Өнерімен өрнектелген өмірі
![]()
Кез-келген адам өзінше қабілетті болады. Алайда сол табиғат берген қабілетін аша алмайтын жандар да болады. Жалпы адамзат баласына ананың сүтімен, әкенің қанымен берілетін асыл қасиет түбінде міндетті түрде шығады. Біз әңгіме еткелі отырған Исабеков Болат Керімшеұлы санасы ашық, көкірек көзі ояу, өмірге өзгеше көзбен қарайтын талғамы жоғары, мәдениетке, шығармашылыққа жаны жақын азамат. Ол жүрген жер, отырған орта гүлденіп сала беретіні бар. Себебі оның қарапайымдылығы, көпшілдігі, әзілге жақын шешендігі, ел-халқына деген пейілі, жақын-жуығына деген ықыласы тым ерекше.
Исабеков Болат Керімшеұлы 1962 жылы Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы), Кентау қаласында өнегелі отбасында дүниеге келді. Әкесі Исабеков Керімше Исабекұлы 1923 жылы 10 сәуірде өмірге келген. Қарапайым кенші жұмысшы болды. Анасы Байменова Шырынкүл Байменқызы 1930 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Ауылда жай жұмысшы болды. Болаттың атасы Исабек мәсі мен етіктерді қолдан тіккен өте шебер ұста болған екен. Ер тоқымдарды терімен қаптайтын ұсталығы да болған. Болаттың бойындағы сан қырлы өнер сол атасынан дарыған десек, дәл айтқан болар едік. Болат әке-шешеден 4 ұл, 3 қыз. Бауырлары Аман, Қалима, Сара, Қайрат, Марат, Жанат барлығы да ата-ананың тәлім-тәрбиесімен өсіп-өніп, білім алып, белгілі сала мамандары болып отыр.
Болаттың бойындағы өнерге деген бұлқынысы мен оқу-білімге деген құлшынысы оны мектеп кезінен-ақ жетістіктерге алып келді. 1970 жылы №1 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1 сыныпқа барды. Оқып, білсем, жақсыны көрсем деген қабілетінің арқасында қатарластарының арасында озат, ұстаздарына мақтаулы шәкірт болды. 1980 жылы осы мектепті жақсыға аяқтап шықты. Сыныптастары секілді Болаттың да өзіндік арман-мақсаты болды. Ылғи да ұстаздарына еліктеп, тік жүріп, дұрыс сөйлеп, жаны тазалыққа жақын болды. Жүрегі қалаған жоғары оқу орнына түсіп, мықты маман атансам деген мақсатпен, мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түсіп, оны 1985 жылы ойдағыдай жақсыға аяқтап шықты. Шымкент педагогикалық институтының “Көркем сурет және графика” мамандығы бойынша білім алған Болат Керімшеұлы
![]()
студенттік кезеңде талай көрмелерге қатысып, өзінің өнерімен танылды. Студенттік ғылыми жұмыспен айналысып оқу орнының мерейін де асырды. Ғылыми жұмысы жақсы бағаланып, Астанадан (Алматы қаласы) теледидарда көрсетіліп марапатталды. Ғылыми жұмысының тақырыбы «Оқушыларға бейнелеу өнері сабағында әуен арқылы қызығушылығын арттыру» ғылыми тілде интеграциялық сабақ болатын.
Студенттік шағында белсенді болған ол факультеттің комсомол ұйымының төрағасы болды. Талай қоғамдық жұмыстар атқарды. Тіпті, спорт саласына көп көңіл бөліп, самбо, қазақша күрес түрлерімен шұғылданды. Жетістіктері де аз емес-тін. Самбо күресінен спорт шеберіне үміткер нормативін орындаса, қазақша күрестен спорт шебері болды. Үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Бірнеше мәрте стол теннисінен қала біріншілігін ұтып, Кентау қаласының құрамасына еніп, шет жақ жарыстарына қатысты.
Білімді азамат 1985-1986 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарында болып келді. 1987 жылы отау құрды. Осы жылы Хантағы елді мекеніндегі №6 А.С.Пушкин атындағы қазақ орта мектебіне сурет, сызу, еңбек пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Мектеп директоры Ө.Жүсіпов өнерге жақын жанашыр жан еді. Сол кісі Хантағы елді мекенінің балаларына қалалық сурет мектебінің, спорт мектебінің филиалдарын ашып берді. Өз саласын бес саусағындай жақсы білетін Болат Керімшеұлы филиалдарда мұғалім, жаттықтырушы болып жұмыс істеді.
Болаттай мықты ұстаздан тәлім алған түлектері бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүргенін де айта кетуіміз керек. Сурет мектебін бітірген түлектері Оңтуғанова Ақмарал, Мамраимов Серік осы өнер саласында жемісті жұмыс істеп жүр. Спортшы түлектері Ақаев Данияр алғашқы Қазақстанды әлемге танытқан, жеңіске жеткен шәкіртінің бірі дейтін болсақ, Арғынбаев Самат халықаралық дәрежедегі төреші екенін мақтана айтуға болады. Болат Керімшеұлы №6 А.С.Пушкин атындағы мектеп базасында 1988 жылы әуенге әуестеніп, достарымен бірігіп, «Мерей» атты
![]()
вокалды аспапты ансамблін құрды. Өзі сол топта барабаншы болды. Оқушыларды үйретіп мектептің, қаланың әртүрлі іс-шараларына қатысып жүрді. 1990 жылы мектеп мұғалімдерінен құралған «Назқоңыр» вокалды тобы құрылып, Болат топта мүше болып, облыстық сайыстарда жеңіске жетіп жүрді.
Болат ағаның жары Альзатов Күлайым Тәліпқызы 1964 жылы 24 қарашада Жетісай ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. Шымкент педагогикалық институтының «Көркем еңбек және графика» мамандығын бітірген. №6 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте мамандығы бойынша мұғалім болып қызмет атқарады.
Өне бойы өнерге, оқу-білімге тұнған азаматтың отбасы да көпке үлгілі. Ата-анасының жолымен келе жатқан балаларының барлығы да өнерге жақын. Тәлімгерлік жолында жүрген отбасының мерейі үстем деуге болады. Үлкен ұлы Елдар 1988 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген. Жоғары білімді. Мамандығы - спорт жаттықтырушысы, Дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Алматы қаласында тұрады. Отбасында жары Ақмаралмен бірге Медина, МұхаммедАли, Фатима есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Ақмарал Жаркент Сарыбел
![]()
ауылының тумасы. Жоғары білімді мұғалім.
Ортаншы ұлы Бекнар 1989 жылы 8 шілдеде дүиеге келген. Білімі жоғары. Кентау қаласының сурет мектебін қызылмен бітіріп, жоғарғы оқу орнында қызыл дипломмен бітірді. Мамандығы - суретші, дизайнер. Шымкент қаласында тұрады. «Шаншар» театрының бас суретшісі. Келіншегі Тоғжан Шымкент қаласының тумасы. Жоғары білімді, мамандығы - мұғалім. Арынғазы, Ахмад, Абдулла есімді балалары бар.
Кенже ұлы Еламан 1995 жыды 25 қаңтарда дүниеге келген. Білімі жоғары, заңгер. Жеке кәсіпкер. Жары Назым Кентау көпсалалы колледжін бітірген, мамандығы архитектор. Екеуі берекелі шаңырақта Шахмира, Фараби, Ясина есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Кіші ұлы ата-анасымен бірге тұрады.
Болат Керімшеұлы 1993 жылы Қазақстан Республикасының халыққа білім беру министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1997 жылы Кентау қаласының ең таңдаулы суретшісі атағын алып «Қаратау тәжі» жүлдесінің иегері атанды. 1994 жылы Кентау қаласының «Жыл мұғалімі -94» марапатын жеңіп алды. 1993-2003 жылдары аралығында №6 А.С.Пушкин мектебінің кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. 2001 жылы кәсіподақ ұйымының жарысынан ІІІ орын алып марапатталды. 2003-2012 жылдары аралығында университетке ауысты. Халықаралық Қазақ Түрік университетінің кәсіптік білім кафедрасында оқытушы болып өз мамандығымен студенттерге білім беріп, еңбек пәнінің мұғалімдерін дайындады. Кентау қаласында 9 студенті мектепте мұғалім. 2005 жылы Аға-оқытушы атағын алды. Жоғары оқу орнында студенттерді олимпиадаға дайындап, жүлделі орындар алып жүрді. 2012 жылы отбасы жағдайына байланысты №4 Ататүрік мектеп-лицейіне ауысып келді. 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін мектептің, қаланың облыстың талай іс-шараларына белсене қатысып жүр. 2015 жылы Қарағанды қаласында Республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығында лекция оқып, шеберлік сыныбын көрсетіп қайтты. Республикалық оқу әдістемелік журналы оның лекция тақырыбын басылымға басып шығарды. Республикалық «Ғасыр» газетінен «Жоғарғы
![]()
сынып оқушыларын қолөнерге үйрету» атты мақаласы жарық көрді. 2019 жылы Республикалық «Ұстаз мәртебесі» кітап журналына «Оқушыларды қолөнерге үйретудің мазмұны» атты мақаласы жарық көрді. Сол жылы «Еселі еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2022 жылы Түркістан облысы «Шығармашылық жұмыстар шеберханасы» атты шебер сынып аясында өткізген сайыста жүлделі ІІІ орын иеленді. 2022 жылы «Бабалар аманаты-4» альбом-каталог кітабы халықаралық көлемде ұйымдастырылып жарыққа шықты. Осы кітапқа үш еңбегі енді. «Бабалар аманаты» кітабы Американың Бристон қаласындағы «Princeton University» университетінің кітапханасынан орын алды. Ол кітапхана Америкадағы ең үздік үштікке кіреді. Кітап қоры 7 милионнан көп. 2022 жылы 60 жасқа толғанында өзінің шығармашылық жұмыстарынан Кентау қаласының халқына көрмесін қойды. 2023 жылы Қазақстан-Қырғыз суретшілер одағында «Керуен өнер» атты Ыстықкөлде Халықаралық симпозиумына жұбайы Күлайым екеуі қатысып, марапатталып қайтты. Алдағы уақытта Еуразия дизайнерлер одағына мүшелікке өтуге құжаттарын өткізіп қойды. Кейіпкерлеріміз Болат Керімшеұлы мен Күлайым Тәліпқызы 2023 жылдың қаңтар айында қажылық сапарға аттанып, Мекке Мединаға мұсылмандық парызын өтеп қайтты. Тіршілік баяны көпті сүйсінтпей қоймайтын Исабековтар отбасына мықты денсаулық пен баянды бақыт тілеп, елге етіп жүрген еңбектері елене берсін дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()