Далабаева Ұлман Әбдуалиқызы

Рейтинг:

      Пошта саласының ардагері, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, «Ана шапағаты» төсбелгісі және «Алтын алқа» иегері

Алтын құрсақты ана

      Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін, баға жетпес Тәңірдің сыйы. Әлем жаратылғалы қыбырлаған тіршілік иелеріне толы мына ғаламда ең жоғары саналы адамзат баласы болып жаратылу Алланың шексіз нығметі емес пе?! Терең ой жүгіртіп қарасаң, жоқтан бар еткен Алла өмір сыйлап, сол өмірімізді барынша әсем етіп, еркімізге қоя бергендей. Ащысы мен тұщысын, қайғысы мен қуанышын, бағы мен сорын, бары мен жоғын, ағы мен қарасын қатар етіп қойса да, өмірге адам боп келудің өзі – зор бақыт. Тіпті оның құндылығын сөзбен жеткізіп те тауыса алмайсың.
      Өмір жолы әрдайым кедергісіз, даңғыл емес. Түрлі соқпақтардан өтуге тура келеді. Рухы мықты жандар өз өмірін ғажайыпқа толтырса, әлсіздер өз өмірін лайға батырып, өзгені немесе тағдырын кінәлап, уақыттың өткенін де білмей қалады. Өмір сүру үшін керемет ақылды болудың да, атақты, алып болудың да қажеті жоқ. Тек кеудедегі бір кесек ет – жүректі кірлетпей, таза ұстай алсақ, өмір бізді өкіндірмесі анық. 
      Біз әңгімелегелі отырған Далабаева Ұлман Әбдуалиқызы – қазақтың қарапайым қызы. 
      Ол – өз өмірін әдемі өрнектермен әсемдей білген, өмірлік дорбасын жақсылық пен ізгілікке толтырған бақытты жан. Әдемі өмірдің иесі болу үшін күллі әлемге даңқың жайылуы мақсат емес. 
      Мың сынақ көрсе де, иіліп сынбайтын,
      Байлыққа мастанып, ұясын бұзбайтын,
      Жақсылық жасаса, жар салып айтпайтын,

      Адамдар болады…
      Ұятын сатпайтын.
      Қайғырып тұрса да, қуаныш сыйлайтын,
      Өсектеп жатқанда сабырмен шыдайтын,
      Елеусіз жүрсе де, ерлікке баратын,
      Адамдар болады…
      Жүректе қалатын!

      Жарық дүниеге жеті ұл, төрт қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана Ұлман Әбдуалиқызы 1942 жылдың 25 шілдесінде бұрынғы Талдықорған облысының Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келді. 
      Балалық шағы елдің басына нәубет болып түскен соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген кейіпкеріміз таңның атысы кетіп, кештің батысы оралатын анасының қолғанаты бола жүріп, 1950-1958 жылдары Қызылжар ауылының сегізжылдық мектебінде білім алады.
      Қыз мұраты асыл жар, аяулы ана атанып, өзге әулеттің отын жағу емес пе?! 1959 жылы қараша айында Кербұлақ ауданы Шоқан Уәлиханов ауылының Далабаевтар әулетіне келін болып түседі. 
      1959 жылы Құдай қосқан қосағы, өмірлік серігіне айналған Серік Тұрсынбекұлымен қол ұстасып, тіршіліктің диірмен тасында айналып кете барды. Содан бергі 50 жыл көрген түстей өте шықты. Жарты ғасыр. Осы уақытта алып бәйтеректей үлкен бір әулет бой көтерді. Өмірлері еңбекпен өрілген, жолдасымен бірге еңбек майданында жол түзеді. Ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Тұла бойы тұңғыштары Сәкендерін сүйгеннен кейінгі өмірінің 16 жылы қырман мен еңбек бригадасының арасында шапқылап жүріп өтіп кетіпті. Батыр ана еңбеккерлердің ас-суын қамдап, аспазшылық етті. Қырмандағы жұмыстарға да араласқан Ұлман Әбдуалиқызының іздері еңбек майданында сайрап жатыр.
      1960-1981 жылдар аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы колхоздың дала қосында аспазшы, қырманда және басқа ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. 1981-1994 жылы пошта саласында хат тасушы болып жұмыс жасап, аталған мекемеден 1994 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
      – Алғашқы екі-үш жыл ішінде ақша көрген жоқпыз. Уақыт өте келе ай сайын ақша беретін уақытқа да жеттік. Қатарымыздан қалмай еңбек еттік. Балаларым кішкентай болғандықтан үйде отырамын. Күзде қырманға барып, жұмыс істедім. Одан бала өзі тамақтануға жараса болды, бригадаға барып еңбек еттім.
      Жұмыс болса, шығып кете береміз. Жұмыс табылса болды, істеп жүре бердік қой. Жолдасым тракторшы болды, соның соқасына да міндім, шөп тырмалаған тырмасына да міндім, сейілшік болып сейілкеге де міндім. Осылай жолдасыммен бірге еңбек еттім. Қатарда бірге жүрдік. Түнгі ауысымда жұмыс істегенде, трактор айдағанда загонды салып береді, несі керек тракторды да айдадым. Жолдасым демалып ұйықтап жатқанда жұмысын жалғастыра беремін. Солай қандай жұмыс қолдан келеді, соны істеп жүріп, бәрін үйрендім, қысқаша айтқанда үнемі бірге жүрдік.      Сөйтіп жүріп, еңбегі нәтижесін беріп, «Еңбек ері» атанды. 1973 жылы «Құрмет белгісі» орденін, 1974 жылы «Ленин» орденін алды. Қанша жыл бірге тұрдық, бірақ бір ашуын көргенім жоқ. Ризамын! Тапқан табысын адалынан жеткізе білдік, – деген Ұлман Әбдуалиқызы жарының қасында жүріп, талмай еңбек етті. Жұмыс талғаған емес, қандай шаруаға да жеңді түріп жіберіп, атсалысып кетеді. Еңбекпен шыңдалған өздері қатарлас жастармен бірге үйдің де, түздің де шаруаларына теңдей үлгеріп жүретін.
      Қазақ халқы қашанда нәзік жандыларды жоғары бағалаған ғой. Әйел адам әрқашан, әр кезде ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі болып танылған. Бүгінде ер азаматтың қолынан келген істі әйелдердің де еңсере алатынына көптің көзі жетіп отыр. Тіпті қатардан озып, алдыңғы қатарға шыққандар да баршылық. Иә, әйел затының қолы тиген жер әдеміленіп, гүлдеп сала беретіні рас қой.
      Далабаевтар әулетінің қара шаңырағы – ерекше естеліктерге толы ыстық мекен. Үлкен әулеттің қос бәйтерегі іспеттес, «Құрмет», «Ленин» ордендерінің иегері Серік Тұрсынбекұлы мен Ұлман Әбдуалиқызының өз қолымен салған үйі. Іргетасынан бастап, балаларымен жабылып жүріп бірге көтеріпті. Сондықтан да оның орны ерекше ыстық болып қала бермек.
      – Мына үйді табанынан бастап өзіміз қалап, өзіміз тұрғыздық. Сондықтан бұл үй – бізге ыстық. Әрдайым ыстық болып қала бермек. Фундаментінің тасын тасып, кішкентай екі дөңгелекті арбамен сайдан тас тасып, өзіміз қалап, өзіміз құйдық. Колхоз да жыл соңында артық ақша беретін, соны қолданып, 5 жылда осы үйді бітірдік. Қалған ақшаға үйге жиһаз алып, үйімізге кіріп алдық. Сол дүниелер әлі бар, солай біріне-бірін жалғап, осы күнге жеттік, – дейді кейіпкеріміз әулеттің тірегіне айналған, төріне бақ дарыған қасиетті қара шаңырағы туралы айтып өтіп.
      Ұлман Әбдуалиқызының еңбегі еш кетпеді. Табан ет, маңдай терінің арқасында 1980 жылы «Батыр ана» атағын, 2004 жылы Н.Назарбаевтың қолынан «Алтын алқаны» иеленіп, туған өлкесі «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағын 2005 жылы алып, ағайын ортасында әрдайым қадірлі, сыйлы болды. «Алтын алқаны» екі рет иеленген Ұлман апамыз – Ауған соғысының ардагері. Бейбітінің ерлігі үшін 2022 жылы наурызда «Ана шапағаты» төсбелгісімен де марапатталды. Ал өз үшін құнды марапаты ең басты байлығы ол, әрине, Сәкен, Бейбіт, Дүйсен, Дархан, Шолпан, Айман, Айгүл, Айнұр, Дастандай перзенттері екені анық. Сондай-ақ Самат, Жомарт есімді балалары ардақты ананың мәңгілік сағынышы болып, жүрегінде қала бермек.
      Еңбекпен өркені жайылған Серік Тұрсынбекұлы мен Ұлман Әбдуалиқызы артынан ерген ұрпақтарын еңбекке баулып өсірді. Ұл-қыздарының барлығы да қазір өз саласында абыройлы қызмет етуде. Егін жылдары Бейбіт туған жерге туын тігіп, әке мен ананың аманатына қиянат жасаған жоқ. Қайта ауыл тұрмысын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Шаруа қожалығын дөңгелетіп, ырысын халқымен бөлісіп отырған жайы бар.
      Ұлман Әбдуалиқызы аудандық байланыс торабына, атап айтсақ, пошта саласының дамуына да қосқан үлесі орасан зор. Шанханай пошта байланыс бөлімшесінде табаны күректей 25 жылға жуық талмай қызмет етті. Хат тасушы болып жұмыс істеді. Келіні Шолпан Нұрғалиқызы да ізін жалғап, байланыс торабында қызмет етіп, басшылық лауазымдарды да абыроймен қызмет атқарды. Қазір Далабаевтар әулетінің кенже қызы Айнұр да анасының жолын қуып, хат тасушы мамандығын таңдаған.
      Кейіпкеріміздің 50 жыл отасқан азаматы Серік Тұрсынбекұлы, Құдай берген 73 жасында келмесінің кемесіне мініп кете барды. Содан бері жауапкершіліктің бір жүгі осы әулеттің үлкен ұлы Сәкен ағамызға артылды. Анасының 80 жас тойын жасап беруге ұйытқы болып жүргендердің бірі де сол екен. Сәкен ағамыздың ондағы ойы – ағайынның басын қосып, жас ұрпақтың санасына ата-ананың қадірін сіңіру.
      – Анамыз болғаннан кейін рас, біз баламыз ғой әлі. Ол кісінің алдында әлі бала сияқты болып жүреміз. Рас, әлі алпысқа келдім деп айтпаймын. Әлі жаспын деп айтамын. Себебі анамның әлі бар екеніне қуаныштымын. Барлық ер жігіттерге осындай бақытты тілеймін! Мен бақыттымын! Аналарын құрметтеп, аналарының алдында әрдайым шапқылап жүре беруге тілектеспін! Ең алдымен осы ата-анамызды ардақтайық! Үлкендердің сөзі бар ғой, «жұмақтың кілті – анаңның табанының астында» деп, сол үшін олар бейнеттерінің зейнетін көрсін деп тілейміз! Аман болсын, ешқашан ауырмасын! Әкеміз анамыз екеуі жас кезінен бірге еңбек етті, 58 жылы отау құрып, комсомол бригадасында істеді, әкеміз механизатор болса, анамыз аспазшы болып жұмыс жасады. Әкемізді айтып кетсек, әкеміз – «Ленин» орденінің кавалері, «Еңбек ардагері». Анамыз да әкемізбен бірге қатар жүріп еңбектенді, – дейді қазіргі таңда әулеттің көшін бастап, әке орнына әке болып отырған Сәкен Серікұлы. 
      Әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған әке мен еңбек майданында белін бекем буып, бір сәт те тізе бүкпеген ананың қадіріне жетіп, алтын тақтың төріне көтеріп отырған перзенттерінің де айтары бар. Кейіпкеріміздің баласы Бейбіт: 
      – Кішкентай кезімізден еңбекке деген құштарлығымыз болды. Мен әкемнің артында шөпте жүретінмін. Бала кезімізден шөп тасушы болып, тағы қандай жұмыс бар, соны жасап өстік. Менің жеке шаруа қожалығым бар. Осы ауылда астықпен айналысамыз. Әкеміз бен анамыздың үйреткен жолымен еңбек етіп жатырмыз. Анамызға денсаулық тілейміз! Жасы ұзақ болсын! Жүз жасасын! «Анасы бар адамдар қартаймайды» дейді, ол кісі ұзақ жасасын, біз баласы болып жүре берейік, – деп анасының әлі де ұзақ жасауын Жаратқаннан тілеп, деніне саулық тілесе, ене мектебін көріп, бүгінде бір әулеттің тірлігін ұйытып отырған келіні Раяа:
      – Мен келін болып түскен кезімде, енем поштада істеп жүретін. Жұмыс болған соң ол кісі анда-мында кетіп қалады, сол кездерде мені орнына тастап кететін. Сол орнына барып жүріп, әрине, қызығушылығымыз оянды. Мұнда елмен жұмыс жасау, халықпен жұмыс жасау, халықтың тілін табу өзіме ұнады. Одан кейін енем бәрін үйретті. Қазпошташы жағын ғана емес, барлық істерді үйретті, бірақ соның ішінде маған ең ұнағаны – осы пошташы жұмысы. Өйткені ауылда болғаннан кейін басқа жұмыс істей алмайсың, тек қана қандай жұмыс бар, соған ғана біз жұмыс жасауымыз керек. Сондықтан енемнің жолын жалғап, 2004 жылдан бастап осы қызметтемін. Ол кісіге енем деп те айтпаймын, анам ғой менің. Анамның орнындағы менің анам. Ол кісіге біріншіден денсаулық тілеймін. Осы көрген бала-шағасының тек қана жақсылығын көрсе екен деймін, – деп тағылым-тәрбиесі таусылмас, екінші анасынан ақ тілегін жолдайды. 
      – 5 келінім бар, бала-шағам бар, 4 қызым бар, бәрінің отбасылары бар. Соның бәрінен немере-шөбере сүйіп отырмын. 31 немерем бар, тәубе, 37 шөберем бар, тәубә, деймін. Тіл-көзден сақтасын, менікі емес, құдайдікі деймін. Ризамын Аллаға! Осы бала-шағаны маңдайыма жазып беріп, осылардың қызығын көріп, әрқайсысының әртүрлі қызығын көріп жатырмын. Ризамын, енді құдайға да, адамға да. Енем өте жақсы кісі. Балаларға қамқор, қойынына тығып өсірді. Келіндерім де, бәрі пысық, күйеу балаларым да тәрбие көрген жердің ұлдары, – деп ұл-келіндері мен қыз-күйеу балаларына ақ батасын беріп, ризашылығын білдіріп, солардың амандығын тілеп отырған, жүзі қандай жылы болса, істеген ісі де тиянақты жан. 
      Бүгінде Жетісу облысының Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында 83 жасқа аяқ басқан Ұлман Әбдуалиқызы отбасының кенжесі Далабаев Дастан Серікұлы, келіні Раяа екеуімен бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешуде. 11 құрсақ көтеріп, 2 перзентінен айырылып, қанаты қайырылса да, мәнді ғұмыр кешіп, мойымаған жан, тамырлы әулеттің анасының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...