетін әмбебап ұстаз.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Ж. Айтқұловты ауылдардағы музыка мектептерінің филиалдарының жабылуы, ондағы сауатты кадрлардың базар сағалап, той жағалап кеткені қинады. Бірді-екілі көрінген жас таланттардың тағдыр-талабының кұмға сінген судай кейін көрінбей кететіні де ойлантады.
Азамат ретінде ауыл сахнасында жастардан гөрі ересек өнерпаздардың ән салып, күй тартатыны көңілге әртүрлі ой салады. Тамырынан үзілген айтыс өнерінің бұғанасы бекімей келе жатқанына арланды. Кей-кейде осының бәріне өзі кінәлідей шөре-шөре күй кешеді. Сөйтіп, бір кезек құпиясын жал-жал құм қойнауында жасырып жатқан Барқынмен сырласады. Сусыған құмның өзі көңілге салқар сезім тудыратын туған жердің өзіне тартып талантты ұлы осында тағы бір толыққанды шығарманың арқауын кеңейтеді.
Қарапайым қазақы қалпынан аумайтын ол мұндай кездері әлдекімдердей ән туды, өмірге өлең келді деп дабырлатпайды да.
Сөйтіп, оның сазды әндері, өміршең өлеңдері өз тыңдармандарына жетіп жатады. Мұны ерекше еңбек етім-ау деп өзі де өзеуремейді. Ондай өлермендікке жаны қас. Осындай өнерпаз жігітіміз бар еді-ау деп жатқан әкім қаралар да жоқ. Бұл тиісті орындардың құлағына шалынып жатса есте жүрсін деген тілек қой.
Әйтпесе ақылы қызметті атқарғаны үшін де атақ-даңққа ұсынылып жатқандар аз ба?
Сатыпалды Сәуірбев,
Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі
(Мақала Ақтөбе облыстық газетінде 2008 жылы жарияланды)
Ойылым менің – ойдағы елімКезінде әсем қала аса мықты,
Тарихы қыш дуалдан қашалыпты.
Қазақтың даласында бір жәрмеңке,
«Көкжар» деп ел-жұртынан бата алыпты.
Қайырмасы:
Ойылым менің – ойдағы елім,
Ғасырын жаңа тойлады елім.
Ойылым – арман ағысы қатты.
Ойылым – арман жайнаған өңір.
Жерұйық Күн-Ананың нұрын алған,
Куә боп Асан қайғы жыры қалған.
Батысқа Жібек жолын жалғаған жер
Құт мекен, бабамыздың ізі қалған.
Қайырмасы:
Шұбалып керуен жол қырқаны асып,
Ойылым сұлулықпен тұр таласып.
Бойына шежіресін жатыр бұғып,
Ежелгі Ақжайықтың бір саласы.
Қайырмасы:
Ел-жұртым сүйе білген даланы кең,
Әйгілі ақтарылы алабымен.
Бұл күнде тыныстайды өскен өңір,
Барқынның баяу ескен самалымен.
Қайырмасы: