Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Алтын» шаруа қожалығының негізін қалаушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері
Абыройлы еңбек иесі
«Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп қазақ әйеліне тамаша бір баға берген. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің алдыңғы апаларының салтын сақтап, үрдісін жалғап келе жатқан қыз, ана, тұлға. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің
![]()
табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Қабілеті мен қарымына қарай қазақ әйелі көшбасшы да бола алатынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр. Әңгімеміздің кейіпкері бүкіл саналы ғұмырын тек адал еңбек етуге арнап келе жатқан, ер адамға бергісіз күш-қайраты бар нағыз мықты жан, таяғы құтты шопан, «Социалистік Еңбек Ері» атанып, екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған – Аябаева Мария Көденқызы.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де отбасындағы асыл ана ғана емес, өзінің қарым-қабілетін дәлелдеп, бір ұшында отбасы, екінші ұшында ауыл шаруашылығы болса да, ауырлығы басым жауапкершілік жүгін иін ағаштай көтере білген, өзінің салиқалы сөзімен, адами құндылықтар менмұндалап тұратын ісімен өнегелі өмір өрнегін көрсете
![]()
білген Мария Көденқызы 1939 жылдың 23 ақпанында Алматы облысының бұрынғы Гвардия ауданына қарасты Жаңалық ауылында дүниеге келді.
Асқар тау әкесі Көден механизаторлық салада еңбек етіп, Ұлы Отан соғысына алынып, әскерде де ауыр техника танк жүргізуші болып, соғысқа араласып, 1944 жылы Воронеж майданында мерт болады. Ал барлық ауыртпалықты иығымен көтере білген анасы Мүгілсін кеңшардың картоп егістігінде жұмысшы, кейін звеновой болып еңбек етеді.
Қара тасты да қиып түсер алдаспанның жүзіндей өткірлігі, ұжымдастарымен еркін араласып кете беретін жібек мінезі, ту етіп ұстанған әділдігі мен адалдығы құрмет төріне көтере білген Мария Көденқызының балалығы ауыр еңбекпен өтті.
Алғашқы мектеп табалдырығын 1947 жылы ауылдағы жетіжылдық мектептің
![]()
табалдырығын аттап, осы мектепте білім алады. Одан әрі жоғарғы сыныптарды оқу үшін көрші ауылға қатынап, білім алуға мәжбүр еді, бірақ отбасының жағдайы көтермеген соң, бүкіл ауыртпалықты көтерген анасының қолқанаты болып қала береді.
Одан әрі тіршілігі диірмен тасында айналып кете барған Мария Көденқызы 1954 жылы өмірлік жолдасы Аябаев Қызайбаймен отау құрып, екеуі өз алдына жеке отар алып, мал бағуға кіріседі. Мал шаруашылығын дамытудың қыры мен сырына әбден қаныққан кейіпкеріміз 1954-1973 жылдар аралығында Қызылжар совхозының бірінші бөлімі Арқарлы ауылында қызмет атқарды. 1970 жылдан бастап аға шопан атанды.
1974 жылы Қызылжар совхозы мен Сарыбастау совхоздары ашылып, кейіпкеріміз сол жылдары да Арқарлы ауылында қызметін жалғастыра берді.
![]()
Қай уақытта да, қай жерде болсын, еңбегі өнімді адамның еңсесі тік, жүзі жарық болмай ма?! Колхоз жұмысы ауылдың негізгі тіршілік көші болып тұрған сол жылдары заты нәзік болса да ерлермен иық тірестіре еткен еңбегінің арқасында жетістіктерге де қол жеткізіп, осы қой шаруашылығынан құрметті зейнет демалысына шықты. Сол кездегі екпін алған бесжылдықтың екпіндісі болған жан үшін барлық есік те ашық, абырой да сонікі емес пе?! Тынбай еткен еңбегінің бағасын алған кейіпкеріміз ауылға келген соң да жұмыс жасап, бекітілген жоспарды орындаумен қатар, еселегені үшін марапатталды да.
Мария Көденқызы 1960-1970 жылдары аудандық Кеңеске екі рет, облыстық Кеңеске екі рет
![]()
депутат, Қазақстан Компартиясы XIII, XIV, XV, XVI съездеріне, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының XXVI съезіне делегат болып сайланған. Еңбектегі ерлігі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. 1983 КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ 1985 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» орденімен және «Орақ пен Балға» алтын медалімен марапатталған. Адамды мұратқа жеткізетін, өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін ол – еңбек. Адал еңбектің мәні ешқашан жоғалмайды. Әрбір адамның биік арманы да сол еңбектің арқасында жүзеге асары хақ. Сондай-ақ адамға келетін бақ пен дәулет, ырыс пен несібенің өзі адал еңбекпен келетіні белгілі. Ал әр адамның өз арманы болады. Адам жаратылыстың саналысы болғаннан кейін барлығын ақылмен ойлап, әрекет ете алады. Жалпы адамзаттың өмірге келгендегі мақсаты – ұрпағына үлгілі ісін, өнегелі өмір жолын паш ету. Арман адамға бала кезден-ақ пайда болады. Кейін оны ақиқатқа айналдыру сол адамның ерік-жігеріне байланысты іске асады.
Әр тұлға өз елінің патриоты болса, оның еліне еткен еңбегі де адал болады. Адам бойындағы имандылық, әділдік, әдептілік, парасаттылық, ізеттілік секілді асыл қасиеттер жойылмауы керек.
![]()
Сонда ғана адамдар бір-біріне мейіріммен, бауырмалдықпен қарап, біріне-бірі көмектесе алады. Арманына жетуде сол адамдардың бір-біріне мейірімді болуында жатыр емес пе?! Бұл әңгімеге арқау болып отырған осындай қасиеттер Мария Көденқызының бойына ұя салған.
Құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да жолдасы Қызайбай екеуі Сарыбастау ауылында «Алтын» шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, мал шаруашылығына көргені мен түйгенін перзенттеріне үйретіп кетті.
Еңбегі мен өрісі кеңейіп, мерейі үстем болған еңбек адамы жайлы жазылар мақала да, айтылар естелік те көп болмақ. Бұл жағынан келгенде Мария Көденқызының бедел бестісі бел төбесінде тұр. Еңбек Ері ретінде есімі мен ерен еңбегі бірнеше кітапқа еніп, ауыл шаруашылығының энциклопедиясында алтын әріптермен жазылып қалса, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Нұрлан Қалқаның «Адал еңбек ер атандырады» мақаласында кейіпкеріміз туралы қанатын кең сермейді.
Өзінің өмірлік тәжірибесін атақты Мария апамыз былай деп сыр шерткен:
«Мал – баққандікі», – дейді, бізден кейінгі шопандар мақалдай сөйлеп. Сөз рас. Міне, бір боз саулық, екі қошақан бізді түске дейін әуре етті. Ал отардағы 700-800 саулыққа, оның соңынан ерген 1400-ден астам қозысына ие болып көр?!
![]()
Осының баршасының қиындығы тіпті шаш етектен келеді емес пе?! Бірақ қоғам игілігі, ел байлығы – баққан өз малың. Атқарған еңбегің сені баянды бақытқа жеткізіп, шексіз қуанышқа бөлейді. Ал абыройлы, атақты шопан болу үшін төзімділік, еңбексүйгіштік, шыдамдылық, табандылық керек. Сонда ғана мал өседі, төл көбейеді, отар ортаймайды».
Адамның атын еңбек шығарады. Бақыт деген киелі ұғым да түсінген жанға адал еңбек, маңдай термен келеді. Мария Көденқызы өзінің бар бақытын мамандығынан, бейнелеп айтқанда қойшының құтты таяғынан тапқанын айтып та, жазып та кеткен екен.
Бірде Кербұлақ ауданындағы Сарыбастау орта мектебінің оқушыларымен кездесуінде атақты шопанға балалар «Бақыт дегенді қалай түсінесіз?» деген сауал қояды. Сонда ол: «Егер Ұлы Отанға, өзің туған ардақты елге неғұрлым көп еңбек сіңірсең, бақыт деген сол. Дүниеде өзің сүйген ісіңмен айналысып, сол кәсіптің (ол мейлі қандай мамандық болсын) бүге-шігесін, қыр-сырын жетік меңгерсең, сол мамандықтың шырқау шыңына шықсаң, сол бақыт», – деп жауап береді.
![]()
Халқымыз еңбектің қадірін жете білген. Сондықтан да адал еңбек етіп, маңдай терін төгіп, үлкен жетістікке жеткен жандар туралы ғибратты сөздерді көп айтқан. Жастарға олардың толағай табыстары үлгі екен. «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз содан қалса керек. Өз басым Социалистік Еңбек Ері, өз дәуірінің мақтанышы болған атақты шопан Мария Көденқызының өмір жолына қарап, халық даналығына бір ауыз сөзімді қосып, «Адал еңбек ер атандырады» дегім келеді. Бұған кейіпкеріміздің өнегелі өмірі нақты дәлел.
Мария Көденқызының өмірден өткеніне тоғыз жылға жуықтапты. «Орнында бар оңалар» демекші, Еңбек Ерінің ғибратты жолын бүгінде ұрпақтары жалғастырып келеді. Мария ана мен Қызайбай әкенің балалары Алтын, Алтынкүл, Қуаныш және Мөлдірден тараған немере-шөберелер ардақты ата-анасының аттарын мақтанышпен айтып, өнегесін өз өмірлерінің бағдаршамындай берік
![]()
ұстанады.
Қызы Алтын Астанада тұрады. Бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыста.
Қызы Алтынкүл Талдықорған қаласының тұрғыны.
Ұлы Қуаныш Алматы қаласында тұрады.
Қызы – Мөлдір қарашаңырақта.
Жақында Сарыбастау ауылында ауыл тұрғындары, аудан, ауыл, мектеп басшылығы ұйытқы болып, Сарыбастау орта мектебіне Мария Аябаеваның атындағы музей ашып, оның жетістіктері мен еңбек жолынан көрме ұйымдастырды. «Өлі риза болмай, тірі байымас» демекші, алтын жұлдызды апамыздың рухына Құран бағышталып, ата дәстүріне сай ас берілді.
Иә, аядай ауылы Арқарлының атын Алаш жұртына адал еңбегі арқылы танытқан Мария Аябаеваға лайықты құрмет көрсету – ауыл, аудан және облыс басшылары үшін үлкен сын әрі міндет. Өйткені өткеніне құрмет ертеңге тағылым екені белгілі, – деп аяқтайды мақаласын.
Мария Көденқызы арқа сүйер азаматы болған Аябаев Қызайбай екеуі 59 жыл отасқан
![]()
берекелі шаңырағында 4 перзент тәрбиелеп өсірді.
«Жақсы ата-ананың шапағаты балаға мың күндік азық» деп бекер айтылмаған. Ата-анамызды мақтан тұтамыз, – деп сағына еске алады перзенті Алтын жиылған жерде ата-анасының есімі аталып, еңбектері жайлы жақсы сөздер айтылатыны туралы мақтан тұтып.
Уақыт өзгереді, теңіз де тартылып, тау да шөгеді. Бірақ асыл сөзімен, игі ісімен, елдің ыстық ықыласына бөленген адамдар жайлы, өнегелі өмірі жайлы, айтылып та, жазылып та тарих бетінде қала береді. Өйткені олар – анадан туып, әкенің тәрбиесін алса да, елдің дамуына, тұрмыстың жақсаруы жолына еңбек ете білген, өскелең ұрпаққа айтары бар, ұлағаты мол жандар.
Осындай тұғыры таймайтын тұлғалардың тобынан көріне білген, ізгі ниетті жан, жүзін топырақ жасырса да жасаған ізгілікті істері әлі де шуағын шашып тұрған Мария Көденқызының жаны пейіште, иманы жолдас болғай!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()