Суйесинова Ақбота Бейбітқызы

Рейтинг:


«Күміс алқа» иегері

Әлемі әдемі әйел

      «Адам көркі – шүберек» екені сөзсіз, қазіргі қоғамның өзінде барған жерінде қанша ақылды болсаң да, алдымен үстіңдегі киген киіміңе қарап баға береді. Дегенмен, сәнді әрі жарасымды киініп жүру – қазіргі заман талабы. Сол себепті қазіргі заманда бес саусағынан бал тамған, ісмер тігіншілердің рөлі аса маңызды. «Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу немесе тігіншілік өнерін терең меңгеру» деп ағылшын жазушысы Оскар Уайльд айтқандай, тігіншілік қасиет анасынан дарыған Ақбота Бейбітқызы – оймағы алтын тігінші. «Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын» деген қанатты сөздің тереңіне үңілсек, қазақ дәстүрінде ісмерліктің орны ерекше болғанын ұғамыз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саусағы алтын тігінші, шағын кәсіпкер – Суйесинова (Қарасартова) Ақбота Бейбітқызы. 
      Тігіншілікті кәсіп етіп, үйінің берекесін кіргізіп отырған Ақбота Бейбітқызы 1984 жылдың маусым айының 18 жұлдызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы елді мекенінде дүниеге келді. Руы - Тана. Әкесі Қарасартов Бейбіт Байшеркешұлы Қызылқоға ауданына танымал, 16 құрсақ көтерген Байшеркеш-Қамиса Қарасартовтардың ұрпағы. Әкесі К-700 жүргізушісі болып еңбек еткен, анасы Сапура да трактор жүргізушісі болып еңбек еткен. Сіңлісі Ұлдана өкінішке орай өмірден ерте озса, екінші сіңлісі Қарасартова Динара – Ішкі істер саласында қызмет етеді. Інісі Қарасартов Мейрамбек «Қарабатан» кен орнында еңбек етсе, кенже сіңлісі Сәуле – жеткізуші (курьер) болып жұмыс жасайды.
      Талай ақтаңдақ тұлғалардың ізі жатқан құтты мекенде балалығын өткізіп, білім ордасының табалдырығын Мұқыр елді мекеніндегі бастауыш мектепте аттады. Кішкентайынан елгезек, ширақы қимылының арқасында анасының қолғанаты бола білген кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүріп те өзінің бойындағы алғырлық, ой ұшқырлығы қабілеттерін көрсете білді.
      Білімін одан әрі 6 сыныпты қайтадан Мұқыр елді мекенінде, 9 сыныпты Сағыз ауылында жалғастырған Ақбота Бейбітқызы осы білім ордасынан бітіріп шығады. Мектеп қабырғасында әкесі дүниеден өткеннен кейін көптеген өлеңдер жазып, аудандық Қызылқоға газетіне жариялап жүрді. Мектептен соң кейіпкеріміз техникалық мамандықтарға бет бұрып, Сағыз ауылындағы №8 кәсіптік-техникалық мектебінде (КТМ) кәсіби білім алып, «Ауыл шаруашылығы фермері» және «В» санатты көлік жүргізушісі және «Трактор-машинист» мамандығын қызыл дипломмен бітіріп шығады. 
      Болашағын заң мамандығымен байланыстырғысы келген Ақбота Бейбітқызы 2003 жылы Атырау қаласындағы «Бизнес және Құқық» колледжінің «Заңгер» мамандығына өз еңбегімен оқуға түседі. Бірақ өкінішке орай, отбасы жағдайына байланысты оқуды орта жолдан тас-
      тауына тура келеді. Ішінде «Әттеген-ай» дегені кете барған Ақбота Бейбітқызы 2004 жылы Құрманғазы ауданы, Ақкөл елді мекеніне темір жол саласында «теміржолшы» болып еңбек ететін Сұлтанбек Саламатұлы есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Міне, осылайша қайнаған өмірдің ішіне еніп кетіп, ата-енесі мен азаматының ақ жағалы болуы жолында тынымсыз еңбек етіп, аяғы құтты болып, етегінен бала өрбиді. 
      2010 жылы жолдасының жұмыстан қысқартылуына байланысты Мақат ауданына көшіп келіп, «Теңіз» кен орнына автожүргізуші болып жұмысқа орналасады. Ал жолдасы әскери комитетте курьер болып жұмыс жасады. Кейін Тіршілік диірменін айналдыра жүріп, жолдасына демеу болып жұмысқа шыққысы келген Ақбота Бейбітқызы Құрманғазы ауданы, Ақкөл елді мекенінде қайын апасы Насибаның қолдауымен аз уақыт болса да радиобайланыс саласында «телефонистка» болып уақытша жұмыс жасайды.
      Жолдасы екеуі кейіннен құрылыс саласына ауысып, бір пәтер алып, оның сырлау, безендіру секілді ішкі жұмыстармен айналысады. Нарық талабына сай одан басқа да қызмет көрсететін көлікті жалға алу, жас жұбайлар салтанатын ұйымдастыру, бақытты жастың сәні болған ақ көгершінді жалға беру секілді шағын істермен айналысады. 
      Мақат ауданына көшіп келген соң да жеткізуші (курьер), дүкенде көмекші, кабелді телевидениеде оператор болып еңбек ете жүріп, үкіметтің бағдарламасы аясында өзінің шағын кәсібін бастауға бел буады. Атырау қаласында екі ай кәсіптік білім алып, ауылға келіп, өмірден көргені мен түйгені мол, тәжірибелі тігінші Сандуғаш Нурбаевадан дәріс алады. 
      2017 жылы ЖШС «Ғасыр» оқу орталығында ІІІ санатты «Тігіншілік» курсын оқып, бітіреді.       «Біссімілләмен» бастаған ісінің бойына қан жүгіріп, жұмыссыздық есебінен «Өрлеу» жобасы бойынша 6 ай шартты ақшалай көмек алып, іс машиналары алып, жұмысын бастайды. Міне, осылайша тіршілік аламанына түсіп кете барған Ақбота Бейбітқызы осы тігін саласына қазіргі таңда да еңбек етіп келеді. Көзге көрінбейтін сағымдай әйел адамның тірлігі біткен бе?! Азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, жұмыстан келгенде жайдары күтіп алып, баласының күтімін жасаумен жүріп, тіршілік арбасының да дөңгелегі шыр айналып кете барады. 2024 жылы маусым айында 1 478 000 грант алып, қосымша машиналарын алады.
      Тұрмысқа қажетті заттарды тігіп, үй ішін безендіру саласындағы өнімдерін жергілікті халыққа ұсынып келе жатқан шағын кәсіпкер Ақбота Бейбітқызы тігін саласындағы қол жеткізген жетістіктері үшін бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ:
      2021 жылы «Асыл ана - 2021» жобасына қатысып, «Алтын қолды ана» номинациясына ие болды.
      2022 жылы «8 Наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі» қарсаңында Мақат аудандық кәсіпкерлер палатасының Құттықтау хаты;
      2023 жылы «Күміс алқа» иегері атанды;
      «Өз-өзіне дизайнер-модельер» курсын үздік аяқтағаны үшін Сертификат;
      2023 жылы Қазақ халқының тоқу, пішу дәстүрлерін қалыптастырып, «Шебер болғым келеді» шеберлік сыныбына қатысушыларды өмірге бейімдеп, жеке басына қажет нәрсені тоқып пішіп алу мүмкіндігін, талғампаздығын, әсемдік ерекшеліктерін, ұлттық өнерге қызығушылығын арттырғаны үшін Қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 
      Өмір қиындығын бір адамдай көрсе де, сабырлылықты серік етіп, кәсіпкерлік жолында табандылығының арқасында талай жетістікке қол жеткізіп келе жатқан іскер әйел Ақбота Бейбітқызы – отбасында аяулы жар, ақ жаулықты ана. Жары Суйесинов Сұлтанбек Саламатұлы Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Руы - Әлім. Соғыс ардагері Суйесинов Әлекен мен Жұмазияның ұрпағы. Әкесі Саламат ерте қайтыс болып, еңбекке ерте араласады. Қарындасы Гүлмираны акушер-фельдшер мамандығына оқуға түсіріп, жоғары білім алуына көмек қолып созады. Гүлмира қазіргі таңда Құрманғазы ауданының мықты акушерлерінің бірі. Тұрарбек пен Тұрсынай есімді егіз іні-қарындасы бар. Тұрарбек – көп балалы әке. Тұрсынай – Атырауда шаштараз маманы.
      Сұлтанбек Саламатұлы мен Ақбота Бейбітқызы екеуі – 4 қыз, 2 ұл өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. 
      Қызы Аяулым Х.Досмұхамбетов университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығында білім алуда. Күйеу баласы Төребек Орал қаласындағы жоғарғы оқу орнында «Заңгер» мамандығы бойынша сырттай білім алуда. Екеуі отбасында Айзере есімді қыздарын тәрбиелеп өсіріп отыр. 
      Қызы Айкөркем 11 сыныпта білім алуда. 
      Ұлы Сұлтанәлім ауыр атлетикадан облыс, республика көлемінде жарыстарға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болып келеді. 
      Қызы Айназым - 4 сынып оқушысы. 
      Ақжүрек пен Шахнияр - ата-анасының көз қуаныштары болып өсіп келеді.
      «Жолдасым екеуміз өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, қандай қиын жағдай болса да бірге болып, шаңырақты шайқалтпай, балаларымызға тәлімді тәрбие беруді отбасымыздың басты міндеті деп санадық. Аллаға шүкір, перзенттеріміз тәртіпті, тәрбиелі, жүректерінде иманы бар жандар болып өсуде. Алды тұрмыс құрып, бізді ата-әже бақытына бөлеуде. 
      Жолдасым екеуміз ақ адал маңдай терімізбен еңбек етіп келеміз, талай қолдан жиналмалы бесік, құранға арналған тақтайша, шкаф, сөрелер жасап саттық. Кейіннен сұраныс көбейіп, бірақ шеберхана болмағандықтан, жұмыс жасау қиынға соғып, жұмысымызды тоқтаттық», - дейді Ақбота Бейбітқызы.
      Етек-жеңі жабық, қазақтың қыз-келіншектеріне арналған қолжетімді көйлектер тігіп, қымбат тастармен әшекейлеп, қазақ қызының сұлулығын әдемі көйлектерімен одан әрі көркейтіп, нәрлендіріп, қазіргі таңда салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп, ұлттық нақыштағы киімдерімізді мақтан етіп, «Жүзігі алтын болғанша, жүзі жарқын болсын» деп ой түйетін қазақ қыздарының, аяулы аналарының қатары көп болғай!
      Өмір майданында тағдыр қайығы сан мәрте шайқалса да, Алладан күдерін үзбей, табандылық пен сабырлылықты серік етіп, бір әулеттің отын жандырып, ұрпақ жалғастығын арттырумен қатар қоламтаға айналған қолөнердің отын қайта тұтатып, жалынға айналдыра білген Ақбота Бейбітқызының деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
20 декабря 2024 14:01
Аяулым

Біздің отбасы-ең керемет отбасы!🤍
20 декабря 2024 11:46
Сандуғаш

Жарайсың Ақбота 6 бала тарбиелеп бизнесті бірге алып журу,  кітапқа шығу екінің бірінің қолынан келебермейді мықтыың, батыр анасың отбасың аман еңбегің жемісті болсын алға адамда ниет болса барі болады дамибер
20 декабря 2024 11:28
Ержан

Біргеміз бауырларың👍

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...