«Мать-героиня» ордені, «Еңбек ардагері» медалі және «Алтын алқа» иегері, Білім саласының ардагері
Ұстаздық – ұлы қызмет
Болашақтың нұрлы шуағы болған ұстаздар туралы аз айтылып жүрген жоқ, олар туралы әлем болып айтылып, ақынның жүрегінен жыр болып төгіліп, әншінің әнімен кең даланы қыран болып қалықтап, ғазиз ғұмырының мәнісін қылқаламының ұшындағы майлы-бояуынан іздеген суретшінің картинасы болып мұрағат беттерінде сақталып қалды да. Ұстаз – ұлағатты есім. Құм астында жатса да қасиетін жоғалтпайтын алтындай, уақыт өткен сайын салмағы басым болып келе жатқан осы бір мамандық иелеріне деген құрмет ерекше. Тарыдай болып меткеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, жүрек түбінде жасырынып жатқан қабілеттері мен талант бұлақтарының көзін ашып, үлкен өмірге бейімдеу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Таудың сай-саласы болмаса өзен жолы өз ағысын таба ала ма? Иілуге қайым жас шыбықты күтіп баптап саясы кең, үлкен бәйтерекке айналдырған бағбан секілді, қалам ұстауды енді үйренген өскіндердің жүрегіне үміт отын жағып, үлкен өмірге ұмтылдыратын да осы ұстаздар қауымы. Ұстаздар туралы айтылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер де аз емес. Осының бәрі ұстаз еңбегіне берілген баға. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ұлылықтың ұлағатты сатыларынан табанын баса білген, ата-анадан тәлім тәрбие алып, ақылына заты сай, бойына ізгілік пен адамгершілікті жиған ұлағатты ұстаз, зейнеткер, отбасының ұйытқысы, адал жар, отбасылық өмірдің үлгісі – Дайрова Күлшат Тауфихқызы. Талай шәкірттің сүйікті ұстазына айналып, өмірі өнегелі болған 1942 жылдың 16 сәуірінде қазіргі Семей облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылы маңындағы «Қызыл Қия» деген жерде қарапайым отбасында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болған әкесі Дайров Тауфих Хамидоллаұлы көп жылдар бойы оқу-ағарту саласында абыройлы еңбек етсе, мейіріміндегі мөлдір тамшы мәңгі тоңды да ерітіп жіберетін анасы Дайрова Жания Қалиқызы дүниеге алты перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірген ана. Кішкентайынан еңбексүйгіш, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін, ашық мінезді Күлшат орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін үздік бітіріп шығады. Осылайша өзінің алғашқы еңбек жолын Ақшәулі орта мектебінде бастаған кейіпкеріміз білім беру саласында 30 жыл ұстаздық етеді. 1960-1961 жылдары Карл-Маркс, қазіргі Жаманегін колхозында ұстаз, 1961 жылы Бақанас ауылында бастауыш сыныпта мұғалім, 1962 жылы Карл-Маркс, қазіргі Жаманегін колхозында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен. Ұстаз болу үлкен абырой ғана емес, маман иесінің мойнына артылған ауыр жүк. Өйткені ұстаздың біліктілігі мен танымында, еңбегі мен қабілетінде жәутеңкөз шәкірттің таланты, өнері мен тағдыры жатыр. Міне, осындай ұлағатты ұстаздықты таңдап, саналы ғұмырын ұлт болашағын тәрбиелеуге арнаған Күлшат Тауфихқызы бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ана. Мұғалімдіктен бөлек өз жанына өлең шығаратын қабілеті бар кейіпкеріміз әр баласын, өзін толғантқан мәселелер және ел құрмет тұтқан жанрға арнап көптеген өлеңдер шығарды. 1990 жылы «Ветеран труда» медалімен, 1985 жылы «Мать-героиня» орденімен, 2004 жылы «Алтын алқа» алқасымен, 2023 жылы ҚР оқу ағарту минитсрі Ғ.Бейсембаевтың алғыс хатымен марапатталды. Өмірбаяны мен еңбек жолы «Аягөз» Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданының энциклопедиясы І том кітабына 416-417 бетіне енгізілген. «1962 жылы ер азаматым Жолдыбаев Амангелдімен шаңырақ көтердім. Аллаға шүкір, екеу- міз 10 перзент тәрбиелеп өсірдік. Өкінішке орай, жолдасым 1991 жылы өмірден ерте кетті. Сонда да «өмір» деген ұлы көшке ілесіп келемін. Ер азаматым – қиналғанда қайғың мен қуанғанда қуанышыңа ортақ болатын жан еді. Біз үлгі аларлықтай ер болатын. Әрдайым сыйластықпен және бауырмашылдықпен қиындық пен қызықты кездерді бірге өткіздік. Жолдасым Семейдегі зооветинститутын бітірген. Өте білімді, ақ көңіл, жайсаң мінезді, еңбекқор азамат болды. Көпшіл, түзде мырза, ісіне жауапты, табысты азамат еді. Балаларым бір-бірін сыйлап, бір-бірін еңбекке тартып, тату-тәтті болуларына жолдасым екеуміз және екінші анам, жолдасымның анасы Айымбүбінің еңбегі ерекше. Барлық перзенттерімізді де тәрбиелеп, азамат болып қалыптасудағы алғашқы кірпішін де қалаған сол кісі еді. Балаларыммен мақтанамын, ешқайсысы бетіме келіп көрген емес. Қай жағынан алсаң да мақтануға тұрарлық перзенттер. Тек бір өкініштісі, он перзентімнің ішіндегі өте сұлу, жарқын жүздісі, алғыр қызым – Жаңылымның дүниеден ерте кеткені. Отбасын құрған 4 қызы бар еді. Таңдау мен талғамы биік қызым баларының да қызығын көре алмады. Алматы қаласындағы әскери госпитальда қызмет атқаратын еді.
Қызым-ау, Нұрлы бейнең есте қалар мәңгілік, Дауысың да құлақта тұр жаңғырып. Арамызда жоқтығыңды білсек те, Келетіндей арманым бар сан үміт.
Жастай қалды артыңдағы қыздарың, Ерте сөнді неге жарық шамдарың. Келін едің жақсылардан бата алған, Ұрпақ сүйіп «Батыр ана» атанған» – деп, жүрегіндегі шерменде мұңын, қағаз бетіне жыр етіп түсірген Күлшат Тауфихқызы Гүлнар, Гүлсім, Гүлжанат, Жаңыл, Қайдар, Шалқар, Сұңқар, Жанар, Сабыр және Жұлдыз есімді перзенттердің анасы. Бүгінгі таңда әр перзенті өсіп-өніп, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Үлкен қызы Гүлнар мен күйеу баласы Исатайдан Салтанат, Ринат, Ерасыл есімді жиендері мен Абылай, Айгерім, Дара есімді шөберелері бар. Екінші қызы Гүлсім мен күйеу баласы Орынтайдан Гүлден, Талшын, Алмас есімді үш жиендері және Диас, Кәусар, Әнуар, Әмина, Медина, Айша, Хадиша, Фатима шөберелері бар. Үшінші қызы Гүлжанат пен күйеу баласы Жайықтан Әсел, Әсет, Әсем, Әдемі жиендері және Дарын, Айнияз, Айару, Іңкәр, Әбубәкір, Айару шөберлері бар. Төртінші қызы Жаңыл мен күйеу баласы Нұрланнан Көктем, Жадыра, Ұлжан жиендері мен Нұрәлі, Балым, Берік, Ерәлі, Әлихан, Аруна, Әдия, Ақмадияр есімді шөберелері бар. Ұлы Қайдар мен келіні Жанаттан Құндыз, Қайсар, Ләззат немерелері мен Жантөре, Жансая, Жігер, Жанкерім, Алан есімді шөберелері бар. Ұлы Шалқар мен Айжаннан Тоғжан, Нұрсұлтан, Айзере, Айсұлу, Аружан немерелері мен Райана, Мұрат, Аяла шөберелері бар. Ұлы Сұңқар мен келіні Лаззаттан Рахат, Олжас, Рамазан немерелері бар. Қызы Жанар мен күйеу баласы Талғаттан Шолпан есімді жиен немересі бар. Тоғызыншы перзенті Сабыр мен келіні Меруерттен - Кәусар және Ерсұлтан есімді немерелері бар. Кенжесі Жұлдыз бен күйеу баласы Қанаттан Еркеназ, Гүлім, Раяна, Айкөрке, Нұржігіт атты немерелері бар. Күлшат Тауфихқызының жүрегінен жыр болып түскен өлең жолдарын мақала ішіне енгізгенді жөн көрдік. «Анамын айта берсем тілегім мол, Іздейді ұрпақ үшін жүрегім сол. Бала бал, бала бақыт, бала ұрпақ. Өмірдің қызығы деп санағанмын» – деп, әр баласына жеке-жеке өлеңмен мінездеме береді.
Шалқар болса саспайды, Қиындықтан қашпайды. Көп темірге құмарлық, Әдеті еді жастайғы.
Сұңқарға
Сұңқар болса пейілді, Ақылды әрі зейінді. Жаны жайсаң, қолы ашық, Жомарттыққа бейімді.
Жанарға
Жанар болса бірбеткей, Сіз-біз десіп құрметпен, Сыйласып елдің бәрімен, Көңілін жүр кірлетпей.
Сабырға
Аға-жеңгең алдында, Апа-жездең қасыңда. Үлгі алып солардан, Еш нәрседен жасыма.
Жұлдызға
Бал-шырыным Жұлдызым Жаратқаным сыйлаған кенжетайым Тілекшімін ұстаздық ниетіңе, Бақытыңды көру ғой бар тілегім.
Қыздарыма
Алты қызым әрі кеткен ұшып ұядан, Бақыттарын тапқан бірі қиядан. Бақыты мен жолын тапты десем де, Қыздарымды есіме мен жиі алам.
Қыздарым менің алты бақытым секілді, Өрімдей-ақ қыздар еді кекілді. Бір-бір үйдің отанасы боп отыр, Ұл-қыздары өніп-өсіп жетілді.
Қыздарым бар, бағы дерлік маңдайдан, Бүгін жақсы, ертең болар қандай күн. Сағынғанда алты қызды, кейде мен Көш орнында жалғыз қалған жандаймын. Сендер болсаң күйге бөлеп көкірек, Сендер болсаң таяу тұрар жеті көк. Көңіл шіркін масайрайды, сайрайды, Бақыт әлем кеткен емес маңдайдан.
«Алты қызым, алтыннан да қымбатты, Сұлу, сырлы, инабатты, сымбатты. Сендер менің бақытымсың, барымсың!» - Деп сендерге ана жүрегім тіл қатты.
Ұл баланың кенжесі, Тәтті-дәмді сен жеші. Жемісті боп жұмысың, Бағың жанып өрлеші.
Бақыт қонсын басыңа, Қыдыр жүрсін қасыңда. Денің сау боп жете бер, Нағашы атаң жасына.
Соқпағы көп өмірдің, Бәріне де төзе біл.Еңбекшіл боп әкеңдей, Қиындықты жеңе біл.
Ана үшін перзенттерінен артық асыл, қымбат нәрсе бар ма?! Сол перзентерінің қамы үшін еңбек етіп, олардың тілеуін тілеп өмірден өтеді емес пе?! Бүгінгі кейіпкеріміз Күлшат Тауфихқызы да осы бір етегінен ерген он перзентінің амандығын тілеп отырған ақ шашты әзиз ана. Сескеннің төріне шықса да айтар ақылын, кеңесін ұрпақтарынан бір сәт те тарынбаған Күлшат Тауфихқызына перзенттері де өлең арнап, ақ тілектерін жолдайды.
Міне, бүгін сексен жасқа толдыңыз, Біздер үшін әрқашан да, «Ардақты ана» болдыңыз. Мәдениетті, білімдарлық тұлғаңмен, Көпшіліктің көңіліне қондыңыз.
Құтты болсын сексен жас мерейтойыңыз, Орындалсын арман-тілек ойыңыз. Әрқашан да отбасыңмен бірге боп, Ұрпағыңмен аман-есен болыңыз. Сексен жастың белесіне жеттіңіз, Өмірдің әр кезеңінен өттіңіз. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, Абыройлы өмір міне, кештіңіз.
Біздер үшін талай терің төгілген, Өнеге мен тәрбие алдық өзіңнен. Ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тілеймін, Көрінші тек қуаныштың төрінен.
Жақсылық нұр төгілген мейіріміңнен, Зерделейсің бәрін де зейініңмен. Әлпештеп бәрімізді ер жеткізген, Айналдық аппақ сенің пейіліңнен, Анашым! – деп, тілегі мен ыстық ықыласын жолдайды қызы Жұлдыз. Күлшат Тауфихқызы ұлдары ұялтпай, қыздары қызартпай өсіп жатқан үлгілі отбасы, ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа сыйлы жан. Кейінгі ұрпаққа үлгі болардай ардагер ұстаздың өмірлік тәжірибесін өз келін, қыздары ғана емес, бүкіл ауыл үлгі етеді. Өмірге келген әрбір адам бір іс жасап, артында із қалдырып кетуге тырысады. Соған сәйкес мамандық игеріп, қам жасап, еңбек етеді. Қандай мамандықты таңдасаң да адам болып қалу тамырында тектілік бүлкіл қағып, жүрегінің дүрсілі «елім» деп соққан әр адамның парызы. Бүгінгі кейіпкеріміз Күлшат Тауфихқызы да саналы ғұмырын білім саласына арнап, талай шәкірттерді тәрбиелеп, ұлт болашағына қызмет ететін өрендердің өрісін кеңейтіп, тарландарды тағалаған құрметті де қадірлі тұлға. Ол адал еңбегімен, мейірімімен, білімімен, артында қалдырған өшпес ізімен тәлім берген шәкірттерінің жүрегінде есімі, өскелең ұрпақ жадында жасаған істері сақталып қалды. Ұғымында ұлттың бірлігі, елдің жарқын болашағы мен бірлігі жатқан Күлшат Тауфихқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!