Қадыров Мұхаш

Рейтинг:

Тарихы да, тағылымы да мол тұлға

      Асқақ арманы орындалып, ұстаздық жолда еңбек етіп жүргендер үшін бұл баға жетпес бақыт. Ұстаздық жұмыстың жүгі ауыр болатыны сөзсіз. Себебі, әр отбасында шыр етіп дүниеге келген баланы өмір сүруге дайындау қажыр-қайратты, күшқуатты, сабырлылық пен төзімділікті, шыдамдылық пен мейірімділікті талап етеді. Бұл қиынның қиыны. Адамды оқытып, тәрбиелеуде ең алдымен сол адамның өзі кез келген сұраққа жауап беруге даяр тұруы керек, олай болмаған жағдайда ол жай ғана хабарлаушы секілді болып қалады. Ал ұстаз осы әлемді шартарапқа жетелеуші жан болғандықтан, оқушы болмысына өзгеріс енгізуші тұлға ретінде бағыт-бағдар беріп, ата-ананың сенімінің ақталуына сеп болушы жан.
      Ұстаздыққа жан қалауымен келген аяулы ұстаздардың бірі, артында өшпес із қалдырған ұстаздарымыздың бірегейі, өзі біршама жұмыстарды атқарса да жүрегі мен көңіліне ұстаздықты кәсіп еткен жан - Қадыров Мұхаш Алғалиұлы. 
      Мұхаш Алғалиұлы 1913 жылы қазан айының 20 жұлдызында Маңғыстау ауданының Таушық селолық кеңесіне қарасты Шытша жерінде өмірге келген. Әкесі Алғали Бектұрғанұлы мұсылманша сауатты көзі ашық, қақ-соқпен ісі жоқ, өзіндік сара билігі бар, салмақты, сабырлы кісі болған екен, содан үкіметтегілер дін ұстанатынның соңына түскен, сондықтан құжатқа атын Мұхаш деп жаздырған, Мұхаштың 2-3 жасында ақ жаулықты анасы Бекжанқызы Әдемі өмірден озады. 
      Тәлім тәрбиенің негізін әкесінен алған Мұхаштың алғашқы сауатының қалыптасуына да сеп болған әкесі болатын. Әкесі Мұхашқа 5-6 жасынан араб әрпін өзі үйретіп, 1929 жылы латын әліпбиі А.Байтұрсынов негізін салған төте жазумен зуль жадидше оқып сауаттанады.
      Балалық шақтың жарқын естеліктерінен гөрі болашаққа ерте қадам басқан Мұхаш 10-15 жастан Форт Шевченкоға қарасты мекемеде жұмыс істеп «Түйесу, Ауыздыбас» жерінде халықтан жүн тері, ескі-құсқы заттар жинаушылармен бірге үш жылдай «барып кел, шауып кел» жұмыстарын жасайды. Әрбір атқарылған істі адал әрі тиянақты түрде атқарып, көптің алғысына бөлене білген кейіпкеріміздің бұл еңбек жолы көп дүниені ұғындыра білді. 
      Еңбек жолын одан әрі жаңадан құрылған ТОЖ (Товарищество по совместной обработке животноводческих продуктов) артельде жалғастырады, алайда мұнда күнелтіс өте төмен болып, ауыл аттылап жаяулап басы ауған жаққа бір үзім нан үшін босқын болып кеткен кездері де кезікті.
      Бұл іс әрекеті дұрыс еместігі ескеріліп, кейіпкеріміздің әкесі «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, бірге «Долгий» жарты аралына келіп, айналасын теңіз қоршаған көк шөппен ағаш арасындағы балықшылар ауылы болатын, «Маңғыстаудың жері ғой, жылы орнымызды суытпалық» деген ақылын айтады. Осы «Долгий» балық колхозында Мұхаш зейінділігінің арқасында балық қабылдайтын пунктте кабылдаушы болып орналасады. Сол кезде «Каспий балығына жол беріңдер» деген ұранмен балықшыларды отырықшыландыру науқаны жүреді. Жұмыста орыс ұлтымен бірге болып орыс тіліне де төселіп алады. Мұхаш мырза өмір жолында алғырлығының нәтижесінде болашағын белгілі бір мамандықпен байланыстырғысы келіп, 1932 жылы мұғалімдік кешкі курсқа қабылданады.
      Өмір ерте есейтті, қандай жағдайға болмасын тез бейімделуді талап етті. Әкесінің оқу-ағарту, білім беру жолында салған ізімен Мұхаштың еңбекқорлығы мен білімге құштарлығы, зейінділігі көзге түсіп, 1933 жылы 20 жаста Мұхаш Форт-Шевченко Тұтынушылар қоғамына инспекторлыққа жіберіледі. Басты міндеті – Маңғыстаудағы балықшы, малшы, ұжымшарларды саудамен қамту, соны ұйымдастыру. Сол жылдары халық түгел дерлік Түркмен, Өзбек, Иран, Ауған жеріне қарай ауа көшті, себебі жекеменшік малын сойғандар жауапқа тартылып, алды сотталып жатты. 1933 жылы Маңғыстау түбегінде бар болғаны 10200 дей ғана жан болған.
      Шығамын деген алпинистке шың аласармас асу, шабамын деген тұлпарға бел асу қиын болып па, өзі таңдаған мамандығын меңгеріп шыққан соң Мұхаш Алиғалиұлы өзінің алғашқы еңбек жолын 1934-1940 жылы ұстаздық жолдан бастап, өзінен көп үлкен ересектерге дәріс беріп, шәкіттері өз кезегінде абыройын арттыра білді. Сол бір жылдардағы елдегі сауатсыздықты жою жолында тынымсыз қызмет атқарған кейіпкеріміз жас демей, үлкен демей, мал соңында жүрген ауыл тұрғындарының сауатын ашуда үлкен істерді атқарды. Өзінің көкірек көзінің ояулығының арқасында ауылға өркениетті әкеліп, ауыл тұрғындарын хат тануға, жазуға машықтандырды. Сабақ Қазақ АССР Халық ағарту комиссариаты мақұлдаған циркуляр бойынша жүргізілді, оқудан қашқақтаған жандарға тынбастан үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізіп, Ауыздыбас, Тиген мектебіне бірдей кезекпе кезек қатынап әрі директорлық әрі мұғалімдік қызметін абыроймен атқарады. Сол тұстағы дәптер жетіспеушілік салдары аз болмады. Оқушылар шәйдің қағазына, ескі газет беттеріне жазып, жоқтан бар жасап, амалын тауып білім алды. Ұстазымыздың шәкірттері үлгермей екінші жылға қалатыны болған емес, оқу сапасы жақсы болып, мәртебесін арттыра білді. Мектеп директорына, мұғалімдерге оқтын-оқтын сынақ яки аттестация өткізу шарасы болып тұратын. Мұхаш мырза сол қиын кезеңде қайда жүрсе де шәкірттеріне жүйелі тәрбие, сапалы білім беруде іскерлігін көрсетті.
      Ұстазымыз құжаттағы «мамандық» деген тұсқа «мұғалім» деп жазатын, ол қай жағынан болса да шын мәнінде – ұстаз екендігін дәлелдей білді. Мұхаш Алғалиұлы – тәжірибелі, жауапкершілікті сезінетін, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, әдістемелік және педагогикалық міндеттерді сапалы және жоғары кәсіби деңгейде орындайтын ұстаз. Бір мектепте тамыр таратып, өркен жайған Мұхаш Алғалиұлы адами асыл қасиеттері, жүрегінің тазалығы, ақ пейілімен, еңбекқорлығымен ұжымдастары, шәкірттері арасында құрметке ие болды. Қызмет барысында ел азаматымыз 1934 жылы Шевченко мектебінің оқу бөлімі меңгерушісі, 1939 жылы Шевченко мектебінің директоры болып тағайындалды. Ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып, бүгінде талай шыңдарды бағындырған ұл-қыздардың тұсауын кесіп, үлкен өмірдің табалдырығын аттаған, білімімен ғана емес, өнегелі өмірімен, күннен де жылы мейірімімен, ұлғатты ісімен шәкірттердің жүрегінде есімі мен бейнесі сақталып қалған ардақты жан отбасында да өз перзенттерінің тұлға болып қалыптасуына сеп бола білді.
      Мұхаш мырзаның өмірлік жары Абділләқызы Үрпішпен 1941 жылы некеге отырады, жары 11 құрсақ көтеріп, 2 ұл, 1 қызы жастай шетінеп, басқа ұл-қыздарын орта жоғары білімге оқытып, әкелік парызын мүлтіксіз орындай білді. Үрпіш өте таза, сыпайы сөйлейтін, жинакы, ұқыпты, өзінің қажетін өз қолымен жасаудың шебері болды, қыздарының мектепке киетін формасын өз қолымен тігетін.
      Жоғарыда атап өткеніміздей, ел азаматы талай тарихи кезеңдердің куәгері. Ел тарихында орын алған зұлмат соғыс жылдарының да зардабын шеккен ел азаматы 1942 жылы наурыз айында әскер қатарына шақырылып, қыркүйек айына дейін Чкалов қаласында әскери дайындықтан өтеді. Сталинград майданында Генерал-Лейтенант В.И.Чуйков басқарған 62-армияның 152-атқыштар полкінде пулеметші болып соғысқа қатысады, сол соғыста снаряд жарқыншағынан катты жараланып, госпитальға жатқызады.
      Сталиннің елде мамандар жетіспейді, жаралыларды қалаған мамандықтары бойынша оқытыңдар деген бұйрығы беріледі. Госпитальда профессорлар, ғалымдар, қарт мұғалімдер, басқа да мамандар көп болды. Мұхаш Госпитальда есеп-қисап оқытатын бөлімде оқып, біраз білім алады. 1943 жылдың 12 тамызына дейін емделіп балдақпен жүре елге қайтарылады. 
      Қызметтік жолын кейіпкеріміз одан әрі 1943 жылы Маңғыстау ауданы Шахта орта мектебіне директор болып жалғастырады. 1943 жылы Маңғыстау аудандық халыққа білім беру бөлімінде меңгеруші болып ұтымды жұмыс атқарады. 1947 жылы Төраға Маңғыстау аудандық тұтынушылар қоғамы басқармасында, 1949 жылы Маңғыстау аудандық Еңбекші депутаттар кеңесі мен атқару комитетінің жалпы бөлімінде меңгеруші міндетін, 1950 жылы Маңғыстау аудандық Еңбекші депутаттар кеңесі мен атқару комитетінің жол қозғалысы бөліміне меңгеруші болып ауыстырылды.
      Ел арасында кейіпкеріміздің есімі үлкен сыйластықпен сөз болады. Бір жерде тамыр жайған алып бәйтеректей болған Мұхаш Алғалиұлы мол тәжірибе жинақтап, білім саласының бояуы оңған сонау қиын кезеңдерде табанды еңбек етіп, біршама істің нәтижелі аяқталуына сеп болды. 
      1954 жылы Төраға «Хрущев» және «Правда» колхоздарының қосылып іріленуіне байланысты «ПРАВДА» колхозы басқармасына сайланды, ең артта қалған, кассасында қалдық жоқ бос болған. Орталығы Шайырда ауылдың ортасында су жинайтын тоған салынды, көшелі жаңа үйлер қаланды, ол колхозшы тұрғындарға берілді, дәнді дақылдар егілді, (бидай, жүгері) көкөністер, алма бағы отырғызылды, бағбаны - Тілеген Балабақша, мектеп, клуб, медпункт ашылды, жарық келді. 
      Мұхаштың бастамасымен 1955 жылы Ембі тауының Аласақ кыстағы тұсынан салынған көлбей өтетін тік құлама жолды жергілікті халық «Мұхаш жол» деп атап кеткен. Бұл жол жаяуға да автокөліктің жанар-жағар майына және уақытқа шығыны жоқ үнемді, маңындағы елдің малының жайылып козғалуына қолайлы. Бұл жолды жасаушы жұмысшыларға да көңілдері түспейтін колайлы жағдай жасалды. 
      1954-1957 жылдары Төраға қызметінде «ПРАВДА» ұжымшарының барлық сала бойынша көрсеткіші ауданда ең алға шығады. 
      Жасаған қажырлы еңбегі үшін 1958 жылы 24 наурызда небары 44 жасында Кадыров Мұхаш Алғалиұлы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығы бойынша «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 
      Соғыстан алған жарақатының орны асқынып, денсаулығы да күрт төмендейді. Марапаттау кезінде Мұхаш ауруханада жатты. Жылдың үстінде ауруханада және санаторлық емді қатар қабылдады. Ауырса да емін алып, үйінде жатып бізді басқара берсін деген жұмысшылар 
Мұхаңмен қимай-қимай қоштасады.
      1959 жылы Бастық Таушық автобазасына Аудандық комитет жолдамасымен Мұхаш мырза бұл мекеменің жұмыс аймағында бос сандалысқа жол бермеген, темірдей тәртіп орната білді. 
      1963 жылы Жоспарлаушы Мал маманы – Зоотехник Маңғыстау өндірістік ауыл шаруашылық басқармасына тағайындалды. 1965 жылы экономикалық жоспарлау бөліміне басшы және басшының орынбасары Маңғыстау аудандық өндірістік ауыл шаруашылық басқармасында 
      1973 жылы қараша айында зейнетке шығуына байланысты, арызы қарастырылып, жұмыстан босатылды. Алайда Мұхаш Алғалиұлы көп ұзамай, Маңғыстау ауданаралық ауыл шаруашылығын техникалық жабдықтау мекемесіне жұмысқа шақырылып, 1978 жылдың тамызына дейін қызметін абыроймен атқарды.
      Мұхаш Алғалиұлының жары Абділләқызы Үрпіш 68 жаста 1991 жылы қыркүйек айында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. 
      Мұхаңның артында аңыз болып қалған, оның ақылдылығы, кең толғамды қарымы, санадағы сабыры, жүректегі жалыны, шебер ұйымдастырушылығы, болмайтынды болдыра білетіндігі туралы әңгімелер жетерлік. Мұхаң осы ұзақ ғұмырында көпті сезді, көпті көрді, көпті білді, көпті айтты, өзі де көп жазды. Ғұмыр бойы өзін толғандырған сан қырлы тақырыпта калам тербеді. Бойы толған қасиет, ойы толған өсиет болды. Мұхаң қара қылды қақ жарған әділ болған, айтар сөзін ешкімнің бет жүзіне қарамай шегелеп айтты, шешіліп айтты.
    Мұхаң өте балажан адам, тұңғыш немересі Қоныс өзінің тәрбиесінде, қасына ертіп жүретін. «Кімнің баласы?» - деп сұрағандарға «Әкесінің інісі, атасының баласы»,- деп елді күлдіретін.
      Маңғыстау тарихында қиын кезеңдерде қай салада болмасын ел басқарып, елді білімге, ерікті еңбекке жұмылдыра білген, білімді адамдарды, еңбекқор жандарды жазбай танып, елге білім таратқан, ел байлығын тасытқан, тамаша білім және шарауашылық салаларының жетекшісі болған. 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстың 1-дәрежелі орден иегері, 1-топ мүгедегі. Маңғыстаудың үлкен-кішісі Мұха деп ардақтаған, Қара ойдың қазыналы қарты деп, Маңғыстаудың Марғасқасы деп, дала Академигі деп халқы атаған – Мұхаш Алғадиұлы 2002 жылы 2 шілдеде 89 жасында өмірден озды. 
      Он сегіз мың ғаламда атқаратын қызметіне байланысты түрлі мамандықтар бар, бірақ, соның ішінде ең ұлысы ол – ұстаздық. Ұстазға ақын да, ғалым да, малшы да, хан да бас иген. Ерен еңбегін құрметтеп, ұстаз есімін үнемі ұлықтаған. Себебі, ұстаздық ету - үлкен шеберлік. Қажет кезінде әртіс те, әнші де, басқа да болады. Ұйымдастырушы, режиссер, биші, бағдарламашы, суретші... Бұл қасиеттердің барлығы бір ғана ұстаздың бойынан табылатыны таң қалдырады. Бір емес, бірнеше асыл қасиеттерді өз бойына арқалап жүрген аяулы ұстаздарымыздың еңбегі – баға жетпес асыл еңбек. Міне, осындай асыл еңбекті өзінің өнегелі өмірімен қоса өріп жүрген жан Мұхаш Алғалиұлы қандай да болса құрметке лайықты жан. Өзін ұстаздықпен жиі байланыстыруымыздың басты себебі, ақсақал ылғи «мамандық» деген тұсқа мұғалім деген ардақты сөзді жиі жазатын. Оның жақсы ұстаз болғандығының арқасында біршама мамандықтың басын біріктіріп, айналамен қарым-қатынасты ұтымды орната білді деп топшылаймыз.
      Қалай десек те, Мұхаш Алғалиұлын ұстаз деген әдемі атағынан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, өзгенің болашағы үшін еңбек еткен ел азаматының есімін бүгінде артында қалған ұрпақтары игілікті істермен ұрандатып келеді. Тарих беттерінде өткен мен бүгіннің алтын көпіріндей игілікті істерді жалғастыра білген азаматтың ұлағатты ғұмыры көпке үлгі, жастарға азық болары сөзсіз!
      Мұхаш Алғалиұлының артында қалған отбасына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, еңселі азаматтың ерлікті істері мәңгі жадымызда қала бермек демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
7 марта 2024 13:56
Рысты

Галя мына естеліктер әкең анаң туралы оте тамаша жазылған екен. Мұхаң әкей туралы халықтан естігеніміз болмаса. Билмеймін ғой, бірак. Сенимен бирге барып. Сіздің Шаңырақта бирнеше рет.болғаным.бар сонау студент кездерімізде. Марқұм Алдан мен Ұштаптың уйлену тойында болдым. Анаң Урпиш апай өте керемет жан еді ғой. Өте таза ұқыпты. Шебер. Кашан барсаңда күлимсиреп журетвн. Көп созі жоқ. Мәдениетті.адам еді.. Әкеңніңде мамаңныңда. Топырағы торқа болып .пейиште. жандары рахаттансын дегім келеді. Тумаластарың да. өте тәрбиелі .сенен бастап. Галя сен әкеңе ұқсаган сияктысың. Мұхаңның ұл кыздары әр кайсысы, бір шаңырақты гүлдендіріп отыр десем.артық айткандық емес .анаң мен әкеңе жасаган жаксылыктарың, Ұл-қызыңнан  қайтсын .Мұхаң әкей мен Урпиш ана сіздерді желеп жебеп жатсын. Алла разы болғай сіздерге
7 марта 2024 13:26
Қалжан

Оқыдым өте дұрыс жазылған нағыз шындық менің әкем де Мұхаңмен Сельхозуправлениеде жұмыстас болған еді бір жылдары бізге үлгі қылып айтып отыратын еді жұмысқа қабілетін және шыншыл орнымен талап ете білетін азамат екенін
7 марта 2024 13:08
Насиба

Мұхаш атаны көрген де естіген де жоқпын ғой.Шахта орта мектебінің 70 жылдығында  ма  папаңның кітабын бергенсің. Түгел оқымай аралап қарап шықтым ,бірақ бірақ бүгінгі қысқаша,тартымды өмір жолын оқып отырып сенің  бойыңдағы сыпайылық,еңбекқорлық,сабырлылық,ұқыптылық,дос-жолдасқа әділдік,есеп-қисапқа мұқияттылық қайдан бастау алып тұрғанын түсіндім.Мұхаш атаның абыройы ұрпақтарына дарысын, жалғассын.. 
7 марта 2024 13:01
Ғалия

Ғалия (Галя) құрдаспен Шайырда бірінші сыныпқа бірге бардық, бастауышты бірге түгестік. Әкем Тұрар жас жағынан Мұхаңмен қарайлас, әрі қызметтері жағынан— бірі мектеп басқарды, бірі колхоз басқарды—елдің маңдай алды азаматтары. Апай ұмытпасам, Бәйімбеттің кызы.. Әкем Мұхаңның сол 50--жылдары өндіріс басқару, шаруашылықты жүргізу, ең бастысы еңбекшінің тұрмысы мен өміріне  енгізген жаңалықтарын үлгі ете айтып отыратын. "Мұхаң— әділ, таза ұстанымды, әсірелік,   жағымпаздық,  жалғандық жоқ'—деп еске түсіруші еді.
6 марта 2024 20:06
Галия

Әкеміз Алғалиұлы Мұхаштың Қазақстанның алтын кітабы энциклопедиясына енгізілуіне үсыныс берген Маңғыстау аудандық маслихатына алғысымыз шексіз.
 
Құрметпен : Мұхаштың ұл-қыздары, немерелері.

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...