Бейсен Пәрімбек Әлішерұлы, Бейсенова Шарипа

Рейтинг:

Жақсының көзі

      Әкенің тіршілігіндегі асыл қасиеттері, жүріп-өткен жолдары – балаға қалатын өшпес мұра. Пәрімбек Әлішерұлының әкесі өз заманының озық туған азаматы-тын. Ұстаздық етіп, елдің балаларына білім беріп, мақтаулы азаматы болды. Өзінің перзенттеріне де әкелік жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп, тәлімді тәрбие негізін бере білді. Жұбайымен жарасымды өмір кешіп, көпке үлгілі отбасылар қатарынан көрінді. Пәрімбек Әлішерұлы әке қанымен келген, ана сүтімен дарыған тәрбиемен есейіп, еңбекке ерте араласып, оқуда білімпаздар қатарынан көрініп, жан-жағына жағымды мінезімен, ашық-жарқын қалпымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сіңіп кететін, ерге тән ұстамдылығымен үлгі болды.
      Бейсен Пәрімбек Әлішерұлы 1948 жылы желтоқсанның 5 күні Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылында мұғалім отбасында дүниеге келді. Әкесі Салықбайұлы Әлішер – мұғалім, анасы көпбалалы ана, үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиесіне көңіл бөлді. Қарапайым қазақы отбасында ержеткен Пәрімбек Әлішерұлы байсалды, көпшіл, уәдесіне берік азамат болып қалыптасты.
      Кейіпкеріміз Пәрімбек Әлішерұлы 1965 жылы Алғабас онжылдық мектебін ойдағыдай тәмамдап, Бостандық совхозының Аққұм бөлімшесінде механизатор мамандығымен еңбек жолын бастап кетті. Өзінің алғырлығының арқасында аға мамандардың ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, шаруасына тиянақтылығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. Ал 1968 жылы Қаратау қаласында тау-кен химия комбинат құрылыс жөндеу цехында жұмысшы болып қызмет атқарды. Білім алуды мақсат еткен Пәрімбек Әлішерұлы 1969 жылы Қазақ ПТИ-ның тау-кен инженері біліктілігі бойынша студенті атанды. Сонымен қатар Қаратау нан комбинатында, комбинаттың орталық жабдықтау бөлімінде әртүрлі жұмыстарды институтта оқи жүріп атқарды. 
      Тынымсыз еңбекке жақын азамат шаршауды білмейтін. Алдағы болашағынан мол үміт күтетін жас бар күш-жігерін білімге, еңбекке салды. Әрбір сәтін пайдалы іске арнады. 1972 жылы Қаратау қаласы Кеніш жастар шахтасында жер асты жұмыстарында еңбек етті. 1973-1975 жылдар аралығында Қаратау орталық ғылыми-зерттеу зертханасында слесарь болып жұмыс атқарды.
      Білімді жас 1975 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап шықты. Дипломын алып, Бостандық совхозындағы құрылыс саласына жұмысшы болып орналасты. 1978 жылы Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау жөніндегі инженер міндетін атқарды. Сол жылы облыстық кәсіподақтар кеңесінің шешімімен іс-тәжірибесі әдіс алмастыру мақсатында облыс көлемінде таратылды. 1983 жылы Аққұм совхозында осы міндетін жалғастырды. 1986 жылы Азаматтық қорғаныс инженері және шаруашылық диспетчерлік жүйемен басқару барысында директордың орынбасары міндетін атқарды. 1990 жылы мал азығын дайындап өңдеу, егу жөніндегі агроном, цех басшысы болып тағайындалды.
      Қай жерде қызмет атқарса да өзінің білімін, біліктілігін көрсетіп, тәжірибесін кейінгі жастарға үйретуден де жалықпады. Көп жылдар бойы атқарып жүрген жұмыстарының нәтижесін көпшілік көзімен көріп, оған лайықты бағасын да беріп жататын. Оның қолы тиген әрбір шаруа дөңгеленіп кете баратын. Ауырлықтан қашпай, қиындықтан жол табуды ойлайтын азамат ылғи да халықтың, көпшіліктің пікірімен санаса білді. Өзімшілдік дегенді білмейтін. Кейбір келелі істерді көптің талқысына салып отыратын. Қарапайымдылық оның ең күшті қаруы болды десек те болады. Еңсесін тік ұстап, ешкімге жалтақтамай, өзінің ұстанымдарымен өмір кешіп, сол ақ-адал қалпымен көпке үлгілі жол көрсетті.
      Іскер азамат 1991-1992 жылдары Талас аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. 1995 жылы егін саласында су корпус біліктігі бойынша жұмысын жалғастырды. 1997 жылы Аққұм өндірістік кооперативінің тарауына байланысты босатылып, «Жанай-Жапақ» өндірістік кооперативінің төрағасы болып сайланды. 2002 жылы Ақкөл орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты Бостандық ауыл аймағының орманшы, аң қорғаушы қызметін атқарды.
      Пәрімбек Әлішерұлы 2004 жылы Қазақстан Халық емшілері қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестіктің Құрметті мүшесі болып қабылданды. 2004 жылы Халық медицинасының Республикалық ғылыми практикалық орталығы президенті Шөкен Хаджи Шынтаевтың І дәрежелі Дипломымен марапатталды. Қожалымов Зиядан Қажы Халықаралық конгресс ұйымына қатысушы Сертификаттарын, осы жылы Шөкен Хаджи Шынтаев Халықаралық І конгресс ұйымының сертификаттары берілді.
      Пәрімбек Әлішерұлы 2012 жылы Орман шебері қатарында қызметін атқара жүріп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. 2016 жылы Республикалық қоғамдық бірлестік өзі шығарған бірнеше ән мен өлең жинақтарын ескере отырып, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі атағы берілді. Қазіргі таңда ән жинақтары облыстық деңгейде насихатталып айтылып жүр. 2017 жылдан Аққұм ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, 2019 жылы Талас аудандық мәслихат хатшысының шешімімен «Ауыл еңбегі үшін», «Талас ауданының Құрметті ардагері», «Талас ауданына 90 жыл», «Жамбыл облысына 80 жыл» мерекелік медальдарының иегері атанды. 2019 жылы Ауылдық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің Төбе биі болып сайланды. 2020 жылы Аққұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстар атқарды.
      Әкесінің есімін өмір бойы ардақтаған Пәрімбек Әлішерұлы өзінің ұрпағына ата жолын қастерлеп, ұлықтауды үйретуден шаршамады. Жақсының көзі болған Пәрімбек Әлішерұлы өзінің өмірінде адал жүріп, еліне бір кірпіш болып қаланып, қай істе де өзінің батылдығын, шынайы бейнесін көрсетіп, таза еңбек етудің үлгісін көрсете білді.
      Жары Бейсенова Шарипа екеуі 6 ұл, 2 қыздан тараған 24 немере, 5 шөбереге ардақты ата-ана, ата-әже бола білді. Бүгінде 5 ұлы мен 2 қызынан өрбіген немере-жиен, шөберелері есімін ардақтап, сіңірген тәлім-тәрбиесі мен тағылымын көрсетуде.
      Бейсенова Шарипа 1949 жылы 22 наурызда Жамбыл облысының Талас ауданы Аққұм ауылында дүниеге келді. Сол ауылда оқып, тұрмысқа шықты. Ер азаматымен шаңырағын шаттық мен берекеге толтырды. Балаларының бойына тағылымды тәрбиесін жетілдіріп, оларға игі қасиеттерін дарыта білді. 1971 жылдан бастап мектепте хатшы боп 22 жыл қызмет етті. Көпбалалы ана ретінде 45 жасында құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
      Пәрімбек Әлішерұлының ойынан тізбектелген моншақтары арқылы қарымды қаламынан туындаған жырлары баршылық. Қазақ өнерді бағалаған халық емес пе?! Кейіпкеріміздің қарым-қабілеті ұрпағының бойынан да көрініп келеді. Иә, қазақ баласы үшін атадан балаға жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы қашан да айрықша мәнге ие. Себебі кез келген адам алдыңғы аға буыннан көргенін көкейге түйіп өседі. 
      Елге адал қызмет ету – өз еліңнің патриоты болу. Мемлекетке адал қызмет етудің ең үлкен дәлелі – адамның өз елін сүйетін патриоты болуынан көрініс табады. Кейіпкеріміз Пәрімбек Әлішерұлы міне, сондай азаматтың асылы болды. Ардақты ел азаматы Пәрімбек Әлішерұлының жаны пейіште, иманы жолдас болсын деп дұға ете отырып, мақаламызды Гүлбасира Пәрімбекқызының әкесіне арнаған жыр-шумақтарымен тәмамдасақ:

Бүгін менің туған күні әкемнің,
Жүрегінде ұясы бар мақал менен мәтелдің,
Қайран әкем бірімізді қалдырмай
Өзің тұрған биігіңе әкелдің.
Татып тәңір тағдырыңның нәсібін,
Жетпіс бестің ашып алтын есігін,
Биігінен қарап тұрсың желбіреп
Елім, жұртым, ұрпағым деп елжіреп.

Сенің үлгі өнегеңмен марқайдым,
Ақ иықты қыранысың Алтайдың,
Ары таза, жаны таза кемеңгерАбызындай заманыңның қартайдың.

Бір қарасам ұқсатамын құлжасына арқардың,
Екпінің бар елестетер адуынын тұлпардың,
Жарып өтер кереңдердің жарғағын
Дауысыңда серпіні бар саңқылдаған сұңқардың.

Айбатың бар ала алмаған талайлар.
Кім болса да айтар сөзін абайлар.
Қайсарлығың арланындай қасқырдың,
Қамқорлығың қатар жүрер қарайлар.

Сендей әке бізде ғана бар екен.
Қайсар әкем,қайран әкем,нар әкем!Жақсы әке ұрпағының бағы екен.
Тағзым етіп өтер мәңгі тақ екен.

Әділ сөйлеп тура жүріп тік өткен.
Сіздей болсын бар азамат ел біткен.
Қабыл алғын құттықтауын қызыңның,
Жарып шыққан ақ ниетті жүректен.
Гүлбасира Пәрімбекқызы

Асыл әкем ақылың асқар еді,
Өзендей өсиетің дастан еді,
Даналығың дария таусылмайтын
Жүзіңнен нұр, жылулық шашқан еді.

Заты бөлек бір туатын ер едің,
Жаратқанға болған шығар керегің,
Жақсы адамның арғы бергі өмірі
Жақсы болып қаларына сенемін.

Көз алдымда күлімдеген бейнеңіз,
Жанымызда бір жүргендей күйдеміз,
Терең иіскеп басып алар мауқымды
Адал тері сіңіп қалған жейдеңіз.

Әкетайым сізді қатты сағындым,
Іздегенде жанға батар жалын мұң,
Мақтанамын әке сізбен мәңгілік!
Дәл осы сөз жұбанышы қайғымның.

Мәселенің қағып берер қазығын,
Елге сыйлы абыройлы абызым,
Айтушы едің ақиқатын адаспай
Дәміменен, нәріменен маңызын.

Бір Алла ғой жәннәттан жай сыйлайтын,
Елің қалды артыңда шын қимайтын,
Әкетайым бере алдың ұрпағыңа
Тәрбие тәліміңді таусылмайтын.

Пейіш болсын алдыңыз аңқып жұпар,
Болдыңыз жақсылыққа жаны құмар,
Хош, әкешім, аманат бір АллағаОл жақта ізгі амалың болсын сыңар.


Гүлбасира Пәрімбекқызы
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...