Шәріпұлы Бержан

Рейтинг:

Есімі ел есінде

      Шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәрбиe беру, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe ұстaздың еңбегi зор. Сондықтан да ұстаз әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Оқушыңды өзіңнің қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген Л.Н.Толстойдың кереметтей сөзі бар. Қалам тербеуге өзек болған Бержан Шәріпұлы өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез келген шәкірт жүрегін жаулай білген сүйікті ұстаз еді. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді емес пе?! Осындай қасиеттердің барлығы дерлік оның бойынан көрініс беріп тұратын.
      Қызмет еткен уақытында көптеген шәкірттерге сапалы білім беріп, біршама белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жетті. Өзінің жеткен жетістіктері мен шәкірттерінің жет-кен жетістіктері де жетерлік. Тізе берсек өте көп. Оның ерекше үлгі болатын қасиеттерінің бірі – іздену болатын. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен-ақ оның ұстаздығы да жойылады» - деген М.Әуезовтың қанатты сөзі оның өмірлік қағидасындай болды.
      Шәріпұлы Бержан 1937 жылдың 3-ші жеді (желтоқсан) күні Сұпығалиұлы Шәріп пен Төремұратқызы Ханифаның отбасында өмірге келген. Туу туралы куәлігін бір ай уақыт өткен соң толтырғандықтан, туған күні 1938 жылдың 3 қаңтары деп жазылыпты. Ата-анасы: «Сен атақты 1937 жылғы 12 жедіде болған сайлаудан он күн бұрын туып едің. Мүмкін қонып қалатын шығармыз деп сені құндақтап алып барып едік, күн суық болатын...», - деп айтып отыратын. Туған жері – қазіргі Шортанбай ауылының құбыла жақ бетіндегі сол кезде Караван бет деп аталатын шағын ауыл. Ол аймақ негізі Каптағай бет деп аталатын. Сол 1938 жылы «Жас талап» деген колхоз құрылған екен. Елден мал жиналып, алғашқы сиыр фермасы құрылыпты. Әкесі Шәріп сол сиырларды жинап бақташы болған. Малды кәмпескіге ұшыраған атақты Мұханбетше байдың қораларына жинап бағыпты. Ол қазіргі Көптоғай ауылының орны еді. Анасы сол сауыншылардың алғашқысы болыпты.
      Шәріпұлы Бержан 1946 жылы Шортанбайдағы Жамбыл атындағы жеті жылдық мектептің 1-сыныбына барып, 1956 жылы Котяевка селосындағы Крупская атындағы мектептің 10-сыныбын ойдағыдай бітіріп шықты.
      Шәріпұлы Бержан «Өмір баяным» деген естіліктерінде: «Біздің балалық шағымыз сұрапыл соғыстың, соғыстан кейінгі ауыр жылдарына тап келді. Соғыста әкесінен, баласынан, күйеуінен, туған-туысқанынан айырылып, зар жылағандарды көрдік. Аштықтың, жоқшылық пен мұқтаждықтың, ауыр еңбектің азабын шеккендерді көрдік. Шөп шабу, пішен жинау, тас соғу, егін егу, егінді судан қорғау үшін бөгет салу, малды қысы-жазы үздіксіз бағу, қыста малдың шөбін салып суарып, жас туған төлді бағып-қағып аман сақтау сияқты таусылмайтын жұмыстарды біздің әке шешелеріміз, елдегі қарттар, балалар, әйелдер үздіксіз істеп жататын. Сонда сол еңбектеріне ешқандай ақша, еңбекақы алмайтын. Бәрі тегін жұмыс. Тек еңбек күн дегенді жазатын. Біз сол қиыншылықтарды, аштықты, жоқшылық-мұқтаждықты еш уақытта ұмытпаймыз. Қазіргі мына заманда болып тұрған тыныштыққа, молшылыққа, жақсы тұрмысқа күн сайын мың-сан тәуба деп шүкіршілік етіп отырамыз. Қазақта «Өткен күн қайтып келмесін» деген сөз бар. Сол рас және дұрыс. Халықтың бүйірі шығып тойына бастауы 1953 жылдан кейін деуге болады. Соншама қиыншылықтарға қарамастан, сол кездегі адамдардың көңілі таза, пейілі кең, жүздері жарқын еді. Әрқашан әзілдері аузында, айтқандары өлең-жыр, барлары ортақ еді. Менде жоқ деп қабақ шытуды білмейтін...» - деп жазған екен.
      1956 жылы мектепті бітірген соң, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы институтқа (қазіргі Махамбет атындағы университет) оқуға түсті.
      1961 жылы институтты «қазақ тілі мен қазақ әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді. Осы жылы Шарафиденқызы Ұлпашпен некелесіп, шаңырақ көтерді. Екеуі жас маман ретінде Теңіз ауданына келіп, Телячье (қазіргі Теңіз) селосындағы Ю.А.Гагарин атындағы сегіз жылдық мектепте алғашқы еңбек жолын бастады. Коллективпен тез тіл табысып, әлі жас мұғалім болса да, 1963-1965 оқу жылдарында осы мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары (завуч) болып қызмет атқарды. 
      1965 жылдан бастап Утера (қазіргі Бірлік) ауылындағы мектепке ауысып, еңбек жолын жалғастырды. Жас маман болған соң қоғамдық жұмыстарды атқарып, «Қызыл таң» кохозының комсомол ұйымының хатшысы болды. «Білім» қоғамының бастауыш ұйымының жетекшісі, мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы, мектептің халықтық бақылау комитетінің жетекшісі, насихатшы (пропагандист), лекторлық сияқты көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарды.
      1976-1978 жылдары халық депутаттары Бірлік селолық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 
      1978 жылы өз өтініші бойынша мектепке қайтарылды.
      1978-1987 жылдары мектепте сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы деген лауазымдағы жұмысты атқарды. 
      1987 жылы КСРО өтіп жатқан «Қайта құру» саясаты лебімен ауданда алғаш рет мектеп ұжымының қалауымен мектептің директоры болып сайланды.
      «Өмір баяным» естілігінен: «Бұл кезде мектептегі оқу- тәрбие жұмыстарынан басқа да жұмыстар көп болды. Себебі мектеп орта мектепке айналғаннан кейін (1971-1972 оқу жылынан бастап) мектепте оқушылар саны 700-ден асты, класс комплектісі 27-ге жетті. Одан басқа мектепте ұзартылған күн тобы, кейбір пәндерден бөліп оқыту (баланың санына қарай) үйірме жұмыстары, кластан тыс басқа жұмыстарды өткізу үшін класс бөлмелері жетіспеді. Сондықтан 1973 жылғы қараша айындағы педагогикалық кеңесте жаңа мектеп үйін тұрғызу жөнінде ұсыныс-сұрау салуды ұсындым.
      Педсовет сондай қаулы алып, аудандық оқу бөліміне ұсынды. Олар одан әрі Аудандық атқару комитетіне ұсынып, ол жақтан қолдау тауыпты. Осыған байланысты 1978 жылы жаңа мектеп құрылысы басталған еді. Арасындағы үзілістермен бұл құрылыс он жылдан аса уақытқа созылды. Мен директор болған уақытта осы мектептің құрылысы аяқталу кезінде еді. Сондықтан құрылыстың барысын бақылай жүруге, жаңа мектептің керек құрал-жабдықтарын жинастырып алуым керек еді. Бұл жерде біраз жүйкені тоздыруға, тер төгуге тура келді. Соның нәтижесінде біраз заттарды алдық, біраз нәрселерді істеттік, қалғанын өзіміз істеген кездер болды. Соның арқасында біздің мектебіміз аудандағы материалдық базасы біршама бай, мықты мектепке айналды. 
      Сонымен қатар мектептің оқу-тәрбие жұмыстарында да бірқатар жетістіктер болды. Оқушыларымыз аудандық олимпиадаларда 1-2 орындар алып, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, ауданның, облыстың намысын қорғап жүрді. Мен директор болған бес жылда мектепті бір оқушы – Тақыталиева Гүлжазира алтын медальмен, екі оқушы – Иманова Лаура мен Наурызғалиева Зульфия күміс медальмен бітірді». 
      Бес жыл директор болып жұмыс жасағанда мектепте санап таусалмайтындай қыруар жұмыс істелді. Соның арқасында Утера (қазіргі С.Н.Имашев атындағы орта мектебі) мектебі аудандағы материалдық-техникалық базасы бай, ұжымы саналы тәртіпке негізделген ынтымағы жа-расқан ұйымшыл ұжымға айналған аудандағы үлгілі мектептердің бірі болып қалыптасты.
      Бес жыл бойы үздіксіз, тынымсыз еңбек әбден қажытқасын және жас ұлғайып келген соң, Бержан Шәріпұлы 1992 жылы директорлықтан босату туралы арыз беріп, 1992 жылдың қыркүйек айынан бастап 2002 жылы зейнетке шыққанша қатардағы қарапайым мұғалім болып еңбек етті. Бұл кез Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары еді. Енді Тәуелсіздік заманынының талаптарына сай Қазақстан тарихы кабинетін жабдықтауды қолға алды. Ел тарихындағы ақтаңдақтардың ашылып, көптеген тарихи түсініктердің қайта қаралып, жоғалтқанымыздың қайта оралып жатқан кезінде қолға іліккен барлық материалдарды жинақтап, іріктеп, жаңа мазмұндағы Қазақстан тарихы кабинетін жабдықтады. Бұл тәжірибені аудан мектептеріне тарату үшін бірнеше рет аудандық семинарлар ұйымдастырылды.
      2002 жылы еңбек өтілі 41 жыл болып зейнетке шықты. Еңбектері елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 1968 жылы облыстық «Білім» қоғамының Грамотасы; 20.01.1970 жылы облыстық білім бөлімі мен облыстық кәсіподақтары ұйымдарының Құрмет грамотасы; 1975, 1980, 1987, 1989, 1991 жылдары аудандық білім беру бөлімінің Грамоталары және 1998 жылы Алғыс хат;  Ауыл әкімінің, мектеп ұжымының көптеген Құттықтауларын алды; 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі; 12.04.1988 жылы «Еңбек ардагері» медалі; 1996 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты.
      Бержан Шәріпұлының қоғамдағы әртүрлі өзекті мәселелерді қозғаған мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға әр жылдары жарияланып отырды. Олар: «Тарихымыз ғой...» - «Парасат» журналы. №9 /1993ж/., «Ұлттық намысымыз қайда?» - «Парасат» журналы. №7 /2000ж/., «Батыл қадамдарға бастайтын бағдарлама» - «Серпер» газеті. №10 /12928/ 4/ІІІ-2010ж, «Атаулар жөнінде айтарымыз көп» - «Серпер» газеті. №3 13/І-2011ж, «Осы біз қайда тұрамыз?» - «Серпер»газеті. 14/Х-1999ж,«Сындарлы шақта сыр бермеген Сәлімғали»- «Серпер» газеті. 6/Ү-2010ж., «Сұм соғыстың зардабы» -«Серпер» газеті. 2 наурыз 2017ж. («Еділ десек жарасар» 15/VІІІ – 2014 ж.-Бұл мақаланы «Атырау» газетіне жіберілген,жарияланбаған). 
      Бержан Шәріпұлы жан-жақты адам болған. Өзінің негізгі қызметі ұстаздықпен қатар, өмір-лік хоббиі де болған. Ол – әуесқой фотограф. Жастық шағынан бері орта жасқа дейін осы сүйікті ісімен де айналысуға уақыт таба білген. Фотоға түсіру, фотоны шығарудың қыр-сырын меңгерген. Ол өзі өмір бойы істеген С.Н.Имашев орта мектебінің бұрын-соңды жазылмаған шежіре- тарихын жазып, фотоальбом етіп жасақтап, мектепке табыс еткен. Осы күндері ол шежіре-альбом мектептің архив қорында сақтаулы.
      Сонымен қатар, өзінің еңбек еткен ұжымдары туралы, еңбек еткен тұлғалар туралы, ауылда өткен түрлі бұқаралық мәдени шараларды, жалпы айтқанда ауыл тарихын фотосуреттер арқылы мәңгі естелік етіп қалдырған. Отбасылық фотоальбомдары да бірнеше том етіп басылған. Қазір-гі таңда бәрі де отбасылық архивте сақталып, кейінгі ұрпағына мирас боп қалып отыр.
      Бержан Шәріпұлының тағы бір сүйікті ісі – кітап оқу болған. Өзінің саналы өмірінің барлық кезеңінде әдеби кітап оқумен және оны жинақтаумен тұрақты түрде айналысқан. Күні бүгін оның жеке меншік кітапханасында екі мыңға жуық түрлі әдеби, тарихи кітаптар жинағы бар, кітаптар қазақ және орыс тілінде, дені қазақ тіліндегі шығармалар. Ол өмірінің соңына дейін кітап оқудан қол үзбеген. Бала кезінен есте сақтау қабілеті өте жоғары болған. «Батырлар жырын», «Қобыланды батыр» жырын, Абайдың, Жамбылдың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Иса Байзаховтың, Бейімбет Майлиннің көптеген шығармаларын жатқа айтып отыратын.
      Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірге белсенді араласқан. Ауыл ақсақалдарының арасындағы шахмат-дойбы ойындарынан ауылдық, аудандық жарыстарға жүйелі түрде қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүрді. 2015 жылы ауылдың «Үлгілі отбасы» номинациясымен ауыл округінің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, әр жылдары ауыл әкімінің, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Сол бір жылдары, ауылды көгілдір газбен және таза сумен қамтамасыз ету туралы өткір мәселені ауыл, аудан, облыс көлемінде көтеріп, жоғарғы билік басына халықтың мұң-мұқтажын жеткізудегі еңбегін де бағаламай кетуге болмайды. Осы күндері көгілдір газ бен таза судың игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр.
      Зейнеткерлікте болған жылдары Бірлік ауылдық округінің Бірлік және Амангелді ауылдарының имамы болып, жеті-сегіз жылдай халыққа аянбай қызмет етті. Құранның тең жартысын жатқа білетін. Өмірінің соңғы бес-алты жылында денсаулығына байланысты имам қызметін тапсырды.
      Бержан Шәріпұлы – білікті басшы, білімдар маман, өнегелі ұстаз, ақылман аға ғана емес, ынтымағы жарасқан отбасының алтын діңгегі, тәрбиелі ұл-қыз өсірген әке, адал жар, немере-жиендерінің сүйікті атасы болды. 
      Зайыбы Шарафиденқызы Ұлпашпен бірге 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың бесеуіне жоғарғы білім, үшеуіне кәсіптік арнаулы орта білім алуларына жағдай жасап, еңбек етті. Қазіргі таңда, бәрі де адам-асыл болып өз алдарына үй болып ұрпақ өсіріп отыр. Шәріповтер әулеті – Бірлік ауылдық округіндегі санаулы өнегелі отбасыларының бірі. Ағамыздың бір қызы Рабиға С.Н.Имашев атындағы орта мектебін тұңғыш рет Алтын медальмен бітіріп, мектеп жылнамасына есімі алтын әріптермен жазылса, қалғандары да өмірден өз орындарын тауып, бүгін де Шәріповтер әулетінің мерейін тасытып отыр.
      Иә, өмірі сексен бес жылға созылған Бержан ата жайлы айтатын әңгіме әрине көп. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған абзал жанның көпке үлгі етіп айтар істері, өнегесі, тәлім-тәрбиесі бұл айтқандарымызбен шектелмесе керек.
      «Бар мақсатым – мағыналы өмір сүріп, артымда өнегелі іс қалдыру», - деп ұстаз аға өзі айтқандай, Бержан Шәріпұлы жайлы әлі де талай жақсы сөздер айтылып, оның жас ұрпақ үшін атқарған игілікті істері мектеп жылнамасында лайықты орын алып, есімі шәкірттері жадында, ауыл тұрғындары арасында ұзақ сақталатыны анық. Ардақты ұстаз 2023 жылы 25 наурызда дүниеден өтті. Өзінің өсиеті бойынша балалық шағы өткен қазіргі Шортанбай ауылдық округіне қарасты Жасталап ауылының арқа бетіндегі Арынбүйрек төбесіне жерленді.
      Әр ұстаздың әр шәкірт жүрегінен ойып тұрып орын алатын қасиеті болуға тиіс. Адам өмірін-де үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз. Өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра білген Бержан Шәріпұлы шын мәнінде ұрпағына да, өзге жандарға да үлгі-өнеге бола білетін өнегелі өмір иесі болды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...