Ауыл шаруашылығы саласының ардагері
Еңбегінен ел таныр...
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырыңды күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды», – дегендей, асыл тұлғалы текті азаматтарды көзі тірісінде бағалай алмай жатамыз. Біз бүгін қайда жүрсе де, қандай қызметтің құлағын ұстаса да ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, ауыл шаруашылығының жай-жапсарын мықты білетін кәсіби қабілет-қарымының кеңдігі мен тереңдігі, ел қамын ойлаған азаматтығы бойынан әрқашан байқалып тұратын асыл жүректі азамат туралы айтпақшымыз.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған еңбек адамы Жалғас Адырбаев 1919 жылы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Ембі ауылдық кеңесінде дүниеге келген.
Тамырын бассаң бүлкілінен текті азаматтарын танитын текті өлкенің сүйікті перзенті болған ол жеңістің алғашқы ұрандары айтылған алғашқы жылдары балалығын өткізіп, өзінің де жұмыс күрегіне қолы ерте тиді. Бала кезінен үлкендердің қолқанаты, тапсырмасын орындайтын сенімді ұланы болған, үлкендердің батасын алып өскен мал шаруашылығында аға-әкесің қолқанаты болады.
Атакәсіптің жібі үзіле қоймаған сонау өткен ғасырдың басында әже тәрбиесін көрген кейіпкеріміз 1939 жылы Әскер қатарына алынып, Фин соғысына қатысады. Одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысып, Белоруссия Батыс майданында 580-атқыштар полкі құрамында пулеметші болды. Майдан даласында оң аяғының балтырын оқ тесіп өткен соң, емделіп елге оралады.
Елге оралған соң өндірісте 1948 жылға дейін қызмет атқарып, 1948 жылдан бастап інісі Адырбаев Аманғали екеуі мал шаруашылығында қой бағады.
Мықты деген, талантты деген асыл азаматтар да осы бір ауыл шаруашылығына қатысты істерде сыналып, ел алғысын алып, халықтың мақтанышына айналып жатса, өз ісін дөңгелетіп алып кеткендер қоғамдық жарыстарда топ жарып жатыр еді. Сондықтан жаңадан өсіп келе жатқан жастардың да «осындай болсам» деген арманы бойынан бүршік атып, білімде де осы мақсатта топ жарып, бір саланың білікті маманына айналу болып жататын.
Ата-балаларымыз төрт-түліктің тұяғында береке жатқанын ерте кезден-ақ білген. Сондықтан өмірінің тірегі етіп, тіршілігін де, тұрмыс салт-дәстүрін де байланыстырған. Оны біз естіп те, көріп те жүрміз. Баға білсең бағыңмен қоса бағаңды асыратын, еңбектене білсең ертеңгі күніңді жарық ететін мал шаруашылығы, қазақтан іргесін аулақ салған емес.
Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын өз ісіне тиянақтылығы, мамандығы бойынша кез келген түйінді мәселені тарқатып, шаруашылықтың қанатын кең жайып, жақсы өнім алып, көктемде төл қарасын көбейтіп, ысқырған аязды қыстан күйлі шығу үшін қолынан келгенін аянып қалмады. Жасындай жарқылдап, кездескен кедергілерді алдаспандай тіліп түсетін, сөзі мірдің оғындай өткір, жас болса да өз міндеттемелерін артығымен орындаған ол әріптестерімен қатар басшылықтың да оң көзқарасына ие болды.
Қыста тұсағын бөлек қамап, көктемде қозысын көгендеген әке кәсібіне қол ұшын беріп, мал бақты. Көкірек көзбен қараған адамға мал шаруашылығы – әлі толық зерттеліп үлгермеген, қағаз бетіне түспеген, тұнып тұрған ғылым. Жылқыны жаю, байдың ерке қызының қылығындай құбыла жөнелетін табиғаттың ауа-райын бақылауда ұстау, жыл мезгілдеріне сай күтіп-баптау, қан айналып тұрған соң он екі мүшелі жануардың денсаулығын үнемі қадағалап тұру – үлкен елгезектілікті, жауапкершілікті, еңбекқорлық пен шаруашылыққа деген махаббатты талап етеді.
Сол бір қой шаруашылығында шопан бола жүріп, 1979 жылы зейнеткерлікке шығады. Еңбек еткен жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға және ақшалай бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ел басына түскен қиын кездері қара нардың да белін қайыстырар жүгін көтерген, азаматын арқаға қаққан қазақ елі әлі күнге өздерінің нар тұлғалы ұлдарының еңбегін еш ұмытқан емес.
«Қошқар болар қозының,
Маңдай жағы дөң келер,
Адам болар баланың,
Етек-жеңі кең келер» – деп, ғасырлық ғұмырын көргені мен түйгеніне бір ауыз сөздің тобықтай түйініне тұндырып кеткен аталарымыз бекер айтпаған. Атадан туып, адамзаттың баласы бола білген ерлер туралы қаншама жазып, қанша мақтасақ та тұрарлық дүние. Жар құлағы жастыққа тимей, ел үшін атқарып кеткен еңбектерін кейінгі ұрпақ, жас буын білуі керек.
Олар атақ үшін қам жасамаса да, адамзаттың, елдің игілігі үшін әрекет етті. Осындай жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қабырғасына ауыр жүк батса да, қара басының қамын емес, халықтың жайын ойлап, қалтасына құн түспесе де, еңбегін пұлдамаған, ардың жүгін арқалаған азамат өмірінің соңына дейін адамдық тұлғасын биік ұстап кетті.
Толқындары жағаға ұмтылып, ұрып жатқан ақбас толқында теңізің де бір күні табылар, аласармас асқар тау да шөгер, бастауын жер асты суынан алып жатқан бұлақ та таусылар, бірақ мың жылдап жасап келе жатқан елдің ықыласы тасты да ерітіп жіберер халықтың алғысы таусылмайды. Халықтың алғысын алған азаматтың есімі де халықпен бірге мәңгі жасайды.
Әр адам өзінің саналы ғұмырында адамдық қасиетімен, тәрбиелі ұрпағымен із қалдыруды мақсат етеді. Өнегелі ісімен, өсиетті сөздерімен айналасына шуағын шашып отырған еңбек адамдарының бірі және бірегейі Жалғас Адырбаев жары Адырбаева Ақпатша екеуі он бір бала дүниеге әкелді.
Оның алтауы жасында өмірден өтті. Екі ұлы Теңізбай, Нұржау Адырбаевтар. Үш қызы – Алтын, Тілеш, Мәншүк Адырбаева-
лар. Жұбайы Адырбаева Ақпатша 2020 жылы тоқсан жасқа келіп өмірден озды.
Өкінішке орай, үлкен ұлы Теңізбай 1981 жылы 29 жасында жол апатынан өмірден озды. Артында бір ұл – Адырбаев Самат, екі қыз – Салтанат, Ақылзат Адырбаева есімді балалары бар. Қазіргі таңда барлығы ер жетіп, бір-бір үй болды. «Орнында бар оңалар» – деген, Теңізбайдың ұлы Самат қазіргі таңда Алматы қаласында тұрып жатыр. Самат қазір келіншегі Динара, балалары Кәмшат пен Әміре, анасы Есенкүлмен бірге тұрады. Теңізбайдан қалған қыздар Салтанат пен Ақылзат қазіргі таңда АҚШ-та тұрады. Салтанат пен жұбайы Тимур төрт бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Ақылзат жұбайы Ержан екеуінің бес баласы бар.
Қызының үлкені Адырбаева Алтын тұрмыста, жанұясымен Құлсары қаласында тұрады. Алтын апа – үлкен ұлы Сәтбек, үлкен қызы Мадина одан кейін Гүлзаһра, Байекен, Тимур деген ұл-қыздардан немере-жиен сүйіп отырған ардақты әже. Күйеуі Қожақулов Шүйішбек өмірден озды.
Екінші қызы Адырбаева Тілеш, жолдасы Тұрғанбаев Тілекбай екеуі – алты бала өсіріп, немере-жиен сүйіп отырған үлкен әулет.
Кенже қызы Адырбаева Мәншүк, жолдасы Бекимов Сәбит екеуі – бес ұл өсіріп, немере сүйіп отырған сүйікті ата-әже.
Екінші ұлы Адырбаев Нұржау жұбайы Шунгилова Жазира екеуінің үш ұлы, бір қызы бар, Майкөмген ауылында қара шаңырақта тұрып жатыр. Адырбаев Нұржау 1984 жылдан бері темір жол саласында жол жөндеуші болып, 2011 жылдан бастап жол бапкері, жол шебері болып еңбек етеді. Үлкен қызы Адырбаева Альбина мектепте мұғалім, жолдасы Саденов Орынбай екеуінің бес баласы бар. Одан кейінгі ұл Адырбаев Қайырбек пен келіншегі Айнұрдың бес баласы бар, Құлсары қаласында тұрады. Одан кейінгі ұл Адырбаев Әділбек үйленбеген. Кенже ұлдары Жалғасов Әділет пен келіншегі Дана үш баласымен Майкөмгенде ата-анасының қолында тұрады. Бүгінде Адырбаев Нұржаудың тоғыз немересі бар. Олар Қайырбектің балалары – Әмина, Жанель, Ермұрат, Алина, Нұртілек, Мұратбек. Әділеттен – Нұрәлі, Ералы, Әмір.
Өмірін еңбекке арнаған кейіпкеріміз 1984 жылы мең деген аурудан көз жұмады.
Қой шаруашылығында еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосумен қатар артына саналы ұрпақ қалдырып кеткен Жалғас Адырбаевтың жаны пейіште, иманы жолдас болғай!