Мұхамедияр Жабағыұлы

Рейтинг:

Жыр жампозы

     Ата-бабаларымыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл, өсиет терме, жырларымызға ерекше мән берген. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп, жадта жатталып келген халықтық туындылардың бүгінгі күнге байырғы қалпын бұзбай, тұнық қалпында жетуінде жыраулар мен жыршылар шешуші рөл атқарды. Халық жыр, өсиет-терме айтатындарды жыршы атанған. Олар өз жанынан хисса-дастандар шығармаса да ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақын-шайырлардың мұрасын жырлаған. Ал апталап, айлап жырлайтын айтулы жыршыларды да халық жырау атаған. Жыраулар өзіне дейінгі шығармаларды орындап қана қоймай, өздері де ойдан толғау, дастандар шығара білді. Таңды-таңға ұрып жырлайтын сондай жыраулардың қатарында есімі Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлы да бар.
     Мұхамедияр жырау 1908 жылы тамыз айында Қармақшы ауданы, Қызылтам елді мекеніндегі Қайыршақты деген жерде өмірге келген. Әкесі Еспайұлы Жабағы ескіше хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған. Хисса-дастандар айтып, халқын ән-жырына бөлеген жан. «Тақыр жерге шөп шықпайды» дегендей, Мұхамедияр Жабағыұлы текті жерден шыққан кісі. Ол кісінің түп нағашысы атақ-даңқы тек Сыр өңіріне ғана емес, алты Алашқа мәшһүр атақты Марал ишанның баласы Қалқай ишан болатын. Сол кісінің Зылиха есімді қызынан Жабағы туады. Шешесі Қыстаубай қызы Сәти де жүрек жылуы мен мейірім-шуағы мол, мінезі салмақты кісі болған екен. Мұхамедияр Жабағыұлы Зылиха әжесінің бауырында болып ән-жыр, хисса-дастандарды кішкентай кезінен құлағына сіңіріп өседі.     Он бес-он алты жасынан бастап ел арасында жырау бала атанады. Әрқайсысы бір түндік «Алтын балық», «Айшақыз», «Шаһзада», «Мағауия», «Жалаңаш бала», «Әбу Шаһнама» хиссасын жатқа айтып, халықтың қошеметіне бөленеді. Оның репертуарында Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Тоқжан ақын, Сейітжан, Молдабай сынды өнер саңлақтарының шығармалары аз болмаған. Сонымен қатар Сыр бойы күйшілері ҚұрақтыңДосжаны мен Жалдыбайдың шығармаларын да орындаған. Жадында басқа да күйшілердің сирек орындалатын күйлері болған. 2008 жылы шыққан «Сыр сүлейін сұрасаң» және «Қайталанбас дауыстар» атты музыкалық антологияда Мұхамедияр Жабағыұлының орындауындағы Алаша Молдабайдың әні «Молдабай», Тоқжанның «Гөй-гөйі», Даңмұрынның «Бақташы бақ құсына бола қойсаң», Ешнияз Жүсіптің «Көңілім гүл», «Сөйле, тілім, жосылып» (Әкімгерей – М.Жабағиев) және өзінің термесі «Ықыластанып сөйлесем» берілген. Мұхаңның қандай жырау болғанын осы термелерді орындағанынан-ақ байқауға болады.
     Міне, бір тағдырдың шымбайға батқан ауыр қамшысынан кейін Мұхамедияр Жабағыұлы жыраулық өнерге бет алып, әрқайсысы бір түндік «Алтын балық», «Айша қыз», «Шаһзада», «Мағауия», «Жалаңаш бала», «Әбу Шаһнама» қиссаларын толығымен басынан аяғына дейін жырлайтын болған. Одан соң осы Сыр бойының ақындарының термелерін де қасиетті домбыраның қос шанағында тербеп, өзінің күміс көмейінде ән шырқата білген.      Мұхамедияр Жабағыұлының репертуарында Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын, Шораяқтың Омары, Сейтжан ақын, соқыр Тоғжан ақын, Молдабай сынды өнер дүлдүлдерінің мұралары мен жаһұт жырлары да аз емес. Әсіресе, Тұрмағанбет ақынның, Шораяқтың Омары, кете Жүсіп, қаңлы Жүсіп, Даңмұрын солардың айтыстарын, алтын Сейтжан ақын, соқыр Тоқжан ақын өлеңдерін толғап, соларды ерекше бір екпінмен, өзгеше бір сезіммен орындаушы еді. Басқа да өз жүрегінен шыққан туындылары ағайын, дос-құрдастарға арнаған әзіл-қалжың, наз өлеңдері де көптеп саналады.      Сыр сүлейлерінінң көпшілігінің көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған, тіптен табақтас, сырлас болған кісі еді. Мұхамедияр Жабағыұлы тек керемет орындаушы ғана емес, өз жанынан да өлең-жыр шығаратын арқалы ақын болатын. Солардың ішінде өзінің соғысқа кеткен жолдасы тоқа Домбай ұлы Жақсыбайға арнаған поэмалары бар.
     Мұхамедияр Жабағыұлының Сейтжан ақынның ”Қиямет нама”, “Қасырет нама” дастандарын шебер орындаумен қатар, бұларды толықтырып, жаңғыртып отырған. Сейтжан ақынның осы шығармасындағы әйелдер туралы туындысындағы 5 түрлі әйелге мінездеме беруін «Қара молда» Мұхамеджан (Қалтай, Ибрагим Мұхамеджановтардың әкесі) орындап, сол кісіден Мұхамедияр естіп жырлаған, бір екі шумақ өз пікірлерін өлеңге қосқан.
     Мұхамедияр жырау 1934 жылы облыстық мәдени ағарту бөлімінің ұйымдастыруымен Қармақшыда өткен үш күндік ақындар айтысында жүлделі орын алған. Бірақ Сталиннің қанды қылышы қаһарланып тұрған кезіне тап келіп, «Марал Ишанның жиені, әкесі молда, байдың құйыршығы болып, ұсталынып кеткен» деп сол кездің шолақ белсенділері, өз туыстары астыртын хабар беріп, Алматыға іріктеліп, алынып тұрған жерінен қалдыртпады, тиесілі жүлдесін бергізбейді. 
     «Кенесары-Наурызбай дастанын, Ахмет Байтұрсыновты сол кезде елге таратып, Мирзоянды мақтадың» деп түрмеге де отырған. Бірақ, Жаратқанның тарту етіп берген қабілеті мен талантының арқасында, өзінің туған еліне, жеріне деген махаббатын күннен күнге жылытып, жыраулық өнердің қыранын мәдениет аспанында мәңгі қалықтатты.      «Ер деме елге зұлым жасағанды», «Ісі жоқ кей наданның еңеспенен», «Қаршыға торда отырып...», «Жігітке жарамайды алаң болған..», «Айнашқа», «Ауылымның айналасы қалың болса», «Жас болып қалып тұрсың, ей, Асыланым!», «Ақ сары болса бұғақ салбыраған», Ахат Жанаев пен айтыскер ақын, жырау Серік Өтеуов келгенде айтқаны», «Нағышысына өкпелеп жазғаны», «Марданға», «Зәуре, Қарындасқа!», «Інісі Икрамшаны жоқтауы», «Мұхамедиярдың көңіл айтуы» атты өлеңдері кітап болып, жинаққа еніп, әлі де халық жүрегінен орын алып, ән болып айтылып келеді.
     Мұхамедияр Жабағыұлы 1989 жылы дүние салды. Жыр жампозы өмірден өтсе де, оның жырлары мен артында қалған туындылыры мәдени мұра ретінде, ұрпағының жүрегінде, жергілікті мұражайлардың төрінде сақталған. Кейіпкеріміздің өмірден көргені қиындығы мен жеке шығармашылығы, адамдық болмысы жайлы сан мәрте жазылып, түрлі естеліктер де айтылды. Ол араласқан тұлғалар ауылдағы қарапайым тұрғыннан бастап, қазақ әдебиетінің, қазақ өнерінің, жырлаулық дәстүрдің қаймағы болған, елдің қамын ойлаған азамттар, ақиық өнердің шыңында ғана қалықтаған қырандар еді. 
     1962-1963 жылдары Алматыдан белгілі өнер жанашыры, қазақ фольклорының майталман ғалымдарының бірі Мардан Байділдаев, Зәуре Киреева, Мұхамед Рахым Жармұхамедовтар келіп, Мұхаңның көптеген ән-жырларын, қиссаларын үнтаспаға түсіріп, республика фонотекасына, Қазақ ғылым академиясына табыс еткен. Сол кездегі республикалық радионың облысымыздағы тілшісі Ахат Жанаев Мұхамедияр жырау жайлы музыкалық хабалар әзірлеп, облыстық, республикалық эфирге таратқан, газеттерде насихаттаған.     Мұхамедияр жыраудың мұрасын зерттеуді Қорқыт Ата университетінің деканы болған, профессор, танымал жырау Алмас Алматов ілгері жалғастырып, шәкірттері Мұхмедияр жырау жайлы дипломдық жұмыс қорғады. Алмас Алматовтың жетекшілік етуімен Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты атасы Нұрабай Мұхамедияр жыраумен жерлес, жолдас болған, жас жырау әнші Дана Нұрабаева ғылыми трактат жазып, Сыр Бойы облыстық газетінде жарық көрді. Берік Жүсіпов те Мұхамедияр шығармаларын насихаттап, «Телқоңыр» шағармашылық кештерінде терең баға беріп отырды. Жүністегі Қуаныш Нұрабайұлы өзінің «Домбыра - дастан» шығармашылық кітабында Мұхамедияр жырау туралы керемет мінездеме берген. «Қайталанбас дауыстар антологиялық кітабында» Мұхамедияр жыраудың өз орындауындағы шығармалары және шәкірттерінің орындарындағы шағармалары енгізілген.      Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа айналады. Мұхамедияр Жабағиевтің мұрасын зерттеу обьектісіне айналдырып жинақтауы – келешек үшін үлкен қазына.
     «-2018 жылы көкемнің артында қалған ұрпақтары қайтқанына 30 жыл, апама 10 жыл, арнайы Еспай баласы Жабағыға деп мешітте құран бағыштадық.
     Біз ұрпақ жалғастырар өнеріңді,
     Халқыңа бердің төгіп, береріңді.
     «Мұхамедияр мақамы мен өлеңі» деп,
     Баулырмыз әлі талай көк өрімді.

     Көп өнер өзіңменен бірге кетті-ау,
     Кеудеңде көгендеулі, көгерулі.
     Пендеміз уақыт құлы ертелі-кеш,
     Сағатпен салпаң қаққан шегерулі.
     Жырыңды жазып, жинап ала алмадым,
     Өкініш өртер кейін өзегімді», – деп Ибрагим Мұхамеджанов ағамыз айтқандай әкемнің біраз аһ ұрған армандары өзімен бірге кетті ғой. Бұл жерде аз ғана өмірдастандары қамтылды. Бірақ артында өмір барда, ұрпақ барда ешнәрсе ұмытылмақ емес», – дейді әке есімін мақтаныш тұтқан перзенті. 
     Ерекше адамның ерекше қабілеті мен мінезі болатыны секілді, тағдыр тауқыметі мен өмір қызықтарын басынан кешіріп, азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, текті әулеттің түтінін түзу ұшырып, абырой биігіне көтере білген алтын діңгекті ана, аяуыл жар Жәмила Сейтенқызы 2010 жылы 24 қазанда дүние салды. Мұхамедиярдың қызы Қыдыркүл «ПетроКазахстанКумколь Ресоурсиз» мекемесінің Мұнай өндіру департаментінде қызмет жасап, қазір құрметті еңбек демалысында. 
     Ұлы Аслан Мәскеудегі Губкин атындагы академияның аспирантурасын бітіріп, мұнай саласынан облысымыз бойынша ең бірінші кандидаттық диссертация қорғады. Үйленген. Бір қыз, екі ұлы бар. Немересі Аида Астана қаласында тұрады, журналист, ҚР ақпарат саласының үздігі. Тұрмыста. Екі ұлы бар.
     «Құрмет белгісі» орденді республикалық дәрежедегі еңбек ардагері Рысбай Мырзатаев Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, Одақтық дәрежедегі зейнеткер Ахмет Халықов, ҚР Білім саласының үздігі, ардагер-ұстаз Данияр Досжановтардың бастамасымен 1997 жылы ауыл ақсақалдары Қаракөл ауылындағы бір көшеге жырау Мұхамедияр Жабағиевтің есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды. Жырау тұрған Қаракөл елді мекенінде мектепте музей ашылып, кейбір заттары қойылып, атына көше беріліп, Мұхамедияр жырау көшесі деп ескерткіш тақта орнатылды. 
     Өлмес өнердің өміршеңдігін сақтап қалып, артына өшпестей із қалдырып, жыраулық өнердің дамуына өзіндік үлесін қосумен қатар, әр әрпі алтыннан да бағалы жырларды дүниеге әкелген Мұхамедияр Жабағыұлының есімі мен еңбегі Мәңгілік ел болуғе бет алған қазақ елінің, өнер мен мәдниеттің, руханият әлемінің аспанында мәңгі қалықтап тұра бермек!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...