Махатова Акшагул

Рейтинг:

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАДІРЛІ ІС

Қу тірлікпен қиқулап барамыз да,
Тек пайданы жапсырдық санамызға,
Сен жақсылап көз салшы айналаңа,
Жомарт жандар бар екен арамызда.
Толқын Жексенбиева

      Қазақ қашанда Әйел-Ананы ұлықтап, құрмет көрсете білген халық. Әсте, нәзікжандыларымыз да тек өмірге бала әкелумен ғана шектеліп қалған жоқ. Қоғамның қай саласына да өз қолтаңбасын қалдырып, халық қалаулылары атанып жүргендері де жиі кездеседі. Отбасында оттың анасы, балаларына тәлімді тәрбиенің ұшқынын сыйлаумен шектеліп қалмай, қиын кезде әйелге тән жауапкершілікпен бизнесін бастап, қазіргі таңда алдыңғы қатарлы кәсіп иесі болып отырған – Махатова Ақшагүл 1959 жылы 17 сәуірде құпиясы көп қасиетті мекен Қостанай облысында, көп балалы отбасында дүниеге келеді. Қара орман халықпен бірге қуанып, елмен бірге мұңайып, айналасына қуаныш сыйлап жүрген жандардың бірі «Көппен көрген ұлы той» ұстанымын ұстап, қашан да халықтың жанынан табылып жүретіні қуантады.
      Тағдырдың сан тарау жолдары Ақшагүлдің отбасын сұлу Сырдың бойында орналасқан қасиет қонған құт мекен – Қызылордаға бастап әкеледі. 1966 жылы Тереңөзек кентіндегі Жданов атындағы №36 орта мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап Ақшагүл оқуға ерекше ықыласпен ден қояды. Мектептегі барлық пәндерден үлгерім көрсеткіші жақсы болады, әсіресе, математика пәніне деген қызығушылығы басым болатын. Есепке жүйрік, ойы ұшқыр, алғыр қыз жас кезінен бастап еңбекке етене араласып кеткен еді. Ақшагүлдің анасы дүкенде сатушы болып жұмыс жасайтын, ал тұлымшағы желбіреген елгезек Ақшагүл кішкентайынан анасына зыр жүгіріп жүріп қолғабыс жасайтын. Есейе келе дүкеннің ішкі-сыртқы жұмыстарын бір кісідей меңгеріп әкетті.
      Есеп-қисап жұмыстарын жүргізуде де жаңылыспайтын қызының ісіне анасы іштей шүкіршілік етіп отыратын. Үйге берілген тапсырмаларды да орындауға уақыт тауып, кезі келгенде мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысатын. 1976 жылы талапты, мақсатшыл жас мектепті ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмірге қадам басады.
      Өмір өзені ештеңеге  қарамай ағып өте шығады. Екі аяқты, жұмыр басты пенде – ғажайып құбылыс. Дүниеге келген əр адам əлем театрында өзі кейіпкер болып өмір кешеді. Адам адамгершілігі мол, адал болған сайын өзге жұрттың адалдығына азырақ күмәнданады. «Адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын, соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді», – депті пәлсапашы Блез Паскаль. Қазақ айтады, бақыт қонса бай да, патша да болу оңай, азамат болу – бақыт қонса да қиын. Май тоңғысыз жақсы мінезді болғанға не жетсін. Бәрі ақылға байланысты. «Кісі болар кісінің Кісіменен ісі бар, Кісі болмас кісінің Кісіменен несі бар», – деген нақыл сөз бар емес пе? Жомарттық, адамгершілік, салиқалық, жақсы мінез – кісіліктің нышаны.
      Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам. Тәрбие табалдырықтан басталады. Сол отбасындағы тәрбие, әулет намысы, жас ұрпақтың санасына ұлттық қадір-қасиетті сіңіру – бүгінгі тірі жүрген әрбір пенденің парызы. Олай болса, отбасындағы тәрбие ғана сол отбасында тәрбиеленген балалардың болашақ тағдырын шешеді. Ұлттық тәрбие, аталы сөзде тұру, үлгі-өнеге көрсету, біздің әрқайсысымыздың көкірегімізде маздап жатса, текті халық мәңгі жасары ақиқат. Егер үлкеніміз бар, кішіміз бар адамды ізгілікке, мейірімділікке, тазалыққа, үлкенді сыйлауға, ибалылыққа, ұяңдыққа бастайтын ұлттық тәрбиемізді жалғастыра білмесе, бүгінгі таңда құлақ естіп, көз көріп отырған жақсы қасиеттердің көбі болмас еді. Ақшагүл Такирқызы тәлім-тәрбие алған текті әулеттен тараған өнегелі отбасы, қадірлі ата-анасы қыздарының бойына ізгі қасиеттерді сіңдіріп, адамгершілікке баулып, жақсы тәрбие бергені ақиқат.
     «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсіл бар. Тату-тәтті қазақ отбасында өскен Ақшагүл ата-анасынан дарыған асыл қасиеттердің арқасында ақылды да көрікті болып бой жетеді. Талапшылдықтың нәтижесінде қандай істі қолға алса да тиянақты етіп атқарады. Балалық шақта алған жақсы тәлім-тәрбие өмірлік азық болары хақ. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» демекші, мектеп бітіріп, таңдау жасайтын кез келгенде Ақшагүл де анасы секілді сауда саласын таңдады.
      Есепке жүйрік қыз еш қиындықсыз Жамбыл облысындағы есеп және статистика техникумына «есепші» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1979 жылы аталған оқуды ойдағыдай аяқтайды. Жастайынан сауда саласының қыр-сырын меңгерген Ақшагүл Махатова алғашқы еңбек жолын аудандық Тұтынушылар кооперативінде сатушылық қызметтен бастады. Өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын, біліміне білігі сай жігерлі, табанды жас осы салада есепші, тауар жеткізуші қызметтерін 1996 жылға дейін абыроймен атқарады.
     Дүниеге келген әрбір адам тағдырдың талай соқпақсыз, соқтықпалы жолдарымен жүріп өтеді, түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Бұрынғы мемлекеттік мекемелер жабылып, жекешелендіру кезеңі басталады. Барлық жерде қысқарту жүргізіліп, екі қолға бір – жұмыс табудың өзі мұңға айналды. Жұмыссыздық пен дағдарыс белең алған тұста әркім де етек-жеңін қымтап, нәпаха табудың жолдарын іздестіруге көшеді. «Молшылыққа белшеңнен батқың келе ме? Онда теңізге емес, өз теріңе малшын! Асылды сонда ғана табасың. Егер одан таппасаң, еш жерден таппайсың» деген М.Пришвиннің сөзін басшылыққа алған Ақшагүл Такирқызы белін бекем буып, адал еңбегімен жұмыс жасап, жеке кәсіппен айналысу керек деп шешеді.
      Ислам табыстың негізгі көзі – сауда екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда». Демек, сауда жасау – маңызды кәсіп. Жақсы саудагерлер жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде оны орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды». Анасы сауда-саттық жасауда осындай ұстанымда болып, арына дақ шалдырмай, адал кәсіппен күн кешкен, ұрпағына да адал еңбек етуді аманат еткен. Ақшагүл Такирқызы ана аманатына осы күнге дейін адал.
       Кәсіптің түбі – береке. Өйткені, кәсіп ол өзіңді шыңдау, биікке бағыттау. Заңғар шыңдарға ұмтылу. Мұны Ақшагүл Такирқызы мен тағдыр табыстырған жары, Құдай қосқан қосағы, иығына басын қойып, мұңын шаққанда сүйеу болар азаматы Алмас Досымов екеуі ел егемендік тізгінін қолға енді ала бергенде-ақ түйсінген. Болашағына барлау жасап, мақсат қоя алатын жандардың бұл қасиеті отының басында даму динамикасын өрістетуге әкелген-ді. Жолдасы екеуі азық-түлік дүкенін ашты. Елге қызмет көрсете бастады. Нарық ұғымы қолданысқа енді ене бастағанда экономиканың әліппесін қолға ұстаған олар сәл кейінірек кәсіпкерлікті қолдауды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламаларды оң жамбасқа алды. Тиімді тұстарын пайдалана білді. Кәсіпті ырқына жыға бастады. Нәтижесі де көңіл қуантарлықтай болып шығады.
      Кейінірек көпшіліктің тұрмыста күнделікті тұтынатын тауарлары мен бұйымдарын әкеліп, халықтың ризашылығына бөленді. Антон Чеховтың «Күндіз-түні үнемі еңбек ету, мәңгілік оқу, оқуға әбден жаттығу, соншалықты өжет болу қажет. Ол үшін әрбір сағат өте қымбат» деген сөзі Ақшагүл Такирқызының ойымен үндесіп жатты. Себебі, уақыт өткен сайын ол кәсіпкерлік сырына тереңдей еніп, «Бейбарыс», «Сұлтан» май құю бекеттерін де іске қосты.
      Адамның асыл қасиеттерінің бірі – мейірімділік, жанашырлық, қарапайымдылық. Бұл қасиеттер Ақшагүл Такирқызына тән, ол үшін – жақсы өмір сүрудің алғышарты. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер» деген сөзі біздің кейіпкерімізге арналып айтылғандай десек, артық айтқандығымыз емес. Ақшагүл Такирқызының ең асыл қасиеті – қайырымдылық, ол жоғарғы мақсаттарға бағытталған. 
    Махатова Ақшагүл Такирқызы аудандағы мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға жәрдемін тигізіп, сұйық отынмен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алады. Ақшагүл апай тұрмысы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсап жүр.
      Бала – өмірдің гүлі. Бала тәрбиесінің қай елде болсын маңызы зор. Ана мен бала құқығы қай заманда да өзекті. Ана мен бала – отбасының негізгі бөлігі, ырыс пен берекенің қайнар көзі. Ана – ұлттың айнасы болса, бала – болашағымыз. Болашағы жарқын, келешегі кемел елдің баласы бақытты, анасы мұңсыз. 90-жылдары нарықтық экономика есікті қаққанда ең алдымен зардап шеккен бүлдіршіндер болды. Ауыл түгіл қалаларда балабақшалар шетінен жабылып жатты. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында Кеңес Одағы кезінде салынған типтік балабақша ғимараттары қаңырап бос қалды.
      Баланы ерте жастан адами құндылықтарға үйретудің адамгершілік, өзін-өзі тану, даралық пен патриоттық негізін қалауға көмектесетінін түсінген кәсіпкер ана осы тұста бала тәрбиесіне өз үлесін қосуды парызым деп санады. Кәсіп иесі Ақшагүл Махатова сол кездегі қажеттілік пен сұранысқа сай 2012-2015 жылдар аралығында «Балапан» бағдарламасы бойынша Жалағаш ауданында 50 орындық «Балнұр» балабақшасын, 120 орындық «Жасұлан» балабақшасын және Қызылорда қаласында 170 орындық «Хадиша ана» балабақшасын ашып, халықтың игілігіне пайдалануға береді. Сонымен қатар кәсіп көкжиегін кеңейтуді ойлаған Ақшагүл Такирқызы «Баһадүр» техникалық байқау орталығын ашты. Бұл да көпшілік сұранысын қанағаттандыру мақсатында орындалған жұмыс еді.
      «Ел үшін игілігі бар істің үлкен-кішісі болмайды. Балабақша – киелі орын, ал балалар – біздің ортақ қазынамыз емес пе?! Ортақ мақсат жолында бірге болайық деген ой ғой. Маған бойына білім мен текті тәрбие дәнін еккен бүлдіршіндеріміздің еліміздің тамаша азаматы болып қалыптасқанын көруден артық марапат жоқ», – дейді бала болашағына бей-жай қарай алмайтын кәсіпкер әйел үлкен тебіреніспен.
      «Кәсіп түбі – нәсіп» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Кәсіпкерлік кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Кәсіптің көзін тауып, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген адам ұтады. «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп бабаларымыз еңбек етудің маңыздылығына терең тоқталған. Еңбек ету қашанда берекет пен ризықтың бастауы саналады. Адал еңбегі мен тынымсыз ізденісі арқылы жетістікке жетіп жүрген кәсіп саласының майталманы Ақшагүл Махатова 2007 жылы және Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл құрметке ол екінші рет 2015 жылы да лайықты деп табылды.
      Сонымен қатар танымал кәсіпкер Сыр өңірінің тарихында өзіндік орны бар, ерлігі ел есінен кетпейтін батыр «Бұқарбай Естекбайұлының 100 жылдық мерейтойына арналған» медальдың иегері атанды. Өз ісінің майталманы болумен шектеліп қалмай, өскелең ұрпақ тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосып жүрген, шағын және орта кәсіпті өркендетем деп жүрген жастардың ұстазы болып жүрген Ақшагүл Такирқызы аудан, қала, облыс басшыларының «Алғыс хаттарымен» бірнеше қайтара марапатталып, халық құрметіне бөленген жан.
     «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында білім, ғылым, мәдениет, қоғам, медицина, спорт саласына қолдау көрсеткен азаматтар туған жері мен елін, ауыл-аймағын өркендетуге үлес қосып, қамқорлық танытып жүрген, мұқтаж жандарға қайрымдылық жасаған жомарт жүректі жандарды, меценаттарды, бизнес-құрылым өкілдерін, ұйымдарды, еріктілерді құрметтеу мақсатында «Жомарт жүрек» салтанатты құттықтау рәсімі өтті.
      Салтанатты рәсімде Жалағаш ауданының әкімі Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы аудан аумағында қоғамдық пайдалы, әлеуметтік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырып жүрген бірқатар азаматтарға «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинацияларын табыстады. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметі мен қайырымдылық шараларын жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясымен жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Махатова Ақшагүл Такирқызы марапатталады.
       Ақшагүл Такирқызы өнегелі отбасынан алған тәрбиесін қаймағын бұзбай өз перзенттеріне жеткізе білді. Сонау жетпісінші жылдардан бері өмірдің ащы-тұщысын бірге бөлісіп келе жатқан жолдасы Досымов Алмас екеуі атұстар 3 ұл тәрбиелеп өсірді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді атам қазақ. Отбасындағы әке мен ананың түсінігі, бір-біріне адалдығы мен сыпайы сыйластығы балаларының азамат болып өсуіне ықпал етеді. Жарасымды отбасында тәрбиеленген ұлдары заман көшіне ілесіп, ат жалын тартып мінер азамат атанып, қоғам дамуына өз үлесін қосып жүрген түрлі мамандық иелері, елінің айтулы азаматтары, ата-анасының мақтанышы.
      Бүгінде үш ұлдан тараған 9 немере Алмас аға мен Ақшагүл апайды шексіз қуанышқа бөлеп, киелі шаңырақтың шаттығын еселеп жүр. Жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет деп санайтын Ақшагүл Такирқызы әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, адамгершілік негіздерін көруге болатынын дәлелдеп жүргендердің бірі.
       Кәсіпкерлік қабілеттілік дегеніміз – адамның бизнесте жаңалықты аша білу қабілеттілігі, бірақ бизнеске қатысатындардың барлығының қолынан келе бермейді. Басқа бәсекелестерінен озып шығып, барлық күш қуатын барынша жұмысқа жұмсап, новаторлықпен, мақсаттылықпен, коммуникабельділікпен, яғни адамдармен тез арада байланыс жасау қабілеттілігі, олармен өзара жақсы қатынастар құра білу, бәсекелестеріне қарағанда айналасына басқаша көзқараспен қарауда оқшауланып тұрады. Міне, бизнес әлеміндегі дара тұлғалардың бірі – Махатова Ақшагүл Такирқызына сәттілік үнемі серік болып, табысы ылғи арта түсетініне сенімдіміз.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

7 марта 2024 13:56
Рысты
Галя мына естеліктер әкең анаң туралы оте тамаша жазылған екен. Мұхаң әкей туралы халықтан естігеніміз болмаса....
7 марта 2024 13:26
Қалжан
Оқыдым өте дұрыс жазылған нағыз шындық менің әкем де Мұхаңмен Сельхозуправлениеде жұмыстас болған еді бір жылдары бізге...
7 марта 2024 13:08
Насиба
Мұхаш атаны көрген де естіген де жоқпын ғой.Шахта орта мектебінің 70 жылдығында  ма  папаңның кітабын бергенсің. Түгел...