![]()
Алин Ерлан Кинуарбекұлы, «Темірлан» ЖШС-нің директоры
Жалына жармасқанды құба белдің қалтарысында қалдырып, сауырына қамшы тигізбей жүйткіген уақыт – шолпанның жарығын көмескілендіре арайланып атқан әр таңнан өзгеше бір үрдісті, жаңа технологияны ата кәсібімізді жаңғыртуды талап етеді. Жаһандық жетістіктердің кілті – инновацияда, ғылымда, білімде, ауыл шаруашылығын дамытуда жатыр. Қолыңдағыны бағалай білмесең, аузыңдағыны жырып әкететін заманда, стратегиялық жоспары мығым, технологиясы озық 30 елдің қатарына кіру үшін, отандық өнімді алдыңғы шепке қою – басты мәселе. Керей мен Жәнібек туымызды тік қадап кетсе, көк байрағымызды әлем аренасында желбірете білген тәуелсіз еліміз ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп келеді. Тісі шыққан балаға шайнап бір берген ас бола ма?! Озық елдің ұтқыр тәсілін алуды өткеннің еншісінде қалдырып, тыңнан түрен салып, алпауыт елдер санасатын жетістіктерге жеттік. Біздің кейіпкеріміз де соқа тісі тимеген тыңға сүрлеу салып, бос жатқан жерді егіс алқабына айналдырып, ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамытуда соны өзгерістер енгізіп келе жатқан азамат – Алин Ерлан Кинуарбекұлы. Кенже қалған саланы алдыңғы қатарға шығарып, ел экономикасына өзіндік үлесін қосып жүрген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алып, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен «Қазақстан патриоты», III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерін кеудесіне тағып, «Жарқайың ауданының Құрметті азаматы» атағын алған ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түсті. – Ерлан Кинуарбекұлы, мөлдір бұлақ та бастауын тұмадан алатыны секілді, әңгімемізді өзіңізді таныстырудан бастасақ... Топырағына құт, жусанына кие дарыған қазақтың қай өлкесінде дүниеге келіп, балдырған балалығыңызды өткіздіңіз?
– Қазақтың қай өңірін алып қарасаңыз да, түртсең, тарихы сөйлейтін құтты мекен. Мен 1969 жылы 23 шілдеде топырағында талай дүлдүлдердің ізі қалған, жау тісін батырған кезде, өшпес рухты асқақтата біліп, жымысқы ниеттілерді ел шетіне тықсырта қуған Торғай облысына қарасты Державин ауданының Пятигорский ауылында дүниеге келдім. Кезінде тісін батырған кеудемсоқтардың көкірегін күллі қазақтың көзінше қарс айырып жіберген Торғай облысы, бүгінде түйсігімізге томпақ келетін нарықтың ұғымымен облыс мәртебесінен айырылса да, қазақтығынан айырылған жоқ. Оған дәлел – отыз тістен шыққан сөзі отыз рулы елге тараған ақындары елді аузына қаратып келеді. Атауы орысша болғанымен, қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған елде балалығымыз өтті. 1976 жылы Тасөткел орта мектебіне бірінші сыныпқа қабылдандым. Мектеп қабырғасында жүргенде, түрлі спорттық шараларға қатысып, спортқа деген қызығушылығым арта түсті. Мектеп басшылығының ерекше ықыласына бөлендім. 1986 жылы мектепті бітірген соң, өзім оқыған білім ордасына денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналастым. Міне, менің еңбек жолым осылай басталды.
Қарлы өңір болғасын, өзге балалар секілді мен де қысқы спорт түріне жақын болып өстім. Ұстасқан мұздың қарын аршып, қолымызға имек ағаш ұстап, көбесі кеткенше, хоккей ойнайтынбыз. 16 жасымда сырғанау спортынан шебер атағын алып, спорт әлеміне сүңгідім. Әлем мойындаған алыптармен бірдей дайындықтан өтіп, тәжірибе алмастым. Байрақты бәсекелерде ел мерейін асқақтатып жүрген шаңғышы, олимпиада чемпионы, ел мақтанышы Владимир Смирновпен бір додада сынға түстім. Кейіннен таңдауым кәсіпкерлікке түсіп, спорттан сәл жырақтап қалдым. Қарлы алаңға көңілім ауған кезде барып тұрамын. Спорт –
үлкен еңбекті қажет ететін сала
. Ол кездері қандай жұмыста жүрсең де, Отан алдындағы парызыңды өтеу – басты міндет болатын. 1987 жылы қарулы күштер қатарына шақырту алып, әскери-азаматтық борышымды Чехословакияда өтедім. Дала төсіне екі қар қондырып, 1989 жылы елге оралдым.
![]()
Ауылдағы негізгі тіршілік көздері
– колхоз-совхоз секілді ұжымдық шаруашылықтар болатын. Өрісте сиыры мөңіреп, қозысы көгенде маңырағанына қоса, тың шерудің бесжылдықтарында ауыл мерейін өсірген егін шаруашылығы да еңсе тіктеген еді. Мен сол «Тасөткел» өндірістік корпоративіне көкөніс өсіретін топта бригада жетекшісі болдым. Одан әрі осы мекемеде жұмыс жасай жүріп, 1993-1998 жылдары инженер дәрежесіне көтерілдім. Аумағы үлкен жерді қамтитын мекемеге қарау, корпоратив инженері үшін, бұл
– үлкен жауапкершілік. Ауыл баласы болғандықтан ба, бұл қызмет маған қиынға соққан жоқ. Өзіме жүктелген міндеттерді адал атқарып, жұмысымды жүргізе білдім.
– Тәуелсіз еліміздің беткеұстар кәсіпорындарының біріне басшысыз. Бүгінде ел ырысы болып отырған кәсібіңіздің алғашқы қадамы қалай басталды, қанатын қаншалықты кеңге жайды? – Сәтсіздік есікті қағып кірген бе? Тоқыраудың аш өзегімізге түсіп кеткені рас. «Мұртын балта шаппайды» деген алпауыт кәсіпорындардың да есігіне қара құлып салынып, талауға түскен жемтіктей дал-дұлы шығып жатқанда, біздің де шекеміз шылқыған жоқ. Нарықтың ауыр шоқпары жанап өтпей, осал тұсымыздан соғып өтті. Колхоз, совхоздардың жаны мұрнының ұшына келіп, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғанда, «Тасөткел» өндірістік корпоративі де қиындықтардан аяғын алып жүре алмады. Өтпелі қиын кезеңдерде күні құруға таяған шағын кәсіпорындар үлкен компаниялардың қанатының астынан пана тапты. Қабырғасы берік қаланған ұжымдар да құрдымға кетті. Тайғанақтаған уақытпен таласа, 1998 жылы «Саян» шаруа қожалығын құрдық. Бала жетіге келгенше, жерден таяқ жемей ме? Бізде де бірқалыпқа келгенше, қиыншылықтар болды. Балақтан тартқан нарықпен жанталаса жүріп, 1999 жылы «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жұмысымызды одан әрі жалғастырдық.
Жұмысшылардың тынбай еңбектенуінің нәтижесінде, дүниеге келген серіктестік – дәл қазіргі сәтте алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі. Үлкен жетістікке жеткен кезіңде көрген қиыншылықтардың барлығы ұмыт болады емес пе?! Мызғымас Кеңес Одағының да табанынан сыз өтіп, экономикалық қарым-қатынастарға нүкте қойылып жатқанда, бір ауылдың бүйірін толтырып отырған «Тасөткел» өндірістік корпоративінің алқымына нарықтың қанжары тақалды.Үлкен ұжымның елеулі жетістігі елеске айналып, мүліктері талан-таражға түсіп жатқанда, қол қусырып қарап отыра алмадым. Шығынға белшесінен батқан корпоративтің еңбеккерлер алдында да қарызы мол еді. Өзің мінген кеменің көз алдыңда суға батып бара жатқанын көру – оңай болмады. Дереу іске кірісу керектігін түсіндім. Мекеменің көлемді қарызын өз жауапкершілігіме алып, корпоратив базасында «Темірлан» ЖШС-ін құрдым. Тас жұтуға бекінген «тамағым» демейді. Жұмыстың жүріп кету үміті жүзден бір пайыз болып, лып-лып етіп шырағдандай өшкелі тұрса да, талабыма сендім. Қолымдағы барды салып, қарамағымдағы жұмысшылармен бірге еңбектендім. «Тәуекел түбі – жел- қайық, өтерсің де кетерсің» деген. Міне, бүгін сол ащы тер мен ауыр еңбектің жемісін көріп отырмыз. Нарықтың ызғары қабырғадан қарып түссе де, «Темірлан» ЖШС-і ешкімге тәуелді болмай, жұмысын жалғастырып, бүгінде агроөнеркәсіп саласында өз орны бар компанияға айналды.
![]()
Қазақстанның барша өңірінің климаттық ерекшеліктері бар. Солтүстігіміз – көк шалғында болғанымен, орталық оңтүстігіміз – шөлейтті дала. Шаруашылықта мал ұстап, егін егеміз. Нарықтың иті балтырдан қауып, өз балағымызға өзіміз сүрінген 1999 жылы 100 гектар егістік жерді пайдаланғанбыз. Бірді екі ету – заман талабы. Мол өнім алу үшін де, шаруашылықты өркендетіп, жылдан-жылға егіс алқабын кеңейтуіміз керек болды. Қазір 18000 гектар жерге тұқым саламыз. Алла қаласа, келер жылы 22000 гектар жерге егін егу жоспарда бар. Ерінбей еңбек ете білсек, Жер-Ана несібесіз қалдырмайды.
Бауы жоқ, кең балақтан үрлеп кірген тоқырау тек бір саланың ғана жетегінен ұстамауды, бірнеше кәсіпті игеруді тайға таңба басқандай етіп көрсетіп отыр. Егіннен бөлек мал шаурашылығымен де айналысамыз. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіп. Жаттығы жоқ. Бірақ, кедей деген үйдің бір отар қойы болған заманға әлі жете алар емеспіз. Ұжымдастыру, ашаршылық жылдары, одан кейінгі қылышы қынға енбеген соғыс жылдары – ауыл шаруашылығын, оның үстіне, мал шаруашылығын тұралатып тастады ғой. Аллаға шүкір, 2000 жылдан бері кереге басына ілінген қамшымызды қайта қолға алып, төңкерілген қауғамызды құдық түбіне түсірдік. Иесіз жатқан жерді ел игілігіне берумен қатар, қаңырап қалған өріске қайта мал өргіздік. Көз жазып қалған асылтұқымды төлдерімізді қораға қайта тоғытып, ырысты шаруашылықтың берекесін көріп келеміз.
Бүгінде шаруашылықта 700 бас аналық-саулық, жалпы саны – 2000 қой, еттітұқымды 100 гефорд сиыры, 400-ге тарта жылқы малы бар. Күнделікті тұрмысқа қажетті барлық керек-жарақтар мал шаруашылығынан алынады. Мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – сусын, тоңсаң – киім.
– Өткен ғасырдың соңын ала нарық ел экономикасына ойқастап енгенде, ауыл шаруашылығы үй бұрышында сығалап қалды. Сол кездері өлместің күнін кешіп, жанын аман алып қалған компаниялар 2000 жылдардан кейін, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай көбее түсті. Бизнес қанат жайған заманда үкіметтен қандай көмек бар? – Кез келген істі бастау қиынға соғады. Одақтан енші алған өзге елдер секілді біздің үкіметімізге де тоқырау оңай тиген жоқ. Ең бастысы, тәуелсіздігімізді алдық. Ал, қалғаны – өтетін уақытша қиындықтар. Тоқырау жылдары тізгінінен айырылып қалмаған кәсіпорындар бір-бір аймақтың ауқымды бизнесін күшейтіп отыр. Заман өте жылдам дамып келеді. Кешегі жаңалық бүгін ескі. Ғылымның да қарқыны күшті. Одан қалды жаһандық экономика, әлемдік сауда-саттық деген бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев отандық өнімді арттыру үшін, түрлі бағдарламалар жасап келеді. Шағын кәсібін дамытамын дегендерге жақсы қолдау бар.Біз де мемлекет көмегін алып келеміз. Бір рет берілетін грант, пайызы төмен несиелер арқылы шаруашылықты оң қолтықтан демеп келеміз. Барлық техниканы жаңалап, заман талабына сай еттік. Мал басын асылдандырып, санын көбейтуде де мемлекеттен субсидия аламыз. Біздің бүгінгі күнге жетіп отырғанымыз да – мемлекеттік қолдаудың арқасы.
Егін шаруашылығындағы техникаларымыз жаңа. Отандық өнім аясында жасалған «Бюллер», «Джон Дир» ауыл шаруашылығына арналған машиналармен техникалық базамыз толықты. Жаңа сапалы техникамен жұмыс жасағасын астықты да еселеп молынан аламыз. Мысалы, өткен жылы қолайсыз ауа райына қарамастан, жеткілікті астық, малға жем-шөп, сатылымға шығатын мол қор жинап алдық. Шаруашылық есебінен өңделіп, дайындалған егістік аумағының 20 гектарына ауыл тұрғындары мен шаруашылық жұмысшыларына берілетін көкөніс егеміз.
–
Қай дәуірдің де жонына түскен жегіқұрттай бір «бас ауруы» болады. Ол – жұмыссыздық. Тоқырау жылдары тырнағы қозғалған жұмыссыздықтың әлі де күші қайтар емес. Бір аймақтың беткеұстар алып кешенді компаниясы ретінде қандай іс-шара жүргізіп жатырсыздар? – Жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Компания есебінен іс-шаралар өткізіп, қаржылай көмек көрсетуді дәстүрге айналдырдық. Мекеме түрлі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға атсалысып келеді. Мысалы, ауылдық жерлердегі жұмыс көзі – мектеп, балабақша жағдайларына қарай жұмыссыз ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруды да ұйымдастырып отырамыз. Жас мамандар үшін екі қабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізіп, жылумен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар, спорт зал, азық-түлік дүкені, наубайхана, 300 орындық кафе жұмыс жасайды. Ауылдың мәдени-әлеуметтік өмірін де назардан тыс қалдырып көргеніміз жоқ. Көркейтіп-көгалдандыру жұмыстарын да назардан қалдырмауға тырысамыз. Зейнеткерлер мен мекеме қызметкерлері үшін шөпті тегін жеткіземіз. Бастысы – ауылда жұмыссыздар жоқ. Бұл жерде мемлекеттен атаулы көмек алатын, кедей тұратын отбасылар жоқ.
– Ерлан Кинуарбекұлы, он алты қанат ақ боз үйдің уықтарын біріктіріп тұрған шаңырақ секілді, бірнеше саланың тізгінін жұмылған жұдырықтай етіп кәсіпкерлік көшін ілгері жүргізіп келесіз. Десек те, ағы мен қарасы қатар жүретін өмірде қарайласатын жандар болғасын, көмекке зәрулер жоқ емес. Қайырымдылық шараларына қаншалықты көңіл бөлесіз? – Алла біздің кеудемізге жұмыр еттен жаратылған жұдырықтай жүрегін салып берді. Ішін мейірімділікке толтырды. Қос қолымызды өзгені соққыласын деп емес, зәру жандарға көмектессін деп иыққа ілді. Жанарымызды менмендік бұлтының үстіндегі тәкаппарлықты көрсін деп емес, жоқ-жітікті назарға алсын деп маңдайға таңды. Қос аяқ пен ауызды тек қана мінберге көтерілу үшін емес, сол мінберден тағдырдың желі тоңдырған жандардың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізу үшін берді. Алланың бергенінен асып, мен қайда барамын!? Тағдыр құйыны үйіре соққанымен, жүрегімде сабырлылықтың оты тұтанып, тілімнен шүкіршілік түспейді. Тұрмыстың аязды қысында жеңіл күртешемен жүрген әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмек қолын созу – сауапты іс. Демеушілік сұраған ұйымдар мен ұжымдардың, жекелеген ұлттық, өнер, спорт жанашырларының қолын қаққан емеспін. Қайта бастамашыл жандардың арқасынан қағып, қайырымдылық іс-шараларына қатысамыз. 16 жылдан бері ауылдық жердегі барлық салаларға әлеуметтік көмек көрсетеміз. Оның ішінде, қысқы маусымда жолдарды қардан тазалау, төтенше жағдайларда қол ұшын созу, мектеп оқушыларын тамақтандыру, ауылдағы түрлі мәдени шаралар мен ауқымды істердің атқарылуына қаржылай көмек беру мекеме тарапынан қарастырылған. 2015-2016 жылдары ауылдың ескірген мектебін заман талабына сай күрделі жөндеуден өткіздік. Құрылыс барысында пластик терезелер орнатып, ғимараттың төбе жабындыларын ауыстырдық. Қазіргі таңда мектепте барлық коммуналдық, шаруашылық жұмыстар бір жолға қойылған. Күрделі жөндеуге 100 млн теңге жұмсалды. 2014 жылы ескі спорт кешенінің жанындағы мәдениет үйін қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқардық.
Жыл сайын ауыл ішін құрылыс қалдықтарынан, өзге де тұрмыстық қоқыстардан тазартып отыруды қолға алғанбыз. Ауыл жолдары жөндеуден өткен. Кафе маңында ауыл көркіне сән беретін саябақ ашылды. Мектеп, балабақша, даңқ мемориалы жанында қайың, қарағай, теректердің көшеттері ұзына бойы егілген. Әдемілік уақыт пен қаржыны талап етеді ғой. Бақты күтіп-баптауға арнайы мамандар бөлінеді.
2015-2017 жылдары ауылдың барлық көшесі асфальттанып, ұзындығы 4 шақырым болатын жерге тас төсеп, 6 арық қаздық. 60 млн теңгеге жол салсақ, 50 млн теңгені Тасөткел ауылына кіреберіс жерді жөндеуге арнадық. 2017 жылы сүт өнімдерін өңдейтін цехты іске қостық. Жергілікті тұрғындарды май, қаймақ, сүт, ірімшік сынды ағарған өнімдерімен қамтамасыз ету – біздің шаруашылықтың мойнында. Сондай-ақ, мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамту – атқарып жатқан шараларымыздың бір парасы.
– Ауыл –
экономиканың алтын діңгегі. Сіздің көзіңізбен қарасақ, қазіргі ауылдың халі қалай? – Қай дәуірде де ауыл ошағының түтіні өшпеген. Аталарымыз көшпелі мал шаруашылығымен айналысты дегенімізбен, олар өзге елде қаңғып жүрген жоқ. Өз елінің көк майсалы мал жайылымында көшіп жүрді. Тебіндеп жайылған жылқысы мен жусанды қуалай томпаң қаққан қойының бетін қайырмай жүріп отырды. Дәл қазіргі таңда заман басқа, заң басқа. Өлшеніп берілген жер, өрісіңнің мөлшері бар. Қой санын елу миллиондап санаған ел едік. 90 жылдардағы дағдарыс кезінде талай тұяғымыздан айырылдық. Отар-отар қойды аман алып қалу түгілі, қара бастың қамын күйттеп кеткен заман болды. Енді,міне, жалғыз атын сатып күнелткендер ауыл іргесіне қайта қоныс теуіп, мал шаруашылығын қолға алды. Рас, тоқсаныншы жылдары ауыл өмірі назардан тыс қалды. Жаңа тәуелсіздік алған елдің бәріне бірдей үлгермеуі – заңдылық. Бүгінде ауыл өмірін жақсарту үшін, аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мал ісі – өлмейтін кәсіп. Мұны жастар түсінген. Қазір жас жігіттердің атқарып жүрген ісіне қарап көңілің толады. «Жас келсе – іске» деген, бұрындары үлкен кәсіпте 35-40 жастағы адамдар жүретін болса, бүгін одан жас азаматтар ісіне таңдай қақпауыңыз мүмкін емес. Әр істің, кәсіптің хронологиялық дамуы болатын секілді, мал шаруашылығы да өзгеше үрдіс алып, жаңа өркендеудің даңғыл жолына түсті. Енді, тек осы бағыттан таймаса екен. Қазақтың етін, сүтін, қымыз, шұбатын әлем елдерінің дастарқанынан көретін күн алыс емес. Қазақстанда жасалған ет өнімдерінің алды Иран, Ресей, Ауғанстан елдерін мойындатып үлгерді. Бұл – ауыл тіршілігінің, мал шаруашылығының бақ жұлдызының жанғаны.
– Ерлан аға, парасатты әңгімеңіз үшін рақмет! Ұшса, қыранның қанаты талатын Атыраудан Алтайға дейінгі атырапта мыңғырған мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар алып келе жатқан кәсібіңіз өркен жая берсін. Әр қазақтың дастарқаны отандық компаниялар ұсынған өнімдерге толы болсын! Кейінгі ұрпақ сіздерге қарап үлгі алсын дегіміз келеді.