Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдары және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50, 60, 65 жыл», «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарының иегері
Өмірі өнегелі өр тұлға
Имашев Оңғарбай – өсіп-өнген, үлкен, киелі шаңырақтың иесі. Жұбайы Марфуғамен ұрпақ өрбітіп, бүгінде құт қонған шаңырағынан бірнеше отбасы басын құрап, өз түтіндерін түтетіп отыр. Оңғарбай ақсақал өмірінің көбін Үшсарт ауылында тұрып, Кеңес одағы заманында мал шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосқан, көпшіліктің қошеметіне айналған құрметті азамат болды. Өз жұмысын адал атқарып, еңбегінің зейнетін көрді. Еңбегі еленіп, көптің құрметіне ие болды. Өте қайсар, мінезі тік, кішіпейіл де әділ, тілі өткір, жастарға көп үлгі көрсеткен азамат. Жұбайы екеуі – мұсылманның бес парызын орындап, күнделікті бес уақыт намаздарын қаза қылмаған, отыз күн оразаларын ұстап, құрбандықтарын шалып, үлкен қажылық Меккеге барып келген абзал жандар.
![]()
Имашев Оңғарбай Қарағанды облысының Нұра ауданы Кеңжарық ауылында 1933 жылы шілде айының 6 жұлдызында дүниеге келген. Әкесі Имаш (азан шақырып қойған есімі Ибадулла екен, бірақ бұл есім аталмаған соң мүлдем ұмытылып кеткен) Смайыл баласы, анасы Рамила Түсіпқызы қарапайым ауыл адамдары болған. Жұбайы екеуі де қарапайым еңбек адамдары болса да, мағыналы да мәнді өмір сүрген жандар. Олардың өмірлерінде жасаған игі істері ел аузында, жақын жекжат-жұраттардың арасында үнемі айтылып та жүр.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 7-8 жасар бала болған Оңғарбай Имашевтің мектеп қабырғасындағы кезі, одан кейінгі бозбалалық өмірі сол кездегі барлық Кеңес дәуірінің адамдары тәріздес өткен. Олардың ержеткен шақтары елімізде соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтірумен тұспа-тұс келгендіктен, өте ерте ауыр, қолмен істейтін жұмыс болған.
![]()
Алғаш рет мектеп табалдырығын ата-анасы тұрған Кеңжарықта мектеп болмағандықтан, Сатыбалды атасы мен Ақжан әжесінің қолында Үшсарт ауылында аттайды. Әліпбиді Құрмансейіт мұғалімінен таниды. Кейін 3 сыныптан бастап басқа мектепке ауысады.
Еңбекке жараған кезінен-ақ қайнаған қызу ауыр еңбектің қалың ортасында жүрді. Өз саласының озаты болып қана қоймай, кішігірім қолөнермен де айналысқан. Ат әбзелдерін өзі өріп, тұрмысқа қажетті оны-мұны өз қолымен жасайтын болған. Өзі жасап қана қоймай, білгенін ниет білдіргендерге үйретіп, көрсетіп отырған. Бертін келе қызыққан немерелеріне де қамшы өрудің жолдарын айтып отырады. Қазір әр баласының үйінде әкелері өрген бір-бір қамшы ілулі тұрады.
Оңғарбай Имашев өзінің еңбек жолын Қарағанды облысы Нұра ауданының Жараспай ауылында бастады. Еңбек етіп жүрген кезде Кеңес әскері қатарына шақырылып, әскери борышын 1954-1955 жылдары Мәскеу қаласынан 160 шақырымдай жерде орналасқан Тула елді мекеніне таяу жердегі №55088 әскери бөлімінде атқарды.
Оңғарбай Имашев қазақ ауылдарына жаңалық болып енген «темір тұлпар» тракторлардың тізгінін бірінші
![]()
болып ұстағандардың бірі болған. Кейін елуінші жылдардың соңына қарай Целиноград облысы Қорғалжын ауданы Қорғалжын совхозының Үшсарт бөлімшесіне көшіп келіп, механизаторлықты тастап, мал шаруашылығына ауысады. Осы ауылда 30 жылдан астам уақыт өмір сүріп, еңбек етеді.
Асқар тау әкесі Имаш небәрі 49 жасында қайтыс болғандықтан, өзінен кейінгі іні-қарындастарын жеткізу міндетін алып, іні-қарындастарына жұбайы екеуі әке орнына әке бола білді. Бұған қоса өздері де тамыр жайып, ұрпақ тәрбиесін қоса сүйреп, он шақты бала өсіріп, тәрбиелеп, білім алуға септігін тигізеді.
Кеңес дәуірінде Оңғарбай Имашев пен жұбайының ерен еңбектері ескерусіз қалмады. Кейіпкеріміз КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес 1956 жылдың 20 қазанында «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. 1967 жылы 18 қаңтарда Қазақстан коммунистік партиясының Целиноград облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық атқару комитеті Кеңесінің қаулысымен «Облыстың үздік малшысы»
![]()
құрметті атағы берілді. 1970 жылы 23 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының атынан ерен еңбегі үшін «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 1967-1968 жылдары облыстық газеттің тілшісі Есіркеп Тәжиннің Оңғарбай Имашев туралы «Әке көрген оқ жонар» мақаласы жарияланды. 1973 жылдың 24 тамызында КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Бас комитетінің №295 қаулысымен Күміс медальмен (№6624 куәлік) марапатталды. 1984 жылдың 27 желтоқсанында ұзақ әрі мінсіз еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Целиноград облыстық халық депутаттары Кеңесінің атқарушы комитетінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұған қоса «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медальдарымен және 2004 жылы 31 тамыздағы
![]()
Жарлық бойынша «Тыңға 50 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Ел егемендік алған жылдар ардақты азаматтың құрметті зейнет демалысына шығуымен тұспа-тұс келді. 1994 жылы жұбайы екеуі балаларының ұсынысына қарсы келмей, облыс орталығына қоныс аударуға шешім қабылдап, сол жылдың күз айында қазіргі Астана қаласына қоныс аударды.
Рамила ана мен Имаш әкенің тұңғыш қыздары шетінеп кеткен. Ол кезде баланың шетінеуі көп болған көрінеді. Кейіннен Алланың қалауымен дүниеге перзенті Оңғарбай келеді. Перзентіне көп көңіл бөлген ата-анасы, еңбектен де аяғын алыс алмаған. Жұмысқа кетер уақытында бала Оңғарбайды бесікке салып, қарны ашып,
![]()
жылап қалмасын деп, жал-жаяны, етті байлап кетіп, оны «емізік» ретінде пайдаланып, солай амалдаған. Мінекей осы арқылы «ананың көңілі – балада» болатынын аңғаруымызға болады.
Әжесі Үкей бала Оңғарбайды мектеп табалдырығын аттайтын уақытқа дейін арқасынан түсірмей, мәпелеп өсірген. Сол бір заманның жоқшылық уақытында Үкей ана жоқтан бар жасап, қолының ісмерлігі арқылы ауыл-елге киім тіккен екен. Кейіпкерімізге қыз баланың көйлегін кигізіп, құлағын да тестіргендіктен, ауыл-аймақ оның ұл бала екенін білмеді. Тіпті «Осы қызды неменеге арқалап жүресің, сені жұмаққа апарады ма?!» дейтін көрінеді. Күндердің бір күні әдеттегідей Оңғарбайды арқалағалы жатқан сәтінде құлатып алады. Көйлегі көтеріліп қалса керек, жанында тұрған әйелдер де «Өй, бұны қыз деп жүрсек, ұл бала екен ғой, онда Үкей, көтер, көтер!» депті. Бұл кейіпкеріміздің бала күніндегі бір үзік сыры.
![]()
«Негізіне келгенде баланың үлкені болған соң әке жайлы бәрінен мен көбірек білуге тиісті тәріздімін. Әкем – табиғатынан тұйық, артық әңгіме түгілі үй шаруашылығының өзін олай болсын, былай болсын деп талқылап отырмайтын адам. Дегенмен, менің пайымдауымша ол отыздан аса бастаған жасында ел аузына ілігіп, айтулы, сыйлы, қатар құрбы-құрдастары санасатын азамат болды. Әкейді мұндай дәрежеге жеткізген нәрсенің бірі – «Желбегей» атты бәйге торысы деп ойлаймын. Алпысыншы жылдардың орта тұсы болу керек, Үшсарттың малшыларына қосымша ат-көлік ретінде жылқыдан матастырып, 10-15 құнан әкеліп, сырмаға тізіп тастады. Сол күні әкей жолаушылап кеткен болатын. Әкей келгенше қалған малшылар әлгі құнандарды ту-талапай таратып алды. Әкей келгенде ең асау сүліктей ешкі, бас торы құнан ғана қалыпты. Сырт пішініне қызыққанмен, ешкім маңына жолай алмай қойған ғой. Атты жүген-құрыққа көндіру оңай тірлік емес. Жануар әкейді біршама әуре-сарсаңға салса керек, мініп-түсердің
![]()
өзінде атағашқа байлап, мініп-түсіп жүрді. Сол жылдың жазында ірілі-ұсақты бәйгеге қосқанмен, айтулы бәйге аттарынан оза алмай жүрді. Дегенмен Төсқияқта асар жасап, зират қоршап жатқандарға көмекке бара жатып, жолай кездескен киікті қойша қайырып, көпшіліктің көзінше соғып алады. Содан кейін-ақ Оңғарбай мен торы ел аузынан түспейтін болды. Сол жылдары жұрт жаппай ат жаратып, малшылар слетінде әр ауылдың атынан бәйгеге ат қосатын. Әкеге деген ризашылығым ұшан-теңіз. Маған одан әділ, одан қайырымды, одан мейірімді, одан батыл, одан күшті ешкім жоқтай көрінді.
Атты баптау, суыту, таң асыру, терін үгу, майын ыдырату шарттарын қатаң сақтап, алты ай бойы торыны баладай әлпештейді. Осы күні сараптап отырсам, әкей адал еңбегінің арқасында жаратылысқа жасаған қамқорлығының қарымтасы ретінде сый-сыяпатқа ие болды», – деп еске алады баласы Болат Имашев.
![]()
«Ойлап қарасам, жас күнімнен бастап осы жасқа келгенше ағатайым маған қамқоршы болып жүріпті. Біз – Имаш әкемнің жанұясы – Қарағанды облысы Нұра ауданының Кеңжарық ауылының №5 бөлімшесінде тұрдық. Әкем мені оқытамын деп, 4 сыныптан бастап Кеңжарықтағы Иманбай есімді нағашы атамның үйіне жіберді. Айтайын дегенім, ағатайым сонда 7 сыныпта оқып жүрген. Бөлімшедегі 6-7 оқушыны қысқы каникулда екі шанаға өгіз жегіп тасымалдайды. Орталық (Кеңжарық ауылы) біз тұрған елді мекеннен 35-40 шақырымдай жер болатын. Бірде мен артқы шанада отырғанмын, бізді тұлыппен (жағасы биік ұзын тон) тұмшалап, құндақтаған бала секілді орап тастайтын. Ол жылдары Сарыарқада қыс қатты болады. Бір уақытта біздің шанаға жегілген ат келе жатқан қысқы жолдан шығып, шөп таситын жолға түсіп кетті. Күн болса аяз, аздаған уақыттың ішінде аяқ-қолыңды үсік шалуы әбден мүмкін. Өгізді айдап отырған кісіге әл бермей, сол жолға алып қашты. Сонда алдыңғы шанада кетіп бара жатқан ағатайым шанадан түсе салып, омпы қарға
![]()
қарамастан, 3-4 шақырым жердегі өгіздің алдынан шығып, қиқарланған өгіздің ауыздығымен алысып, кері бұрып, әрең дегенде дұрыс жолға түсірді. Егер менің ағатайым болмаса, шанадағы барлық бала намыт бола ма кім білсін, өгіз шананың қайда қалары белгісіз еді. Бәрімізге қамқоршы бола білген ағатайымның осы ерлігін айтып, құрбыларыма мақтанатынмын. Ағатайым жасынан аттың құлағында ойнады. Аттың үстінде тікеден тік тұрып шапқанда, әкемнің анасы – Үкей әжеміз зәресі ұшып: «Құлыным-ау, осылай істемеші», – деп жалынатын. Мен «ағатайым аттың үстінде жүретін цирк маманы болады» дейтінмін.
Ағатайымның қамқорлығының арқасында екі інім, екі сіңлім жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандық иелері атанды. Әрқайсымыз үлкенді-кішілі қызметтерде істедік. Енді міне, бәріміз де зейнет жасына жетіп отырған жайымыз бар. Мен ағатайымнан үй шаруасын ұйымдастырудағы, бала тәрбиесіндегі іс-әрекеттерін бойыма дарытуға тырысып келемін. Кезінде бар болды, жоқ болды. Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жаттық. Осындай сәттердің өзінде біздің көзімізше ашу шақырып, екеуара түз шайысқаны есімде жоқ. Жеңгеміздің ұсынысы ағамыз үшін басшылыққа алынатын шаралар болып табылады. Кейін ислам дінінің ауылдағы көшбастаушыларының бірі болып, жерлестерін сәждеге бастарын тигізуге ұйытқы болғандардың бірі болды. Біздің әулетіміздің қатарында алғаш рет
![]()
мұсылмандықтың бес парызының бірі – үлкен қажылыққа барып келді. Кейін жеңгеміз Марфуғаны да жіберді», – деп еске алады Шарапат Имашова.
«...Біз ағайынды алтаумыз, мен – Имаш әкем мен Рамила анамның бесінші құрсағымын. 1951 жылдың 12 маусымында дүниеге келіппін. Анамның айтуынша есімімді Иманбай нағашым «Пайғамбардың қызының атымен аттас Шаһарбану қоямын» деп, осы есімді азан шақырып, құлағыма айқайласа керек. Сол жылдары дүниеге келген сәбиге құжат алу үшін ауылдан совхоз орталығына қатынаған адамдарға «ала келші» деп тапсырады екен. Әрине, аты-жөнін «осылай деп ал» ауызша айта салады. Менің анам да жұрт қатарлы Иманәлі ақсақалға тапсырады. Ол кісі совхоз орталығына барғанша анамның айтқан есімін ұмытып қалып, менің туу туралы куәлігіме Смайылова Жақсыбала деп жаздырып алып келіпті. Бұған ешкім мән бермеген, менің өзім орта мектепті бітіретін жылы бір-ақ білдім, бірақ ес білгенде үйдің іші мені Шарбан, Шакар деп атайды, сондықтан мектеп қабырғасында дәптерімнің сыртына Имашева Шарбан деп толтырып жүрдім.
Тағдыр Имаш әкемізге ғұмырды қысқа берді. Бар болғаны 49 жасында (1956 жылы) алтаумызды қалдырып,
![]()
о дүниеге кете барды. Мен ол кезде бар болғаны тұлымы желбіреген бес жасар жеткіншек едім. Күні бүгінге дейін әкемнің түр-түсін, бет-бейнесін есіме түсіре алмаймын. Содан біз аға мен жеңгенің қарамағында қала бердік. Тағдырға өкпем жоқ, аға-жеңгенің арқасында әкеміздің жоқ екенін еш сезбедім. Ешнәрсеге мұқтаж болмай өстім. Ағатайым үнемі малда сыртта жүргендіктен болар, мен ағатайымнан гөрі тәтеме жақын жүріп өстім. Тәтем үнемі айтып отырады: – «Шика, сен өте қорқақ болғансың. Жас кезіңде түнде киген шалбардың екі балағын таңертең ұстауға қорқатынсың». Жайлаудан қыстауға көшерде арбаға мінбей қорқып бақырып жылайды екенмін. Бойжеттім, есейдім. Қалаған мамандығымды алып, қызмет істедім. Қазақтың салт-дәстүрімен ағатайым мен тәтем ұзатты. Әкенің жоқтығын сездіргілері келмеген шығар ұзатқанда жасауымды төрт-құбыласы түгел қыздардан артық болмаса, кем емес етіп берді», – дейді Шарбан Имашева.
«Мен күздің қара дауылы жиі соғып тұратын қазан айының 15 күні
![]()
Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Жараспай елді мекенінде әкем Имаш Смайылұлы мен анам Рамила Түсіпқызының отбасында алты ағайындының ең кенжесі – Кенжекей атты есіммен дүниеге келіппін. Әкем Имаш мен туылған соң бір-екі сағаттан кейін тұңғыш келіні Марфуғаға: «Балам, саған отыншы-сушы болады. Сенің қызың болсын. Құдай алдында сұрауы жоқ», – деп етегіне салып беріпті. Бірақ тағдыр оған ұзақ ғұмыр жазбапты. 1956 жылы 49 жасында дүниеден озыпты. Шаңырақтың үлкені, ағатайым мен туған 1954 жылы әскер қатарында екен. Өмірде «әке» деген сөзден бейхабар өстім. Өз қолым өз аузыма жеткенше ағатайымды әкем екен деп жүрдім. Өзімнен үлкендердің айтуымен «ағатай» деп атайтын шығармын деп ойлайтынмын. Сондықтан мен үшін «әке» деген ұғым «ағатайыммен» қабысып жатады. Алдағы ана, аға-әпкелеріммен бірге аға-жеңге тәрбиесін көріп өстім. Бірақ мен басқалардай емес, өзімді ағам Оңғарбай мен жеңгем Марфуғаның тұңғыш баласындай болғандықтан, әкемнің жоқтығын мүлдем сезінген жоқпын. Менің жадымда әкем Имаш туралы түсінігім жоқ, Оңғарбай ағатайымды түрімен де, келбетімен де, шымыр денесімен де, тиянақты да ұқыпты мінезімен де әкем деп қабылдаймын. Әкемдей болған ағатайым өмір бойы мал шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етті. Тәтем еңбекқор сауыншы болды. Ағатайым мен тәтем жазда Нұра өзенінің жағасына жайлауға шығады. Мен өзіммен тете өскен олардың тұңғыш ұлдары Болатпен Нұра өзенінің суын шолпылдатып, сүңгіп бірге өстік. Жұмыстарынан қолдары босағанда ағатайым мен тәтем де суға келеді. Олар жарыса жүзіп, өзеннің арғы жағалауына дейін барып, бізге «сүйрік» қоға әкеліп береді. Болат екеуміз таласып қалсақ, ағатайым (әкем) бірінші маған ұстататын», – дейді Кенже Имашева.
![]()
«...Тағдыр тауқыметіне туа біткен тектілік пен қайсарлықты қарсы қойып, жігеріңізді ұштап, өмірдегі өз соқпағыңызды өзіңіз салдыңыз. Біз сіздің ерекше еңбекқорлығыңызға, адалдығыңыз бен парасаттылығыңызға тәнті болып өстік. Сіздің қарапайымдылығыңыз, кішіпейілділігіңіз, адамдарға деген ілтипаттылығыңыз қашанда біздер үшін үлгі тұтар үлкен мектеп болып қалады. Біз сізді мәуелі бәйтеректей үлкен әулеттің тұтқасы, ардақты әке, ұлағатты ата ретінде танимыз. Сіздер апам Марфуға Боранбекқызы екеуіңіз Болат, Марат, Самат, Салтанат, Сағадат, Айгүл, Құралай, Камшат атты балаларыңызға жан-жақты білім беріп, ұлағатты тәрбиені бойларына сіңіре білдіңіздер. Бұл күнде ұлдарыңызды ұяға, қыздарыңызды қияға қондырған, олардан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әжесіздер. Алда да апам екеулеріңіз ұзақ ғұмыр жасап, бала-шағаларыңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көруге Аллам нәсіп етсін», – дейді Боранбек немересі Ильяс Балташұлы.
«Әкем Оңғарбай, анам Марфуға мен дүниеге келген
![]()
күннен бастап мені инабатты, өнегелі, ақылды, білімді, бауырмал болуға және «өмірде қандай қиындық болса да төзе білуге дайын бол» деп тәрбиеледі. Әкем мен анамның ең үлкен арманы балалары жоғарғы білім алса, өмірде өз жолдарын тауып, яғни нанымызды күрекпен емес, қалам ұстап, кеңседе тауып жесе дейтін. Әкем мен анамның ең үлкен армандары орындалды, тек өздері дүниеге әкелген балаларын оқытып қоймай, оған қоса әкемнің артынан ерген іні-қарындастарына, одан кейін келіндеріне білім алуға көп көмектерін аянған жоқ. Әкем мен анам өкінішке орай өздері білім алмай, өмірлерінің бәрі тек ауыртпалық пен қиындыққа тола болды, тек зейнеткер болғаннан кейін дем алған шығар!? Менің бала кезімдегі арманым дәрігер болу болған. Ондағы мақсатым – ешбір туысқаным ауырмасын дегенім. Ал егер ауыра қалса, өзім емдеп жазып шығамын деп ойладым. Сол арманмен 1982 жылы Целиноград қаласына Медицина институтына талапкер болып келдім. Мен қабылдау емтиханын тапсыратын кезде, анам Марфуға тосыннан қатты сырқаттанып, қалаға дәрігерлік тексеруге алып кетті. Ауылдағы үйде тек кіші сіңлілерім мен інім
![]()
ғана қалды. Мал, құс, бастан асып жатқан шауашылық менің оқуға деген ынтамды су сепкендей басты. Бірінші емтиханды дұрыс тапсырмай, құжаттарымды қайтарып алып, анама ауруханаға барып: «Сен уайымдама, дұрыс еміңді ал, мен ауылға үйге барам», – деп ауруханаға барсам, анамды да ауруханадан шығарыпты. Сөйтіп анам екеуміз ауылға бардық. Бір жыл ауылда еңбекке араласып, 1983 жылы Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының дайындық курсынан бастап, 1988 жылы экономист мамандығын алып, жоғары білім ордасын тәмамдадым. Еңбек жолымды Целиноград облысының облыстық статистика басқармасында экономист болып бастадым. Алған білімнің арқасында қызмет сатысымен көтеріле отырып, 1998 жылы Қазақстанның астанасы Ақмола қаласына көшірілгеннен кейін, Республикалық статистика агенттігі өкілдігінің басшысы болып тағайындалдым. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін, Астана қаласын салуға үлесімді қостым. Ата-анамның шапағатымен 1996 жылы Америка Құрама Штатына 45 күндік тәжірибе алмасу курсына барып, татпаған дәмді татып, көрмеген жерді көріп келдім», – дейді өз естелігінде Сағадат Имашева.
«...Негізінен біздің жанұяда менен басқа ғылым жолына түскен адам жоқ. Мұны айтып отырған себебім, ғылыми
![]()
мақалаларды баспаға тапсырған кезде менің фамилиям ешкімге беймәлім. Осындай адами факторлар ғылыми жұмыс жазу барысында маған көбірек кедергі болды. Мақала авторына көз жүгірткен кезде бұрын көкесі, тәтесі немесе ата-анасы ғылыммен айналысқандардың аты-жөндері танымал болғандықтан, жұмыстары тезірек жарық көріп жататын кездер жиірек кездескені бар. Сонымен 2009 жылы наурыздың 14 жұлдызында «Ауылшаруашылық өндірісінің дамуын болжау әдістемесін жетілдіру жолдары (Ақмола облысы мысалында)» тақырыбына жазылған диссертацияны қорғап, сол жылдың қазан айында дипломымды қолыма алдым. Диссертацияның мұқабасына «Әкеме арналады» деп жазып қойғым келгенмен, жұмысты безендіру шарттарының аясынан шықпау керек болды. Дипломды алған күні қуанышымды бірінші ата-анаммен бөлісейін деген оймен әкемнің үйіне келдім. Әкемнің қолына дипломымды ұстаттым. Мен де еңбегімнің жемісін көргендегі қуаныштың әсерінен әкеме: «Әке, менен басқа қай балаң сенің есіміңді бір құжатта үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жаздырды?», – деп қоямын. Әкем қуанғанда жымың-жымың ететін әдетімен анама қарап: «Әй, әкел. Өткендегі қайда?», – деді. Анам өздерінің жатын бөлмесінен қомақты сумка көтеріп
![]()
шықты. Сөйтсем, қыста үйге келіп жүрген күндердің бірінде: «Жұмыс орнымыз суық...», – дегенім әкемнің жадында қалса керек, егде тартқан шағына қарамастан өзі базарға барып, маған ангордың жүнінен тоқылған тобыққа дейін түсетін сырт киім сатып әкеліп, дайындап қойыпты. Бұдан бірнеше уақыт бұрын тура осындай тосын сыйды анама сыйлаған болатын», – дейді қызы Имашева Айгүл.
Бүгінгі күні ұрпағының қызығын көріп отырған Оңғарбай Имашұлы әулеттің баталы ақсақалы, ауыл-аймағының, туған-туыстың ақылшысы. Өнегелі тәрбиесін өсіп келе жатқан ұрпақтарына дарытып отырған ақсақалға ұзақ ғұмыр тілеп, өзінің үлгілі жолы көпке өнеге болсын дейміз!