Даланы әнмен тербеткен
![]()
Қай саланы таңдап, кім боламын десе де әрбір азаматтың өз еркі бірақ, ұлт болашағына бей жай қарамай, өнер аламанында тұлпарының жүгенін бос жіберіп, мәдениет майданында оза шапқан тұлпардың бағындырар биігі де, алар алғысы да, көрсетілер құрметі де биік болмақ. Олар, Жаратқанның пендесіне таңдап беретін ерекше сыйы – талантты бойына қондырып, оны еңбекпен ұштап, өнер саласында қызмет етіп келе жатқан мәдениет майталмандары. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ғалиева Үмітжан Тоқтағұлқызы да осындай, өнер саласында алға шыққан ат төбеліндей топтың ішінде келе жатқан өнер адамы.
Үмітжан Тоқтағұлқызы 1944 жылдың 28 қыркүйегінде Семей облысы, Жарма ауданы, Малай ауылында дүниеге келді. Том болып жатқан тарих көздерін парақтасақ, ұлы тұлғалар мен батырлар, ақындар мен таңды таңғы ұрып жырлаған дүлдүлдер, ақындар дүниеге келген топырағына кие дарыған өлкеде бақытты балалығын өткізіп, еркелей аққан өзеннің салқын самалына бұрымын сүйдіріп өскен ол өнегелі отбасында тәрбиеленді. Өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу, ісі мен сөзінде адалдық пен адамдықтың иісі шығып тұрған ата-анадан тәлім алып, солардың қолдауымен өмір баспалдағын аттаған Үмітжан Тоқтағұлқызы Малай ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Шабамын деген тұлпардың төрт тұяғы жер тарпып тұратыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп те өзінің бойындағы алғырлық, зеректік қабілетімен көзге түсіп, үлкендердің алғысын алумен қатар ұстаздарының мақтанышына айнала білген жас сыныптағы белсенді оқушылардың бірі боды. Үлкеннің сөзін екі етпейтін жас мектептің қоғамдық өміріне белсене араласумен қатар, сыныпішілік, мектепішілік өткізілген қоғамдық іс-шаралар мен пән сайыстарында топ жарып, сынып мерейін үстем ете білді. Әке тәлімі, ана тәрбиесімен бойына сіңген үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізетінің арқасында қатарластарының да алдыңғы сапында болып, мектепті үздіктер қатарында тәмамдады. Ұшамын деген қыранға меңіреу құздар кедергі болып па, алдына аласармас
![]()
мақсат қоя білген жас 1961 жылы 10 сыныпты бітірген соң Семей қаласындағы Мұқан Төлеубаев атындағы музыка училищесінің «Жеке ән» факультетіне оқуға түскен Үмітжан Тоқтағұлқызы алғашқы еңбек жолы Облыстық филармонияда басталды.
Өнер – өлмейтін, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасап келе жатқан, өмірден түңілгеннің көңілін бір серпілтіп, құлшынысын арттырса, қимасын аңсаған жанның сағынышын басып, құлазыған көңілге дем берумен қатар көңілді сәттерді көбейтетін, көкірек көзін ашатын ерекше сала. Мәдениет деп аталатын саланың торысын тақымға қысқан Үмітжан Тоқтағұлқызы Филармонияда 2 жыл жұмыс істеп Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерін концертпен аралады. Репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек классика әндері болған өнерпаз, одан кейінгі жылдары да әр салада жұмыс істеп жүріп әнін халыққа паш етті. Алматыда, Семейде телестудияда ән салып, 1983 жылы Жарма ауданы «Скатовод» қазіргі Жарық ауылында ұлттық халық оркестрінде әнші болды. Өміршеңдігін жоймайтын өнер саласында тағдырдың тарту еткен әсем дауысы мен күміс көмейінің арқасында қандай ортаға, іс-шараларға барса да орындаған әнін тыңдарманының жүрегіне жеткізе білген Үмітжан Тоқтағұлқызы 1988
![]()
жылы Қазақстанның мәдениет және әдебиет күнінде Украинаның 4 қаласында оркестрмен Украин халық әні «Гандзя» және Л. Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін орындады. Сонымен қатар, Алматы студиясында К.Кенжетаевтың 60 жылдығында документалдық фильмге де түсті. 1993 жылдан бастап Жарма ауданында «Кәусәр» халық ұлттық аспаптар оркестрінде «Айқаракөз» фольклорлық этнографиялық ансамблінде әншілік қызмет атқарған кейіпкеріміз 2014 жылға дейін сахна төрінде болып, көрермендерін әсем әнге бөледі.
Үмітжан Тоқтағұлқызы әсем дауысы, мәдениет, ән саласының дамуына қосқан үлесі үшін 1995 жылы «ЮНЕСКО» көлемінде тойланған Абай атамыздың 150 жылдығына орай облыс әкімінің кездесуіне шақырылып Құрмет грамотасымен марапатталды. 1988 жылы Шымкент қаласында өткен Шәмші әндерінің Лауреаты атанса, 2003 жылы Вальс корольдері Бекен Жұмақаев және Шәмші Қалдаяқов әндерінің байқауында «Бас жүлдеге» ие болып, 2008 жылы «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды.
Музыка әлемі – көзбен мөлшерлеп, таразымен өлшей алмайтын, шетсіз, шексіз, шекарасы жоқ тылсым әлем. Осы бір үңілген сайын
![]()
тереңіне тартып әкететін өнер мен ғылымның, музыка саласының бір шыңына өзінің есімін тасқа жазып қалдырған ол талантты ғалым, кәсіби оқытушы ғана емес, отбасында аяулы жар, асыл ана. Зейнеткерлікке шықса да, 79 жасқа келсе де аудан тіршілігіне араласып, ән салып жүрген Үмітжан Тоқтағұлқызы зейнеткерлерден құралған «Мұрагер» тобының беделді мүшесі. Өнер саласында жүрсе де отбасының құндылығын бірінші орынға қоя білген өнер иесі жары Әбдрахманов Батырхан екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда Олардан 9 немере, 12 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Үмітжан Тоқтағұлқызының жары Батырхан мырза 1975 жылы дүниеден қайтты.
Кісілік болмысында адами асыл қасиеттерді, жоғары қойып, білгені мен санасына түйгенін шәкірттерінің бойына сіңіріп кеткен ұстаздар. Міне, бүгінгі мақаламызға арқау болған Үмітжан Тоқтағұлқызы - тұғыры биік тұлға. Кейіпкерімізге зор денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, абыройы асқақтап, әлі де ел қызметіне, өнер жолындағы жастардың кәдесіне жарар тың дүниелерді өмірге әкелуіне тілектестігімізді білдіреміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()