Жеке кәсіпкер
Кәсіпкерлік шыңы
Нәзік жанды жаратылыс иелерінің қолына қару алып, Отанды қорғауы жаңалық емес. Қандай уақытта болмасын, ерлермен бірге иін тіресе ел ісіне батыл араласатын әйелдер арамызда аз емес. Көптеген нәзік жандылар әскери қызметтің тізгінін абырой-беделімен ұстап жүр. Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде әйелдердің орны Еуропа және Шығыс қоғамына қарағанда жоғары болған. Әйелдер – отбасының сақтаушысы, балалардың анасы ғана емес, қоғамда әлеуметтік рөл орындайтын тұлға.
Жалпы адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Тек қана адамның бойында үлкен талпыныс пен белсенділік болса, ол алмайтын қамал, жетпейтін белес болмайды. Ер немесе әйел деп бөліп қарауға да болмайды. Себебі ілкімді істі икемді адам жасайды. Бір нәрсені қолға алдың ба, оның аяғына жетуіне талпынып, нәтиже шығару маңызды. Адам алдына мақсат қойып, оған жету жолында түрлі кедергілерді жеңіп өтуі шарт. Олай болмаған жағдайда мақсат та, арман да ауада қалқып қалады. Иә, әрбір ұрпақ өз елінің өркендеуіне үлесін қосады. Отаны үшін бар күш-жігерін жұмсаған адамның ерен еңбектерін кейінгі буын да үлгі етеді.
![]()
Мақаламыздың арқауы – өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіп иесі ғана емес, дария ернеуінен тасыса, жанындағы жерді де суландырып, көгалдандыратыны секілді, қолында барын өзгелермен бөлісіп жеген, көмек сұрап ұсынған қолды, бос қайтаруға ұялатын, жүрегінің түкпірінде, мейірім мен махаббат тоғысып жатқан, жалаң аяқтыға жалғыз етігін шешіп беретін жомарт жүректі жандардың қатарынан. Сондықтан тиыныңды санап отырмасаң, қолыңдағы барыңнан айырылатын нарықтық заманда, кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, жылы сөзі, ашық қолымен көптің алғысын алып, қайырымдылық шаралардан қалыс қалуды өзіндік ар санаған, көңіл көктемі қашан да құлпырып жүретін кәсіпкердің есімін кітап бетінен көргенді жөн көрдік.
Бүгінгі мақаламызда әулеттің әрін келтірген, отбасының берекесі мен ырысы болған әйел ғана емес, сауда саласында еңбек еткен табысты кәсіпкер, жаны жаңалыққа құмар, қандай да бір істің басы-қасында жүретін, бастаған ісіне ерекше мән беретін ізгі ниетті Кукенова Аспет Әуелжанқызы 1972 жылдың 10 қазанында бұрынғы Алматы облысының Шелек ауданы Нұра елді
![]()
мекенінде дүниеге келді. Асқар тауына айналған әкесі Көкенов Әуелжан – қазіргі таңда 85 жасқа толған әулеттің ақсақалы болса, анасы Манапқызы Жаңылтпаш – өмірге жеті перзент әкелген алтын құрсақты ана. Өкінішке орай, қазіргі таңда ортамызда жоқ, мәңгілік мекеніне кете барған.
Сайын даладан соққан желінен қайсарлық пен тектіліктің, мейірім мен махаббаттың, өнегеліліктің желі ескен құтты мекенде бақытты балалығын өткізген Аспет Әуелжанқызы білім ордасының табалдырығын 1979 жылы Сөгеті ауылындағы Ораз Жандосов атындағы мектепте аттайды. Бүгінгі шыққан құрмет пен абырой төрінің алғашқы сатылары сол кезде басталған жас, мектеп қабырғасында жүріп те өзінің алғырлық, зеректік қабілетімен көзге түсіп, мектеп бағдарламасын меңгеруде сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды.
Өмірге деген құштарлығы басым Аспет Әуелжанқызының да арманы асқақ еді. Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың маңдайға жазғаны болады емес пе?! Ата-анасының да, ұстаздарының да үкілі үміті болған жас 1989 жылы бітіріп шыққан соң, Алматы қаласындағы Республикалық медицина училищесіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнында да игі қабілетінен айырылмай, жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп шыққан соң алғашқы еңбек жолын 1992 жылы туған жері Сөгеті ауылында бастайды.
Жастайынан ата-анасының қолғанаты бола жүріп, үйдің де жұмыстарын қоса атқарып, еңбек
![]()
қазанында пісіп өскен Аспет Әуелжанқызы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, қызметтік міндеттемелерін үздік атқарды. Адал еңбегі, белсенді қызметінің арқасында ұжымдастары алдында абыройлы болып, басшылықтың да оң көзқарасына ілігіп, үздік денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде жергілікті бұқаралық ақпарат беттерінде талай мақаланың тақырыбына да айналады.
Міне, осылайша еңбек ете жүріп, сонау елдің еңсесін басқан тоқырау жылдары көптеген жұмыс орындары жабылып, медицинаның жүзінен әр кеткен жылдары, елмен бірге көшеге шығып, сауда саласына ауысады. Алғашында шағын ғана алып-сатумен басталған іс жалғасын тауып, 2003 жылы азаматы Өскен екеуі кәсіпкерлік жолына толығымен мойын бұрады.
Сол қиын жылдары қолынан іс келетін, көкірегі ояу азаматтардың бойына серпін беріп, бір-бір кәсіпті меңгеруге баулыды. Бас болып, бір іске білек сыбана кірісіп кеткен, өзіне деген сенімділігі мен табандылығының арқасында тәуекелді жел қайық етіп өте шыққан, ат төбеліндей топ бастаған саналы азаматтардың қатарында бүгінгі кейіпкеріміз Аспет Әуелжанқызы болды.
Міне, сол кезде басталған сауда кәсібі әлі күні де жалғасын тауып келеді.
Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинағаны, намысты ту қылып ұстағаны, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытып, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті. Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелі зор атаққа жеткізді, әр жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
![]()
Тынымсыз еңбек, төгілген маңдай тер міндетті түрде өз нәтижесін беретіні анық. Әрқашан да қолдау көрсетіп жүрген жолдасы, Кеген ауданы, Саты ауылының Құрметті азаматы, Аудандық жол қатынасы мемлекеттік басқармасына басшылық жасаған Өскен Қырғызбайұлы екеуі алтын асықтай 5 перзент өсіріп, солардан тараған тілі балдан да тәтті немерелерінің қызығын көріп отыр.
Арай, Мөлдір, Шырын, Айғаным есімді қыздарын ұзатып, қияға қондырса, ұлы Мәди мен келіні Мақпал – қара шаңыраққа ие болып отырған берекелі отбасы. Ата-анасының кәсібін жалғастырып, ісін жүргізіп отырған ұлы «Мәди» жеке кәсіпкерлігінде 22 жыл бойы қызмет етіп келеді. Наубайхана, асхана кәсібі секілді қоғамдық тамақтану саласында да еңбек етіп келе жатқан Аспет Әуелжанқызы соңғы жылдары «Фохоу» корпорациясының мықты менеджері, лидері болып көш бастап келеді.
Алыс-жақында жүрген барлық жақындарының тыныс-тіршіліктерінен хабардар болып отыратын Аспет Әуелжанқызы – отбасының ғана емес, барша жақындарының тілеуі, отбасының берекесін сақтап, өз жұмысын біліктілікпен атқара білетін, өзі басқарған ұжымда да, туған туыстарының да, достарының да арасында сыйлы, қажырлы да қайратты басшы. Кейіпкеріміз тәжірибе жинақтап, бүгінгі таңда кәсібін жүргізіп, көптеген адамды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатыр. Осындай еңбегімен елеулі бола білген Аспет Әуелжанқызының абыройы асқақтай берсін дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()