Шарж өнерінің шебері
Өнер адамы – халықтың ұлы. Анадан туып, атаның баласы болып ер жетсе де, тәңір берген ерекшелігі мен қабілетінің арқасында халықтың, бүкіл адамзаттың ұлы бола білді. Мейрамбекпен тілдесе кетсең оның жанында сағаттап отырып, сыр ақтаруға болады. Ол өзі сондай жан. Жанына келген адамды тани алатын, адамгершіліктің иісін алыстан сезетін сезімтал, ақылы зерек, ойы ұшқыр. Кейде әзілдеп отырып, елеулі жайтқа, елеулі жайдың өзін әзілмен көмкере алатын талантты да. Жүзінен күлкі кетпейтін қайсар жанды көрген кезде жаңа демің ашылғандай күй кешесің. Оның аурасы тым бөлек. Отты жанарынан табандылық тұнып тұрған жауапкершілігі зор, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол, өз ортасында беделге ие, парасат-пайымы келіскен жанды көпшілік сыйлайды.
![]()
Міне, біздің қаламымызға арқау болып отырған, табиғатқа тіл бітірумен қатар, карикатура деп аталатын әдебиеттің тармағының батырмасын дөп басып, өмір болмысын қағаз бетінде ерекше кескінмен түсіріп, суреттеп келе жатқан суретші Қитанов Мейрамбек Жолдыбайұлы. Табиғаты тұнық, қаламына қуат тұнған кейіпкеріміздің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңірек тоқталып өтсек. Қазіргі таңда суретшілік өнерін жеке кәсіби шығармашылықпен дамытуға ден қойған Мейрамбек Жолдыбайұлы 1992 жылдың 19 наурызында Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде дүниеге келді. Алаштың анасына айналған сыр өлкесінің, ырыс қонған құтты мекенінде бақытты балалығын өткізген жастың әкесі – Қитанов Жолдыбай жеке кәсіпкерлікпен айналысса, жүрегіндегі мейірім, жүзінен нұр болып төгілген анасы – Досанова Феруза білікті кітапханашы. Шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, әке ұрпағын жалғастырып отырған інісі Жұматай Батырбек – «Бал-Зере» кондитерлік мектебінің негізін қалаушы, келіні Қалдан Әсел – фуд-блогер, кондитер.
Ойын баласы кезінен-ақ өзінің алғырлығымен, қызыққан затын қолына ұстап көрмейінше тыным таппайтын ерекшелігімен және қағаз бетіне қаламмен үйкелеп сурет салуға деген қабілетімен көзге түскен жас білім ордасының табалдырығын Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде аттады. Әрбір жас, білім сәулесіне жүзін бұрған өрендердің бір іске, оң жамбасына келетін бейімі болады. Мектеп қабырғасында жүріп те алғырлығымен көзге түсіп, тиянақтылығымен, ұстамдылығымен, жауапкершілігімен ұстаздарының ыстық ықыласына бөленген бала Мейрамбектің сабаққа, оқуға деген құштарлығы, ұмтылысы ерекше болды. Шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жігітке от берген тәжірибелі, асыл жүректі ұстаздарының арқасында суретшілік деп аталатын сиқырлы әлемнің есігін ашты. 2010 жылы мектепті үздіктер сапында тәмамдаған жалынды жас, арман самұрығының қанатына мақсатын қонақтатып, ару қала Алматы қаласына аттанады.
Үлкен орта, көпшілік, мәдениет пен өнер адамдарының толғысқан ортасы, Мейрамбек Жолдыбайұлы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Өзінің білімі мен қабілет-қарымының арқасында сынақ емтихандары мен шығармашылық емтиханнан жоғары балл алған ол Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Көркем-сурет» факультетіне оқуға түседі. Суретшілік – мыңның емес, миллионның біріне берілетін тәңірдің тосын сыйы. Ұлы өнердің өміршеңдігін – мұрнының өзін 15 жылда салған Мона Лиза портретінің бүгінгі бағасынан-ақ көруге болады. Суретшілік – ой шеңберінің кеңдігін, фантазия әлемінің шексіздігін, түс таңдаудағы, қылқаламды ұстаудағы суретшінің қабілеті мен шеберлігін, асқан мұқияттылық пен тиянақтылықты талап ететін, қылдан да нәзік мамандық. Ендеше, ұлы өнердің айдынында өз кемесін жүздіріп жүрген өнерпаздарға деген көрсетілер құрмет те биік.
![]()
Міне, осындай тарихта таңбасы қалған ұлылардың ізін басып, қылқаламды өмірінің серігі еткен Мейрамбек Жолдыбайұлының алғашқы еңбек жолы 2014-2017 жылдар аралығында Жалағаш аудандық оқушылар Үйінде «Карикатура» жанры бойынша сабақ берумен басталды. Бойында бұлқынып, тамырында тулап жатқан суретшілік талантын игеріп, танып-білгені мен көріп-түйгенін дәріс берген шәкірттерінің бойына сіңіре білген суретші ұстаздық еткен жылдары талантты суретшілерді тәрбиелеп шығарды. Шәкірттері А.Сансызбай, Ә.Жаханшалар, Н.Мәдіберген, О.Қанибайлар өнер саласында қызмет жасауда.
Мейрамбек Жолдыбайұлы қазіргі таңда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының шығармашылық бөлімінде суретші-бутафория қызметін атқарып келеді. Шығармашылық ауыр жол, көңіліңді пәс ететін оның өзіндік қиындықтары, төбеңді көкке жеткізетін қуанышты сәттері де болады. Сурет пен суретші бір-бірінен ажырамайтын тырнақ пен ет секілді. Бір қараған адамға түсініксіз болып көрінген нәрсеге, кәсіби көзбен қарағанда қате пікір ойлағаныңа қуыстанасың. Себебі, кәсіби көзбен қарағанда ол жерде ақынның болмысы, жан дүниесінің тазалығы ғана мөлдіреп тұрған жоқ, айтар ойы бар, түйсігімен оқып, жүрегімен сезінген адамға тәрбиелік мағына жасырынып жатыр. Өнер – осы бір тылсымымен ұлы, суретші – осындай қиыншылығы қалтарыста қалатын, сұлу суретті көрерменге ұсынатын адами қалпымен құнды, абыройлы, сыйлы.
Бейнелеу өнеріне келуіне себепкер алғашқы ұстазы, суретші Ж.Қорғанбаев болса, «Карикатура» өнерінің қыр-сырын ұқтырып, ақылшы ұстазы болған ҚР Суретшілер Одағының, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Карикатура королі» Еркін Нұразхан. Суретші-карикатурашы М.Қитановтың бірнеше өнер жұлдыздары мен танымал тұлғаларға әзілсуреттері (шарж) жетерлік. Атап айтқанда, сатира снайпері – К.Әмір-Бек, журналист-тележүргізуші – Б.Құранбек, әзіл майталманы – Ж.Ақшора, театр және кино актері – С.Жылгелдиев, кинорежиссер С.Нарымбетов, эстрада жұлдызы – Ж.Ысқақова, эстрада королі – М.Беспаев, актер – Д.Төлбасы, тележүргізуші – М.Таубалды, «Жайдарман» жұлдыздары: Ә.Басаров, Н.Жақсыген, жас әнші – А.Кәденге тағы басқа тұлғаларға арнаған. Бейнелеген кейіпкерлері өз суреттерін көріп, оң бағасын берген. Оған қоса «Жусан иісі», «Әріптерге саяхат» (балаларға), Шекспирдің «Лир патша» (драма), «Құстар қайтқанда», «Адамзат» т.б. қойылымдарға декорациялық жұмыстар жасаған.
«Сурет салу үшін көзіңді жұмып, ән салу керек», - дейді әйгілі Пабло Пикассо. Бұл жайында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің: «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деп айтқаны бар. Расында бейнелеу өнерінің беймәлім қыр-сыры, жаухар жұмбағы аз емес. Шынайы сұлулықтың жауабы тек суретшілерге ғана мәлім десек, артық айтқандық емес. Отызында орда бұзып, қылқаламын қолына алып, бала күнгі арманы орындалған Мейрамбек Жолдыбайұлы бүгінде сол салада еңбек етіп жүрген азамат.
![]()
Қарапайым ғана мысал, суретші үшін қоршаған орта мен жыл мезгілінің көріністерінің әр сәтін бейнелеуде жинаған білімі, оның өмір бойғы жан азығы болып табылады. Сондықтан да суретші болуда терең білім алып, аса төзімділік пен еңбектене білуді бойына сіңіре білуі ләзім. Еркін ойлы, парасатты, өте талғампаз, сабырлы мінезді, ой үстінде жүретін шығармашыл, жауапкершілігі мол, көппен ауызбіршілігі мығым, ұжымының мақтанышы, көптеген шәкірттердің талантын ашушы Мейрамбек Жолдыбайұлының тУындылары тың. Суретші – мықты жазушы бола алады деген емес пе?! Ол өз туындыларын қиялында жазып, өңдеп, мезгіл мен уақыт таңдамай, тіпті түннің бір уағында да ұйқысын қиып сол туындысын салып бітіруге тырысатын жан. Әсемдік пен әдемілік, ыстық пен суық, қуаныш пен қайғы бәрі-бәрі суретші шығармасында орын алады.
Өнер адамының еңбегі мен өмірі ешқашан халық пен оқырмандардың назарынан тыс қалған емес. Оның үстіне, Мейрамбек Жолдыбайұлы да өзінің білім біліктілігін арттырып отыруды бірінші орынға қойып, әр тамшысының өзі бір мағына беретін карикатура жанрын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар жасап келеді. Шығармашылығы мен еңбектері жайлы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлісіп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдары «Хабар», «Қазақстан», «Білім және Мәдениет», «Алматы тв», «Қызылорда» телеарналарында, «Сектор Х» радиосында шығармашылық жұмыстары насихатталып, сұхбат берген.
Суретші Қитанов Мейрамбектің Республикалық «Жас Алаш» газетіне бірнеше карикатуралары жарық көрсе, 2017 жылы «Әлімсақ» республикалық әдеби-мәдени журналына «Шарж нобайының кескіндеу шебері» тақырыбында ҚР Мәдениет қайраткері Жарасбай Әбжанов суретші-карикатурашы М.Қитанов туралы мақала жариялаған. Қызылорда облыстық «Ақмешіт ақшамы», аудандық «Жалағаш жаршысы» газеттерінде кейіпкеріміз туралы «Сурет әлеміне саяхат», «Театр суретшісі қандай мамандық», «Бесеудің бейнесі», «Сиқырлы қылқалам», «Шарждың шебері» атты мақалалар жарияланып, карикатуралық жұмыстары үнемі жарияланып тұрады.
![]()
Шығармашылық байқауларға да қатысып, жұмыстары ие болып келе жатқан Мейрамбек Жолдыбайұлы түрлі байқаулардың жеңімпазы. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы құрметіне арналған «Алаштың Ұлы ойшылы» атты ғылыми-танымдық конференциясындағы баяндамасы үшін 1 орын дипломымен марапатталды.
Интерьер-дизайнер мамандығы бойынша кәсіппен айналысатын жұбайы Шәймерден Жауқазын екеуі Дінмұхаммед есімді перзент тәрбиелеп отырған ардақты азамат, ата-ана. Жақын-жуығына, туған-туыстарына жайлы, досқа адал азамат балаларының сүйіктісі. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы Абай айтқандай Мейрамбек Жолдыбайұлы өз еңбегіне шексіз берілген, беделге лайықты азамат. Қандай іске болса да қабілетті, өзгені құрметтеп, сол арқылы өзін де сыйлата біледі. Адамгершілігі мол, үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар, қиындықтан жасқанбайтын жан. Өзінің өнер туралы ерекше ойларымен ерекшеленетін С.Калмыков:
«Өнерде жетістіктен қарағанда ниеттің мәні зор. Суретшінің ең алдымен шебер емес, қиялшыл болғаны жөн. Сол қиялшылдығы мен ниеті суретшіні қатардағы ізбасарлар мен еліктеушілерден оқшау дараландырып тұрады», - депті. Осы тұрғыдан алғанда карикатура өнерінің тарихын терең зерделеп, сәт сайын жаңалықтарға құлақ түріп, заманауилықты қолдап келе жатқан суретші. Ендеше қай жағынан алсақ та ел үшін, болашақ ұрпақтың сауаттылығы үшін тер төгіп жүрген, жанашыр жас Мейрамбек Жолдыбайұлының өмір жолы көпке үлгі-өнеге тұтарлық.
Өлмес өнерді дәріптеп, өміршең болып қалу үшін еңбек етіп, қазақ өнерін әлемге паш етіп келе жатқан суретшінің қылқаламына тәңірім таусылмас қуат берсін дегіміз келеді.
![]()
![]()
![]()