Бала деп соққан жүрегі, бала үшін бар тілегі

Ертеңін ойлаған аталарымыз қай уақытта да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Жетіге дейін хан тағына көтеріп, он төрт жасқа дейін құлша жұмсап, одан әрі досындай сырласып, азаматым деп таныған бабаларымыз ұлт болашағының тамыры бала тәрбиесінде, өскелең ұрпақта жатқанын әнмен де жеткізіп, ұлы сөз етіп те айтып кеткен.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, алдымызға келген әр бір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылыққа тәрбиелеу қажет. «Балабақша-бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы» - дейтін, ұлт болашағына бей-жай қарай алмайтын, балаға деген махаббаты төгіліп тұратын, мейірімі күн нұрынан жылы, асыл жүректі жандардың бірі, табысты кәсіпкер, «Балдырған» балалар бақшасының құрылтайшысы және меңгерушісі - Махмудова Таскүл Махмудқызы.
Баламенен жаны бір Махмудова Таскүл 1947 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында адал еңбегін тіршілігінің тірегі еткен колхозшының отбасында дүниеге келді. Өмір

бұлағының бастауы болған әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Бекпенбетов Махмут пен мейірім мінезі жібектен де жұмсақ анасы Камаладинова Сақыпжамал колхозда жұмыс жасаған. Бүгінгі таңда тіршіліктің тамырына айналған «Киров» каналын қазуға үлкен үлес қосқан, Мырзашөл ауданын суландыру, елдендіру жолында еңбек еткен. Таскүл Махмутқызы береке қазаны ортаймаған құтты мекенде балалығын өткізіп, үлкен өмірге бағыт берер білім ордасының табалдырығын аттады.
Кішкентайынан оқуға құштар қыз мектеп қабырғасында жүргенде де сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, белсенді оқушылардың бірі болып, сыныптың көшін бастады. Болашағынан үлкен үміт күттіре білген Таскүл Махмутқызы осылай бақытты балалықтың әткеншегінде тербеліп жүргенде, ескертусіз келетін ажал құрығы әкесін алып кетті. Бұл уақытта ол мектепте үшінші сыныпты бітіріп, төртіншіге көшіп жатқан кезі еді. Бір жанұяда 11 жан болып, үлкен әулетке ұласып, анасы Сақыпжамал, нағашы әжесі Күлжамила және екінші анасы болған Бидайкүл үшеуі жеті баланы тәрбиелеп, білім беріп, аяққа тұрғызды. Жетісай районы Абай колхозының Абдалиев Қарақозы атындағы мектепті бітірген соң Таскүл Махмудова 1962 жылы Түркістан педогикалық училищесіне оқуға түседі. Қолына алған ісін жандандырып алып кететін, ұйымдастырушылық қабілеті бар Таскүл Махмутқызы студенттік жылдарда оқуда озат болып, қоғамдық істерде белсенді болды. Нағашылары Айдар Айтқожаұлы, Пал Икрамов және жеңгелері де өз тәрбиелерін беріп, үнемі қолдап отыруының арқасында оқуды да үздік оқыды.
Таскүл Махмутова өзінің алғашқы еңбек жолын 1966 жылы оқуды бітіріп, аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Ленин мектебіне пионер вожатый болып бастайды. Одан кейін мектепте ұстаздық етіп, Аудандық комсомол комитетінде «есеп және қаржы» бөлімінде меңгеруші болып қызмет атқарады.
1974 жылы Шымкент университетінің педагогикалық факультетінде жоғары білім алған Таскүл Махмутқызы 1976 жылы Комунистік Партияның жолдауымен «Балдырған» мектеп балабақша комбинатына директор болып орналасады. Осы қызметте жүрген кезінде 1979 жылы балалар жылы болып белгіленіп, Республика бойынша Республикалық конкурста бірінші орын алады. Мәскеу қаласына бүкілодақтық ПДНХ-ға жолдамамен барып, төсбелгімен марапатталып, тәжірибесімен бөлісіп қайтады. Еңбегінің нәтижесі ретінде Қазақстанға келген соң Жигули машинасын сыйға алған Таскүл Махмутқызы ұзақ жылдар бойы 265 қызметкермен бірлесе отырып 600 баланы тәрбиелеп, білім беріп, Түркістан қаласында белсенді қызмет ете білді.
«-1990 жылы еліміз дағдарысқа ұшырап, бюджетте қаражат болмай, су, жарық, жылу болмай, жағдай қиындап кетті. Балабақшаға да кесірі тиіп, балаларды тарқатып, балабақша жабылып қалды. 1996 жылы балабақшаны жекешелендіріп, толық жөндеуден өткізіп, су, жарық, жылуын қостырып, бала тәрбиесі ісімен жұмысымыз жандана түсті. Бастапқы кезде екі ғана ғимарат еді, қазіргі таңда 2 гектар жері бар, екі – үш қабаттан тұратын жеті ғимаратта жұмыс жасап отырмыз», - деген Таскүл Махмутқызы 1994 жылдан 2012 жылға дейін 20 жыл көлемінде Мәслихат депутаты болып, Ана мен баланың құқығын қорғау жолында көптеген жұмыстар атқарды.
Тоқырау жылдары жиған-тергенімен өзі басшылық ететін «Балдырған» балалар үйін жекеге өткізіп алады. Ол кездері кімнің-ақ аузынан ақ майы тамып тұрған дейсің, өзіне қаратып алғанымен, алып кетер қолда қаражат болмай, 2-3 жылдай қабырғасы қаңырап бос тұрып қалады. Бірақ, сол тоқыраудың тұманы сейілген 2000 жылдары қайта күрделі жөндеуден өткізіп, бүлдіршіндердің игілігіне пайдалануға береді.
Бүгінгі таңда Таскүл Махмудованың немересі Айман Өтегенова басшылық етіп отырған «Балдырған» балабақшасында 1000-ға тарта бала тәрбиеленуде. Оның ішінде науқас балаларға арналған санатароиялық топтар да балаларды қабылдап, сауықтыру бағдарламаларын жүргізеді. Балабақша спорттық алаң, ашық бассейн, неше түрлі аттракциондар мен ойын алаңдарымен қамтылған. Балаларды түрлі өнерге қарай бейімдеуге аналған түрлі әдістемелік бағдарламалар да үздіксіз жүргізіліп тұрады.
Таскүл Махмудованың балабақшада еңбек ететін тәрбиешілері және балабақша ұжымы әр баланың бойына қайырымдылық пен сүйіспеншілік, адамгершілік пен ізгілікті қалыптастыруда жүйелі жұмыс атқарып, бүлдіршіндерге жүрек жылуын, аялы алақанын аямай еңбек етуде.
«-Ата-аналар бізге балаларын аманат қылып, өздерінің жұмысына кетеді. Алайда әрбір ата-анада алаңдаушылық басым болады емес пе?! Бұл қандай жер, қандай орта, кімдер жұмыс жасайды, балам жылап қалмайды ма, қарны ашпай ма деген сынды мың сан ойға бататыны рас. Бірақ біз осыларды ескере отырып, сәт сайын ата-аналармен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдап, бірге жұмыс жасауға дағдыландық. Ата-анамен жиі кездесудің де өзіндік ұтымды тұстары болады. Мәселен баласының ерекшелігін, қызығушылығын ата-анасынан артық ешкім білмейді ғой. Бала бойындағы дарынды аша түсу үшін де біздер ерінбей-талмай еңбек етеміз. Елбасы өз сөзінде «Қазіргі заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі, парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру білім беру бүгінгі таңда отбасының, балабақшаның, барша елдің, халықтың міндеті» деген еді. Жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуының негіздері мектепке дейінгі мекемеден бастау алатыны анық. Балалардың ой-өрісін дамыту үшін оның ішкі дүниесі мен қыр-сырын анықтап, мүмкіндіктері мен қабілетін жетілдіруге жақсы жағдай жасағанымыз абзал. Баланың дарыны мен таланты қаншалықты ерте ашылса, нәтижесі де соншалықты жеміс беретіндігін біз жақсы білеміз. Бала дегеніміз біздің болашағымыз. Өскелең ұрпақты қалай тәрбиелесек, келешегіміздің келбеті солай бекем болмақ. «Жас ұрпақ – келешектің қожасы» деп В.Белинский айтқандай ұл-қыздарымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Менің ұжымым да өте еңбекқор. Олар да бір-бір еркенің ата-анасы. Сондықтан да өзге бүлдіршіндерге өздерінің балаларынан кем қарамайды. Мен де тәрбиешілерімді сол істерімен, адалдықтарымен бағалаймын. Балаларға деген жауапкершілік мықты болу керек. Себебі аманатқа қиянат жасау, бұл ең төменгі адамның дәрежесі деп білемін. Балалар аман, қуанып, күнделікті тақырыпқа сай қаншама мағлұматтарын алып, білім нәрімен сусындап жатса, ойын алаңдарында ойнап жатса, бізге одан артық бақыт жоқ қой. Бүгінгі күні мен де бүлдіршіндерге бауыр басып қалғанымды байқаймын.
Рас, уақыт зуылдап өтеді. Бүлдіршіндер де алмасып отырады. Алайда баланың аты бала ғой. Қылықтарымен тәтті. Тәрбие сәби дүниеге шыр етіп келген алғашқы сәттен басталуы керек. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады деседі. Ендеше, жас сәбиді алғашқы күннен бастап тәрбиелеу керек. Әрине, баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Дегенмен, тәрбие ретінде балабақшаның да алатын орны ерекше. Тәрбиенің алтын бесігі балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпаймыз», - дейді Махмудова Таскүл.
Махмудова Таскүл ақ адал пейіліне қарай, қай жерде, қай ортада қызмет етпесін, ұжымына сыйлы, беделді әріптес, білікті де білімді көшбасшы бола білді. Ұжымын ауызбіршілікте ұстап, көптің алғысын да алды. Оны танитын замандастары ақ көңіл, адамгершілігі мол, еңбекқор, өте қазақшыл екенін айтады.
Кейіпкеріміз дастарханы дәмнен ажырамайтын, үйінен құдайы қонақ арылмайтын, берекелі, көпшіл, жүрегі даладай кең, балажан, адам жатырқамайтын, биязы да салмақты, иманжүзді, ажарлы, аузынан «айналайыны» түспейтін, аса мейірімді, көпке қамқор жан. Ұғымтал, нәзік, уәдеге берік, «адал сөзім - ұстанымым» дейтін ер жігітке бергісіз бойында қайсарлығы да бар, білімге құштар, жан-жақты, ізденімпаз тұлға.
Таскүл Махмутова табысты кәсіпкер, балабақшада ақысыз топтар және әлеуметтік жағдайы төмен балаларға арнап ақысыз мектеп-интернат ашып, балабақша орталығынан басқа, кәсіпкерлік мекемелері, сауда орталықтарына арналған «Айтолсын», «Тұмар», Привокзальный ғимараттары бар.
Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір бола білген соң, қазіргі кезде де қала халқы көптеген мәселелер бойынша ақылдасып немесе шешімін табуына көмек беріп, атсалысуын сұранады. Таскүл Махмутова қаланың құрметті азаматы, эксдепутат, ардагер ретінде өтініштерін тиісті жерлерге жеткізіп келеді. Түйінді мәселелер көп жағдайда оң шешімін тауып отырады.
Педагогтік және кәсіпкерлік еңбек өтілімнің 56 жыл толуына орай 2022 жылдың қараша айында әкімшілік тарапынан шығармашылық кеші жоғары деңгейде атап өтілген, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Түркістан қаласының, Беларус мемлекетінің және Түрік мемлекетінің Сибаш облысының да Құрметті азаматы Таскүл Маухмутқызы және оның өнегелі отбасы туралы биылғы жылы «Мерейлі отбасы» ретінде Қазақ телевидениесі түсірілім жасап, елге насихаттады.
Махмудова Таскүл барлық еңбегін Түркістан қаласыны мен облысының дамуына салған адам. Қайырымдылықпен де айналысып, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы барысында 20-30 баланы киім-кешек, құрал-жабдықтармен, сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған адамдарға, көмек қолын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Шонақ ауылында ашылған мектепке парта мен қаржылай көмек көрсетті.
«Елдің алғысынан артық марапат жоқ» дейтін Махмудова Таскүлдің расында осы салада бағындырған белестері бар. Алайда ол марапаттарымен марқаюды, мақтануды жөн көрмейді. Жақсы маманның, үлгілі еңбектің жемісі айтпаса да көзге көрініп тұрады. Ол еткен еңбегінің жемісін балаларының жетістігімен өлшейтін жан. Иә, дұрысында өзінің де, өзгенің де балаларының қуанышымен бірге қуана білетін жүретін жан. Өмірден ерте кетсе де, артында саналы ұрпақ қалдырып кеткен жары, музыкалық саз мектебіне басшылық етіп, мәдениет бөлімін басқарған жары Тілепов Өтеген екеуі 4 перзент тәрбиелеп өсірді.
Үлкені Талғат – заңгер, екіншісі Айгүл ана ізін қуып педегогикалық салада қызмет етіп келеді. Мектеп интернаттың директоры. Қызы Айнұр жоғарғы білімді, университетте оқытушы. Музыка саласында әке жолын қуды. Одан кейінгі қызы Айсұлу мемлекеттік қызметкер. Немерелі Айтосын, Айман, Ахамет, Жихангер, Әзірет, Сұлтан арқайсысы да қызметте.
Иә, "Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады" демекші, білікті басшы, ұжым мақтанышы, Махмудова Таскүл өзі басқаратын ұжымды тек биік белестерге жетелеп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Сондықтан, ұлт болашағын тәрбиелеуге өзінің үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ол кісінің өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.