Тәкіров Сапарәлі Пиязұлы

Рейтинг:
     

ӘЛЕМДІК НАРЫҚ БИІГІНЕН КӨРІНГЕН ЖАН

      Алты айшылық жерден алты секундта хабар алғызып, ағартушылықтың дәнін жас ұрпақтың санасына еккен Ыбырай Алтынсариннің ілімі – бүгінде замана көшінің басында келе жатқан нар қомына таңылған. Бүгінгі тапқан жаңалықтың да ертеңгі күні жүзі көмескі тартып, ғылым көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Жылқысын жусатып, сиырын күйіс қайыртып, төсінде төрт түлігін өргізіп, қойнауы қазынаға толы атырапты ата-бабаларымыз бізге аманаттап кетті. Тұңғиығында кәусарлығы тұнып, буырқанған бұлағының көзін ашса да, тас жамылған жезі мен құм бүркенген мұнайына қол тигізген жоқ. Жалды жылқысын тақымдап, түйесіне жүк артып көшіп-қонып жүре берді. Бірақ, жылжыған уақыт қоғамға өзіндік өзгерістерін ала келіп, томағасы сыпырылған бүркіт самғаудан қызылсыз оралып тұғырында қалғыса, ата қамшысы кереге басына ілінді. Есіктен ішке енді енген жаңа ғасырда ғылым төңкеріс жасап, жаңа бағыттар пайда болды. Ризығын төрт түлік пен жерден терген адамзат жер қойнауына көз қадап, қол салды. Құм астында булығып, көзін ашуды күтіп жатқан мұнай жоғары атқылап, ел ырысына айналып шыға келді. 
      Сыр елі – қара алтыннан несібесін айырып отырған аймақ. Білегіне қамшы іліп, қауға тарта білген қол жер асты байлығын іздеп, көзін ашуда да таңсықтық танытқан жоқ, қайта білек сыбана кіріскен әр ұңғымасынан көп ұзатпай мұнай атқылатты. Өкпек желі бір тыным таппай құмы көшкен далаға жан бітіріп, ел қондырған мұнайдың арқасында қыста үскірік аяз бен жазда бұлдыр сағымы ескен өңір гүлденіп шыға келді. Құмды шағылға алғашқы болып табаны тиіп, мая шөптен ине іздегендей болып, қара алтынның шығар нүктесін тапқан геологиялық барлау қызметі еді. Ел экономикасының дамуына серпін берген Қызылорда өңірінде мұнай өндіруде қарқынды қадамдар жасап, аталған салада өз орнымен, ерен ерекшелігімен айқындалып келе жатқан үздік компаниялардың бірі «Сырдариямұнай» ЖШС-ін жоғарғы деңгейге көтеріп, бүгінде Лондон қаласындағы «Egus Petroleum B.V» серіктестік компаниясының атқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқан Тәкіров Сапарәлі Пиязұлымен салиқалы сұхбатымызды ұсынып отырмыз.
      – Сапарәлі Пиязұлы, атам қазақ – жүзі жылы жанды жолсерік етіп, түсі игіден түңілмей есімінен бұрын тегін сұраған текті халық. Атаның баласы болуды жалқы санап, «Адамның баласы бол» деген сөзді сәби санасына сіңіріп өскен аталарымыз арқасындағы жүктің ауыры ел алғысы болуын қалаған. Бірдің емес, жүздің қолына күрек беріп, ел алғысын алған арда азаматтың ата-анасы туралы білсек?
  • Әкем Пияз – Қаратауында қыраны қалықтаған Оңтүстік өңірге белгілі атақты саудагер атам Тәкірдің кенже ұлы. Ақ патшаның қаһары қайтқанға қуанып, Уақытша Үкімет пен Кеңес Одағын жұмақ өмірге балап, бөркімізді аспанға атқанымызбен, тәнімізді сан мәрте қамшылап, сүйегімізге өшпестей етіп таңба салып кетті. Өз шаруасын дөңгелетіп отырған атамды кәмпескелеудің қызыл иті балақтан қауып, сол заманның бай-шонжарлары ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Лашынның тепкісіне шыдамай,«көлінен безген қызғыш құстай»  Өзбекстан ауып барып, тіршіліктің егінін сол жерге егуге тура келген. Самалы бетті шарпыған туған жердің топырағы өзіне тартпай тұрсын ба, ұлы дүбірдің дүрсілі басылып тыныштала бастаған кезде, атының басын ауылға бұрып, Жетісайға келіп шаңырағын тіккен. Өзі білген кәсіптің кілтін қолынан тастамай, ол жерде де саудамен айналысып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету орталығының басшысы болып қызмет атқарды. Реформаның сұр жебесі кеудесіне шықпастай болып қадалған атам Тәкір тау асып ауа көшсе де, ұрпағының қамы үшін ағайын арасына қайтып келді. 
      Туған жердің топырағына табаны тиген әкем Пияз еңбек жолын сол Жетісайдан бастады. Өндіріске жаңа енгізіле бастаған ауылшаруашылық техникаларын меңгеру үшін оқып, тұрмыстың қамын күйттеп қайнаған тіршілікке араласып кете барған. «Сауатты» деген адамның өзі ескіше молдадан хат таныған сол кездері оқуын оқып, техниканы меңгеру жүздің, тіпті, мыңның бірінің ғана қолынан келетін іс еді. Отан шетіне немістің мұз құрсанған солдатының табаны тиіп, ел аспанын соғыстың қара бұлты торлаған сол бір жылдары ауылшаруашылығының жаңа техникалары қаңтарылып қалмас үшін, жөн білетін әкемді соғыстан «бронмен» алып қалдырған. Сүйем қарыс жерді бермеу үшін, қасықтай қаны қалғанша, тірескен алдыңғы шептегі жауынгерлерді азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, қару-жарақпен қамтамасыз етуде аянбай тер төккен азаматтардың ішінде әкем де болды. Тылдағы еңбектің ауыртпалығы қара нардың да белін қайыстырған-ды. Ерен еңбегі еленіп, соғыс жылдарында медаль, ордендермен марапатталған.  
      Ал, анам Құрманкүлдің тағдыры да әкеме ұқсас. Атасы Сәден патша үкіметі тамырына балта шапқан хандық дәуірдің соңғы тармақтары болған болыстықтың шекпенін жамылған кісі болатын. Ақсақалы төрде сөз сөйлеп, кішісі қолына су құйған, жазылмаған дала заңын қатаң ұстанып еркесінің шашынан сипап, тентегін жөнге салған баба заңымен қуаттанған болыстық дәстүрлі биліктің соңғы тармақтары еді. Саяси-зобалаңның  шоқпарлары елдің бас көтерер ерлеріне тиіп жатқанда, анамның ата-анасы қара тізімге ілінген. Тамырын тереңге жіберген текті әулеттің баласы бола тұрып, қуғын-сүргінге ұшыраған олар көтерерін арқаға асып, жер ауып, Жетісай өңіріне келіп тұрақтаған. Ал, әкесі сол ауданда басшылық қызметтер атқарған. Сәмбі талы сән берген жасыл өлкеде дүниеге келген анамның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Бірі әкесін, бірі жан-жарын, бірі бауырын қан майданға жіберген жандардың көңілі жүдеу тартып, еңсесі төмен түссе де, еңбектің белбеуін беліне шешілместей етіп буынып, тыл қиыншылығын көтеріскендердің ортасында өскен соң, еңбекке ерте араласқан екен. Әкем мен анам 1953 жылы шаңырақ көтерді. Ол кездері тіршіліктің негізгі көзі – мал шаруашылығы болатын. Отбасы құрғаннан кейін, еңбектен тыс қалмай, ауылшаруашылығында ер азаматтармен бірдей жұмыс жасады. Қолына алған қай істі де ұршықша айналдыратын өте еңбекқор адам болатын. Ақ жаулығын кір шалдырмай, ардың жүгін арқасынан тастамаған әжелеріміздің киіз басу, кілем тоқу секілді дәстүрлі өнерін балаларға үйрете жүріп, дайындаған бұйымдарын сатып, әкемізге қолғабыс еткенін көзіміз көрді.       Артық ауыз сөз айтпай, қабағымен-ақ тәрбиелеген асқар тауымнан үйренгенім көп болды. Тұралап қалған техниканың дөңгелегін айналдыра біліп, қолынан кілті түспесе де, оқудың, білімнің сырын жете түсініп, «Білекті бірді жығар, Білімді мыңды жығар» деген ұстанымды өмірлік бағыт еткен  жан болатын. Ескіше молдадан хат тану өткеннің босағасында қалып, орысша болса да берілген білім халықтың көкірек көзін ашқан сол бір кезең жаңа бір дәуірдің күні шығыстан шығып келе жатқанын сездірген еді. Жарқын болашақтың кілті – білімде екенін ұғынған әке бізді оқып-үйренуге талпындырды. Бірде өткен өмірін еске ала отырып: «Сен дүниеге келген күннен бастап, бес уақыт намаз оқыдым, әр күні таң намазында тілеуіңді тіледім. Аллаға мың да бір шүкір, Жаратқан ием алақан түйістіріп еткен дұғамды қабыл етті. Сенімімді ақтап, адал еңбек етіп келесің. Білімділігің мен біліктілігіңді дәлелдеп, еліңе қызмет етудесің. Қай кезде де жүк ауырын нар көтерген, өзіңе арқа сүйеп артыңнан ерген бауырларына қамқор болып, бірлесіп еңбек етіп, бүгінде аяққа тұруларына септігіңді тигіздің. Перзенттік парызыңды өтеп, анаң екеуімізді алақаныңда аялап келесің. Туған-туысқа, жора-жолдасқа, көмек сұраған адамның қолын қайтармай, қолыңнан келген жақсылығыңды жасап келе жатырсың. Өмірімнің соңғы күндеріне дейін тілекшіңмін! Ризамын, саған, балам!» – деп, маңдайымнан сүйген сәті көз алдымнан кетпейді. Әкемнің осы бір ыстық ықыласқа толы сөздері, талай уақыт өтсе де, санамда сайрап тұрады. Бала болып кекіл қайырған сәттен бастап «әкемдей еңбекқор, анамдай ақылды боламын» деген арманмен өстім. Анамның ыстық алақанының жылуын әлі күнге сезініп келемін. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөз рас екен, өзім де бала тәрбиелеп, немерелеріме ата атанып отырсам да, асыл анамның алдында әлі баламын. Тіршіліктің бұралаңы кімді жолдан адастырмаған, сондай қиын сәттері ата-анам  – менің тұсбағдарым болды. 
  • Тіршіліктің шапағы жүзімізді шарпыған күннен бастап, арқаны еңбекпен өрілген тағдыр әткеншегінде тербеліп келеміз. Тасқа жазылған тағдыр жолымыздың сүрлеуіне түсіп, алға мақсаттар қойып, соған жету жолында қарманып бағамыз. Қай өңірдің топырағында сәби ізіңіз қалып, арман самұрығының қанатына қай мектептен отырдыңыз? Еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?
  • Қия шыңда қаршығасы тұғырлап, түз тағысы қырында бөлтірігін өрбіткен ұлы даланың қай аймағы да қасиетті. Мен 1958 жылы киелі өңір  Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына қарасты Ильич елді мекенінде дүниеге келдім. Соғыстан кейінгі өмір... ешкімнің де «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып жүрмеген шақ. Соғыс кезінде майданға керекті заттар шығарған зауыттар мен фабрикалар «қайта құрудың» екпінімен бейбіт ел тұтынатын тұрмысқа қажетті тауарлар шығаруға көшсе де, аяғы ақсап тұрған кез еді. Соғыстың уытты зәрі тамырымызға дендеп енгені соншалық – бейбіт күннің аспанында түтінімізді түтетсек те, жылдардың өкпек желі жаққан отымызды үрлеп өшіріп, бақшамызда сайраған бұлбұлымыздың даусы қарлығып қала берді. «Майданнан оралды» демесең, жарымжан жандар жұмыстың көрігін қыздырып кете алмады. Еңбекші халықты қайта жұмылдырып, «тың игерудің екінші бесжылдығы» деп ұрандатқанымызбен қалтамыз тесік, тонымыз жұқа, көңіліміз жүдеу еді. Еңбектің кетпені иықтарынан түспеген ата-анам осы жұмысшылардың қатарында жеңі түрулі жүрген болатын. 
      Түркістан қаласындағы М.Мәметова атындағы орта мектепте білім алып, 1974 жылы тәмамдадым. Көкірегінде сауаттылықтың саңылауы бар әкем қысқа жіп күрмеуге келмесе де, барын салып мені оқытты. Шөлдеп ішкен тамшы суда кермек дәм болған ба, мен де әке үмітін ақтау үшін, бар ынта-ықыласымды   оқуға қойып, Қазақ политехникалық институтын «мұнайшы» мамандығы бойынша бітірдім. Ол кездері мұнай саласы көп ортаға таңсық болатын. Алғашқы еңбек жолымды 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мұнай барлау экспедициясында «техник-геолог» болып бастадым. Қызметтік жолымды қарапайым геологтан бастап, «ОңтүстікМұнайГаз» АҚ мұнай барлау экспедициясы президенттігіне дейін көтерілдім. 
      Геолог – қызығымен қатар шыжығы мол, бейнетімен қатар зейнеті мол мамандық. Таңсық дүниені іздеп, топырақ аударып, мұнайдың иісі танауға барған жерді қазбалап, шақырымдап ұңғыма енгізіп, қара мұнайды атқылату – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Оған да дәлдік, негізге сүйене айтқан нақты болжам, орасан еңбек пен қайсарлық керек. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін қазақ жері – қойнауы қазынаға толы бай өлке. Тас жастанып, құм жамылған еңбегіміз далаға кеткен жоқ.  1989 жылы «Құмкөл», 2007 жылы «Сарыбұлақ» кен орындарын аштық.
      Қай шаруаға да өз ісінің кәсіби мамандары керек. Бастаған ісімнің аяқсыз қалмағанын, нәтижелі болғанын көріп, еңбегімді бағалаған басшылар 2003 жылы «Сырдариямұнай» ЖШС-і директорлар кеңесінің шешімімен компания президенті болып тағайындалдым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік еді. Өзіме сенім артқан жандардың үдесінен шығу үшін, оқып-тоқығанымды, бар күш-жігерімді салдым. Біз қаншама бір білекте жұмылған жұдырықтай болсақ та, жеке іс бастап жұмыс жүргізу  – нарықтың талабы. Осы компанияда басшылықта жүріп, бар қыр-сырын өзім бес саусақтай жақсы білетін мұнай көздерін іздейтін бұрғылау мекемесін аштым. Бұл күнде ҚР мұнай алпауыттарының ішінде өзіндік орны бар «Сырдариямұнай» ЖШС-і осылай құрылған болатын. Мұнай нарығының үзеңгісіне аяғын енді ілсе де, оң нәтижелерімен дүйім елдің назарын өзіне қаратқан жас компания отандастарды қызметке қабылдап, 100 пайыз қазақстандықтар ғана жұмыс істейтін республикадағы бірден-бір мекеме. Кейбір шетелдіктердің «қазақтар – жалқау» деген жаңсақ пікірін жиі естиміз. Алайда, мұнай нарығында қадамын енді ғана басқан «Сырдариямұнай» ЖШС-ін еліміздегі алдыңғы қатарлы компаниялардың қатарына енгізген қазақстандықтардың еңбегі. «Дала заңы – баба заңы» деген аталарымыз қағаз бетіне түспеген ата заңымызды   қағида етіп ұстанып, тасы түгіл тауы кескінделмеген өлкені картаға түсіріп, ат үстінде жүрсе де тұлпарының тұяғы тиген жерлерді мызғымастай етіп бекітіп беріп кеткен географ, геологтарымыз аз емес. Д.И.Менделеев таблицасындағы 104 химиялық элементтің 96-сы барын азуын айға білеген алып державаларға мойындатқан қазақтың тұңғыш геологы Қаныш Сәтпаев қазақ даласында төңкеріліп жатқан тастан жезді бөліп алған жоқ па? Осындан кейін «құм сусыған өлке» деп көзін сығырайта қараған көзілдірікті ғалымдар, көз әйнегін қайта сүртіп қазақ жеріне үңілді. Міне, қазақ жері – үсті де, асты да бай атырап. Тайбурылдың жалына жабысып, қолында барды пұлдауға үйреткен нарық түйе қомында жүрген қазақты сілкіндіріп жіберді. Табанында тапталған шөбінен дәрі-дәрмек жасап, ауыздығымен алысқан кәсіпкерлік тұлпарын тақымдаған заманда білек сыбана іске кірісіп кеттім. 
      Аманатқа қиянат жасамау – қанмен берілген қасиет болған соң, «Сырдариямұнай» ЖШС-ін басқарған он жылда сүбелі істер атқардық. Бұрғымыз айналуын тоқтатпай, шағыл құмды тобықтан кешіп, 500-ден  4900 метрге дейінгі тереңдікте 300-ден астам ұңғыма қазып, компанияны мұнай саласындағы іргелі кәсіпорындардың біріне айналдырдық. Түрлі шет елдік әріптестермен байланысымыз нығайып, тәжірибеміз арта түсті. Осы күні 500-ге тарта қызметкері бар мекеменің өз медициналық амбулаториясы мен асханасы қызмет көрсетуде. Қызылорда қаласында орталық базасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, мекеме меншігінде темір жол тұйығы, жөндеу-механикалық және токарлық цехы бар. 
      Компанияның негізгі тірегі – жұмысшылар. Тізесі бүгілгенді шалып құлататын бүгінгі нарықтық қоғамда үлкен компанияның жұмысын жүргізу үшін тек қана басшы болу жеткіліксіз, қызметкерлермен етене қарым-қатынаста бола білу керек. Негізінен мамандардың біліктілігіне ерекше мән беріп, әлеуметтік жағдайларын жасаймыз. Себебі, өз кәсібін жетік меңгерген маман қай салада да сұранысқа ие. 
      Талай жанның шаңырағына шаттық ұялатып, Сыр елінің ырысын еселеген «Сырдариямұнай» ЖШС-де он жыл басшылық қызмет атқарған соң, 2007-2014 жылдары «ҚұмкөлТрансСервис» ЖШС-інде бас директордың кеңесшісі әрі геология жөнінде орынбасары болып жүргенде біраз жұмыстар атқарылды. 2014жылдың шілде айынан аталған мекемеде басқарма төрағасының орынбасары, одан кейін төрағасы, 2016 жыл бастап Лондон қаласындағы  «Egus Petroleum B.V» серіктестік компаниясының атқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарып келемін. 
      – Тай-құлынның жалына жармасып өскен бала он үш жастың уызын ішкенде, қолына бір отаудың тізгінін ұстатқан  аталарымыз босағаны берік ету үшін текті жерден қыз алып, текті елге қыз берген. «Жақсы жар – жарты иманың» деген, тағдыр өткелдерінен бірге өтіп, тұрмыс ауыртпашылығын бір иықта көтеріскен жолдасыңыз бен балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
      – «Тасты тамырсыз, тасбақаны талақсыз етіп», он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тамырында қан айналған сан миллиард жүрекке бірі-біріне ұқсамайтын сан түрлі жүз беріп, маңдайына тағдырын жазып қойған. Жалғандықты ұға алмайтын пенде емеспіз бе, қолымыз жеткенше, қарпып қалуға тырысамыз. Астымыздағы көрпеміз қалыңдау болып кетсе, кейде қанағатшылдығымыз есіктің қайырылысында қалып жатады. Бұндай жағдайда бізге керегі – шүкіршілік.Өміріме өкпем жоқ, бақыт құсы бағымда жиі ән салды. Тағдырдың күрежолында серік болған жолдасым Маржанкүл Қыдырбекқызы– ақ самайлы Алатаудың етегін баса қонған Талдықорған облысының тумасы. Қиял көкжиегіне қол созып, арман қанатына ат үстінен мінген студент кезімізде танысып, 1978 жылы отау құрдық. Тағдырдың ақ шапанды аязына бірге тоңып, жүрегіміз бір соққан Маржанкүл екеуміз – ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, немере қызығын көріп отырған ата-әжеміз. Тұңғышымыз Ролланды заман өзгерсе де, тұғырынан түспеген ата салтымыз бойынша ата-анам бауырына басты. Тұңғыш немересін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай  еркелетіп өсірді. Сонымен бірге қанына қазақылықты, көңілдерін кір шалмаған ауыл адамдарының адалдығын, мейірімділігін, кеңпейілдігін, дарқандығын, мәрттігін дарытты. Осы Келінтөбе ауылынан қазақ орта мектебін бітіріп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қаржы және несие мамандығын бітіріп шықты. Шымкент қаласында банкте «Горизонт» ЖШС-де өз мамандығы бойынша қызмет етті де, 2012 жылдардан бері өзім еңбек еткен «Сырдариямұнай» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарып келеді. Отбасылы, Аделья, Абай есімді балалары бар. Қызым Анель  – жеке кәсіпкер, Адина, Адал деген ұл-қызы бар. Кіші ұлым Олжастың да айналдырып отырған өз шаруасы бар. 
      – Ел экономикасының серпінді қадаммен алға басуы – шикізат нарығында жемісті жұмыстардың жүргізілуінде болып отыр. Қазақтың бағына біткен қара алтын тоқыраудан құр сүлдері шыққан Қазақстанның бүйірін бұлтитты. Алғашында таңсық істен аяғын тартқандар бұрғылау кешенінінің тепкішегіне аяғын қайта салды. Ел ырысына айналған шикізатты өндіруде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс жасап келе жатқан компаниялардың арасында   «Сырдариямұнай» ЖШС-і – мұнай саласында өзіндік орны, шоқтығы биік мекеме. Сары даланың төсінде бұрғысын айналдырып, балғасын соққан алып мекемеңіз туралы айтып берсеңіз?
      – Аталарымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген сол бір тоқсаныншы жылдары кәсіп бастағандар адасқан жолаушыдай алды жөн, арты соқпақ болып қалды. Бүгінде тоқырау деп атау берген сол кездері соқамызды егістік жерге тереңдей салсақ та, жегілген көк өгізіміз шыбықтауға жүрмеді. Оның үстіне «коммунизм» деп бағытымызды өзіне қаратқан кеңестік реформаның тілім нанын талғажау еткен халық нарық алқымынан алса да, шайнағанын жұтқыншағынан өткізе алмаған шақ еді. Ел іші абыр-сабыр, Мәскеудің желінін емген тұрмыстың қара бұзауы жиі мөңіреп, мұржасынан тіршіліктің түтіні будақтаған зауыттардың пешінің шоғы сөніп, халық базар жағалаған тұс болатын. Сыңарсыз жақ тілді сөйлете алған ба, тоқырау да таяғына сүйеніп жалғыз келген жоқ, қос өкпесі сырылдаса да, көзі ойнап тұрған жекешелендіру дейтін бауырын ала келді. Нарықтың иісі мұрнына барып ерте түшкірген базбіреулер есігі құлыпсыз қалған мекемелерді қол астына өткізіп алса, «мен алам да, мен алам» деген тарамыс қолдың тартысында қалған үлкенді-кішілі өнеркәсіптер, жанынан өткеннің жетегінде, ұстағанның қолында кете барды. 
      Нарықтың найзағайы жарқылдаған тоқырау бұлтының тас жаңбыры, жұқа малақай киген біздің басымызға да тимей кеткен жоқ. Баспаққа туған күн бұзауға да туып,  «Сырдариямұнай» ЖШС басынан қиындықтарды өткерді. «Жүк ауырын нар көтереді» деген. 1994 жылы құрылған жас компанияға өндірісін дамыту үшін өте көп күш-қуат қажет болды. Аяғын тәй-тәй басқан балаң мекеме тоқырау тайғанағында тайып жығылмау үшін, нарықтың білегінен ұстап, еңсесін тіктеп бақты. 2005  жылдан бастап «Сырдариямұнай» ЖШС-і және «Құмкөл көлік қызметі» ЖШС Оңтүстік Торғай ойпатының Бозінген тектоникалық аймағында, «Құмкөл көлік қызметі» ЖШС территориясындағы мұнайды бұрғылап, өндіруге келісім-шарт жасасты. Қиыншылықтың өкпек желі өңменінен өткен жас компанияға бұл үлкен серпін еді. Жаспын деген жоқпыз, бар күшімізді бұрғылауға салғасын, сол алғашқы жылдың күзінде-ақ мұнай кеніштерін игеруде бас мердігер болып шыға келдік. Сөйтіп, 2005 жылы «Восточный», «Табақбұлақ-1», «Сарыбұлақ-3» мұнай барлау-іздестіру ұңғымаларында бұрғылау, барлау және жөндеу, сынау жұмыстарын жүргіздік. Бұл  – біздің алғашқы жемісі мол, жеңісті жылдарымыз болатын. 
      «Сырдариямұнай» ЖШС-і ҚР барлық стандарттарына сәйкес барлау бұрғылауы бойынша жұмыстарды және қолдану кезіндегі мұнай және газды ұңғымалар, бұрғылама қоюдың барлық түрлерін жасайды. Сонымен қатар монтаждау және бұзу түрлерінің нормаларға сай мұнай және газды ұңғымақтардың құрылысқа сәйкес келетін бұрғылама қою жұмыстарын орындайды. Осындай бір келелі жұмыстардың барысында, 2007 жылдың ақпан айында «Сарыбұлақ-3» ұңғымасын бұрғылау кезінде мұнайдың мол қоры ашылды. Марқұм бас геолог С.Мурсалимовтың айтуынша, бұл маң негізінен көп зерттеле қоймаған-ды.  Бұрғымыз көп тереңдеген жоқ «қара алтын» 1340  метрден шапшып шықты. Содан бері «Сырдариямұнай» ЖШС-нің күшімен жылына 12-15 ұңғыма бұрғыланып, әрі қарай игерілуге беріліп жатыр. Игерілген ұңғымалардың күндік нәтижесі басқа кеніштердің көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары әрі сапалы. «Ай-Дан мұнай» ЖШС-нің мұнайлы газды объектілерінде үлкен тәжірибе жинақтай отырып,  1850 метрге дейінгі барлау ұңғымақтарының 17-ін іске қостық. «СаутсОил» ЖШС-нің тапсырысымен «Кеңлік», «Шығыс Ақшабұлағы» және «Батыс Қыртұзының» ауданындағы 40 барлау ұңғымаларының 4 жыл ішінде 1100-2500 метр болатын жобалық тереңдік құрылысы бойынша жұмыс жасадық. 
      Бүгінгі таңда ел игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарып, облысымызда орналасқан «Сарыбұлақ», «Қайнар», «Саркөл», «Балғынтөбе» игеріп отырған «Құмкөл көлік қызметі» ЖШС-і мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы біз атқылатып берген мұнай көздерімен жұмыс жасап келеді.  Алдыңғы буын мұнайшылар 250-ден астам мұнай және газ кен орындарын ашса,  бүгінде олардың қатары толығып, білікті мамандар мен жаңа заман талабына сай келетін өндірістік технологиялары бар толыққанды компания болып жұмысын жүргізуде. 
      Ұңғыма бұрғысын бізден бұрын салған державалармен бәсекелесіп жұмыс жасап келеміз. Экономикасы дамыған елдерден аларымыз көп. Қытай, Англия секілді озық тәжірибесін алып, өркендеген елдердің заманауи технологиясын пайдаланып, кеніштерді игеру мақсатында бірлесіп жұмыс жасаймыз. Мұнай шикізаты бір емес, бірнеше елден өндірілетін болғасын, бәсекелестіктің көк жорғасының ауыздығын аламанда жиі бос жіберіп, сапаға мән беру әрі қадағалау мақсатында жұмыс жасайтын халықаралық, әлемдік ұйымдар бар. Бір қағаздың құдіреті күш алған бүгінде  олардың да сертификатын алмасаң, шикізатымыз өгей шеше шет қаққан жетім баладай, көзіміз жәутеңдеп артта қалып қоямыз. Осындай игі істердің бірі АРІ-нің стандарттарына сәйкес бұрғылама шаналарын жаңартуымыз компанияның табысын еселеді. 
      Ғылым самұрығы қанатын құлаштай сермеген бүгінде мұнай көкжиегі кеңейіп келеді. Еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосып жатқанымыз–  біз үшін ерекше қуаныш. Жеріміздің байлығы – қай кезде де мүмкіндігінше еліміздің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасап, жақсылыққа жол ашып келе жатқаны әмбеге аян. Ал, бұл  сала тарихы өте бай жаңа кен орындарын барлау, өндіру, ашу және игеру, еліміздің негізгі магистральдарын салу, халықаралық нарықтарға шығу әлемдік өркениетке, озық технологияға қол созғанымызды көрсетеді. 
  • Сапарәлі Пиязұлы, саналы ғұмырыңызды Тәуелсіз Қазақстанның мұнай саласына арнап келесіз. Қайраты бойында тасыған қажырлы жігіттен «қара алтын» өндірісінің ақ самайлы ақсақалы болып шыға келдіңіз. Сыр бүгіп жатқан өлкенің тасын аударып, құмын ашқан сіздің мекемеңіз қандай жетістіктерге жетті? Ғұмырыңызды сарп еткен салада еңбегіңіз қаншалықты бағаланды?
– «Аққу-қазсыз көл – жетім, Ел қонбаса, жер  – жетім» деген, бүгінде осындай жетістікке жетіп отырғанымыз әуелі Алланың, ата-анамыздың, халықтың және қызметкерлерімнің арқасы. Аллаға шүкір, бұрғылаған ұңғымамыздың құмы борпылдап бос қалған жоқ, еңбегіміз өз жемісін берді. Әр мұнай көзінде ел ырысы өндіріліп жатыр. «Сырдариямұнай» ЖШС-і 2004  жылы Женева қаласында қазақ-швед бизнес клубының алтын медаліне қол жеткізуі  – ең үлкен жетістіктеріміздің бірі. 2010 жылы Еуропалық Бизнес Ассамблеясының   халықаралық «Еуропалық сапа» марапатын еншілеп, Австрияның Вена қаласында табыс етілетін «Сократ» атындағы сыйлықты иелендім. 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалін кеудеме тағып, еңбектің алтын түстес шұғыласын кеудемізде жарқыратсақ, 2012 жылы «Сарыбұлақ» мұнай кешенін игергеніміз үшін «Қазақстан Республикасының мұнай кеніштерін алғашқы ашушылары» төсбелгісі табысталды. Әрине, бұл – менің ғана емес, барша мекеме қызметкерлерінің еңбегі. Сыр өңірінде мұнай бұрғылау саласында орны бөлек «Сырдариямұнай» ЖШС-нің бүгінде елге сыйлы қызметкерлер арасында бұрғылаушы Ахматқұлов Қадыр, бригадир Пайғамбаров Михаил, Нұрмағамбетов Әділ, Ақпанбетов Асқар, Ташимов Рақымжан секілді бұрғылау ісінің шеберлері бар. «Құмкөл көлік қызметі» ЖШС-мен бірлесіп, Ұлыбританияның «Equis Petroleum PLC» компаниясымен серіктес болып, мұнай өндіру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. 
  • «Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек» дейді, жар таңдауда және мамандық таңдауда. Жаздың ми қайнатар ыстығында сағымы бұлдырап, аязы бетті қарыған құла түзде зырғыған уақытпен таласа мұнай көзін іздеу, табиғат берген талант пен таным-түйсігінде геологияға деген махаббаты бар адамның ғана қолынан келетін іс. Қаныш Сәтпаевтың табан ізі қалған бұралаңы мен қиылысы көп салаға қалай келдіңіз? Тас бүркеніп жатқан табиғат қойнауынан қазба байлықты жер бетіне шығаруға талпынған ізбасарларыңызға айтарыңыз? 
  • Әрбір жас ең бірінші, мамандықты дұрыс таңдай білу керек. Алдына қойылған тапсырмалардың барлығын жақсылап орындап, ақ көңілмен қараса, одан жақсы маман шығады деп ойлаймын. Бізде, кейбіреулер бар жалақысы жақсы болған соң, уақытша келеді де, жағдайын жақсартып алған соң кетеді. Мектепті бітіріп, оқуға түскенде, қандай бағытқа бара жатқанын білуі керек. Мысалы, мен студент болып 2-курста оқып жүргенде этика пәнінің мұғалімі 200  студент отырған аудиторияда: «Сен болашақ жарыңды таңдадың ба?» – деп сұрақ қойды. Мен: «Жоқ, әлі таңдамадым»,  – деп жауап бердім. Сол кезде ол кісінің маған айтқан сөзі: «Твоя будущая жена, это – вышка», –  деген болатын. Міне, «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы, жер қойнауына көз жүгіртіп келеміз (күліп). Мен институтты бітіре сала, 9 жыл бұрғылау алаңында жұмыс істедім.  1982 жылы мамыр айынан бастап, геологиялық бұрғылаумен айналыстық та, 1984 жылдың ақпанында біз бірінші болып мұнай алдық. Бұған ешкім сенбеді, тіпті, геологиялық зерттеулердің қымызын сапырып ішкендердің өзі «бұл жерден мұнай шықпайды» деген. Геологияның перспективасы бойынша Қызылорда облысы мұнайдың төртінші деңгейінде екен, ол дегеніңіз – «мұнай жоқ» деген сөз. Кезінде қолын бір сілтеп кеткендер мен «қара алтынның» иісі мұрнына бармайтындар да біздің бұрғылау кешенімізге ағылып келіп жатты. Арқамыздан қаққандар да аз болған жоқ, біз жүрміз төбеміз көкке екі елі жетпей қуанып, алғашқы бұрғымыз құмға тұтығып қалмай, мұнайды алып шыққанына. 
      Бұл жерде біз геологияның қатып қалған заңына бағынбай, өз жоспарымыз бойынша жұмыс жүргіздік. Оқу бітірген соң, үш жас маман бірігіп, мына жерден мұнай шығады-ау деген алаңдарды сүзгіден өткіздік. Сол жылдары Алматы қаласында «ЮжКазГеология» деген мекеме болатын, соның бас директоры Чимбулатов Марат Ахметжанұлы деген кісі біздің бастамамызға жақсы қолдау көрсетті. Ол кезде жобаны Мәскеуде қорғап, бұрғылауға рұқсатты сол жақтан алатын едік. Сәтті қорғаған жобамыз жемісін беріп, екі жылдың ішінде мұнай алды. Бұл– айтарлықтай жаңалық, үлкен жетістік, үлкен жеңіс. Өйткені,100 жыл жұмыс істеп, мұнай тамшысын таппай кеткендер де бар, оның қасында біздікі ерлік еді. Бұрғылау жұмысы кезінде керн (проба) деген болады, яғни, жердің астындағы тасты алып шығады. Ол тастан мұнайдың иісі шыққан соң, мұнайдан көзі ағарған академик, профессорларды жинап алып, оларға:«Мына жерде мұнай бар, тастан мұнайдың иісі шығып тұр», – дегенде, профессорлар бізге күлген болатын. Геологияның бұлжымастай аксиомасына сенген олар: «Сендер, мына кернді (проба) алып машинаның багіне салып, бізге алып келіп отырсыңдар», –  деген болатын. «Елу жылда ел жаңа» деген, уақытпен бірге күрделі өзгеріске ұшырап отыратын жер қыртысы ертеректе зерттелген мәлімдемелермен олардың көзін байлап тастаған еді. Бірақ, біз ісіміз дұрыс бағытта екенін, бос құм қазып жатпағанымызды дәлелдедік. 
      Жастарға қажырлылық қажет. Егер бастаған ісінің дұрыстығына көкірек көзі жетсе, алған бетінен таймау керек.Себебі, жылына жылжитын жер плитасы статистиканы жаңылдыруы мүмкін, сондықтан жас геологтың түйсік-танымы да ерекше болуы керек. Барлық жетістік талмай еңбектенумен, ізденіспен келеді.
      –  Сіз –  жер қойнауын геологиялық зерттеумен бірге бизнес әлемінде де өз орныңыз бар бірден-бір кәсіпкерсіз. Сонымен қатар алып компанияны тізгіндеп келесіз. Мұнай нарығына кірген сол жылдары «Сырдариямұнай» ЖШС-нің алғашқы стратегиялық жоспары қандай еді? Әлі де ілгері жылжуда алдыңызға қандай мақсаттар қойып келесіз?
      – Бүгінде бизнестің алтын кілтін дұрыс бұрай білгеннің ғана кәсібінің құлпы ашылады. Ескертусіз соққан теңіз дауылындай құйынын жиі үйірген дағдарыс көзін ілгенімен ұйқыға кеткен жоқ. Жоғары-төмен секірген науқастың қан қысымындай, мұнай бағасы да ойнамалы болып тұрған бүгінде  дағдарыс қасқыры қайта шапқанда, таяқ ұстап қалған қойшыдай болмау үшін, не барынша компаниямызды аяққа нықтап тұрғызуға талпынудамыз. Ең бастысы – жұмысшылардың жалақысын кешіктірмей, үкімет алдындағы салықты уақытылы төлеу. Соның бәрін орнына келтіріп болғаннан кейінгі мақсатымыз –   бұрғылау қондырғыларын жаңарту болды. Өйткені, біз алған кезде барлығы ескі болатын, бір жерден екінші жерге көшіру үшін, оны бұзып қайта қондыру керек.  Үлкен бұрғылау қондырғысын бір жерден екінші жерге трактормен тартасыз. Бүгінде біз осылардың барлығын жаңа технологиямен ауыстырып, жаңарттық. Қазіргі таңда бұл компанияда мамандар жеткілікті, өз дәрежесінде жұмыс істеп келеді. Алдымызға қойған мақсаттарымыздың бірі – компанияның өзіне жеке келісім алу. Ал келісім тараптардың бәсекені шектеуге немесе жоюға, кәсіпкерлік қызметте негізсіз артықшылық алуға бағытталған кез келген шарттық қатынас. Оны алған жағдайда қазіргі деңгейінен он есе жоғары көтеріледі. 
      Бизнесмен болу үшін адамдар бір-біріне адал болу керек. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген. Біреуді алдап, «өйтемін, бүйтемін» дегендер алысқа бармайды. Айтқан сөзінде тұрып, уәдесін орындай білу керек, сол кезде кәсібін жүргізе алады. Сол кезде ғана қасыңдағы адам сенің қасыңнан ешқашан кетпейді, барлық уақытта сенімен бірге болады. «Біріңді бірің алдамау» – бұл бизнестің ең бірінші ережесі. 
      Қазақ хандығының талай билеушілері туын қадап, ордасын тіккен Сыр өңірі – ежелден-ақ құтты мекен. Қойнауын қанша қазса да, қазаны ортаймаған киелі өлкеде мұнайын өндіріп, ел ырысын еселеп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп келе жатқан Тәкіров Сапарәлі Пиязұлы – тек қана Қызылорданың ғана емес, қазақ қоғамындағы мұнай өндірісінің дамуына зор үлес қосып жүрген азамат. Белгілі мұнайшы тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, қолынан келгенін аяған емес. Қызылорда облысының қоғамдық ұйымдарына, Болгарияда өткен «Речин нотасы  2005»  байқауына демеушілік көрсетіп, өзге де қайырымдылық іс-шараларына атсалысып тұрады. Қызылорда қаласындағы «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына тұрақты демеушілік жасап келе жатқан елге сыйлы Сапарәлі Пиязұлындай ел ағалары аман болсын дегіміз келеді. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...
6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...