Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері
Еңбегімен елге танылған
Қазақ халқының тарихында тағдыры елмен астасып жатқан, еңбекпен өрілген өнегелі өмірлер көп. Сондай тағдырлардың бірі – Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданының Жамбыл ауылында 1931 жылы дүниеге келген Сәрсенов Естай.
Қарапайым шаруа отбасында туып-өскен Естайдың балалық шағы еліміз үшін ең ауыр кезең – Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Жас Естайдың жастық шағы майдан мен тылдың қос тауқыметін қатар көріп, ауыл шаруашылығы жұмысына ерте араласуымен ерекшеленеді. Әлі мектеп қабырғасында жүрген бала Естай 10 жасынан бастап жер жыртып, масақ теріп, егінге көмектесіп, тылдағы еңбек майданына араласты.
![]()
Әкесі Сәрсен – ауыл арасында еңбекқорлығымен, адами болмысымен сыйлы жан болған. Ал анасы Нукипа – мейірімді де сабырлы жан, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, қиын кезеңдерде шаңырақты шайқалтпай ұстаған бәйтерек еді. Бірақ өмірдің ауыр сынағы ерте келді – 1948 жылы әкесі өмірден өтті. Бұл оқиға Естай үшін үлкен соққы болды. Бірақ ол мойыған жоқ. Керісінше, жас жігіт өз отбасының тірегіне айналып, бауырларына қамқор, анасына сүйеу бола білді.
1951–1954 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын өтеп, азаматтық міндетін абыроймен атқарып қайтты. Әскерден оралған соң туған ауылы Жамбылға келіп, «Правда» атындағы кеңшарға жұмысқа орналасты. Бұл кеңшар – ауыл шаруашылығының жүрегі, ел тұрмысының күретамыры болатын. Естай сол жерден өз өмір жолының жаңа белесін бастады. Еңбексүйгіштігімен, жауапкершілігімен көпке үлгі болды.
Естай Сәрсеновтің өмірі – қарапайымдылық пен қажырлы еңбектің, туған жерге деген адалдықтың үлгісі. Ол – тағдыр салған ауыртпалықтарға қарсы тұра білген, рухы мықты азамат. 1954 жылы еңбек жолын осы кеңшарда бастаған Естай ағамыз өмірінің 38 жылын бір ғана ұжымда еңбек етуге арнады. Ол үшін жұмыс тек табыс көзі емес, үлкен жауапкершілік, адамдықтың өлшемі еді. Еңбектегі табандылығы, адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оның қарапайым жұмысшыдан жауапты басшылық лауазымдарға дейін көтерілуіне себеп болды. Жан-тәнімен істеген ісінің қай-қайсысы да табысты аяқталып, ол еңбек ұжымында үлкен беделге ие болды.
Ұжымдастары оны ерекше сыйлайтын. Себебі Естай ағаның бойында асқақ еңбек мәдениетімен қатар, адамгершілік пен әділеттілік, әріптесіне жанашырлық, жастарға жол көрсететін ақылгөйлік бар еді. Ол бір өзі ғана емес, қасындағыларды да жетелей білді. Кеңшардағы талай бастама, жетістік, табыс оның есімімен байланысты.
Халықтың сенімін арқалаған азамат ретінде ол бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қарапайым ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын жоғары мінберде жеткізді. Елдің аманатын абыроймен атқарды, сөзі мен ісі бір жерден шыққан азамат бола білді.
Алайда Естай ағамыздың өмірлік жеңісі тек кәсіби салада емес. Ол – отбасының тірегі, ұл-қыздарының мақтанышы, ұрпағына өнеге бола білген әке. Жары Мақпал екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді. Балалары ата-ана үмітін ақтап, әрқайсысы өз саласында беделді, білімді азамат атанды. Бірі – профессор, бірі – жоғары дәрежелі дәрігер, енді бірі – инженер, ұстаз болып, қоғамға қызмет етуде. Бұл – отбасындағы дұрыс тәлім мен әкенің адами келбетінің жемісі.
3 немересі мен 8 жиені – оның өмірінің жалғасы, тәрбиесінің айғағы. Естай Сәрсеновтің өмір жолы – маңдай термен жазылған, еңбекпен өрілген шежіре. Ол – қазақтың нағыз еңбек адамының, адал азаматтың, үлгілі отбасы иесінің жарқын бейнесі.
Сәрсенов Естайдың еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 1971 жылы оған «Еңбек Қызыл Ту» ордені табысталды – бұл марапат тек аянбай еңбек еткен жандарға ғана бұйыратын жоғары құрмет еді. Сонымен қатар, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) бірнеше мәрте қатысып, алтын, күміс, қола медальдардың иегері атанды. Бұл марапаттар – тек жеке еңбек емес, тұтас ауыл, тұтас ұжымның маңдай терін паш еткен, ел мәртебесін көтерген жетістіктер.
Жеңістің 60 және 65 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталуы – оның бейбіт өмірді сақтау жолындағы еңбегінің жалғасы іспетті. Бұдан бөлек, алғыс хаттар, құрмет грамоталары, ақшалай және заттай сыйлықтар, Құрмет тақтасына ену секілді көптеген марапаттар – Естай атамыздың өмір жолының айқын көрінісі, еңбектің әділ бағасы.
Бірақ, Естай Сәрсенов үшін ең үлкен марапат – халқының алғысы, ұрпағының құрметі болды. Ол бар өмірін ұлтына, туған топырағына, ауылына арнады. Өзі жүріп өткен жол – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, еңбекке адалдықтың нақты мысалы.
2015 жылдың 29 сәуірінде Естай Сәрсенов өмірден өтті. Алайда оның артында қалдырған мол мұрасы – ұрпағына сіңірген тәрбиесі, еліне сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес.
Бүгінде ол – жүректерде өмір сүріп келе жатқан ардақты есім. Адал еңбегімен ел есінде қалған Естай Сәрсенов – шын мәнінде, еңбек майданының қаһарманы.
Әкесіне арнап жүрекжарды тілегін арнаған қызы Кулянданың құттықтау өлеңінің де астарында үлкен мән жатыр.
Жүзі жарқын сексеннің тұғырында,
Әке, сізге ырзамыз ғұмырына.
Қимас аға, сүйікті әке, абзал ата атандыңыз,
Бұдан қымбат атақ жоқ ұғымында.
Сазды басып өмірдің жолдарында,
Сүрінбедіңіз тағдырдың сындарына.
Көтердіңіз он жеті жасыңызда,
Әке жүгін қалдырған мойныңызға.
Қандай ауыр болса да жол алдыңыз,
Қия шыңға қырандай қона алдыңыз.
Еңбекпенен қатайып қанатыңыз,
Бауырларың Есенаман, Кәкіш, Кенжеге тірек бола алдыңыз.
Жеңіп ылғи тағдырдың бар қайғысын,
Жұмсарттыңыз төзіммен боран қысын.
Фәнилік болған анамыз Мақпалменен,
Екі ұл, төрт қызыңды сүйіп құштың.
Еңбекпенен танылды елге атыңыз,
Орден, медаль, алғысты да алдыңыз.
«Правда» кеңшарының ардагері,
Сый-құрметпен дәріптелсін 80 деген жасыңыз.
Мұратына жеткізді талабыңыз,
Ұрпағына азық болар өміріңіз.
Немере мен жиендер базарында,
Әрдайым ортамыздан табылыңыз! «Адал еңбек – атақ пен құрметтің бастауы» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен Естай Сәрсеновтің жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ.