Биология ғылымдарының кандидаты, Қауымдастырылған профессор, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінде өсімдіктерді микроклондық көбейту зертханасының меңгерушісі, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының жетекші ғылыми қызметкері
Еңбегі ерен ғалым
Ауыл шаруашылығының ардагері, туған ауылын өркендетуге үлес қосқандардың бірі – Тұрдиев Тимур Тұйғынұлы жайлы айтқанда, оның ең алдымен адамгершілік келбетіне тоқталған жөн. Қытай ойшылы Конфуцийдің: «Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, басқаларға жетістіктерге жетуге көмектеседі, өзі де сол жетістікке жетуді қалайды», – деген ғибратты сөзі бар. Сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де елдің еңсесінің түспеуіне өзінің биік адамгершілік қалпымен, табандылығы әрі алмас қылыштай әділдігімен керемет әсер еткен маңдайы даладай жазық, жүрегі сол даладай кең нар тұлғалы азаматтардың бірегейі, көптің арасындағы орны тым бөлек азамат.
Иә, жақсы адамдардың өмірі – ұрпаққа өнеге. «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе», – деп Жүсіп Баласағұн дана айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету – тірі пендеге парыз. Өйткені қазақ азаматтарының парасаты мен шапағаты, намысы мен пайымы, мейірімділігі мен қайырымдылығы зор болып келсе, ұл-қызымыз ұлағатты болып, ұлтымыздың маңдайына шаң тимейді. Сондай-ақ, адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына кеңінен сыйлы етіп төрге шығаратын да адал еңбек екенін есте ұстаған абзал. Маңдай теріңді төгіп жүріп жұмыс жасасаң, атақ пен абырой түптің түбінде сені өзі іздеп табады.
Ғылым жолы мен ауыл шаруашылығын байланыстырып, адал еңбек етіп, бақыттың биігіне көтерілген Тимур Тұйғынұлы 1978 жылы 3 маусымда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Үлкен Ақсу ауылында дүниеге келді. Қарапайым отбасында дүниеге келген.
Әкесі Тұйғын мұнай базасында, ал анасы Адалят жергілікті мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Бір отбасындағы Мухаббат, Тұрғанжан, Саламят және Карамят есімді 5 перзент тәрбиеленіп, бүгінгі таңда өмірден өз орындарын тапқан, әрқайсысы бір-бір отбасының отағасы мен отаналары, ұрпақ өрбітіп отырған бақытты ата-ана.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебетіні секілді, Тимур Тұйғынұлының ата-анасы да елге сыйлы, ауыл сыйлаған еңбек адамдары болды. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Сондықтан үлгілі жанұяда әрдайым «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірді. Өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсіріп, үнемі жанұяда осылай тәрбиеленген кейіпкеріміз де тілалғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып ержетеді.
1984-1995 жылдары Ғ.Сәдуақасов атындағы Үлкен Ақсу ауылындағы мектепте білім алған Тимур Тұйғынұлы 1995-1996 жылдары арнайы кәсіптік техникалық училищесінде оқиды. Білімге құштар жас одан әрі 1996-2001 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде «Өсімдік шаруашылығы» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған Тимур Тұйғынұлының алғашқы еңбек жолы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы» институтында, «Өсімдіктердің физиологиясы, генетикасы және биохимиясы» институт қабығасында бастайды.
Өзінің қажыр-қайратын салып, барынша ынтамен еңбек ете білді. Жан-жақты, ізденімпаз Тимур Тұйғынұлы кейін кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер және жетекші қызметкер болды.
Ғылым әлеміне қол созып, өсімдік әлемін зерттеген Тимур Тұйғынұлы 2020 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне биотехнолог мамандығына шақырылып, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінде өсімдіктерді микроклондық көбейту зертханасын құруға қатысып, қазіргі уақытта осы зертхананың меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Кейіпкеріміздің ғылыми жетістік-жобалары мен қызмет бабын саралай айтсақ, Тимур Тұйғынұлы гранттық және халықаралық қаржыландыру бойынша бірқатар жобалардың ғылыми жетекшісі, қосалқы директоры және жауапты орындаушысы болды. 2012-2014 жылдары 0040/ГҚ «Қазақстандағы күріш коллекцияларын ұзақ мерзімді сақтау және зерттеудің биотехнологиялық әдістерін әзірлеу» және 0046/ГҚ «Жасуша дақылдарын криоконсервациялау биотехнологиясын әзірлеу және отандық және шетелдік жүзім сорттарының гермоплазма банкін құру» бағытындағы жобаға жетекшілік етіп келеді.
Ғылыми қызметінде 2012-2015 жылдары ХҒТК K428 «Қазақстандағы өрік пен алмұрт ұрықтарының генетикалық әртүрлілігін бағалау және сақтау» халықаралық жобасының жауапты атқарушысы болып, 2015-2017 жылдары ГҚ4/2174 «Жаңа өнімділігі жоғары және төзімді сорттарды жасау үшін селекциялық процесте пайдалану үшін алмұрттың сорттық және түрлік алуан түрлілігінің ұрықтарын сақтаудың биотехнологиялық регламентін әзірлеу» жобасына жетекшілік етті.
2017-2020 жылдары 0170-17-ГК «Клондық микрокөбейтудің биотехнологиялық әдістерін және интеграцияланған агротехникалық өсіру техникасын қолдану негізінде қазақстандық селекциялық тураңғы терек және терек будандарының элиталық отырғызу материалын өндіруді және өткізуді ұйымдастыру» жобасының өсімдік биотехнологиясы бойынша жауапты орындаушысы болған Тимур Тұйғынұлы 2018-2020 жылдары AP05131764 «Питомник тәжірибесіне клондық микрокөбейту технологиясын енгізу және коммерциялық құнды таңқурай сорттары мен будандарының элиталық отырғызу материалын өндіру» жобасына
жетекшілік етті.
2021-2023 жылдары BR10263776 «Тұрақтылықты сақтау және арттырудың ғылыми негіздерін әзірлеу» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы тоғайлы ормандардың тұрақтылығын арттыру, қалпына келтіру және орман өсірудің ғылыми негіздерін әзірлеу» ғылыми жобасына және BR10765017 «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық ресурстарын сақтауды, толықтыруды, көбейтуді және селекциялық үрдісті қолдау үшін тиімді пайдалануды зерттеу және қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша «Күріш және соя тұқымдарының үлгілерін криоконсервациялау» ғылыми жобаларыны жетекшілік етіп, «Бактериялық және вирустық инфекциялардан жидек дақылдарының коммерциялық құнды сорттарын қалпына келтіру үшін инновациялық криотерапия технологиясын жасау» ғылыми жобаның жауапты орындаушысы бола жүріп, 2023 жылдан бастап AP19674567 «Ғылыми мақсатта және орман өсіру тәжірибесінде пайдалану үшін Populus pruinosa реликті терегін сақтау және көбейту» және BR21882024 «Пісте мен бадамның биоәртүрлілігін зерттеу, олардың гендік қорын сақтау әдістерін әзірлеу, селекциялық және бау-бақша шаруашылығы үшін перспективті генотиптерді таңдау және клондау» екі жобасын жүзеге асырып, жоғары нәтиже көрсетті.
Тимур Тұйғынұлының қатысуымен жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру шеңберінде алынған зерттеулердің нәтижелері бойынша Қазақстанда алғаш рет жеміс-жидек және орман дақылдарын, жүзім мен күрішті криоконсервациялау хаттамалары әзірленді. 600-ден астам генотиптерден тұратын дақылдар, сондай-ақ 800-ден астам сортты қамтитын in vitro және криоколлекциялары жасалды.
Тимур Тұйғынұлы – өсімдік биотехнологиясы саласындағы білікті маман. Тұжырымдамалар мен жұмыс бағдарламаларын әзірлеуге қатысады, жаңа ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың бағыттарын және оларды жүзеге асыру әдістерін негіздейді, ғылыми-зерттеу жоспарларына енгізу бойынша ұсыныстар енгізеді.
Тимур Тұйғынұлы өзіндік тақырыптарды меңгеруде ғылыми жетекшілік етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының перспективалық бағыттарының жобаларын, жұмыстарды жүргізудің жоспарлары мен әдістемелік бағдарламаларын әзірлеп, алынған нәтижелерді талдап және қорытындылаумен қатар, ғылыми кадрларды дайындап және олардың біліктілігін арттыруға қатысады. Атап айтар болсақ, Тимур Тұйғынұлының жетекшілігімен PhD-докторант Қабылбекова Б.Ж. 6D080900 – Бау-бақша шаруашылығы (диплом № 0240045) мамандығы бойынша: «Қазақстанда алма ағаштарының генофондын көбейту және сақтау биотехнология-сын дамыту» диссертациялық жұмысы аяқталып, сәтті қорғалды. Сондай-ақ, «6M060700 – Биология» және «7M05109 – Биотехнология» мамандықтары бойынша 3 магистрлық және бірқатар бакалавриат диссертациялары аяқталып, сәтті қорғалған.
Тимур Тұйғынұлы қазіргі таңда жоғарыда аталған мамандықтар бойынша екі магистратура және бакалавриат студенттеріне жетекшілік етуде. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндіріске енгізіліп, коммерциялық мақсатта пайдаланылады. 2010 жылы оның қатысуымен «Лесной питомник»
АҚ-да коммерциялық өндірістік биотехнологиялық зертхана ұйымдастырылды.
2017 жылы ГҚ4/2174 «Жаңа өнімділігі жоғары және төзімді сорттарды құру үшін селекциялық процесте пайдалану үшін алмұрттың сорттық және түрлік алуан түрлілігінің ұрықтарын сақтаудың биотехнологиялық регламентін әзірлеу» жобасы аясында алынған зерттеу нәтижелері бойынша» және 0170-17-МК «Клондық микрокөбейтудің биотехнологиялық әдістерін және зиянкестер мен аурулардан қорғаудың біріктірілген жүйесімен агротехникалық өсіру әдістерін қолдану негізінде қазақстандық селекциялық тұраңғы терек және терек будандарының элиталық отырғызу материалын өндіруді және өткізуді ұйымдастыру» бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары гранттық қаржыландыруға байқауға ұсынылуы кейіпкеріміздің ғылыми өндіріс саласындағы жетістігі деп айтуға болады.
2020 жылы AP05131764 «Клоналды микрокөбейту технологиясын питомниктік тәжірибеге енгізу және таңқурайдың коммерциялық бағалы сорттары мен будандарының элиталық отырғызу материалын өндіру» жобасы аясында алған зерттеу нәтижелері питомник тәжірибесіне енгізілді (питомникте). Бұл жоба коммерциялық мақсатта коммерциялық құнды таңқурай сорттары мен будандарының элиталық отырғызу материалын өндіру үшін қолдануда.
Сонымен қатар, Тимур Тұйғынұлы 100-ден астам ғылыми жұмыстардың және 6 патенттің авторы, оның ішінде кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін 12 мақаласы Clarivate Analytics компаниясының деректер базасына (Web of Science Core Collection) және/немесе Scopus компаниясының деректер қорына енгізілген ғылыми журналдарда жарияланған. Тимур Тұйғынұлы ғалым және жоба жетекшісі ретінде жоғары кәсібилік, ғылыми зерттеулерді нақты жоспарлау және жүзеге асыру, жақсы ұйымдастырушылық қабілеті сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді.
Ғылым жолы – ауырлығы арқаға бататын, нәзіктігі қылдан да жіңішке, жауапкершілік жүгі оң нәтиже шығара алмасаң екі иініңді басатын ғылым жолына өмірін арнап, ел игілігіне, экономикаға пайдасы тиетін, ғылым көшін ілгері сүйрейтін сала. Ауырлығы, жауапкершілігіне сәйкес, қол жеткізген жетістігі үшін алатын марапаты, берілетін сыйлығы да ерекше құнды. Бұл марапаттан Тимур Тұйғынұлы да кенде қалған емес.
2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ҒК Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығындағы D53.47.05 диссертациялық кеңесінің отырысында «Биология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алу үшін «Жидек дақылдарының ұрықтарын криоконсервациялаудың биотехнологиялық әдістерін жетілдіру» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған Тимур Тұйғынұлы (03.00.23 – Биотехнология мамандығы), 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты» жас ғалымдар байқауының Жеңімпазы болып танылды.
2015 жылы Корваллис, Орегон, АҚШ, Ауыл шаруашылығы департаменті, Ауыл шаруашылығын зерттеу қызметі (USDA, ARS) Клональдық гермплазманың Ұлттық репозиторийінде DesignExpert статистикалық бағдарламасын меңгеру бойынша тағылымдамадан өтсе, 2017 жылы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тимур Тұйғынұлына 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің шешімімен биология мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілсе, 2022 жылдан бастап 8D081 Өсімдік шаруашылығы (Мамандықтар: 6D080100 – Агрономия; 6D080900 – Бау-бақша; Білім беру бағдарламалары: 8D08101 – Агрономия; 8D08103 – Бақ шаруашылығы) мамандығы бойынша тұрақты диссертациялық кеңестің мүшесі қызметінде.
Сонымен қатар, ғылым жолында 2022 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ізденістер, нәтижелер – Зерттеулер, нәтижелер» ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшелігіне өткен Тимур Тұйғынұлы 2023 жылы Қазақстан Республикасының жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін университеттің Алғыс хатымен марапатталды.
Адам деген жолаушы. Бүгін келеді, ертең кетеді... Кешегі өткен өмір аңыз... Адам өмірге артына ізгілікті із қалдыру үшін, жақсы өмір сүру үшін келеді. Кім өз жолын қай жерден тоқтарын білмейді. Әйтеуір тіршілікте тоқтап қалмас үшін адам алға қадам баса түседі. Бір жақсыны көрсем дейді, білмегенін білсем деп талпынады. Жақсымен дос болып, өзі де сондай болмаққа ұмтылары да сөзсіз. Тимур Тұйғынұлы өзінің өмір жолында талай жақсы мен жайсаңды көрді, олармен аралас-құралас болды. Кейбірімен отбасылық дос та болып кетті. Иә, бұл да болса адамның ниетіне ғана бұйыратын бақ.
Тимур Тұйғынұлы – отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Жары Заитова Мехриван екеуі – Тахир, Таймир, Закир, Адалят және Зарина есімді алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.