Психолог-маман
Көк экрандағы кеңесші
Бүгінгі қоғамда адам санасын шарпыған мазасыздық, ішкі күйзеліс пен жан жарасы көзге көрінбегенмен, жүрекке ауыр салмақ болып басылып жатқандай. Ғаламторға телміріп, көңіл жұбатар сөзді экраннан, емі жоқ дерттің шипасын сырттан іздеген көпшілік «жан тыныштығы» деген ұғымды ұмыт қалдырғандай. Осындай кезеңде адам жанына үңіліп, оның шынайы мұңын тыңдап, үнсіз күресін ұғынатын жүрек иелері керек-ақ. Бұл кезекте шипагер болып көмекке келетін әрине кәсіби психолог мамандар. Олар жүректен жүрекке жететін сөзбен, шынайы ықыласпен, ізгі ниетпен ғана өз міндеттерін орындайды. Солардың бірі емес, бірегейі – Риза Дилмуканова. Ол – жай ғана психолог емес, әйелдің жанын, баланың үнсіз көзқарасын, ердің іштей мұңын тыңдай алатын, қоғамның рухани тамырын дөп басатын білікті маман.
![]()
Қай адамның да тағдыр жолының бастауы – туған топырақ. Өмірге алғаш көз ашқан өлке, балалық бал дәуреннің табы қалған көшелер, ата-ананың мейірі сіңген ошақтың жылуы – мұның бәрі адам жанына мәңгілік таңба боп басылады. Риза Дилмуканова үшін ондай киелі мекен – Қарағанды облысының қарашаңырақ қаласы, көмірмен көмкерілген Шахтинск. 1989 жылдың 28 желтоқсанында осы қалада дүние есігін ашқан кейіпкеріміз сол шахтерлер қаласының қарапайым, бірақ рухы биік отбасында тәрбиеленді.
Өмір өз сынағын ерте ұсынып, Риза Дилмуканова әкесінен тым жас кезінде айырылды. Бұл – жүрекке ауыр салмақ салған, бала көңілдің қабырғасын қайыстырған сәт еді. Бірақ тағдырдың тосын сыны жас жүректі морт сындырмады. Қайта шыңдады. Ерте есейтіп, төзімділік пен тағдырға тәубе етуді үйретті.
Білім – адам жанын нұрландыратын шамшырақ. Сол шырақтың жарығында ғана адам өз болмысын танып, өмірінің мәнін ұғынады. Риза Дилмуканова үшін білім – жай ғана құжат емес, рухани кемелденудің, өзін табудың және өзгеге пайда тигізудің жолы болды. Мектеп жылдарында сегіз рет оқу орнын ауыстырып, әр ортадан жаңа тағылым жинаған ол өмірге бейім, әртүрлі мінезді адамдармен тіл табысуды білетін, ой көкжиегі кең тұлғаға айналды.
2009 жылы Қарағанды педагогикалық колледжін «Педагог-психолог» мамандығы бойынша бітіріп, адамның жан дүниесіне кәсіби үңілу жолына түсті. Онымен шектелмей, Санкт-Петербургтегі Қолданбалы кинезиология институтында білім алып, «Кинезиолог» біліктілігін иеленді. Бұл оған дене мен жанның үйлесімін қалпына келтірудің бірегей әдістерін меңгеруге мүмкіндік берді.
![]()
Ал 2024 жылы Шымкент университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білім алып, өзінің кәсіби шеберлігін бір саты жоғарыға көтерді. Бұл білім – оның бұған дейін жүріп өткен тәжірибесін жүйелеуге, теориялық негізде бекітуге сеп болды. Ендігі жерде Риза Дилмуканова тек тәжірибеге ғана сүйенбейтін, ғылыми тұрғыда дәлелденген біліммен де қаруланған маман ретінде қалыптасты.
Риза Дилмуканова – авторлық әдістемелер мен ұлттық құндылықтарды заманауи психологиямен шебер үйлестірген бірегей бағдарламалардың авторы. Ол іргесін қалаған «RIZA & BARAKAT» жобасы – отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ер мен әйелдің жарасымды қарым-қатынасын орнатып, жас ұрпақтың рухани тұрақтылығын қалыптастыруды мақсат еткен ұлттық маңызы бар платформа. Бұл жоба – уақыт талабына жауап берген, тамыры тереңде жатқан салт-сананы замана тынысымен тоғыстырған қайнар бұлақ.
2021 жылы жарыққа шыққан «PSYCHOLOGY ZONE» бағдарламасы – Риза Дилмуканованың телевизиялық кеңістіктегі тұңғыш қадамы. Бұл жоба жай ғана психологиялық кеңестерге толы бағдарлама емес, қоғамдағы күрмеуі шешілмеген талай түйінді сөзбен тарқатқан алаң болды.
Эфирге шыққан әр шығарылым көрермен жүрегінен орын алды. Адамның ішкі ахуалын тереңнен қозғау, ұмыт қалған сезімдерге жол табу мақсаты алға қойылды. Ол эфирде көрерменмен емес, әр адамның жүрегімен сөйлесті. Бүгінгі күні көпшілік психологиялық қолдауды тек шетелдік тренингтер мен сыртқы сілтемелерден іздеп жүрген тұста, Риза Дилмуканова бұл жоба арқылы қазақы болмысқа сай, ұлттық тәрбие мен рухани танымға сүйенген психология мектебінің мүмкіндігін көрсетті. Эфир – оның шынайы шеберханасына айналды.
2023 жылы MEGOGO TV платформасында жарық көрген «Әуедегі махаббат» атты бағдарламасы – Риза Дилмуканованың шығармашылық шеберлігінің, рухани зерттеулерінің және ішкі көрегендігінің жаңа белесі болды. Түрлі сұхбаттар – кеңістікпен үндескен жан сырлары, көрерменнің жан дүниесін зерттеген телехабар болатын. Бұл бағдарламада Риза Дилмуканова махаббатты тек екі адамның арасындағы сезім ретінде емес, адамның өзін сүюі, өмірмен үйлесуі, отбасыны сақтау, ер мен әйелдің бір-біріне рухани тірек болуы тұрғысынан терең қозғады.
Қазіргі таңда Риза Дилмуканова – білім мен тәжірибесін ұлттық құндылықтармен ұштастырып, қазақстандық психологияның дамуына тың серпін берген білікті маман. Ол адам жанының терең қатпарларын зерттеумен қатар, рухы қуатты, сезімі орнықты, отбасылық берекені бағалай білетін ұрпақ қалыптастыруды өз өмірлік міндеті санайды.