Бұрханов Дулатбай Бұрханұлы

Рейтинг:

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы «Ақтөбе» шаруа қожалығының басшысы

Жүрегі жырға, өмірі сырға толы азамат

      Жақсы адамды алыстан тануға болады. Өйткені жақсы адам сонадайдан жан-жағына жарық шашып, нұрын төгіп тұрады. Ол күлімдеп келіп, хал жағдайыңды сұрағанда шын риза болып, ағыңнан жарылып, жақыныңды көргендей күй кешесің. Ақылын айтып, жол сілтеп отыратын нағыз қамқор пейілді жан қай ортада болмасын кездеседі. Сондай азаматтың бірі Дулатбай деуге болады. Байсалды мінезді, өр тұлғалы азамат қай уақытта болмасын өзінің ширақтығымен, еңбекқорлығымен, шыншыл да қайсар қалпымен көпке өнегелі жол көрсетіп келеді.
      Бұрханов Дулатбай 1954 жылы қыркүйек айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
      «Әкем Мәуленқұлов Бұрхан 1902 жылы туылған, 1997 жылы 27 қаңтарда 95 жасында дүниеден өтті, Ұлы Отан соғысының ардагері. Анам Күлтай Әуезқызы 2014 жылы 85 жасында қайтыс болды. Үлкен отбасында тәрбиелендім, 7 ағайындымыз. Әкемнің бауыры Балсары, Көкаман, Күнбике апа-әжелеріміздің бауырында бірге өстік. Бәріміз де соғыстан кейін туылған ұрпақпыз, өзінің жасының ұлғайғанына қарамастан, біздің жоғары білім алуымызға еш қарсылықсыз, зор мүмкіндік берді. «Ай туып, күн батса да, әкенің орны бір басқа» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады», - деп еске алады Дулатбай Бұрханұлы.
      1962-1972 жылдары В.И.Ленин атындағы совхоздың орта мектебінде оқып, білім алды. Мектепте қатарының алды болған Дулатбай өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, шығармашылыққа жақындығымен көшбастап, ұстаздарының мақтаулы оқушысы атанды. Көптеген мектепішілік, сыныпішілік іс-шараларда өзінің қабілетімен көзге түсті. Мектеп кезінде облыстық «Еңбек туы» газетінің меншікті тілшісі болды, ауыл, мектеп жаңалықтарымен хабардар етіп отырды. Қолына қалам алып, түрлі тақырыптарда қалам тербеді. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, тырнақалды өлеңдерін шығарып, жүрегінде жатқан жырды сыртқа шығарды. Бұл қасиет оған қанмен келген деуге негіз бар. Арғы тегі текті адамдар болғандықтан, Дулатбай да алтынның сынығындай ата жолын, қанмен келген қасиетті ардақтай білді. 1989 жылы 20 наурызда жазған «Көңіл толғауы» деп аталатын өлең жолдарынан оның әдебиетке шын ғашық екенін байқауға болады.
Бір әнді жазғым келеді теңдесі жоқ,
Алланың берерінен бермесі көп.
Құдайдың бермегенін тартып алған,
Адамды бұл өмірде көргенім жоқ.
      Ақынжанды азаматтың қаламының қарымды екенін оны танитындар жақсы біледі. Өзі бала жасынан қара еңбекпен ширығып есейді. Ауыл баласы үшін дала жұмысының қай қайсысы да таңсық емес еді. 1972-1973 жылдары аталған совхозда жұмысшы болып еңбек жолын бастап кетті. Жасы үлкен ағаларының айтқанын орындап, барынша еңбектене түскен бозбала Дулатбай ұжым арасында мақтаулы маман атанды. Өзінің кішіпейіл, ісіне деген жауапкершілігімен көңіл тойдыратын. Арман жетегімен 1973-1978 жылдар аралығында Жамбыл қаласының Технологиялық институтының студенті болып, «Тамақ өнімдерінің машина және аппараттар» өндірісінің «Инженер-механик» мамандығын бітіріп шықты. 1978-2008 жылдары Торғай, Қостанай және Жамбыл облыстарында түрлі өндіріс мекемелерінде жауапты қызмет етіп, 2008-2015 жылдары Тараз металлургия зауытында абыройлы қызмет атқарды.
      «Сыйлаған елдің құлы бол, құлы бол да пірі бол» деген қағиданы берік ұстанған Дулатбай Бұрханұлы бала күнінен ата-ана, ағайын-туыс, ауыл-аймаққа адал перзент бола білсем деп еңбекке ерте араласты. Шаруаны шалқыту ұйымдастыру мен ізденістен тұратынын бағамдады. Ел-жұрт алдындағы жауапкершілік сезімі үлкен өмірге бағдаршам болды. Оның бойындағы ұстамдылығы мен жауапкершілігі бастаған істі аяқсыз қалдырмауға жетеледі. Табандылығы мақсатын бағындырды деуге болады.
      Кәсіппен шұғылданғанның нәсібі артатынын бағамдап, шикізатты дайын азық-түлікке айналдырудың жолдарын меңгерді. Қыры мен сырын санаға сіңірді. Осылайша, өзінің жеке кәсібін ашуға деген қызығушылығы оянды. «Мен неге кәсіпкерлікпен шұғылданып көрмеймін? Тәуекел етсем қолдан келетін шаруа сияқты ғой» деген ой тыным бермеді. Осылайша, 2015 жылдан бастап Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылына оралып, «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашады. Қожалықтың тіркелген жері - Жамбыл облысы, Сарысу ауданы. Қазақстан Республикасы Президентінің ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын қолдауға арналған «Құлан» бағдарламасымен несие алып, қазіргі уақытта асыл тұқымды жылқыларының «Мұғалжар» тұқымын өсірумен айналысуда. Ыждағаттылықпен басталған шаруа бүгінде толығымен үйлесімін тапты. Қожалықтың шаруасын дөңгеленткен азамат енді өзінің еңбек жолын кейінгі ұрпаққа үйретуде.
      «Мәңгі өмір болмайтыны белгілі. Бірақ, мәнді өмір болады. Қолымнан келгенше елімнің өркендеуіне бар күш-жігерімді арнап келемін. Білім мен білігімді туған жерімнің өсіп-өркендеуіне жұмсасам деген мақсат қана. Еңбек, маңдай тер әрине, ақталады. Тек шыдам, сабыр, қанағат, ынсап болу керек», - дейді кейіпкеріміз.
      Ол үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін ақжүрек азаматтың бірегейі. Қандай шаруаға да байыппен қарай біледі. Еш уақытта асығыс шешім шығармайды. Даңғазалық, кеудемсоқтық мінез оған жат. Үндемей жүріп үлкен іс тындырады. Ер азаматқа тән мінезі де сабырлы, әдепті. Дауыс көтеріп сөйлемейді. Басқаның жағдайын бар жанымен түсініп, елдің жел жағына шыққысы келіп тұрады. Оның қарапайымдылығы мен шаруаға деген жауапкершілігі бүгінгі жастарға үлгі етерліктей. Атақ пен абырой оған елге адал қызмет еткені үшін берілді. Қарапайым, сабырлы қалпын көпшілік жақсы көреді. Ардақты азамат 2017 жылдан бастап құрметті зейнет демалысына шықты. 
      Жұбайы Жүнісова Салтанат Ильясқызы 1957 жылы дүниеге келген. 2001-2016 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының маманы болып қызмет атқарды зейнеткер. 1978 жылы отбасын құрып, екеуі 3 бала өсіріп, олардан 11 немере сүйіп отыр. Қызы Жанар – жоғары білімді, жеке кәсіпкер. Ұлы Шыңғыс – жоғары білімді, Қазақстан Премьер Министрі Канцеляриясы - Алматы қаласы Фельдегерлік құпия істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды, зейнеткер, запастағы офицер подполковник. Манасы – жоғары білімді, Жезқазған қаласында Қазақстан Премьер-Министрінің канцеляриясы – облыстық құпия істер басқармасының басшысы қызметін атқаруда.
      Берекелі шаңырақтың баталы үлкені болып отырған азамат шаруадан қолы қалт етсе, шығармашылыққа ден қояды. Төмендегі әртүрлі тақырыптағы өлең жолдары Дулатбайдың қоғамшыл, елшіл адам екенін көрсетеді. 2002 жылдың 20 қыркүйегінде «Тараздың 2000 жылдығына арнау» өлеңін жазды.
Жібек жол жүзіп өткен,
Жүрген жота.
Айырылған анасынан,
Боздап бота.
Анама Айша-Бибі,
Ғашық болып,Атандың содан келіп,
Әулие – Ата!
Атыңды сенің кім қойсын,
Бәрібір саған жарасты.
Өзгерте алмады бірақ та,
Іргеңде аққан Таласты.
Емеспін бос адамы қиялдың мен,
Тарихын Таразымның жарладым мен.
Өлеңін мұзбалақтар оқып тұрып,
Ақ иық өзім деуге ұялдым мен!
Жас ұрпақ бүгін маған есебіңді айт,
Бүгінгі өткен емес, кешегіңді айт.
Таласпен құмға бірге сіңіп кеткен
Батыры қазағымның Көшегімді айт. 
(Көшек Батыр)
Қазағым асылдарын елеген бе,
Шерханым ілулі тұр керегеде. 
(Шерхан Мұртаза)Жүрекке қадалады «Қызыл жебе»,
Жебеден құтылған ба Төлеген де!
Құдай-ау қайтем өткенді,
Кімге айтам назым өкпемді.
Бақытты деп санаңдар,
2000 жылға жеткенді.
Тараз деген Тарихың,
Жатыр сенің тереңде.
Сыйғызуға ұялдым,
Бір куплет өлеңге!
Атағы Таразымның қайда жатыр,
Тарихтың тұңғиығын бойлап жатыр.
Асылды тот басқан ба су түбінде,
Ұрпағың сені бүгін тойлап жатыр.
Өлеңім шықпаса да тартымдырақ,
Атағым шықпаса да жарқын бірақ,
Таразды мен жырлаудан жалықпаймын,
Күшімді өн бойымнан сарқып бірақ.
Үңілсек өткен өмір есептерге,
Өтіпті көреген мен көсемдер де,
Тілінен май тамызған шешендер де,Керуенмен Таразымды басып өткен,
Саудагер неше түрлі көпестер де,
Тарихқа Бахтиярлар кірісіп жүр, 
(Бахтияр Әбілдаев – тарихшы жазушы)
Түбірін осы есептің шешем деуде.


      Жүрегі жырға, өмірі сырға толы азаматтың бір қыры ақындығы екенін зор мақтанышпен айтуға тұрарлық. Оның әр жазған жырында үлкен мән мен мағына жатыр. Шын махаббатпен жазған дүниелері тілге орамды, көңілге қонымды. Өзі өлеңді әр кезеңде жазатындықтан, ойы ұтымды шығып, оқырманын шын тәнті етеді. «Өмірзақ Әуезов – нағашыма» атты өлеңін 2003 жылы 15 қарашада жазған екен. Мұнда туыстық байланыс, әсіресе бала үшін нағашының жақындығы суреттеледі. Сағыныш пен қимастық сезімінен туған бұл өлең жолдары әрбір адам баласы үшін жүрегіндегіні дөп басатыны сөзсіз. 

Жаныма қатты батты ғой,
Нағашымның кеткені.
Қызықты күндер өтті ғой,
Әр нәрсеге епті еді. 

Құшағын ашып жайраңдап,Қарсы алушы еді-ау, барғанда,
Тұрушы едім сонда қайран боп,
Адам жоқ сендей жалғанда.


«Шәмші ағама» 5 наурыз 1992 жылы жазылған өлең. 
Шәмші Қалдаяқов – композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері. 
Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы. Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер

Үні қандай домбыраның,
Сыры сондай қамшының.
Өзімді ойға қондырамын,
Айтсам әнін Шәмшінің.

Омар – Һәйям куәсі ғой сұмдықтың,Олар білген қияметін құлдықтың.
Ашамын деп өттің аға,
Әділетін шындықтың,
Сондықтан да әніңменен,
Әруағыңа құлдықпын.

Күндер өтер, жылдар өтер қаншама,
Сенің әнің белгілі ғой баршаға.
Басқа әуенге түсіп кетсем бір күні,

Өкпелеме қайтып келем Шәмші – аға!

Адам үшін туған жерінен артық нәрсе бар ма?! Қуатты қаламы барда оны да жырына қосты. 20 наурыз 1992 жылы «Ауылым – Ақтөбе» деген атаумен жазылған өлең соған дәлел.

Ұмытсаң да ертеңің мен кәзірді,
Ұмытпа сен, Тәукебай мен Бәзілді.
Анадайдан көзді тастап өтпесең,
Бұл қыраттар көтермейді-ау әзілді.
Амандасқын кәрі менен жасына,
Амандасқын топырағы, тасына.
Айналаңды тегіс көріп қайтасың,Шыға келсең, Ақтөбенің басына.
Бар дертіңнен айығарсың сен барып,
Бір иіскесең Көкпекті – ойдың жусанын.


      Елі мен жерін, болашағын ойлайтын азаматтың жан толғанысы тіпті бөлек. Бүгінімен емес, ертеңімен өмір сүретін азамат ұрпақ қамын да қатты ойлайды. Сондықтан да қоғамда болып жатқан түрлі жаңалықтарды жадына тоқып, өзіндік ой-пікірін де білдіріп отырады. Оның 
15 ақпан 1988 жылы жазылған «Үш зауыт» өлеңінен оқып көруге болады.

Үш зауыт құйындатып үйіріп тұр,
Улы ауа әзір бізге бұйырып тұр.
Ауа мен араласқан фосфор дәмі,
Қолқаңа бірәз болды, құйылып тұр.

Мен бүгін ұштап қалдым, қаламымды,
Халқымнан неге аяйын талабымды.
Сөз айтсам, халқым саған, мен білмеймін,
Жарамас қажетіңе жарарымды.

Зауыт пен айналдыра қора салды,
Білмеймін қандай жақсы үміт барын.
Құс екеш құс та сезіп, удың дәмін,
Қарлығаш қашан бізді ұмытқалы.

Қолымен айдап әкеп заман ақыр,
Байлығын кім көрінген талап жатыр.
Уланып көк түтінге тұмшаланып,
Халқы бар 300 мыңдай қалам жатыр.

Теңізім тартылып ол жатыр дейміз,
Семейде жарылыпты Атом дейміз.
Кедескен біреулерге мақтанышпен,
Жамбылым көркейіп-ау жатыр дейміз.

Қазбалап бітірді ғой тау етегін,
Отанға артық беріп берешегін.
Зауыттың бірінен соң, бірін салып,
Қаламның мүлде ұмытты-ау келешегін.

Үш күнін ойламаса, әйелден без,
Үш жылын ойламаса, еркектен без.
Осы сөз қазағымда бар емес пе,
Қолданар осы жерде келді ғой кез.


      Азаматтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» болуы табиғи заңдылық десек, біз әңгімеге арқау еткен Дулатбай Бұрханұлы осы қадір-қасиетімен көпке өнеге болып отыр. Жаратқан ұзақ ғұмыр беріп, ұрпақ қызықшылығын көріңіз дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...