Есенов Расул Әбутәліпұлы

Рейтинг:

«Углесбыт», «Угольсбыт+7» ЖШС негізін қалаушы, 
VI, VII шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, 
Сырдария ауданының Құрметті азаматы

Елі үшін туған ардақты азамат еді...

      Сыр өңіріне кеңінен белгілі кәсіпкер, меценат, өмірінің соңына дейін қоғамға адалынан қызмет етіп, қажырлы еңбегімен ел-жұртының, халқының алғысын арқалай білген Есенов Расул Әбутәліпұлы ел үшін туған ардақты азаматтың бірі еді. Әкесі Әбутәліп – ақсақал, ұлағатты ұстаз әрі адал еңбектен бақыт тапқан кәсіпкер болса, анасы Бақыт апаны саналы ғұмырын халыққа қызмет көрсетуге арнаған жанашыр жан, қоғам белсендісі деп айтуға болады. Бүгінде үлкенге де, кішіге де сыйлы қос қарияның есімі ауданда құрметпен аталады. Еңсесін еңбекпен тіктеп, ұрпақтарына да адал жұмыс істеуде тек алға ұмтылып, қоғамға қызмет етуді үлгі-өнеге еткен Әбутәліп аға мен Бақыт апа ел үшін туып, елге еңбегі сіңген ұлдары Расул ердің жасы 50-ге толар шағында кенеттен өмірден өтті.
      Расул Есенов 1973 жылы 26 қазанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті елді мекенінде қарапайым өнегелі отбасында дүниеге келді. Тумысынан ширақ, талапты, ізденімпаз бала аудан орталығындағы №210 орта мектепте оқып білім алды. 1988-1991 жылдар аралығында аудандық №10 орта кәсіптік оқу орнында оқыды. Арман жетегімен 1991-1995 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, аталған институттың толық курсын «Еңбек, есептеу техникасы және информатика» мамандығы бойынша жақсыға тәмамдап шықты. Білімге құштар азамат 2004-2008 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Заңтаным» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алды.
      Еліміз егемендік алған тұста Расул Әбутәліпұлы 18 жастағы жалынды жас болатын. Өз мамандығына сәйкес жұмыс таппаса да, ата-анаға қарап отырмай, әртүрлі кәсіпті жасап жүріп, өзіне лайық кәсіп ашуды ойлады. Осылайша, тоқсаныншы жылдардың соңында «Углесбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Басында көмір сатумен айналысқан мекемеде бар-жоғы 2-3 адам жұмыс істеді. Көмір тек жылу маусымында керек. Ал жаз маусымына да басқа іс керек. Іскер азамат серіктестіктің жұмыс ауқымын кеңейтуді мақсат тұтып, қыс бойы аудан тұрғындарын, мекемелерді көмірмен қамтыса, жаз бен көктемде құрылыс заттарын тасып, арнайы құрылыс дүкенін ашты. Қарағандыдан көмір, Өскеменнен цемент, Қостанайдан ағаш жеткізумен айналысты. Сөйтіп, 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Құлашын күннен-күнге кеңге жайып келе жатқан мекеме құрылыс салуды да қолға алды. 
      «Қызылорда-Жалағаш» автожолы бойынан кентке қарасты жаңа шағын аудан бой көтерген тұс болатын. Мұнда мамандарға және аз қамтамасыз етілген отбасыларға арналып үйлер салынды. Одан бөлек, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында «Тағзым» алаңдары қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілді.
      Заманға бейімделген кәсіпкердің жетекшілігімен Қалжан ахун ауылдық округі әкімдігінің ғимараты мен «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ үшін Құмкөл кенішінде шағын қалашық сапалы тұрғызылды. Бұл жылдар іскер азамат үшін өсу, өркендеу жылдары болды. Қанша қиындыққа тап болса да алға ұмтылуды мақсат еткен кәсіпкер 2007 жылы «Угольсбыт+7» мекемесін ашты. Жанар-жағармай тасымалымен айналысатын мекеме әлі күнге кәсіпорындарды, шаруашылықтарды сұйық отынмен қамтамасыз етіп келеді.
      Сыр өңірінің шаруашылықтары суармалы егіспен айналысатындықтан су құрылғыларының немесе каналдардың таза суды өткізу қабілетінің жоғары деңгейде болуы маңызды. Бұл жұмыстарды да «Угольсбыт+7» ЖШС мамандары ұршықтай иіріп әкетті. Ауданнан тысқары елді мекендерде де каналдарды тазалап, диқандар ризашылығына бөленді. Қалжан ахун, Шаған ауылынан бөлек, Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» каналы да тазаланып, күріш атыздарына мол су іркіліссіз баратын болды.
      Расул Әбутәліпұлын жеріміздегі шексіз байлықты өзге емес, өз халқымыз пайдаланса, елдің игілігіне қызмет етсе деп ойлайтын. Осы орайда, ол күріш ақтайтын зауыт салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, егілген күрішті ақтап, оны өзге облыстар мен көршілес мемлекеттерге экспорттауды қолға алды. Бұл бастамасы жемісті, нәтижелі болды. Бірінші зауыттың жұмыс ауқымын кеңейтіп, екінші зауытты іске қосуды да жоспарлады. Бәрі ауданның игілігі үшін, осы жердің азаматтарына жұмыс болсын деген ниеттен туындаған ойлардың нақты іске айналуы еді. Бірақ амал нешік, ардақты азамат алға қойған мақсаттарына толық жете алмады.
      Тіршілігінде қайырымдылық іс-шараларға белсенді атсалысты, аудан жұртшылығына үнемі көмек қолын созды. Тындырымды тірлігімен көпшілік алғысына бөленген ол қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатып, қиын кезеңде ел жанынан табыла білді. Облыс, аудан көлемінде ұйымдастырылатын қайырымдылық іc-шараларына үнемі қалмай қатысып, өз үлесін қосты. Аудан орталығында мешіт құрылысына қажетті материалдар алып берді. Жыл сайын Құрбан айт мерекесінде ірі қара малын сойып, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне үлестіретін. Сонымен бірге, халық қалаулысы ай сайын мұқтаж отбасыларға ұн, май, макарон өнімдерін, қант, шай секілді азық-түліктер тарататын. Жұртшылықты әбігерге салған пандемия кезінде облыстық, аудандық ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын, оттегі баллондарын алып берген болатын. «Бөріт» қорымын кеңейтіп, қоршалап, әруақтар рухына ас беріп, ақсақалдардың ақ батасын алған еді. «Бұл менің қоғам алдындағы азаматтық парызым», – дейтін еді Расул Әбутәліпұлы.
      Расында да ардақты азаматқа Сырдариялықтар арқа сүйеді. Қысылғанда қамқорлығын сезінді, сая тапты. Жығылғанда маңдай тіреп барды. Ол ешқашан ешкімнің меселін қайтармады. Қоғамнан өзінің берекесін бөлек қарамады. Қолдан келсе, жоққа жәрдемдесті, мұқтажға көмектесті. Қолдан келмесе, жол сілтеп, бағыт көрсетті. Сол еңбегі мен адалдығы оны абыройдың биігіне көтерді. Үш рет аудандық мәслихаттың, екі рет облыстық мәслихаттың депутаты атанып, елдің сенімін арқалады. Мемлекеттік наградалармен, төсбелгілермен марапатталды. Есімі кітаптарға енді, еңбегі республикалық, облыстық, аудандық газеттерде дәріптелді. Бірнеше рет «Жомарт жүрек» аталымы бойынша Алғыс хатқа ие болды. Өзі туып-өскен, азамат болып қалыптасқан «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Өмірден өтерінің алдында ғана республикалық «Жыл меценаты» байқауының жеңімпазы болғаны жөнінде жақсы хабар келіп еді. Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне қатысу үшін жомарт жан дайындалып та жүрген болатын. Бірақ ардақты азамат ол күнге жете алмады.
      Расул Әбутәліпұлының артында өшпес іс те, із де қалды және ол ұмытылмайды. Асыл жары Гүлмира, інісі Серікбол, Фатима, Фархат, Рахат, Рахима есімді ұл-қыздары мен немерелері Фарух, Фуат бар кезде ұрпақтар өсіп-жетіле береді, әкелерінің абыройлы жолын жалғап келеді.
      Жақсы азаматтың тіршіліктегі үлгілі істері өзгелерге өнеге болсын демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
21 ноября 2024 10:31
Гүлмаржан

Ер есімі ел есінде, ұмытылмайды.

Последние комментарии

6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...
23 ноября 2024 02:49
Ерлан
Досым всегда АЛГА мы за тебя брат мой ...