Өнегелі өмір
Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі баршаға ғибрат екені де шындық. Бүгінгі кейіпкеріміз Қосназаров Сағатбек Айтмағамбетұлы да табиғат бойына дарытқан еңбекқорлықтың, төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, алдынан шыққан қиындықтарды жеңіп, бейнет жүгін еңсере білген еңбек адамы. Даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, тағдырының таңдауына айналған ісін абыроймен атқарып, ел-халқының алғысын ала білді.
Білектің күшімен қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, техниканың тілін біліп, бір мекемеде көптеген жылдар қатарынан табан аудармай қызмет етудің жөні тым бөлек. Темір техникаға жан бітірген Сағатбек Айтмағамбетұлы 1957 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келді. Адалдықтың ақ туын жықпаған, көкірегі шежіреге толы әкесі Қосназаров Айтмағамбет 1944 жылы педтехникумды бітірген соң, еңбек жолын Қармақшы ауданының Ақжар совхозында ұстаздық жолдан бастап, 1960-1972 жылдары СПТУ-149 училищесінде шаруашылық меңгерушісі, 1972-1980 жылдары Фрунзе атындағы №27 мектепте шаруашылық меңгерушісі, 1980-1986 жылдары ПМК-1602 мекемесінде завсклад болып еңбек еткен өмірі өнегелі жан. Ал, алақанында махаббат пен мейірім ұялап, жүзінен аналықтың нұры төгіліп тұратын анасы – Ермішова Сәуем алғашқы еңбек жолын Ақжар ауылындағы Май зауытында бастап, 1960 жылы Қармақшы аудандық тұтынушылар қоғамына қарасты наубайханада мастер қызметтерін атқарып, 1985 жылы еңбек демалысына шыққан. Сонымен қатар азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, әулеттің түтінін түзу ұшырып, шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, 10 бала тәрбиелеп, өсірген алтын құрсақты Ана, Күміс алқа иегері.
Сағатбек Айтмағамбетұлының қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қарапайым отбасынан шыққан, әке сенімі мен ана үмітін ақтаған абзал азамат. Оның отбасында бірге өсіп-өнген, өзімен бірге туған алдыңғы буын апа-ағалары, өзінің ізіндегі бауырлары да – кейінгі жас буынға үлгі болып, өнеге көрсете аларлықтай жандар. Ең үлкен қызы Зағипа анасының жолын қуып, Универмагта меңгеруші болып қызмет атқарса, үлкен ұлы Серік Қарағанды қаласындағы кооперативтік институтты бітіріп, Алматы қаласындағы ревизорлық, КРУ, бухгалтер, экономист қызметтерін атқарды. Ортаншы қызы Бәтима Қызылорда қаласындағы кітапханашы мамандығы бойынша білім алса, Нағимасы Рига қаласындағы кардон комбинат технологын бітіріп, Жадырасы Қарағандыдағы Коперді бітіріп, кондитер цехында мастер қызметін атқарды. Самалбек өзінің қалаған мамандығы бойынша өмірінің соңына дейін жүргізушілік қызметін атқарса, кенже баласы Арыстанбек 3 жылдық әскери марфлоттық борышын өтеп келіп, аудандық ішкі істер бөлімінде сержант қызметінен бастап, майор шеніне дейін көтерілді. Осы аралықта білімін шыңдау мақсатында жоғарғы милиция қызметін даярлайтын оқу орнын бітірді. Кенже қызы Гүлмира екі жоғарғы оқу орнын бітіріп, аудандық аурухананың кадр бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
Желмаясымен жерұйықты іздеп, жер кіндігі деп дария үстіне кілем төсеген Қорқыттың жамбасы тиген қасиетті топырақта дүниеге келген кейіпкеріміз 1964 жылы Ш.Уалиханов атындағы №26 мектептің 1 сыныбына қабылданады. Білімін одан әрі жетілдіріп, 1972 жылы 8 класты бітірген соң қолының икемі, бейімі бар мамандыққа бет бұрып, аудандық СПТУ-149 техникалық училищеге оқуға түседі. Экономиканың негізгі тірегі ауылшаруашылығы болған сол жылдары қазақ даласының төсіне техниканың да табаны тиген кез еді. Сол кездердегі ең абыройлы мамандықтардың да көшін бастап тұрған механизаторлық, жүргізушілік болатын.
Осылайша өзінің темір техникаға деген әуестігін, кәсіптік біліммен жетілдірген Сағатбек Айтмағамбетұлы училищені бітірген соң 1975 жылы аудандық мәдениет бөлімінде жүргізуші болып орналасады. Қандай қызметте де көлік, бірінші орыннан түскен емес. Көлікті жүргізіп, тілін білетін адам да таптырмай жатқан сол кезде, жүргізушілік жұмысқа қабылдануы кейіпкеріміз үшін үлкен мүмкіндіктер еді. Қандай қызметте болсаң да адамдық қалпыңды сақтап қалу – ең үлкен жеңіс, биік тұғыр. Қолына тиген істі ұршықша иіріп алып кеткен жас, жүргізушілік жұмысын тиянақты атқара жүріп, 1975-1977 жылдары Отан алдындағы әскери борышын, Венгрия елінде өтеп келеді. Ол жақта да өзінің жүргізушілік қабілетімен көзге түсіп, қызметін кір шалдырмай абыроймен өтеп келген соң, қолының табы қалған автомашина рөліне қайта отырады.
1977 жылы аудандық Тұтынушылар қоғамына жүргізуші болып жұмысқа орналасқан Сағатбек Айтмағамбетұлы одан арғы қызметін 1978 жылы Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісінің жүргізушісі, 1979-1985 жылдары Колхозаралық құрылыс мекемесінде жүргізуші, 1985-1997 жылдар аралығында аудандық аурухананың бас дәрігерінің жүргізушісі қызметтерін атқарады.
Адам баласының құнды қасиеттерге ие болуы, рухани бай адам болып қалыптасуы оның туылған сәтінен бастау алатыны белгілі. Халықта «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаса керек.
Сағатбек Айтмағамбетұлының бала кезінде бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңірген ата-анасының үміті расында ақталды. Адамгершілік адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады. Ал қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған.
Тасын түртсең тарихы сөйлейтін қазақ даласының қай жері де киелі, топырағы құнарлы, самалынан берекенің лебі ескен құтты мекен. Тарихта таңбасы мен жарқын істері қалған ұлылар мен дүлдүлдердің табаны тиген өлкеде кәсібін жалғастыра түскен кейіпкеріміз 1997 жылы АҚ «СНПС-Ақтөбе» мұнай-газ компаниясында 4-ші дәрежелі насос станциясының қызметіне қабылданады. Қаңтарда жауған қыстың алғашқы қарындай көңілі ақ ұлпа таза, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білетін жауапкершілігі мол, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық, ұжымдастарымен еркін әрі ынтымақтаса жұмыс жасай білетін Сағатбек Айтмағамбетұлы одан әрі 1999 жылы 5-ші дәрежелі насос станциясының машинисті, 2005 жылы 6-шы дәрежелі насос станциясының машинисті қызметтерін атқарып, 2017 жылы денсаулығына байланысты мұнай саласындағы қызметін тоқтатып, 1 жыл демалып, ДЭУ-56 мекемесінде қызмет атқарып, 2020 жылы еңбек демалысына шықты. Зейнеткерлікке шықса да қоршаған ортасынан қол үзбей, қазіргі таңда аудандық қоғам белсендісі мен көше комитеті болып қоғамдық жұмысын атқарып келеді.
Қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарға елеңдеп, өзінің үнін қосып жүретін Сағатбек Айтмағамбетұлы туған жерінің түлеуі үшін ештеңеден тайсалмайтын азамат. Бойындағы адалдық, тазалық, іскерлік, талапшылдық, ізденімпаздық, жанашырлық, қоғам үшін жанпидалық қасиеттері оны қарапайым етіп көрсетеді. Уәдеге берік, сертіне мәрт, елгезек, тіпті бала көңілді, қарт ақылды десек артық айтпаған болар едік. Шаршамайды, шалдықпайды, ерінбейді, жалықпайды. Барлық жұмысты өзім тындырдым деп ешқашан міндетсінбейді. Жасаған жақсылығын көрсетпейді де, айтпайды да. Талай жылдар бойы бірге жұмыс жасасып келе жатқан жанындағыларға тіксініп, қабақ шытқан кезі жоқ. Дұрысын адамның бетіне айтады. Онда да орайын тауып, жанын жаралап алмауға, көңілін қалдырмауға тырысады. Жаңалыққа жаны құмар. Баспасөз науқанынан қалмай, өзінің сүйікті газет-журналдарын жаздырып алады. Біреуді сыртынан сөз етпейді. Басқаны сынап-мінемейді, керісінше, мақтап, қадірлеп, төбесіне көтереді.
Адал еңбегімен құрмет төріне көтерілген Сағатбек Айтмағамбетұлының жары, шаңырағының әрін кіргізіп, берекесін келтірген Смайлова Шынаркүл 1958 жылы 28 желтоқсанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңажол атындағы колхозда дүниеге келді. №107 орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесінің бастауыш сыныпты даярлайтын мұғалім бөліміне түсіп, еңбек жолын №109 мектепте бастаған ұстаз білімін одан әрі жетілдіріп, 1987-1991 жылдары Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының бастауыш оқытудың педагогикасы мен методикасы мамандығын бітіріп шығады. Шәкірт тәрбиелеуде үздіксіз ұстаздық етіп келе жатқан кейіпкеріміздің жары Смайлова Шынаркүл 1978-1981 оқу жылдарын №183 мектепте, 1981-1993 жылдары №121 мектепте, 1993-2016 жылдары №26 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Қызмет еткен жылдары түрлі марапаттарға ие болды. 2002-2003 жылдары бастауыш оқу ісінің меңгерушісі қызметі мен 2004-2016 оқу жылдарында аудандық экспорттық кеңес және «Озат тәжірибе» қызметтерін қоса атқарған ұстаз аудандық «Жыл мұғалімі – 95» байқауынан бас жүлде иеленсе, 2010 жылы Облыстық кәсіподақ ұйымының марапатына ие болды. 2010 жылы Астана қаласына туристік демалысқа барып қайтқан ұлағатты ұстаз 2015 жылы Облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сағатбек Айтмағамбетұлы өмірлік жары Смайлова Шынаркүл екеуі төрт ұл, бір қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған бақытты ата-ана, балдан да тәтті немере сүйіп отырған ата-әже. Тұңғышы 1979 жылы дүниеге келген Нұрлан Сағатбекұлы №27 М.В.Фрунзе атындағы орта мектепті, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің «Маркетинг және коммерция» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған соң 2000 жылдың қазан айынан 2001 жылдың қазан айы аралығында Отан алдындағы әскери борышын №06708 әскери бөлімінде өтеп келеді. 2002-2019 жылдар аралығында Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласында полиция саласында, учаскелік инспектордан бастап, тергеуші, жауапты кезекші, уақытша ұстау изоляторының бастығы, жергілікті полиция қызметінің басшы құрамдарында жұмыс атқарып, 2019 жылы зейнетке майор шенімен шыққан. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында №99235 әскери бөлімінде кадр саласының қызметкері болып жұмыс жасайды. Жолдасы Жанар Жұмабекқызы 1979 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласы, Абылайхан атындағы орта мектепті аяқтаған соң, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығын алып, 2004 жылдан бастап 2013 жыл аралығында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласының №1 орта мектебінде мұғалім, қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы №23 орта мектеп-лицейінде ұстаздық қызмет етеді. Өз саласының үздіктері атанып, құрмет төріне көтеріле білген Нұрлан мен Жанар, Қасымжомарт есімді дарынды ұлдың ата-анасы. 2000 жылы дүниеге келген Қасымжомарт Нұрланұлы Бокстан Ақтөбе облысының және Қазақстан Республикасының қалаларының бірнеше жастар арасындағы жарыстарының жүлдегері. Бокстан спорт шебері. 2014 жылы «Ақтөбе қалалық көлік және коммуникация» колледжінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша, 2018 жылы аталмыш мамандық бойынша С.Баишев университетін бітірген ол 2018-2021 жылдар аралығында «Южпромснаб» ЖШС-да электромеханик мамандығы бойынша қызмет атқарады. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы АУЭС «Гумарбек Даукеев» атындағы университетінің магистратурасының 1 курс студенті. 2022 жылдың ақпан айынан бастап, тәжірибе алмасу мақсатында грант иегері атанып, Словакия еліндегі Жилена қаласындағы жоғарғы оқу орнында магистратурада оқуын жалғастыруда.
Өнегелі өмір иесі Сағатбек Айтмағамбетұлы ағамыздың екінші перзенті Ерлан Сағатбекұлы Фрунзе атындағы №27 мектепті бітірген соң, 9 сыныптан бастап СПТУ-149 арнаулы орта мамандандырылған мектебінде жүргізуші куәлігін алып, 2010 жылы аудандық емханада жүргізуші қызметін атқарды. 2012 жылдан бастап осы күнге дейін Атырау қаласындағы «Тенгиз Шевройл» компаниясында, мұнай саласында жүргізуші болып жұмыс жасап келеді. Жары Берікбаева Ақерке Амангелдіқызы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылының тумасы. 2004 жылы Н.Сералиев атындағы қазақ орта мектебін аяқтап, Тараз қаласындағы «Тараз – Ғасыр» колледжінде білім алып, 2007 жылы Қазақ тілі мен әдебиті пәні мұғалімі мамандығын меңгерген ол білімін 2008 жылы Қызылорда облысындағы «Болашақ» университетінде жалғастырып, бүгінде Қармақшы ауданындағы №105 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді. Бір әулеттің ізін жалғап келе жатқан Ерлан Сағатбекұлы Нұрислам, Алтынай, Толғанай, Ағзам есімді перзент тәрбиелеп отырған асқар тау әке.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы, Ембі қаласында полиция бөлімінде учаскелік инспектор қызметін атқарып келе жатқан Сержан Сағатбекұлы да 2002 жылы Қармақшы ауданындағы Ш.Уалиханов атындағы №26 орта мектепті аяқтаған соң, Қызылорда қаласындағы Сейхун Академиясында «Тарих, құқық және экономика» мамандығы бойынша білім алады. 2007-2008 жылдар аралығында Атырау қаласында әскери бөлім 5546 ҚР ІІМ ішкі істер әскері Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, алғашқы еңбек жолы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы №7 орта мектепте тарих пәні мұғалімі болып басталады. Кейінірек қауіпсіздік саласына бет бұрған Сержан 2010 жылы Ембі қаласында Ақтөбе облысы, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, 2013 жылы Ембі қаласындағы полиция бөліміне жасөспірім инспекторы болып еңбек етіп, 2021 жылдан бастап қазіргі таңға дейін полиция бөлімінде учаскелік инспектор қызметін абыроймен атқарып келеді. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында дүниеге келген жары Ахметова Айгерім Кабылбековна 2004 жылы Ембі қаласында №2 орта мектепті аяқтаған соң, Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы академияда «Экономика» мамандығы бойынша білім алып, 2008-2013 жылдар аралығында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында жеке меншік мекемеде бас есепші қызметін атқарды. Одан кейін 2013 жылы «Ембі аудандық ауруханасына» материалдық есепші қызметіне орналасып, 2015 жылдан бастап қазіргі таңға дейін «Ембі аудандық ауруханасында» бас есепші қызметінде. Жансезім, Алина, Асылзат есімді үш перизат тәрбиелеп, азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған ана.
1991 жылы дүниеге келген ұлдың кенжесі Данияр Сағатбекұлы №250 орта мектепті аяқтаған соң, Актөбе қаласындағы М.Тынышпаев атындағы колледждің «Темір жол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу жане техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша білім алып және 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы КУПС оқу орнынан «Техника және технология» мамандығын игеріп шығады. 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап Маңғыстау облысы, Бейнеу айналым депосына тепловоз машинист көмекшісі болып жұмысқа орналасқан Данияр 2016 жылдың наурыз айынан бастап тепловоз «Машинист» қызметіне ауысып, 2019 жылдан бастап Қызылорда қаласы, Қызылорда пайдалану депосында тепловоз машинисінің көмекшісі. Білімін одан әрі жетілдіріп, 2020-2022 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «АЛИТ» оқу орнынан техника және технология мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған Данияр Даулет «Қызылорда» балабақшасында психолог қызметін атқарып келе жатқан жары Хамитова Бағила Тұрарқызы екеуі Айкөркем, Нұржігіт есімді перзенттер тәрбиелеп келе жатқан бақытты ата-ана!
Төрт ұлдан кейін шаңырақтарына шаттық сыйлап келген үйінің еркесі қыздары Сағатбекова Сағыныш Сағатбекқызы 1996 жылы 1 ақпанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. Мектеп табалдырығын 2003 жылы №250 жалпы білім беретін мектеп-лицейінің бірінші сыныбына қабылданып, 2014 жылы мектепті үздік бітіреді. 2014-2019 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Физика-техникалық факультетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша грантқа оқуға түсіп, тәмамдады. 2019 жылдың қыркүйек айында «Азаматтарға арналған үкімет МК» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалында ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап «Хабар Агенттігі» АҚ-да техникалық дирекцияның эфирлік қамтамасыз ету бөлімінің инженері болып жұмыс істейді. Тұрмыс құрған, отбасылы. Жолдасы – Әбдіразақов Ербол Болатбекұлы, 1996 жылы туған, жеке кәсіпкер. Қазір Сағыныш пен Ербол елорда тұрғыны.
Адамға қойылатын басты талап ол – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттілігімен ардақты болмақ. Ал адамгершілік адамның рухани арқауы. Әрбір адамның мақтаныш тұтар жайлары болады. Өмірлік мақсатына, арман-мүддесіне қарай әркім әрқалай мақтанады. Алайда жүріп өткен жолдарына бұрылып қараған сәтте оның іс тұрпатынан адамгершілік қасиеттері байқалмаса, бәрі бекер дер едік. Өйткені қандай да болмасын істің таразысы адамгершілік өлшемімен бағалы болады.
Қара сөздің қадірін түсінген қазақта «Ат аунаған жерде түк қалар» деген әдемі сөз тіркесі бар. Әлем – жүрегінде имандылық нұры ұялаған, мейірімі мол, абырой мен намысты өлімнен биік қоятын, арда азаматтар мен жақсы жандармен бейбітшілікте өмір сүріп келеді. Өзгелерге үлгі боларлық өмір сүріп келе жатқан, қызметте әділдік пен адамдықты ту етіп ұстанған ел ағаларының барында қазақ елінің болашағы жарқын, келешегі кемел бола бермек. Атқарған игі істерін қағаз бетіне жазып тауыса алмайтын Сағатбек Айтмағамбетұлы секілді ардақты азаматтар аман болғай!