КЕМЕЛ ТҰЛҒА КЕЛБЕТІ
Адамның алдыңда жөн сілтейтін, жол табуға жәрдемші болатын жарықтың, кемел тұлғалардың болғаны бір ғанибет! Алып-қоспасыз ақиқат болып, бүкіл бітім-болмысына қалтқысыз жарасып тұратын сирек әйел затының бірі – ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының «Еңбегі сіңген» қызметкер төсбелгілерінің иегері, «ҚазГерМұнай» ЖШС Ардагерлер Кеңесінің төрайымы, «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының директоры Рәзия Қалжанқызы. Елге сіңірген еңбегімен, істеген ізгілік ісімен, хакім Абай айтқандай, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» кемеңгерлігімен Сыр жұртшылығының қамқор анасына айналған жан.
Оның ел көзіне ең алдымен түсетін айрықша тұлғалық қасиеттері бар. Ол ерекшеліктері – оның ойының шыңырау тереңдігі мен келісті тұлғасына сай бауырмалдығы, мейірбандығы, па
![]()
расаты, кісілігі, жан сұлулығы, қайсарлығы. Рәзия апайдың мінез-құлық жаратылысындағы қазына байлықты айтып тауыса алмайсыз.
Иә, Құдайдың көзі түскен, халқының қарапайым даналығын ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері ретінде өрелі өркениетпен астастыра алған ұстаз. Рәзия Қалжанқызы сияқты тұлғаларды Тәңірінің шапағатымен байланыстырмасқа болмайтын да шығар. Рәзия апай бір қарағанда, тіпті, мың қарағанда да қаншалықты қарапайым болса, соншалықты күрделі де жұмбақ. Жадағай мен жайдақтан, аласа мен аңғырттықтан аулақ. Сірә, шалқар өмір көшіндегі сан түрлі сабақтарды меңгерген, жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты айырған, адамдық пен азаматтық мұрат биігіне көтеріле білген, жалпыхалықтық тіршілік толғауларын зерделеген адам осындай болса керек.
Адам көзқарасы өзгере беруі мүмкін. Уақыт өткен сайын кісі кемелденеді. Көкжиек кеңейіп, таным толығады. Алайда, тиянақты, тұрақты адам негізгі ұстанымнан айнымаса керек. Бұл ұстаным адамның өзімен бірге жаратылатын нәрсе болуы мүмкін. Бұл орайда, Рәзия Қалжанқызының ұстанымға беріктігін үлгі-өнеге қылып айтуға тұрады.
Шексіз уақыт кеңістігінің түрлі дәуірлерге, ғасырларға бөлінетіні сияқты, зерделей байқап отырсақ, Рәзия Қалжанқызының да өнегелі өмірі, ғибратты ғұмырбаяны бірнеше көрнекті бөліктерге бөлінеді екен. Сонда оның әрбір жаңа өмір кезеңінде ылғи да биік асқарларға көтеріліп, тың сапамен жаңғырып, неғұрлым тереңірек бойлайтынын аңдаймыз.
Рәзия Қалжанқызы Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Бесарық елді-мекенінде 1953 жылы 30 наурызда өмірге келеді. 1959 жылы Бесарық ауылындағы №147 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің табалдырығын имене аттаған бүлдіршін қызды әуелгіде ешкім шәкірт санатына қоспаған. Жарты жылға дейін оқушылар тізіміне алынбай жүрген қаршадай қыздың кейінірек, мектептің маңдайалды оқушыларының қатарына енетінін ол кезде ешкім білмеп еді. Әйтеуір, оқуға деген ынтасы мен зеректігінің арқасында үздік шәкірт атанғаны рас.
Ұлағатты ұстаздардың тәлім-тәрбиесі мен ата-анасының қолдауымен мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ, Рәзия үлгілі оқушылардың қатарынан көрініп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол сегізінші сыныпта оқып жүргенде, мектепон жылдық болып қайта құрылып, Рәзия онжылдықты бітірген алғашқы түлектердің бірі ретінде үлкен өмірге қанат қақты. Ол оқыған сыныптың оқушыларынан мектепте «домбыра» оркестрі құрылды. Нәтижесінде көрші колхоз, совхоздарға барып концерттік бағдарламалар қойды. Ол, жаңа ашылған білім ордасының қажетіне қаржылай көмек беру жағын ұйымдастырды. Өнерпаздар көрші ауылдарға барып ақылы концерт қойып, көрермендердің құрмет-қошеметіне бөленіп жүрді. Сол кездің мұғалімдері оқушыларды ұл-қыз деп бөлмей, шәкірттеріне еңбектің түр-түрін үйрететін. Мысалы: сыпырғы буып, темір төске салып есіктің топсасын жасау, т.б. үй шаруашылығына қажетті ағаштан жасалған үстел, орындық сынды заттар жасау.
![]()
Рәзия құрбыларының арасында комиссия құрып, әр оқушы-қыз баланың үйін көріп, тазалығын тексеруді бастайды. Бұл – тәлімді тәрбиенің бастамасындай еді. Қыз балалар арасында үй жинау, тазалық сақтау бағытында «таза үй, таза аула» тақырыбында байқаулар өткізілетін. Тынымсыз еңбектің арқасында барлық жастар еңбекпен біте қайнасып, ерте есейіп, барлық қиындықты жеңуге дайын болатын. Мектептен бастау алған белсенділік, оның өмір жолында үздіксіз даму үстінде болатынын тұлымы желбіреген жас қыз албырт шақта сезген де жоқ.
Азаматқа тән көш бастайтын кесектік, ірілік, алғырлық сияқты қазыналы мінездер, қадір-қасиеті тұлғаланып, айшықталып көрінетін әкесінен дарыған.
Әкесі Қалжан Тілеубергенов 1902 жылы өмірге келген кісі. Қарапайым отбасынан шыққан азамат колхоздастыру кезінде жалғыз тұлпарын колхозға өткізіп, қатарынан екі рет ер тоқымын үйіне жаяу арқалап әкелген. Соғыс басталғанда Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақыртылып, майдан даласында ерлікпен шайқасып, жау оғынан жараланып, әрі қарай шайқасуға денсаулығы жарамсыз деп танылып, елге қайтарылған. Отанға оралғаннан кейін, колхозда тұралап қалған шаруашылықты өндіріске қосу үшін таңның атысы, күннің батысы уақытпен санаспай, бел шешпей еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қалжан Тілеубергенов 1967 жылы соғыс салған жарақаттың асқыну салдарынан пайғамбар жасына жеткенде дүниеден озады.
Анасы Ұмытқан Пірімжанқызы 1914 жылы дүниеге келген. Жетімдік қасіретін тартыпөскен анасы көпбалалы болуды армандайды. Ниеті түзу, көңілі ақ болғандықтан болар, Жасаған тілегін қабыл еткен. Батыр ана, еңбек ардагері өмірге он үш құрсақ әкелген. Содан жеті ағайынды бала тірі қалады. Ұмытқан Пірімжанқызы колхоз жұмысында канал қазып, кетпенмен жер шауып, орақ орып, дәнді дақылдарды бастырып, аянбай тер төккен жандардың қатарында болған. Перзенттерін де еңбексүйгіштікке тәрбиелейді.
Демалыссыз ауыр еңбек, бірде аш, бірде тоқ, күтімнің жоқтығынан анасы жас кезінде алты перзентінен айырылып қалады. Рәзия текті әулетте дүниеге келген оныншы перзент екен. Ерекшелігі сол, бірде ауылдық кеңес хатшысы әкесіне: «Бір балаңның тегін өзіңнің атыңа жазып берейін», – дегенде көп ойланбастан Рәзияны өз атына жаздыртып алады. «Атымды шығаратын қызымды өз атыма жаздыртып алдым», – деп жиын-тойларда жиі-жиі айтқан тілегі орындалып, әкенің ақ үмітін ақтаған перзенті халық қалаулысына, ел сүйіктісіне, қоғам қайраткеріне айналды.
![]()
«Өмірде қандай дәрежеге қолым жетсе, бір игілікті іс істесем, қоғамнан өз орнымды тауып, дұрыс жүрсем, ең алдымен әкемнің еңбегі. Әке – балаға сыншы. Біз ағайындылар түрлі мамандықты меңгердік. Әр салада қызмет істейміз. Әрқилы дәрежеде жеткен табыстарымыз бар. Соның бәрі әкеміздің көрегендігінен, ақылдылығынан, ерекше қамқорлығынан деп түсінемін. Бәрінен бұрын әкемнің алдында, сол кісі арқылы елім алдында атқаруға тиісті істерімді үнемі есте ұстап, салмақтап отырамын. Егер мен халық сыйлағандай азамат, ерім сүйгендей жар, балаларым құрметтейтіндей ана бола алсам, соның бәрі ардақты әке-шешеміздің тәрбиесі, өмірлерінің бізге қалдырған нәрі, біздің олардан алып қалған ең үлкен байлығымыз», – деп бір жолы Рәзия Қалжанқызы ағынан жарылды.
«Жақсы әкебалаға қырық жыл азық» деген тәмсіл осыны растаса керек. Халқының құрметіне бөленіп жүрген Рәзия Қалжанқызының заңғар ұлылығы ата-анасының мейірім нұрларынан, ізгілік жырларынан, адамдық болмысына тек жақсылық жасаушы ақжолтай етіп тәрбиелеген текті адамдардың шапағатынан бастау алып, бүкіл ғұмырына азық болғаны хақ.
1969 жылы мектепті үздікке тәмамдаған жас түлек Рәзия Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «жаратылыстану» факультетіне оқуға қабылданып, оқу орнын 1975 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. Оқи жүріп Сырдария ауданындағы қамсыздандыру мекемесінде есепші болып еңбек жолын бастайды. Жұмысын тиянақты орындап, жауапкершілікпен атқарған Рәзия колхозшылардың зейнетақы есептеу бөлімінің инспекторы қызметіне көтерілді. Өзі жас, әрі тәжірибесі аз болса да, ептілігі мен жұмысқа деген жауапкершілігін аңғарған аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Рая Мардашева Рәзияны коммунистік партия қатарына қабылдауға ниетті екенін айтады. Одан кейінгі жылдары аудандық комсомол комитетінің ұжымына шақыртылып, ВЛКСМ мүшелерінің есебі және қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданды.
Тынымсыз еңбек пен жан тазалығы арқылы ел аузына іліккен Рәзия Қазақстан ЛКСМ Сырдария аудандық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, ЛКСМ Сырдария аудандық комсомол комитетінің үшінші секретары қызметтерін, кейінірек, аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасарлығын, бастауыш партия ұйымының хатшылығын абыроймен атқарып, Сырдария ауданының білім бөліміне химия-биология пәнінің әдіскері әрі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланады. Екі жұмысты қатар алып жүрген білікті маман қызметін мүлтіксіз атқарып, жұмыс істеген жерлерінде әрдайым халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп отырады.
1997 жылы бұрынғы Сырдария ауданы тарап, бір бөлігі Тереңөзек ауданына, бір бөлігі Шиелі ауданына және Қызылорда қаласына қосылып, үшке бөлініп кетеді. Рәзия Қалжанқызы білім қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық комитетіне ауысып, үйренген жұмысын әрі қарай жалғастырады.
Аудан тарағаннан кейін мектеп мұғалімдерінің көптеген қиындықтармен бетпе-бет келулеріне тура келді. Өзі педагог, білім саласында қызмет еткеннен кейін ұстаздардың қиналғанын көру Рәзия Қалжанқызына оңай тиген жоқ. Әрбір ұстазға сүйеу болып, қолынан келер көмегін аяған жоқ. Нәтижесінде уақыт өте келе біртіндеп қиын күндер де артта қалды.
Рәзия апайға аудан тарағаннан кейін оған мектеп директоры болуға ұсыныс түседі. Алайда, ішкі жан дүниесі басшылық етуден гөрі, халыққа қызмет көрсетуді қалаған Рәзия Қалжанқызы облыстық кәсіподақ комитеті төрайымының жаңа қызметке шақыруын қабыл алады.
Рәзия Қалжанқызы Білім қызметкерлері Сырдария аудандық комитетінің төрайымы, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін өз дәрежесінде атқарып, осы салада қыруар іс тындырады. Өмірінің бір-бір тарауын арнаған, жүрегінің отты бөлшектерін қалдырған осы қызметтердің әрқайсысы талай толғау- дастандарға татиды. Бұған дейін аса үлкен өмір тәжірибесін игеріп, парасат мектебінен өткен білікті маман, мейлінше ірі ауқымдағы ұйымдастырушы, кеңінен толғайтын қоғам жанашыры ретінде қанат жайып, кәсіподақта ширек ғасырдай қызмет атқарады.
Оның ауқымды істерінің қатарында балалардың тынығу лагерінің жұмысын ұйымдастыру секілді кезек күттірмейтін маңызды жобалары да болды. Облыстық кәсіподақ комитетінде еңбек еткен 11 жыл ішінде Сыр өңіріндегі 4 мыңнан астам баланың Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» лагерінде демалуын қолға алады. Рәзия Қалжанқызы өзі жетекшілік етіп, балалар тасымалы үшін арнайы көлік жалдап, бір ауысымда жүз баланы кұшағына сыйдыратын Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» лагеріне балаларды бастап барған кездері де болды. Осы арада ол кісінің бойындағы қарапайым халықтық даналық пен азаматтық рухының өміршеңдігіне, балаға деген риясыз махаббатына тәнті боласың, қайран қаласың.
Тарап кеткен Сырдария ауданы бойынша тынығушы балалардың арасында Айдын Қайруллаев есімді оқушы «Рәзия апайға рахмет!» атты мақала жазып, лагерьден алған әсерімен бөлісіп, аудандық газетке жариялаған болатын. Бұл мақаланың шығуы – еңбектің ақталғаны еді. Балалардың шын көңілінен шыққан ризашылық сезімі саф алтынға бергісіз қымбат сезім, педагог көңіліне қуаныш ұялатар мақтаныш емес пе?! Рекеңнің төбесі көкке жеткендей қуанғаны рас. Көпке дейін көңілінен шықпай қойды.
Рәзия Қалжанқызы «Ардагерлер кеңесі», «Батыр Аналар» қоғамдық қоры, «Жастар ұйымының» мүшелері бірауыздан депутаттық мандатқа лайықты екендігін айтып, қолқалап, ұсыныс жасаған соң келісімге келіп сайлауға түседі. Халықтың қолдауымен №19 Тасбөгет сайлау округінен бесінші шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде сайланады. Ел сенімін арқалаған Рәзия Қалжанқызы ел ішіндегі күрмеуі шешілмеген мәселелерді көруші, оның шешілу жолдарын зерттеп, орындалуына ықпал етуші тұлғаға айналады.
Ол – халық пен билік арасындағы дәнекер, ел игілігі үшін бөлініп отырған қаржы көздерін бақылау міндетін адал атқарады. Ардақты ұстаз кезек күттірмейтін мәселелердің, халықтың мұң-мұқтажының оң шешім табуына, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне, инфрақұрылымның дамуына, жаңаруына үлесін қосты. Көптеген мәселелердің оң шешім табуына ықпал етеді. Тіпті, Рәзия Қалжанқызына екінші рет те депутатыққа түсуге ұсыныс тасталады. Бұл оның халық қалаулысы ретінде жұмыстың көзін тауып істей білетін жоғары ұйымдастырушылық қабілетіне сайлаушылардың берген әділ бағасы емес пе?!
Рәзия Қалжанқызы 2008 жылдың 5 ақпанынан бастап «ҚазГерМұнай» компаниясының арнайы шақыртуымен әлеуметтік даму және бұқарамен байланыс бөлімінің басшы қызметіне тағайындалады. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың арасында мәдени-көпшілік, демалыс шараларын ұйымдастыру. Бекітілген міндетті атқара жүріп, Сырдария ауданындағы тұрмысы төмен, жұмыссыз қалған отбасыларға азық-түлік жеткізіп беруге қол ұшын созады. Бертін келе қазіргі «Мектепке жол» акциясының алғаш рет жүзеге асуына да мұрындық болады. Сол кездері Рәзия Қалжанқызыны бастамасымен көптеген қайырымдылық шаралары өтеді. Мұндай маңызды қадамдардың орындалуына басшылық үлкен қолдау танытып, компанияның халықтың тілегі мен ықыласына кенелуіне жол ашылады. Негізінде мұндай ауқымды істерді жүзеге асыру – адам рухының дархандығына байланысты екендігі даусыз.
Білікті басшы осы қызметінде 2012 жылы зейнетке шыққанға дейін жұмыс жасады. Талай игі істердің орындалуына себепкер болды.
Депутаттығы мен қариялар қамқорының парызын қатар өріп, соның үдесінен шығып келе жатқан Рәзия Қалжанқызы 2012 жылдан күні бүгінге дейін аталған кәсіпорынның «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының директоры. 2012 жылы Қазақстандағы қара алтын өндіру саласындағы ірі мекеме «ҚазГерМұнай» БК мұнай компаниясында Ардагерлер кеңесі құрылады. Он бес ардагер бірауыздан қолдау көрсетіп, төрайым етіп Рәзияны сайлайды.
Рәзия Қалжанова буыны ауырып, аяғы сырқыраған, көз жанарының көруі нашарлаған ардагерлердің жағдайын қағазға түсіріп, басшылықтың алдына тартады. Бұл ұсынысты мақұлдаған «ҚазГерМұнай» БК компаниясының сол кездегі директоры ардагерлерге жағдай жасалу керектігін мойындайды. Компания басшыларының қолдауымен құрылған «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының қазіргі кезде алпыстан аса мүшесі бар. Барлығы тегін медициналық көмекке жүгініп, еліміздің әр түкпіріндегі сауықтыру орындарында демалуларына мүмкіндік жасалған. Мерекелерде арнайы қамқорлық танытып, қайырымдылық, демеушілік беріп келеді.
Қор құрамында түрлі ұлт өкілдері бар. Соны ескеріп, Астана, Көкшетау, Алматы сияқты әсем қалаларға ардагерлермен саяхат жасау жұмыстарын жоспарға енгізеді. Компанияны тізгіндегеніне көп уақыт бола қоймаған Қайыржан Есен мырза жақында ардагерлерді қабылдап, ұсыныстарына қолдау білдірді.
– Енді алдағы уақытта жоспар бойынша Сыр өңірінің қасиетті, көрікті мекендерін аралатпақпыз. Мұнан өзге көктемде ардагерлердің тікелей араласуымен гүл-бақша өсірмек ниетте компания ғимаратының жанынан Ардагерлер аллеясы ашылды. Оның сырт келбеті қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Ал іші адамның көз жауын алатындай әдемі етіп жасалған. Бұл компанияның ардагерлерге жасаған үлкен қамқорлығы. Қазір қатардағы жеті ардагеріміздің жетпіске толу мерейтойын өткізуге дайындық жүруде. Республика бойынша мұнай компаниялары арасында ерекше қамқорлық пен құрметке ие ардагерлер басшылыққа дән риза»,– дейді талай жылдардан бері ардагерлердің әл-ауқатын жақсарту мақсатында маңызды іс басында жүрген «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының төрайымы.
Өзі туған Бесарық ауылының 60 жылдығына орай Рәзия Қалжанқызы тарихи-өлкетану музейін ашуды жоспарлайды. «Абзал и К» компаниясының президенті А.Ералиев мырзаға өзінің ұсынысын жеткізеді. Абзал Жұмашұлы ұсынысты қолдап, дереу 2-3 сағаттың ішінде сметалық құрылыс жобасын дайындатып, Рәзия Қалжанқызының алдына әкеледі. Осы жобаны негізге алып Рәзия апай «ҚазГерМұнай» компаниясының басшыларына ұсыныс тастайды. Аталған игілікті шара қолдау тауып, басшылық тарапынан 1 млн 800 мың көлемінде қаражат бөлінеді. Осылай Рәзия апайдың тікелей басшылығымен Бесарық ауылында тарихи-өлкетану музейі бой көтерді. Алтын ұя білім ордасы ауыл мектебіне Рәзия Қалжанқызы демеушілік жасап, өз қаражатынан музей ашып беруге атсалысқандардың бірі болды. Ауыл тұрғындары туған өлкенің түлегі Рәзиядай қыздарына алғыс айтудан еш жалыққан емес.
Елге жасаған есепсіз мол жақсылықтары елеусіз қалған жоқ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хаты» табысталды. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен, ВЛКСМ, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеттерінің, Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының, Білім және ғылым қызметкерлері орталық комитетінің, Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесінің, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамоталарымен», Білім және ғылым министрлігінің, «Қазэнерджи» компаниясының, облыс әкімінің, Тасбөгет қыстағы әкімшілігі мен сол өңірдегі білім мекемелерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» және облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» мадақталған.
Бұған қоса, Рәзия Қалжанова қоғам қайраткері, халық жанашыры ретінде «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», «ҚР Кәсіподақтар Федерациясына – 20 жыл», «ҚР Мәслихаттарына – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері атанды.
Адамды жақсы біліп, адамгершілік қасиеттерін терең ұғыну үшін жақындарына деген жан жылуын пайымдау керек. Көпшілікке жақсы көрініп, отбасының күлі бұрқырап жатса, қоғамдағы беделің бес тиын. Кейде адамның жақсы екенін бір көргеннен сезсең де, оның дархан дарынын араласа келе танисың. Кісі келбеті қаншама мейірбандықты, қайырымдылықты, кішіпейілділікті, қамқорлықты сыйғызып тұрғаны оның отбасына, балаларына, жақындарына деген қарым-қатынасынан көрініп тұрады. Осы орайда, Рәзия апайдың болмысы замандастары мен ұрпағына үлгі.
– Әйел – күрделі болмыс иесі. Олар бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан іздейді. Анасыз отбасының, қала берді мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес. Сондықтан болар, ата-бабамыздан келе жатқан ұлы ұғымда әйел мен отбасы ажырамас бірлікте болып келді және солай сақталуы тиіс. Үйде жылылық болса, түзде тыныштық орнайтыны баршамызға белгілі. Өмірге әйел болып келген соң отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Бүгінде ұрпағым үшін Аллаға шүкірлік айтып отырған анамын. Өйткені, адал жар, аяулы ана, ақжаулықты әже, қадірлі ене атанып отырмын. Ұл өсіріп, келін түсіріп өмірдің ағымынан қалыспай келемін», – дейді ол, тебірене сөйлеп.
Өмірдің ыстық-суығын бірге бөлісіп келе жатқан жолдасы Орынбасар Оспанов Тасбөгет кентіндегі ПМК-66 мекемесінде 25 жыл еңбек етіп, кейіннен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінде, су бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Жемісті жылдарының зейнетін көріп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Рәзия апай дүниеге төрт бала әкелген ана. Төрт перзенті өсіп, өз алдына отау тіккен. Өмірлік серігі ұлағатты ұстаздар әулетінен, көпбалалы отбасынан шыққандықтан болар, көпшіл, ақкөңіл, бауырмал. Ол қай кезде болсын жарының көңілін қалдырған емес. Рәзия келін болып түскен көпжанды ұстаздар әулетінің он алтыншы мүшесі. Енесі Бәйімбетова Назира Сырдария ауданының екі мектебінде 13 жыл мектеп директоры болса, кейіннен қаладағы №212 мектепте мұғалім болып зейнетке шыққан. Қайын атасы Сұлтан Көшкінбаев бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған ел ағасы.
Құдай қосқан қосағын ардақтай білген, бүгінде екі келінге өнегелі ене, он екі немереге үлгілі әже болып отырған, балалары мен немерелерінің арасында сүйікті де сүйкімді жан ретінде махаббат пен көңіл шуағына бөленіп жүрген Рәзия Қалжанқызы бақытқа лайық жандардың бірі екені сөзсіз.
Иә, тағдыр таразысындағы Рәзия Қалжанқызының адами болмысы, өмірлік мұратының айқындамалары осындай. Рәзия апайдың бірінші ұстанымы – кісілік пен адамгершілік. Қазақтың аяулы ақыны Төлеген Айбергенов:
«Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен, сағынышымен есепте», – деген жалынды жырларын осы Рәзия Қалжанқызы сияқты тұла бойы тұтасымен бауырдан жаратылғандарға қаратып айтылған сияқты. Оның арнайы зерттеулерді керек ететін, өмірі әлденеше хикаят-романдарға арқау болатын ғибраттық ғұмыр иесі екендігіне еш күмән болмаса керек.