Мұсабек Жарқынбекұлы

Рейтинг:

Өмірмен ұштасқан өнер

      Қазақ даласының әр ауылына өнер қонған десек артық айтпаған болар едім. Домбыраның күмбірі де, қобыздың қоңыр үні де, төгілген жыр-терме де, шалқыған ән де ежелден әр қазақ ауылына сән беріп келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сары даланың самалынан ескен лепті, ауыл ақсақалының дархан көңілінен шыққан ақ баталы лебізді, музыка тіліне, нотаға түсіріп, ән руханиятына айналдырған, Шымкент педагогикалық мәдениет институтында өшпестей етіп ізін қалдырған Мұсабек Жарқынбекұлы 1954 жылдың наурыз айының 19-жұлдызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келді. 
      Бұл қазақ халқының қаһарман перзенті халық батыры Бауыржан Момышұлы, ҚР халық жазушысы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған жер. Мұндай киелі жерде туған кейіпкеріміздің де көрнекті тұлға болуының бірден бір себебі. Әкесі Иманбердиев Жарқынбек алып тұлғалы батыр денелі колхозға еңбегі сіңген қызметкер болған. Иманбердиева Жәлі елге сыйлы айтар ақылы мол ардақты ана болған.
      Қырғыз Алатауының етегіне ұмтыла, тасты жарып шыққан тұма бұлақтан нәр алып, өнер мен әдебиеттің майталмандарының табаны тиген қасиетті мекенде балалығын өткізген Мұсабек Жарқынбекұлы 1970 жылы мектепті бітіреді.       Мұсабек Жарқынбекұлы істі атқарудағы тиянақтылығы, тыныдырымдылығы, жауапкершілігі және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1970 жылы Жуалы аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып орналасады. Сым пернесін баса білсең, сыр пернесін ашатын сырлы аспаптың сырын түсінген, кішкентайынан ән өнеріне жақын болған Мұсабек Жарқынбекұлы 1975 жылы Шымкент музыкалық училищесін бітіргеннен кейін ән өнері саласындағы білімін жалғастырып, Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын тәмамдап шығады.       Мұсабек Жарқынбекұлы 1980-1982 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ассисентурасында «Оркестр дирижері» мамандығын КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Шамғон Қажығалиевтен дәріс алады. Осылайша, ән әлемінің тұңғиығына сүңгіп кете барған жас талант иесінің қызметі 1982-1987 жылдарда Шымкент педагогикалық мәдениет институтында халық аспаптар кафедрасында кафедра меңгерушісі болып жалғасады. 
      Одан кейінгі жылдары 1987 - 1992 жылдары «Мәдени - тынығу жұмыстары және Музыка» факультеті деканының орынбасары, 1992 - 1996 жылдары «Музыка - педагогика» факультетінің деканы, 1996 жылдан «Өнер» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
      Өз саласының білімді де білікті, үздік маманы атану – әр пенденің алдыға қойған үлкен мақсаттарының бірі. Сол үшін де уақытпен таласа еңбек етіп, үнемі ізденіс үстінде болып, қоршаған ортамен тығыз байланыс жасай отырып, тіршілік қазанында бірге қайнайды. Бала кезгі үлкендердің тілін алып, ұстаздардың тәлімін шәкірт құлағына құйып өскен Мұсабек Жарқынбекұлы қызмет барысында да сол асыл нұрын өз бойына төге білді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді, адами асыл қасиеттерді бірінші орынға қоятын, өнер саласында еңбек ететін маманға қатысты тазалықты, таза жүректі, мөлдірлікті, әділдікті бойынан көрсете біліп, ұжымдастарымен де тонның ішкі бауындай етене араласты.      Мұсабек Жарқынбекұлының ұйымдастыруымен жинақталған 100-ден аса көне музыкалық аспаптар мен өте сирек кездесетін музыкалық шығармалардың 94 жәдігерін қазіргі таңда Астана қаласындағы Ұлттық мұражайға және Шымкент қаласындағы Салт-дәстүр мұражайына тапсырылды.       Мұсабек Жарқынбекұлы 1979 жылдан бері оркестрдің дирижері, облыстық «Достық» ән-би ансамблінің жетекшісі, 1986 жылдан «Қазына» фольклорлы - этнографиялық ансамблін құрып көркемдік жетекшісі, солист - инструменталист және режиссер ретінде облыс көлемінде өткен ірі концерттік іс - шаралардың барлығына дерлік қатысып, өнер ортасында жүрді.
      Концерттік сапармен тек Республикамызда ғана емес, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Молдова, Украинада сонымен қатар Польша (1978), ГДР (1983), Куба (1985), Түркия (1991), ФРГ (1993) сияқты шет елдерде де өз өнерін көрсетті. 1989 жылы I Бүкілодақтық музыканттар конкурсының лауреаты, 1990 жылы II Халықаралық фольклорлық фестивальдің жүлдегері атанды. 
      1989 жылы бүкілодақтық музыкалық әдет-ғұрып фестивалінің, 1990 жылы II халықаралық фольклор фестивальдерінің дипломанты, 1992 жылы Ш.Жиенқұлова атындағы би байқауының лауреаты атанды. 1993 жылы Германия мемлекетіндегі «Кәсіби шығыс музыкасы» бірлестігі мен «ВОМ» фирмасы ұйымдастырған конкурстың жүлдегері атанып, арнайы шақыртумен Германиядағы «МАNAS Records» галереясы «Қазына» ансамблінің орындауында «0001» лазерлік дискісін шығарды. 1995 жылы бұл лазерлік диск «Германияның үздік дискісі» жүлдесіне ұсынылды. 1997 жылы екінші 7001 лазерлік соmрасt disk шығарды. 
      1998 жылы Мұсабек Жарқынбекұлы ғылыми, ұстаздық және шығармашылық еңбектері бағаланып, Президенттің жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болды. Мұсабек Жарқынбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысында музыка өнерінің дамуына шектеуі жоқ үлкен еңбек сіңірді. Облыстың өзіндік салты, дәстүрі бар, өнерге деген көзқарастары, музыкалық талғамы жоғары, ұлтымыздың ең көп шоғырланған мекені. Дегенмен, ұлттық музыканы жоғары көтеретін кең дауысты оркестр жоқ еді. Сол облыстық қазақ ұлт аспаптар оркестрін кұрылуына қазақ музыкасының жанашыр болып көп еңбек сіңірді және еңбегі ақталды да. 2002 жылдан оркестр құрылып, оның көркемдік жетекшісі, оркестрдің бас дирижері болып Мұсабек Жарқынбекұлы қызмет атқарды.      Мұсабек Жарқынбекұлы қызмет еткен жылдары Қазақ ұлт аспаптар оркестрі өзін облыс көлемінде тыңдарман халыққа таныта білді. Әйгілі классиктердің, шетел, қазақ сазгерлерінің үздік шығармалары мен қазақ халқының ән-күйлерінен тұратын бірнеше бағдарламалар тізілген оркестр репертуарында 300-ге тарта туынды болды. Оркестрдің орындаушылық, көркемдік дәрежесі жоғарғы көлемде болды. Республика, шетел, әлем тындармандарына әйгілі болған КСРО халық әртісі Роза Бағланова Қазақстанның халық әртістері Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары Нұржамал Үсенбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, дирижерлар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Айтқали Жаймов, Н.Тілендиев атындағы академиялық «Отырар сазы» фольклорлық - этнографиялык оркестрдің әртісі Жалғасбек Бегендіков, белгілі дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева т.б. оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп, оркестрдің орындаушылық шеберлігіне сүйсініп жақсы тілектер білдірді.      Мұсабек Жарқынбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі концерттік бірлестігіне көркемдік жетекші болып орналасқалы кейін, бірлестік мақсатына сай бірнеше көркем ұжымдар: Тұмар ансамблі, «Қисық» әзіл-сықақ театры, «Цирк» тобы, джаз ансамблі, эстрадалық топтардың құрылуына мұрындық болып, тікелей жетекшілік жасады. Бұл топтар жеке концерттер ұйымдастырып, үлкен сахналарда өнерін сынап, шағын мекемелер мен облыс көрермендерінің ыстық ықыластарына бөленіп жүрді.
      Мұсабек Жарқынбекұлы өнер зерттеушісі ретінде, ғалым және тәлімгер ретінде 100-ден астам ғылыми жұмыстар, 14 оқулықтар мен оқу құралдарының авторы атанды. Атап айтар болсақ, 1985 жылы «Қазақ халық аспаптар оркестрі», 1986 жылы «Ғасырлар үні», 1987 жылы «Халық аспаптар оркестрімен жұмыс істеу әдісі», 1989 жылы «Күй толқыны» хрестоматикасы, 1990 жылы «Қазақ ұлт аспаптарының мәселелері», 1993 жылы «Аспаптану», 1995 жылы «Шаттық отаны» хрестоматикасы, 1996 жылы «Қыл қобыз тартуды үйрету», 1999 жылы «Дирижерлеу пәніне арналған хрестоматика». 
      Мұсабек Жарқынбекұлы дүние жүзіне әйгілі орта ғасырлық қобызшы композитор философ Қорқыт атаның еңбектерін академик Әлкей Марғұлан мен фольклоршы Мардан Байділдаевтің жол сілтеуімен 1975 жылы Қызылорда қаласынан арнайы барып күй аңыздарын айтушы қобызшы Нышан Шәменұлымен кездесіп алғаш рет Қорқыт баба күйлері мен аңыздарын және шығу тарихын күйтаспаға жазып алып нотаға түсіреді. Нышан Шәменұлы сол кезде 94 жастағы ата еді. Соның нәтижесінде 1982 жылы өзінің орындауымен Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасы «Қорқыт күйлері» атты күйтабағын жарыққа шығарды. 
      Бұл күйтабақ 1984, 1987, 1989 жылдары қайта басылып шығарылды. Одан да басқа бірнеше күйлері «Қазақтың көне халық аспаптары» (МЗО-40354) және «Ән-күй сазы» (МЗО-42915-16) атты күйтабақтарында басылып шықты. 1987 жылы «Елім-ай» ғылыми монографиясын шығарды. Бұл еңбегі жапон, ағылшын тілдеріне аударылып жарық көрді. 
      Мұсабек Жарқынбекұлы 1999 жылы әлемге әйгілі ұлы философ, көреген қобызшы Қорқыт ата мұрагерлерінің бірі ретінде Қазақ энциклопедия баспасы даярлаған «Қорқыт ата», 1999 жылы Алматы, Түркияда (Анкара) шыққан «Дедем Қорқыт», 2000 жылы «Высшая школа Казакстана в лицах», 2003 жылы «Тараз, Жамбыл облысы энциклопедиясы», 2001 жылы «Алматы, Оңтүстік Қазақстан Шығармашыл зиялылары» энциклопедияларына енді. Ол бүкіл саналы өмірін ғылымға, өнерлі жастарды тәрбиелеуге, қазақ музыкасын дамытуға арнаған талант иесі еді.      Қазақ өнерінде, мәдениетінде есімі алтын әріптермен жазылып қалған Мұсабек Жарқынбекұлы еңбегінің бағасы ретінде түрлі марапаттар мен құрметті атақтарға ие болды. 
      Атап айтар болсақ:
      1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» және Профессор академиялық атағы;
      2004 жылы «Қазақстан Республикасның мәдениет қайраткері»;
      «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері»;
      «Жуалы ауданының Құрметті Азаматы» атағы;
      Профессор Мұсабек Жарқынбекұлы өмірінің соңына дейін Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының директоры, Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгеруші қызметін қатар атқарды.
      Саналы ғұмырын өнер мен мәдениет саласына арнаған Мұсабек Жарқынбекұлы жары Жарқынбекова Еркінай - білім саласында елеулі қызмет еткен жан. Қазіргі таңда зейнетте. Кейіпкерлеріміз өмір жолында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 7 немере сүйді. Ұлдары Бақыт пен Азамат – жеке кәсіпкер, қызы Айнұр – Медициналық акедемияда аға оқытушы, фармация магистрі, келіні       Ляззат Шымкент қалалық спорт басқармасында әдіскер қызметін атқарады. 
      Үлкен немересі Әлмұханбет – заңгер, екінші немересі Ертөле әскери академияда білімін шыңдауда, екі немере қызы Әсел мен Әйгерім – болашақ дәрігерлер, басқа немерелері білімдерін жетілдіруде. Аталарына ұқсап саз әлемінің сырына елтіп, сырлы әлемнің соңына еріп кетпегенмен барлығы да домбыра шертеді. Аталарының атын мақтаныш етеді және сағынышпен еске алады.
      Олар атқарған ісін міндетсінбей, келер ұрпақтың қамы үшін, мыңжылдық тарихы бар ұлттың өнері мен мәдениетін өрістетіп, Мәңгілік ел болуға ұмтылған Қазақ елінің болашақ өнерпаздарына аманаттау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Міне, өнер адамдарының еңбегі сондықтан да құнды, мағыналы, өшпейтін, жоғалып кетпейтін құндылық.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...