«Әділет» шаруа қожалығының басшысы
Адалдық – адамдықтың өлшемі
Ұлы Дала төсінде дүние есігін ашқан әрбір жанның тағдыры – тарихтың бір үзігі.
Сыдық Темірбектің ғұмыры да осындай сырлы да терең тағдырдың бір парағы.
![]()
Көктемгі көштің жүрекке жылу сыйлайтын шағында, Қарақұмның жұмбақ қойнауында, Нұра өзенінің бойында дүниеге келген бұл перзенттің маңдайына ерекше тағдыр жазылыпты. Батырлар жортуылға шыққан, көшпелілер киелі мекен еткен өңірде Сарғасқа Қалдан батырдың үйтамының түбінде дүниеге келген сәби өз заманында да, болашақта да рухы биік азамат болуға тиіс еді. Ата-анасы оған батыр бабасының құрметіне «Қалдан» деген есім берді. Алайда, тарихтың өз таразысы бар. Нағашылары оның құжатында «Темірбек» деп көрсетіп, Алаштың арда ұлы Темірбек Жүргеновтің жолын берсін деп ниет етті. Сөйтіп, бір адамның тағдырында екі есім қатар өрілді. Бірақ есім деген жай ғана атау емес. Ол адамның болмысын, рухын айқындайтын белгі іспеттес. Уақыт өте келе туған-туыстары да, достары да, әріптестері де оны «Қалдан» деп атады. Бұл атау оның өміріне берілген ерекше мөр сияқты еді. Қалдан деп атаған сайын, оның жүрегінде өткеннің үні жаңғырып, тарихтың күре тамыры соғып тұрғандай болатын.
![]()
Қалдан – батырлық пен парасаттың, қайсарлық пен адалдықтың, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған есім. Ол өз атына лайық өмір сүріп, халықтың қадірлі азаматы болды. Оның бойында Қарақұмның кеңдігі, Нұра өзенінің тыныштығы, көшпенді бабалардың қайтпас қайсарлығы бар еді. Ол қандай қиындыққа тап болса да, тағдырдың соқпағына қайыспай, өмір көшінде өз жолын таба білді. Темірбек Сыдықұлының өмір жолына қарасаң, оның әр басқан қадамынан сол аманаттың асқақ үнін естуге болады.
Әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері – Тарғанұлы Сыдық, нағыз еңбек адамы еді. Қандай да бір шаруа болсын, одан қашпайтын, екі сөйлемейтін, шыншыл, адал азамат болатын. Оның өмірлік ұстанымы – маңдай термен тапқан нанның қадірін білу, еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын ұрпағына ұқтыру. Осындай әкенің тәрбиесін көрген бала да қайсар, әділ, еңбекқор болып өсетіні сөзсіз.
Анасы – Оразбайқызы Қамқаш, киелі өнер қонған топырақтан шыққан асыл жан. Жыраулар мекені атанған Тұрмағанбет ауылынан шыққан Қамқаш ана – белгілі жырау Сүйінбай Ақбаевтың апасы. Ана сүтімен дарыған қасиет, өлең-жырға деген махаббат Темірбектің де табиғатына әсер етпей қоймады. Өнер мен сөз құдіретін бала жастан бойына сіңірген ол әрдайым ардың ісін адал атқаруға ұмтылды.
Темірбек бауырларын ерекше қадір тұтты. Өмірден өткен Айымкүл мен Камал – оның жүрегінде мәңгі сақталған аяулы бейнелер. Ал апасы Мәриямкүл туған ауылында адал еңбек етіп, зейнетке шыққан құрметті жан. Бүгінде Қызылорда қаласында ғұмыр кешіп жатқан апасы – Темірбек үшін отбасының берекесі мен өнегесінің символы іспеттес.
![]()
1960 жылы №29 мектептің табалдырығын аттаған кішкентай Темірбектің алдында ұзақ жол жатты. Ол төрт жыл бойы бастауыш білім алып, 1964 жылы жаңа белеске қадам басты. Дәл осы уақытта Қызылқұмның төсінде жаңа ауылдар бой көтеріп, қазақтың байырғы кәсібі – мал шаруашылығын дамыту мақсатында Қуаңдария, Жаңақала ауылдары құрылды. Ата-анасы жаңа жерге қоныс аударған соң, ол №186 мектепте оқуын жалғастырды.
Бала үшін мектепті ауыстыру – жаңа орта, жаңа ұстаздар, жаңа достар. Бірақ Темірбек үшін бұл қиындық емес, керісінше, өмірдің берген үлкен мүмкіндігі болды. «Мектепті жиі ауыстырғанымның пайдасы сол, үш ауылда да сыныптастарым, достарым көп болды», – дейді ол. Ел азаматының адамдармен тез тіл табысу қабілетін арттырып, өмірлік байланыстардың бағасын түсінуге сеп болды.
1968-1969 жылдары ол қайтадан №29 мектепке оралып, жоғары сыныпта білім алды. Ал 1970 жылы Жаңақала ауылындағы №185 мектепте онжылдық білімін тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Бірақ өмір мектебі мұнымен тоқтаған жоқ. Кейін 1985 жылы Қазалы ауыл шаруашылық техникумын «механик» мамандығымен аяқтады.
Темірбек Сыдықұлы үшін мектеп – тек білім ордасы емес, әр ауылдың, әр ұстаздың, әр достың жүрегінде қалдырған ізі. Ол өмірдің әр кезеңінде жаңа нәрсені үйреніп, жаңа ортаға бейімделе білді.
![]()
Өмір мектебі оны тек білімді ғана емес, адамдармен тіл табысатын, кез келген ортада сыйлы бола алатын азамат етіп қалыптастырды. Мектепті аяқтай сала, үлкен өмірдің есігін қаққан бозбала ештеңеден қаймыққан жоқ. Қызылқұмның қойнауындағы еңбек дүбіріне бірден араласты. Қуаңдария ауылында қойшылықтан бастаған жас жігіттің бойында туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік, адалдық пен жауапкершілік қалыптасты.
1971 жылы Темірбек Сыдықұлы үшін жаңа белес басталды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін 34020 әскери бөліміне (Ембі станциясы, Эмба-5 әскери қалашығы) аттанып, екі жыл бойы әскери тәртіптің қатал мектебінен өтті. Бұл жылдар оны жігерлендіріп, тәртіп пен табандылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Әскерден оралған соң да туған топырағын қиып кетпеді, қайта елге қызмет ету жолында еңбек майданына қайта қосылды.
1973 жылдан бастап, еңбек жолын жүргізуші болып жалғастырды. Қарапайым қызметтен бастап, автомеханик, машина-трактор
![]()
ауласының меңгерушісі, гараж меңгерушісі сияқты лауазымдарға көтерілді. Ол жұмысты тек күнкөріс көзі ретінде емес, елге тигізер пайдасы деп білді. Әрбір қозғалған техника, әрбір жөнделген машина – ауылдың, халықтың игілігіне қызмет етіп тұрғанын сезінді.
1994-1998 жылдары бас инженер қызметіне тағайындалды. Бұл – тек қызмет емес, бұл – сенім еді. Темірбек Сыдықұлына тапсырылған әр міндет оның адалдығы мен жауапкершілігінің белгісі. Қандай қызмет атқарса да, бар жан-тәнімен беріле жұмыс істеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – халық үшін ауыр кезең болды. Кеңес үкіметі ыдыраған соң, елді жұмыссыздық жайлап, бір кездегі көркейген ауылдар мен өндіріс орындары тоқырауға ұшырады. Бірақ Темірбек Сыдықұлы бұл қиындыққа мойымады. Ол қол қусырып қарап отырмай, туған ауылын тастап кетпей, «Қуаңдария» өндірістік кооперативінде еңбек етті. Кейін «ҚұмкөлТрансАзияКонстракшн» мекемесінде жұмыс жасап, ел экономикасының еңсе тіктеуіне өзіндік үлесін қосты.
![]()
2005 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Өз ісін дөңгелетіп, адал жолмен табыс табуды мақсат етті. 2017 жылы «Әділет» шаруа қожалығын құрып, ата-баба кәсібі – мал шаруашылығын дамытуға кірісті. Бұл тек кәсіп қана емес, ауылдың тіршілігін жандандыру, қазақтың ежелгі кәсібін қайта жаңғырту еді. Қанша жыл өтсе де, ол туған жеріне деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтқан емес. Қазір де өзі туып-өскен Қуаңдария ауылында өмір сүріп, еліне адал қызмет етуде. Ол үшін өмірдің ең үлкен бақыты – жанында адал жары, сүйікті балалары мен немерелері болуы. 1978 жылы Әлиасқарова Гүлсім Сарбалқызымен шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпақтары әр салада қызмет етіп, ата-анасының мақтанышына айналған.
Үлкен қызы Жайна білім мен ғылым жолын таңдады. Тарихтың тереңіне бойлап, археологияның сырын зерттеп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде аға оқытушы болып еңбек етуде. Оның өмірлік жары Нұрлан Тұрсынбаев – ел қорғаны, ҚР ІІМ «Ұлттық Ұланының» 5547 әскери бөлімінде абыройлы қызмет атқарып, құрметті зейнетке шыққан азамат.
![]()
Кіші қызы Айна – заң саласын меңгеріп, әділдіктің жаршысы болуды мақсат етті. Ол жұбайы Медет Мырзақұловпен бірге шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеп отыр. Бақыттың бастауы – отбасында, ал отбасы – ұлттың іргетасы. Айна мен Медеттің қара шаңырағы – сол іргетастың берік екенін дәлелдеп тұрғандай.
Ұл – әкенің ізбасары, шаңырақтың иесі. Темірбек Сыдықұлының үлкен ұлы Нұрбол – ата-анасының аманатын арқалап, туған ауылда қарашаңырақтың отын сөндірмей отыр. Ол жұбайы Жазира Дәуренбековамен бірге Қуаңдария ауылында тұрып, елдің игілігіне қызмет етуде. Нұрбол «Сибу-Кызылорда» мекемесінде еңбек етсе, Жазира – №186 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі. Бала тәрбиесі мен елге қызметті қатар алып жүрген олардың шаңырағы шаттыққа толы.
Ортаншы ұлы Ербол – өз ісін дөңгелеткен кәсіпкер. Еңбекқорлық – Темірбек Сыдықұлының қанымен берілген қасиет, ал Ербол сол қасиетті бойына сіңіріп, адал еңбектің жолын жалғауда.
![]()
Кенже ұлы Ернар – ел тыныштығы үшін қызмет ететін азамат. Ол Қызылорда облыстық «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінде полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Жұбайы Эльмира Райсовамен бірге бес баланы тәрбиелеп, елдің ертеңіне өз үлесін қосуда.
Темірбек Сыдықұлы мен Гүлсім Сарбалқызының өмір жолы – тек еңбектің емес, ұрпақ тәрбиесінің де үлгісі. Олар өз балаларына адалдық пен ар-намысты, еңбек пен отансүйгіштікті мұра етіп қалдырды. Бүгінде сол тәрбиенің жемісін көріп, немерелерінің шат күлкісіне шомылып отырған қос ақсақалдың өмірі – нағыз бақыттың көрінісі. Темірбек Сыдықұлының өмірі – еңбекпен өрілген, маңдай термен келген ғұмыр. Бірақ оның өмірінің ең үлкен жетістігі – артында қалған өшпес ізі, тәрбиелеген ұрпағы. Бүгінгі таңда сол ұрпақтың әрбірі өз жолын тауып, ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Егіз немерелері Әділет пен Ақниет – бір-біріне серік, өмірдің қос қанаты. Әділет Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін тәмамдап, әскери салаға қадам басты. Ақниет Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін аяқтап, Қызылорда қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етуде. Әділеттің ержүректігі мен Ақниеттің елгезектігі – атадан қалған қасиеттің айқын дәлелі.
Ләйлә – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті. Білімге деген құштарлығы,
![]()
ізденімпаздығы – ата-әжесінің үмітін ақтайтын жарқын жол. Ал Айқаракөз, Айбын, Айбегім, Айғаным мектеп табалдырығын аттап, білімнің үлкен жолына қадам басты. Бүлдіршіндер Аяла мен Айзере – ата-әжесінің көз қуанышы, болашақтың жас шырақтары.
Жиен немерелері де өнер мен білім жолында талмай еңбектенуде. Далида – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, бүгінде Қызылорда облыстық филармониясында халқына өнерімен қызмет етіп жүр. Оның әрбір әуезді әуені – ұлттың рухын көтеретін күмбірлі күй.
Аянат, Аятхан, Аягөз, Хантөребексұлтан, Абырой – мектеп оқушылары. Әрқайсысы өз арманын қуып, білім шыңына талпынуда. Аятхан – болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Гір тасын көтеру спорты бойынша аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпазы атанып, тек әулетінің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналуда.
Абырой – өнерге жақын бала. Қызылорда қаласындағы М.Қалауов атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбының оқушысы. Домбыраның қоңыр үнімен қазақтың рухын асқақтатып, бабалар аманатын жалғап жүр.
Ал кішкентай бүлдіршіндер Дүрия, Сәния, Ясина – балабақшада балдай тәтті шақтарын өткізіп, әлемнің әсемдігін танып-біліп жүр. Олардың әрбір қадамы – ата-әжесінің жүрегіндегі қуаныштың себебі.
![]()
Темірбек Сыдықұлы – ауылдағы №186 мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы, олардың болашағының жарқын болуы – оның жүрек түкпіріндегі үлкен мақсаты. Әр бала – бір үміт, әр шәкірт – бір тағдыр. Олардың білімге деген құштарлығын ояту, дұрыс бағыт беру – үлкендердің міндеті. Сол міндетті Темірбек Сыдықұлы зор жауапкершілікпен атқарып келеді.
Қуаңдария ауылының медиаторы ретінде де ол ел арасындағы татулық пен бірліктің сақталуына атсалысуда. Өмірдің өзі – түрлі сынақ, ал адам сабыр мен ақылға жүгінгенде ғана биіктейді. Даудың арты жақсылыққа ұласуы үшін төрелікті әділ айту, ақылмен шешім шығару – даналықтың белгісі. Темірбек Сыдықұлы бұл қызметті үлкен өмірлік тәжірибесімен, көрген-білгенімен атқарып, ауылдастарының құрметіне бөленуде.
Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі
![]()
ретінде де ол қоғамның дамуына, ауыл мен ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Ардагер – тек өткеннің куәсі ғана емес, болашақтың бағыт берер шамшырағы. Темірбек Сыдықұлының қоғам алдындағы белсенділігі, жастарға ақыл-кеңес беруі – оның ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінетінінің дәлелі.
Еңбегі еленген жанның жүріп өткен жолы әрдайым құрметке лайық. Ауыл, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталуы – ел үшін атқарған қызметінің айғағы. Бірақ оның ең үлкен марапаты – елінің амандығы, ауылдастарының ықыласы, ұрпағының биік белестерді бағындыруы.
Адам өмірі – мағына мен мұратқа толы ұзақ жол. Бұл жолда әркімнің өз қағидасы, өз ұстанымы бар. Біреу байлықты басты мақсат санаса, біреу даңқ пен атаққа ұмтылады. Ал Темірбек Сыдықұлы үшін өмірдің ең басты қағидасы – адалдық. Өзінің сөзімен айтсақ: «Өзіңе де, өзгеге де адал болу – өмірдің басты қағидасы». Бұл қағида оның әр ісінен, жүріп өткен жолынан, айналасына сыйлы болуынан көрініс табады.
![]()
Туған жердің киесі мен қасиетін терең сезінген Темірбек Сыдықұлы жасынан еңбекке араласып, адалдық пен маңдай тердің қадірін білді. Қуаңдарияның қойнауында еңбек майданына араласқан бозбала уақыт өте келе елдің сеніміне ие болып, ауыл-аймағына тірек болды. Қарапайым қойшылықтан бастап, бас инженерлікке дейінгі еңбек жолы – оның қажыр-қайратының, төзімділігі мен адалдығының айқын көрінісі. Қандай қызметте болса да, ол әділдік пен тазалықты ту етті, халқының игілігі үшін тер төкті.
Бүгінде Темірбек Сыдықұлы ауылдастарына ақылшы, ағайын-туысына қамқор, дос-жарандарына қадірлі азамат. Оның әр сөзі – өмірден түйген шындығы, әр ісі – кейінгіге үлгі болар өнегесі. Еліне елеулі азаматтың жүрек түкпірінен шыққан мына бір сөзі көп нәрсені аңғартады:
![]()
«Өзімнің өмірлік және еңбек жолымда кездескен әрбір жанды қадірлеймін, осы топырақта өсіп-өніп, туған жеріме қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Жаратқанның пешенеме осындай тағдыр жазғанына, ұрпақ сүйгізіп, саналы да сапалы ғұмыр бергеніне ризамын». Бұл – қарапайым сөздер ғана емес, тағылымы мол өмірдің тұжырымдалған мәні. Адам бақытты болу үшін дүние-мүлік емес, жүрек тыныштығы, ұрпақтың амандығы, елдің бірлігі керек. Шын мәнінде, Темірбек Сыдықұлы өз өмірінде осы құндылықтарды бірінші орынға қойды.
Бүгінгі таңда ол ұрпақ тәрбиесіне, олардың сапалы білім алып, елге пайдасы тиетін азамат болып өсуіне ерекше мән береді. «Болашақ білімдінің қолында. Жастардың жан-жақты білім алып, өз кәсібінің нағыз шебері болғанын қалаймын» деген сөзі – оның болашаққа деген үміті, елге деген шексіз махаббаты.
Адалдық – адамдықтың ең биік өлшемі. Өмірден көргені көп, көңілге түйгені мол Темірбек Сыдықұлы осы қағиданы берік ұстанып, артына өшпес із қалдырып келеді. Оның еңбекпен өрілген жолы, елге деген қызметі, өмірге деген риясыз ризашылығы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Туған жердің топырағына терін төгіп, өз ортасына қадірлі бола білу – нағыз азаматтық. Бұл – Темірбек Сыдықұлының ғұмырлық ұстанымы.