Рахиева Айымхан

Рейтинг:
Кәсібін өрге домалатқан ана 

      Дөңгелек жер жүзін мекен еткен жеті миллиард адам баласын сонау алғашқы қауымдық құрылыстан бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ғылымның шексіз мүмкіндіктеріне жеткізген жалғыз ғана феномен – еңбек. Аттың жалы, атанның қомында көшпенді тіршілік кешкен бабаларымыз үшін адал жолмен табылған нәпақаның нарқы әманда жоғары болған. Дүйім қазақ жұртының рухани ұстазы, бас ақынымыз Абай өзінің қара сөзінде: «...арам қоспай, адал кәсіп қылған адам қазақтың әулиесі сол», - деген екен. Бүгінде азаттығын алып, өз алдына ел болған іргелі мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына бет алғандығын барлығымыз тамыршыдай сезіп, біліп отырған жайымыз бар. Ендеше, сол Тәуелсіз мемлекетіміздің қарыштап келе жатқан экономикамызды шаңырақ десек, соған уық болып қадалуға жарап, қанша азаматтарымыз республикамыздың түкпір-түкпірінде алтынның ұнтағындай болып жарқырап жүргендеріне куә болып жүрміз. Сондай ел мен жердің мерейін өсіріп, мейманасын тасытып жүрген отандастарымыздың ішінде нәзік жандардың төбе көрсетіп жүргенін білеміз. Сондай жайсаң азаматтардың сапында келе жатқан жан – Рахиева Айымхан Төлегенқызы. Айымхан Төлегенқызы 1947 жылы қараша айының бесінші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Бәйдібек ауданы, Боралдай әкімшілігіне қарасты Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. Құт пен береке қатар дарыған үлкен әулеттің қарашаңырағында айрандай болып ұйып отырған отбасындағы мейірбан әкесі мен шешесінің жүрегі мен алақанының жылуына бөленіп өседі. Тілі былдырлап шығып, аяғын апыл-тапыл басқан жасынан айналасындағы барлық жанды - жансыз дүниелерге құмартып тұратын елгезек мінезі болады. Буыны қатып, бұғанасы бекіген кезінде өзі құралпылас көрші балалармен топ балаға қосылып, ертеден қара кешке дейін доп қуалаған ойын баласы балдәурен балалық шағын еш уайым-қайғысыз шат-шадыман көңіл - күймен өткізеді. Асқар таудай әкесі Базарбаев Төлеген өзі тұратын Сарыбұлақ ауылында бірнеше жыл колхоз бастық болып жұмыс атқарған, ауданға танымал, сыйлы кісі болған. Бірде әкесі Төлеген үйге қазақ атын әлемдік ареналарда паш еткен, алаш ұранды жұртымызға есімі мәшһүр болған Қажымұқан Мұңайтпасұлын қонақ қылып күтеді. Дастархан басында Төлеген ағамыз өзінің сүйікті қызы Айымханға балуан атасының батасын сұрайды. Балуан бабамыз алақанын жайып, қуыршақтай кішкентай қызды қолына алып отырып: - Қызым, оқуда озат, еңбекте үздік шығып, ата-анаң мен халқымыздың қалаулысы бол! Мен секілді қажымас күш-қуатты қыз болып өссін! - деп, маңдайынан сүйіп, батасын берген екен. Әкесі:- Қажыеке, рахмет! Алла қаласа, менің қызымның мәртебесі биік болады!  Өйткені, Айымханыма сіз бата бердіңіз!, - деп қуанады. Анасы Дүрдана он шақты құрсақ көтеріп, барлығы шетінеп кете берген екен. Балуанның батасын періштелер «Әумин!» деп, сен аман қалдың деп қызына жиі-жиі айтып отыратын болыпты. Жүзіктің көзінен өткендей пысық қыз мектеп жасына келген кезде оқу мен сызуға деген үлкен құштарлығы мен махаббаты ашылады. Сүйікті қыздарының бойындағы осындай жақсы мінезді аңғарған ата-ана көздерінің нұрындай болған перзенттерін қолынан ұстап, киелі білім ордасы атанған мектепке қолынан жетектеп алып барады. Сынып табалдырығын алғаш аттап, алғашқы рет қолына әліппе кітабын алған күннен бастап ерекше сезімдерге бой алдырады. Бар зейінін ұстаздары берген тапсырмаларды уақытымен тиянақты орындауға жұмсайды. 
      Ол кезде туған ауылында бастауыш мектеп қана болатын. Сондықтан, үлкен әпкесі Бибіраушан Төлегенқызы, жездесі Молыбай Оразалиев өзіміз оқытамыз деп , қолдарына алады. Сол кісілердің тәрбиесінде өсіп, жетіледі.Көп уақыт өтпей жатып өз сыныптастарының арасында оқу мен есепке жүйріктігін көрсетіп, оқ бойы озық шығып отырады. Осындай талабы таудай оқушы қызды мұғалімдері арқасынан қағып, өздерінің жылы лебіздерін айтып жүреді. Мектеп ішінде жиі-жиі өтіп жататын түрлі мәдени іс-шаралар мен спорт додаларына белсене атсалысады. Жоғары сыныптарға өткен шағында көрген көз, естіген құлақ сүйсінердей, үріп ауызға салғандай қыз бала болып бойжетеді. Үйдегі барлық ұсақ-түйек тірліктердің барлығын дерлік көпті көрген анасынан және анасындай болып кеткен Бибіраушан әпкесінен үйреніп, уақыт өте келе бір үйдің тірлігін дөңгелетіп әкететіндей жағдайға жетеді.
      Екінші өскен үйіндегі ата-анасының қызмет бабымен жиі-жиі қоныс аударып отыруына байланысты мектепті алғашқы кезде туған ауылында бастап, кейін Сарыағаштағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте жалғастырып, одан кейін Сайрам ауданында Қарасу елді мекеніндегі С.Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітіреді. Алтын ұясындай сүйікті мектебіндегі жоғары сыныпты тәмамдап, болашақ мамандығын дұрыс таңдау турасында ата-анасы мен ұстаздарының берген ақыл-кеңестерін ой елегінен өткізіп, ақыры аяғында жүрек қалауына еріп, медицина мамандығы бойынша білім алуға бел буады. Шымкент қаласындағы медицина училищесіне оқуға құжаттарын тапсырып, емтихан сынақтарының барлығынан дерлік сүрінбей ойдағыдай өтіп, оқуға қабылданады. Училище табалдырығын аттай салысымен, бойындағы бар жастық энергиясын аса қиын әрі күрделі мамандықты меңгеруге еш аяп қалмастан сарп етеді. 1965 жылы аталмыш училищені үлкен абыроймен тәмамдап, фелдьшер мамандығы бойынша диплом алып шығады. Алғашқы еңбек жолын қазіргі Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда бастап, содан соң өзі сүйген азаматпен ақ некесін қиып, үлкен әулеттің үлгілі келіні атанады. 1967 жылдары өз мамандығы бойынша Омск қаласында ауруханада жұмыс жасайды. Арқасүйер азаматы да осы шаһарда ОВШ.МВД оқып бітіріп, заң саласы бойынша қызмет атқарады. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары кездескен түрлі қиындықтарға мойымастан, қол ұстасқан қалпы өмір дариясының асау толқындарына қарсы жүзеді. 1973 жылы бір шешімге келіп, кір жуып, кіндік кескен атамекенге қайта оралуға шешім қабылдайды. Сол шешімнің нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекеніне қоныс аударады. 1990 жылы жолдасы дүниеден өтеді.
       Айымхан Төлегенқызы бас-аяғы отыз жылға таяу медицина саласында жұмыс жасап, 1995 жылы бала санымен мерзімінен ерте зейнеткерлікке шығады. Ол кезде баласының үлкені әскерден енді ғана келген, кенжесі бар болғаны екі жаста еді. Тағдырдың басқа салған осындай ауыр сынағын мойнына алғандықтан, ойланып жатуға мүмкіндігі болмады.
      Жан-жағынан аузын ашқан балапандарына адал ризық пен нәпақаны тауып беру үшін нар тәуекел деп, Тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың бірі болып, осы кәсіпкерлікті бастап кетті. Өйткені, 10 баланы жеткізу – жалғыз басты әйелге оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. 
      Алғашқы жылы қарызданып, ауыл тұрғындарынан өнімнен құтыламын деп отыз гектар суармалы жерді жалға алып, мақта егеді. Әуелі басында біраз келеңсіздік орын алғанымен, қанда бар қайрат шыдатпай, келесі жылдарда да тоқтаусыз егін еге береді. Одан кейінгі жылдары мақта, қарбыз, бидай, қияр сияқты дүниелерді өсіруді қолға ала бастайды. Қандай жағдай болмасын әупірімдеп, тиыннан тиын құрап, жазған құлға шаршау жоқ деумен алға қарай жылжи береді. Осындай қиналған тұста мектеп жасында жүріп, механизаторлық мамандықты меңгеріп алғанының пайдасы көп тиеді. Заты әйел болғанына қарамастан, көлік жүргізіп, «көк москвич апа» атанып жүріп, түрлі техниканың тілін өзі түсіне білді. Кез-келген кәсіптің тасын өрге домалату үшін мұрыннан қан кеткенше қылатын мехнаты мол тірліктің қиыншылығын көрмей болмайды. Айымхан апайымыз да талай мәрте тауы шағылған кездерде Қажымұқандай балуан бабасының батасын есіне алып, аяғын нық басуға әрекет қылатын. Даланың жұмысын далада істеген біледі. Ыстығы, суығы болады демекші. Ала таңнан тұрып кешке дейін таусылып бітпейтін шаруашылықтың ауыр екені белгілі. Ауыр бейнеттің зардабы болар, қайратты жанның денсаулығы сыр бере бастайды. Сол себептен, асықпай жүріп арбамен қоян алмаққа ниет қылады. Осы оймен кішкене дүңгіршектен бастап, одан кейін аукционға қатысу арқылы жер сатып алып, жылдан - жылға кәсіпкерлігін дамытып, «Ай» сауда үйін, «Ай» тойханасын, «Ай» моншасын ашып, қарапайым қалың бұқара халыққа қызмет жасап отыр. Суармалы егістік, жылыжай шаруашылығымен айналысып және кішігірім шлакаблок цехын ашып, іске қосып жатқан жайы бар.
      Қазіргі кезде әкесі қайтыс болғанда екі жасында қалған Нұрғали есімді ұлы екі жоғары білімі болса да, анасының жолын қуып, кәсіпкер болғысы келіп, өзінің таңдауымен анасына жәрдем беріп, жанына жалау болып отыр. Келіншегі Дина ұлы Айғалимен Айымхан апамен бірге қарашаңырақта тұрады. Келешекте анасының кәсіпкерлігін жалғастырып, дамытып үлкен кәсіпкерге айналады деп, үміттенетінін айтты Айымхан апа.
      Осындай бір емес, бірнеше кәсіптің тізгінін шайқалтып алмай тең ұстап келе жатқан Айымхан Төлегенқызының жасап жатқан қарекеті – ағалардың ізін қуып келе жатқан өскелең ұрпаққа ғибратты үлгі, қала берді ер азаматтың бірегейі ғана қыла алатындай ерлік іске пара-пар, еңбегі ерен деуге болады. Сонау Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр атырапта қалған дала тарихына ой көзімен қарар болсаңыз, талай алмаған жауы қалмаған баһадүрлерді тапқан, ерінің орнын жоқтатпай көш бастаған, есімі бір рулы елдің ұранына айналған қатепті қара нардай кейуана аналарымыз өткен. Айымхан апайымыз да сондай тот баспайтын алтынның сынығы десек, әсте, қателеспесіміз анық. 
      Данагөй бабаларымыз шаршы топқа түскенде «қой асығы демеңіз қолыңа жақса сақа тұт» дегендей, Айымхан апайымызды айнала қоршаған жұрты, ат үстінде жүрген азаматтар жолы жіңішке әйел заты ғой деп елемей немесе көзге ілмей кеткен жері болған емес. Ел мен жұрттың қалаулысына айналған сүйегі асыл анамыз деп әр жылдары республикалық, одан қалды халықаралық дәрежедегі марапаттар мен сый-құрметтерге халық пен басшылық тарапынан лайық деп танылды. Атап айтқанда, өзі туып - өскен аймағы «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» медалімен марапатталып, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі халықаралық «Алтын қыран» медалі және «Алтын алқа» иегері атанды. «Халық құрметі» медалімен марапатталып, аудан бойынша 2015 жылдың үздік кәсіпкері атанды. Тағы да, атап айтатын жетістіктерінің бірі: 2019 жылы «Мерейлі отбасының» жеңімпазы деген марапатқа ие болды. Айымхан апайымыздың қандай байлық, нендей марапатқа қолы жетсе де, атаның қаны, ананың сүті мен қазақы тәлім-тәрбие арқылы дарыған адами қасиеттерінен айнып, ала жіпті аттап өткен жері жоқ. Мәрт мінезді жан бүгінде аудандық кәсіпкерлер палатасында «Іскер әйелдер» кеңесінің төрайымы, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы, «Қамқоршылық» кеңестің төрайымы болды. «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі, Ардагерлер алқасының мүшесі, мәдениет үйіндегі әжелер ансамблінің мүшесі, Аналар мен Ассамблея кеңесінің мүшесі болып отыр.
      Айымхан Төлегенқызының бүгінде ұзын саны қырыққа жуық немерелері мен шөберелерінің арасында сәні келіскен керуен сынды болып, гүл-гүл жайнап отырған жағдайы бар. Үрім-бұтағының барлығын бір Аллаға аманаттап, тек сырттарынан тілеуқор, дұғагөй болып жүр. Алтын асықтай он перзентінің ішіндегі маңдайы жарқырап туғаны, өз алдына бір төбе болып отырған үлкен ұлы Уалихан – қазіргі күнде отставкадағы полковник, Сарыағаштағы «Арман» шипажайының президенті, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты және қосымша жұмысы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңістің төрағасы. Әулетке ортақ кәсіптің тоқтап қалмауы үшін тынбай еңбек етіп жүр. Анасы үшін орны бөлек баласы әрдайым ізін басқан іні-қарындастарына шамасы жеткенше қол ұшын созып, барынша шарапатын тигізіп тұрудан тартынып қалатын мінезі жоқ. Алты бірдей перзенттің әкесі, бір жанұяның қамал-қорғанындай болып отырған жомарт мінезді іскер азамат. Уалиханның жары, Альмира келінінің жақсылығы ауыз толтырып айтарлықтай деп айтуға болады. Бүгінде сол әулеттің мақтанышына айналған, істеген ісі, кейінгі келіндерге үлгі - өнеге боларлықтай. Уалиханның Иманғали, Дәурен, Асылжан есімді тізгін ұстар ұлдары Лондон, Португалия, Санкт-Петербург сияқты қалаларда өткен әлем чемпионаттарында каратэ-додан үш дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның туын көкке желбіретіп, абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосып келді. Еліміздің болашағы жастарымыздың қандай екендігімен ерекшеленеді дегендей, ұлтымыздың мақтанышына айналатындай азамат болып өсе берсін. Дәурені Болгарияның астанасы София қаласында «Черно Ризен Храбр» математикалық олимпиадасында топ жарған болатын. 2016 жылы Айымхан апайымыз Мекке-Мәдина шаһарларына сапар шегіп, кіші және үлкен қажылық ұлы сапарына барып келді. Қазіргі таңда «Ай Қажы апа» атанып, мерейі үстем болып, Аллаға шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Осындай шексіз дүниелік нығметтерді бір басына үйіп-төгіп берген Жалғыз Жаратушы иесіне Айымхан апайымыздың шүкір мен тәубедан басқа айтар сөзі, қылар амалы жоқ. Құт пен береке дарыған қарашаңырағында дос-жаран мен ағайын-туыстың ортасында сый-құрметке молынан бөленіп, көзінің нұры бала-шағасына ғибратқа толы өмірін аманаттап отырған ел анасы болып отыр. Нардың жүгін қабағын шытпай арқалаған, есімі қам көңілге жұбаныш болған осындай анамызға жаныңыз жамандық көрмесін, алтын басыңыз аман, бауырыңыз бүтін, Құдай бергені мен берерінен айырмасын деп тілек қыламыз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости