Шежіреші, шешен, би
Тұғыры биік тұлға
Өткенімізге қарасақ, мақтануға тұрарлық, ісі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа өнеге ете алатындай, жүрегі жұдырықтай болса да алып істерді атқарған кең жүрек, анадан туып, атаның тәлімін алса да, адамзатың мүддесін ойлаған, қазақ дейтін қасқалдақ қанды ұлттың, елдің тарихын зерттеген тау мүсін тұлғалар аз болмаған. Қандай нәубет жыдары болса да ақындықтың, шешендіктің, адами асыл қасиеттерді барлығынан жоғары қойған аталарымыздың ешқандай қалыпқа сыймайтын ерекше болмысын, олардың тұрмыс жайлы айтылған өлең-жырларын, тағылым мен тәлімге толы әрбір сөзін қағаз бетіне түсіріп отырған. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, тағдырынан теперіш көрсе де, елге қызмет етуінен бір сәт те тайынбаған, топырағы қасиетті Маңғыстау жерінде кіндік қаны тамса да, дүйім қазақ елінің руханиятын көтеру жолында еңбек еткен атақты шежіреші, шешен, би – Алшын Меңдалыұлы.
Есімі ел есінде мәңгілікке сақталып қалған, өз тегін білемін деген әрбір азамат рахметін айтып, жасап кеткен тау-тау ісіне риза болатын тұғырлы тұлға Алшын Меңдалыұлы Маңғыстау өңірінде өмір сүрген. 1895 жылдың 15 сәуірінде Маңғыстау түбегінде кіндігі кесіліп, 1979 жылдың 9 қарашасында Жыңғылды жеріне жамбасы тиген Алшын Меңдалыұлы жастайынан мұсылманша білім алады. Қазақ баласын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіруге тәрбиелеймей ме, кішкентайынан алғыр, өз қатарының алды бола білген азмат жасынан Маңғыстау, Атырау өңірінің Сейіт, Мәтжан, Тілеген, Айдар, Сырым, тағы басқа билерінің шешендік дәстүрін өнеге тұтып өседі.
Батысты Жайықтан бастап, шығыста Кенті Алтай өңіріне дейінгі атырапты мекен етіп, көшіп-қонып жүрген қазақтың дархандығын бойына сыйдырған Алшын Меңдалыұлы қабілетімен, зеректігімен, ұшқыр ойымен ақсақалдарының ақ батасын алып қана қоймай, сол бір жаңаша білім беру мен ескіше молдадан хат тану итжығыс түсіп жатқан шақта, екеуін де меңгеріп шығады.
Білгені мен тоқығанын ел қызметіне арнап, 1920-1937 жылдары ауылдық кеңестерде қызмет етеді. Бірақ, сол бір сауатсыздықтың бұлты қазақ даласының аспанын торлап тұрған жылдары жоғарғы басшылықтың тапсырмасын қазаққа тиімді етіп, дін мен ділден де бас тартпай еңбектенеді.
Осылайша, көшпенділіктен отырықшы елге енді айналып, мектептерден білім алып, көзі ашыла бастаған халықты ізгілікке сүйреген Алшын Меңдалыұлының еліне деген жанашырлығы, ағарту саласына тартудағы ерекше талпынысы басшылықтың «тырнағы бүгулі» жоспарына сәйкес келмей, оның үстіне қазақ десе еміреніп тұратыны шекесіне таяқ болып тиіп, ақыры «Халық жауы» деген сылтаумен Атырау қаласында түрмеге қамалады. Одан әрі Новосібір облысына жер аударылып, айдауда болады.
Бірақ, өзінің ізгі ниетін ешқашан жасырмаған, қазақ елінің көркеюі жолында білім алып, ағарту саласындағы еңбегін тоқтатпаймын деген Алшын Меңдалыұлы айдауда жүрсе де бір сәт «Ұлы Арман» жолынан бір айныған емес. Қайта аязы қатты салқын жерде жүрсе де, жүрегінің түкпіріндегі еліне деген махаббаты жылытып, қайраттынып, қайсарланып, тағылық өмірге шыңдалып шығады. 1945 жылы еліне оралған соң, қызметке қайта келеді.
Осылайша одан арғы жылдары дербес зейнеткерлікке шығып, өмірінің соңғы жылдарында Маңғыстау елінің бағзы әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі, ауызша тараған ататек шежіресі жайында еңбектер жазды. «Кіші жүз және Адай шежіресі» аталатын көлемді қолжазбасы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.
Алшын Меңдалыұлы қазақтың ескі қисса-дастандарын жадына тоқыған, халық қазынасын жаңылмай жатқа соғатын құймақұлақ қарт. Халықтық қазынаны қайта жаңғыртып, түлетуге, айтыс, Наурыз, жыршылық, жыраулық, күй өнері сияқты ұлттық мұраларымыз қатарындағы тағы бір ұмытыла жаздаған шежіреге, шежірешілерді құрметтеуге зор үлес қосты.
Өткен тарих ұмытылмау керек. Осы жағынан келгенде Алшын Меңдалыұлының қазақ рузханияты үшін таптырмайтын дүниесін қағаз бетіне түсіріп, оның еңбектерін қайта жазып, жаңғыртып отырған перзенті Меңдалиев Бурабек Алшынұлы мен келіні Ғубайдуллина Ғная және немересі Мендалиева Қалжан Бурабекқызы.
Біз жаңа ғасырда, жаңа заманда, ата тегіміздің кім екенін біліп, тамырымызды тауып, туысқандық қатынас орнатып жатсақ, ол толарсақтан саз кеше жүріп, өзін ұлт жолына құрбан еткен Алшын Меңдалыұлы секілді шежірешілердің арқасы. Иә, біз ол заманды көрмедік, тек кітаптан оқыдық. Сондықтан ол кісі жайлы журналистік ойға, өз пікірімізге сүйеніп жазу тарих беттерінде есім мен еңбегі тасқа қашалып жазылып қалған тұлғаның еңбегіне жасаған қиянатамыз болар еді.
Сондықтан, замандас, әріптес болып, бір дастарханнан дәм татқан жолдастары, әріптестері, замандастарының Алшын Меңдалыұлы туралы жазылған естеліктері мен еңбектеріне, арнау өлеңдеріне кезек бергенді жөн көрдік.
Журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Тамаша адамдар өмірі» үлгісімен «Маңғыс-тау мақтаныштары» сериясын бастап, «Аңшы Нұр», «Нұрлыхан Бекбосынов», «Қайролла Ережепов» секілді оншақты кітаптың авторы Спанов Әбілқайыр Бақытұлы былай деп, құлашын кең сермей сөйлейді.
«Менің тап осы жерде оны «аңыз адам» деуім тегіннен тегін емес. Себебі, Алшекең соншама сор бейнеттің, зілзаланың дəмін татып білсе, өз басым қағазға түскен дерек арқылы оқып білдім, онда да былтырдан бері.
Қезінде жұрт көзінен жасырын сақталып келген ОГПУКГБ-МХК – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өте кұпия архивіне өліп-талып қолым жеткеннен бері. Міне, солардың ішінде Алшын Меңдалиевке де қатысты құжаттар жетіп артылады. Ең əуелі ол 1928 жылы Құрмаш Қосжановтың ісіне байланысты карауылға ілініпті. Сондағы бар жазығы – мұның Шоңай руынан, ал Құрмаштың Тоқабай руынан, яғни арғы түбі бір атаның ұрпақтары болғандығы ғана. Ал, бұл еқеуінің ағайындығы «Құданың құдасының түйе сатқан жеріндей» екендігін ешкім ескеріп жатпапты. Оның үстіне, Алшекеңнің Қүрмаш қозғалысына қарсы қимыл иесі, оған қолға берілуді ұсынып барып, ажал аузынан қалған елші болғандығы тіпті қаперге алынбаған. Содан соңғы – Ералиевтің өлімі. Тағы Алшекең ауызға ілініпті. Тобанияз, Оспандар бастаған «Адай контрреволюциялық тобын əшкерелеу» ісі. Алшекең бүл жолы да тергеу тезінде. Сонда берген жауаптарының бəрінде Алшекең өзін ерлерше ұстаған. Ешкімді кезеп көрсетпеген, өз басының кінəсіздігін калай дəлелдесе, өзгеге де солай шаң жуытпаған. Ақыры, амалы құрыған ОГПУ-дың оны ол жолы «келесі кезекке қалдыра түруына» тура келеді. «Келесі кезек» те көп кешіккен жоқ, 1937 жылы қеліп жетті. Сол зілзаладан аман оралғандар, сірə, некен-саяқ. Ал олардың да ауызы құлыптаулы болатын.
Өйтпегенде ше, ештеңені айтқызбайды ғой оларға зар заманның талқысы. Бұл тірі пенденің озар озмышы болмаған соң, жазмышқа жасар амалы жоқ. Сондықтан оған өкпең де талақ. Сонда бар қарманып қаларың өкініш қана екен ғой. Сол өзек өртеген өкініші мен опынуы түскірдің ел көкірегіне шерлі шемен боп катқан отызыншы жылдарға ойысқан тұста ғой мына біз – шимайшыны тұралатқаны. Өйтпегенде лажың қане? Қайда қарасаң да қалтарысын астына бүккен кағаз, жалғаны қайсы, жаңсағы қайсы — айырып қөр. Жала қайда, ақиқат қайда – тауып көр. «Ауылыңда қартың болса – жазулы жатқан хатпен тең» дейтін еді халқым. Ал біздің сондай қаттаулы хатымыз, сол оқиғаның көзі тірі куəсі Алшекең еді. Ол болса арамызда жоқ. Міне, солай, мынау қайырының кайтуы қиын қареқетке көңілің қатты қалып жүрген бір қезде «Маңғыстау» газетінде Бурабек Алшынұлының «Əкеден жетқен əңгімесінің» жарқ ете түскені! Сөйтсек, қайран Алшекең өзі білетін құпияны өзімен бірге ала қетпеген екен, сенімді ұлы арқылы кейінгі ұрпаққа нұсқау сілтеп, аманат етіп қалдырыпты. Біле білгенге осының өзі ерлік емес пе?! Газеттің 3 санында жарияланған сол аманат хат іспетті естеліктің өзінде үлкен сыр жатыр. Соны әрі карай суыртпақтай беру – ендігі біздің міндет. Біздің бармағын шайнап өткен алдыңғы ұрпақтың – Алшекеңдердің алдындағы қарызымыз, кейінгі ұрпақ алдындағы парызымыз. Сонымен бірге ол «бұл зұлмат қайталанбасын» дейтін ортақ ұранға қосар үніміз де болмақ.
Құптарлығы, ауылдас, жерлестері биыл Алшекеңнің 100 жасын ойдағыдай атап өтуді ұйғарыпты. Дұрыс-ақ! Екі қолымызды бірдей көтеріп дауыс береміз оған. Бірақ, атаудың да атауы бар. Ел білетін Алшекең алақандай Жыңғылды ауылы түгіл, айдынды Маңғыстаудың қараойынан да асып, тым алысқа кеткен ата еді ғой.
Сондықтан оны тек бір ауыл, аудан көлемінде емес, бүкіл облыс жұртшылығы болын атап өткен лəзім емес пе? Елдің елдігі, сырт көздің алдындағы айбыны, намысқа тырысу, ең бастысы, атанды атап отырып, атыңды мағлұмдау дейтін ұғымдарды ұмытпасақ, тап солардың талқыға түсер жері осы болуы керек сияқты...
* * *
Әлкей Хақанұлы Марғұлан:
«…Ол – қара сөзге дес бермейтін суырма тандай, қаусырма жақ, тірі кітап, бағзы заманнаң шешендік дәстүрін бойына молынан дарытқан шежіреші, этнограф, тарихшы деген алқалы ортаның төбе биінің нақ өзі»
* * *
Сәбит Мұқанов:
«…Мен академик болғаныммен, Алшын бола алмайды екенмін, аңыздардағы іші алтынға толы ақ сандық сен екенсің»
* * *
Естөре Оразақов:
«…Алшын Мендалыұлы – Маңғыстаудың тірі энциклопедиясы»
* * *
Есбол Өмірбаев:
«…Алшекеңнің сөз мәнері, пәрменді дауыс ырғағы өзіне ерексіз тартады. Өз тұстастарына сыя бермейтін білімді де білікті, ерекше есте сақтау қабілеті тындаушысын тандандырмай қоймайды…»
* * *
Нұрбаулы Бәйтілеуұлы:
«…Ел сені есіркейді, «Ерім» дейді,
«Беріп ед елге талай сенім» дейді,
«Сол ерім осы күні қайда кеткен –
Көзіне ешбір жанның көрінбейді?!
Мәңгілік жұрт қарыздар енбегіңе –
Еш жанға мұндай сенім білдірмейді…».
* * *
АҢЫЗ АДАМ
«Өткен өмірде есе жоқ» деген сөздің жаны бар екен. Байқап отырсақ, көзбен көрген, баста кешірген көп дүниелердің бірқатары ұмытылған, көп нəрсе өшкен не өзгерген. Солардың көбін қағазға түсіргің келеді. Ондағы ойың – кейінгі толқынға сабақ болсын, жас ұрпақ жақсының жақсылығын үлгілесін, жаманнан жиреніп, бойын аулақ салып өссін, өткен өмірден аз да болса мағлұмат алсын дегенің.
Əрине, əркімнің өмір соқпағы əртүрлі. Сол соқпақ, сүрлеу әр тұстан даңғыл жол торабымен əрқалай қосылады. Адамдардың өмір жолы да сондай. Менің ойым да Маңғыстаудың асыл азаматтарының бірі – Алшын Мендалыұлының туғанына 100 жыл толуына орай ол жөнінде білгенімді бүгінгі ұрпаққа жеткізу еді.
Алшекеңді 1936 жылы жаз айының орта шенінде көрдім. Ол кісі ол кезде Маңғыстау аудандық жер бөлімінің бастығы болып тұрған кезі екен. Осы кезде Маңғыстауда халық азайып қалған.
Ел 1928 жылдан бастап, тіпті одан əріден-ақ Орта Азияға, Ақтөбе далаларына ауып қөшіп кетті. Халықты аштық жайлады. Осы кезде Түрікменстанға ауып кеткен адамдарды Маңғыс-
тауға қайтару ісі Алшекеңе жүктелді деп естідік. Міне, осы саладағы Алшекеңнің еңбегі, оны білетін кім-кімді де болса тебірентері сөзсіз.
Соған куə болып, көре қалғандардың қазіргі көзі тірілері бəрі де растайды. Ол қайтын келген елді Маңғыстаудың ең шұрайлы деген жерлеріне орналастырды. Серіктік, ауыл, артель ұйымдастырды. Жаңа өкімет орнағаннан кейін енді шамалы уақытта басқа жолдың жоқ екенін ерте түсінген оның тыныс-тірлігінің мəн-мағынасына қандай да бір өзгеріс, жаңалық енгендей еді. Дүниеге басқаша қөзбен қарап, назарын көкжиектен əрірек салып еді. Мен өз өмірімде мұндай ойгер қазақты сирегірек көрген тəріздімін.
Сол кездегі ұғымымда одан білім асатын тірі пенде жоқтай көрінуші еді жəне маған ол кісінің алдына бару қиял болып қөрінгенмен, мен де сол кісіге ұқсап ертерек қызметке аралассам, еліме пайда тигізсем екен деген ойда жүретінмін.
Иə, сол 1933-1934 жылдары қоғамдық негізде колхоз құрыла бастады. Қолда бар мал қолхоз мүшелеріне үлестіріліп берілді. Сонда да халықтың күй-жағдайы əлсірей берді. Заң қатая түсті. Елдің аштығы одан əрі жалғасты. Бақсай ауданының «Тандай» совхозынан Маңғыстау халқына мал бөлінетін болды. Осы қойға Алшекеңнің өзі барын, бір де бір бас мал шығын берместен елге айдатып келіп, малдандыру жөніндегі қомиссияның төрағасы бола жүріп, аудан еңбеккерлерінің əр отбасына 3 қойдан үлестіртті. Реті келгенде айта қетейін, мен сол кезде «Қарқын» колхозында есепші едім. Колхоз төрағасы екеуміз қой алатын тізімге өзімізді енгізбегенбіз. Халықты үрей билеген заман ғой ол тұс. Алшекең тізімге көз жүгіртіп отырды да: «Екеуінде мал көп пе?» – деп сұрады. Біз жоқ екенін айттық. «Онда неге тізімге өздерінді кіргізбегенсіңдер?» –
деді де, бізді табанда тізімге қостырды. Алшекеңнің осы бір азаматтық, адалдығы осы кезге дейін есімнен кетпейді.
Мен бұл естелігімде Алшекеңмен əр кезде кездескендегі шат-шадыман əсерім туралы, өзіме аға, ұстаз болған аса қадірлі кісіден ажал келіп айырылып қалғандағы қайғы-қасіретім жөнінде атүсті болса да жазсам болар еді. Бірақ, ол туралы жазбадым. Себебі, Алшекең туралы қанша жазсаң да, аздық етеді, жеріне жеткізе алмайсың. Оның саналуан қырының ең азы бір бөлшегін де толық қамти алмас едік. Біз өзіміздің жігіт ағасы болған кездеріміздің өзінде оны келгенде көре алмай калсақ, бір көруге «ынтық болып» отыратын едік. Көрсек, арманымыз орындалғандай болатын. Ол біздің ұлағатты ұстазымыз болғандығы сондай, алдымызға шығып дəріс оқымай-ақ, Маңғыстаудың шежіресінен, тарихынан, əдебиетінен көп мағлұмат беріп кеткендігіне еш кіршік түсіруге болмас. Егер мұны ескермесек, Алшекеңнің көп кырлы қасиетін дұрыс бағаламағандық болар еді. Алшын – көп ретте үлкенге де, кішіге де өнеге көрсеткен адам. Ол қатал заман кезінде де партия басшыларының идеялық қысастық пен қате-кемшіліктерін ашық айта алмағанмен де, айқын сездіріп отыратын. Жақсы жаңалыққа сүйсініп, соны іске шын жүрегімен балаша қуанып отыратын, ақпейіл əрі сезімтал жан еді. Біз білетін Алшеқең, өз əңгімесінде кейбір ел басқарған азаматтардың адамгершілік қасиеттерін мінездеу жағына басымырақ көңіл бөлуші еді.
Бірақ бəрін де жек көрмейтін. Əсіресе, жақсы жақтарын көбірек айтын отыратын. Ол ел тарихын баяндағанда бір тұңғиық теңіз іспетті әсер қалдыратын. Əр жағдайдың түрін түстеп, тұнығы мен толқынын бойына сақтап, тындаушысын жалықтырмай сөйлейтін.
Қейде оны еске алып отырып, осыншама абырой, беделдің себебі не екен деп ойға қаласыз. Сонда, менің ойыма келетіні оның қиыннан қиыстыратын керемет əңгімешілдігі, күтпеген жерде күлдіретін, жақсы мағынадағы сөзуарлығы, ертегі, аңыздарды, мақал-мəтелдерді, шешендік сөздерді ойда сақтау қабілетінің кереметтігі, тарихты, бұрынғы болған оқиғаларды өте жетік білетіндігі, естігенін, көргенін жадынан шығармай, кез келген адам аттарын айна-қатесіз айтатындығы, əңгіменің артын шебер шендестіріп, үйлестіріп жіберетіндігі, сол арқылы тындау-
шысын əрі таңғалдыра, тəнті етушілігі.
Мен жақында Алшекеңнің туған ауылы, жатқан жері – Жыңғылдының азаматтарының оның ғасырлық мерейтойын мамыр айында атап өтуге əзірлік жұмыстарын бастап кететіндігін естідім. Құптарлық іс, оң ниет. Алшеқең айтатын еді: «1894 жылы жабағы жүн алып жатқан кезде туыппын» деп. Атап өту мерзімі де соған келетін сияқты. Алшекең шын мəніндегі – халықтың адамы. Сондықтан, оның мерейтойын ауыл көлемінде атап өту – Алшекең рухына аздық етеді. Алшекеңді бүкіл Маңғыстау халқы түгел біледі, сол себепті оған арналған іс-шараны аудан көлемінде өткізу керек дегім келеді. Менің бұл ойымды Маңғыстаудағы Алшекенді білетін азаматтар қостар деп ойлаймын.
Айта кету керек, қиындау кезеңді бастан кешіріп отырмыз. «Жүк ауырын — нар көтереді» деген, Алшын тойын лайықты деңгейде қапысыз өткізуді Маңғыстау ауданының əкімшілігі əбден ойластырар деген сенімдеміз.
Еңбек жəне Ұлы Отан соғысының ардагері Ерғали Төлесінов
* * *
ДƏУІРІНІҢ ДІЛМАРЫ ЕДІ
Алшын Меңдалиев осы ХХ ғасырдың 80-жылына дейін өмір сүріп, халықпен бірге жүріп, бүкіл еңбек жолын халқы үшін жұмсады. Кезінде бүкіл елге қолдан келген көмегі мен шарапатын тигізді. Өзінің аса дарынды, данышпандылығымен елдің көрнекті перзенті, білікті басшысы болды. Советтік заманның алғашқы кезеңдеріндегі ел басына ауыр кун туып, абдыраған кездерде дүрбелеңге ұшыраған адамдарға басу айтып, ақылшы, қамқоршы бола білді. Сөйтіп, елдің іргесінің сөгіліп, құрамының бұзылып кетпеуіне де басты себепші болған – Алшекең десек, артық айтқандық болмас.
Ол ғұмырнамасының соңғы нүктесіне жеткенше жиындар мен басқосуларда бір сəт те кідіріс жасап мүдірместен, өзінің туа біткен парасатты да сан алуан үлгілі сөздерін айтудан жалықпаған. Алшынның əңгімелері тыңдаған, естіген адам жалықпайтындай мəніне келтіре, əуе-
нін үйлестіре айтылумен ұмытылмастай жадта сақталатын. Алшекеңнің үлгілі ой-толғамдары артына өлмес қазына, өшпес мүра болып қалды.
Алшекең Маңғыстауда өмір сүрсе де, оның зерделі де тарихи, шежірелік сөздері, дүние танымының даралығы Қазақстан жазушылары, ғалымдарының, ақындарының əдеби кітаптарында көрініс тапты. Не сан əңгімелері əр алуан əдеби шығармалардағы желі болып түзілді.
Алшекең – қоғам қайраткері, кезінде күш-қуаты, білімін халық үшін тосырқамай жұмсаған елдің зерделі биі, тарих шежірешісі, артына өшпес із қалдырған XX ғасырдың өрен жүйрігі.
Алшын Меңдалиев – Маңғыстау облысының негізі – Маңғыстау ауданын құруда аянбай жұмыс істеп, еңбек сіңірген азамат, сол күндердің алғашқы түлектерінің бірі.
Осыларды жəне оның өміріндегі күрделі еңбектерін айрықша еске алсақ, Алшекеңе жасалатын, халық ұйғарып отырған 100 жылдық мерейтойын тек ауыл көлемімен шектемей, аудандық, облыстық денгейде өткізуге облыстың əкімі назар аударса деп ойлаймын. Жинақтап айтсақ, Алшын Меңдалиев өз дəуірінің ділмары, шешені, шежірешісі болған адам.
Қаршыға Сүйірбаев
* * *
Кеше дүниеден өткен ел ағасы, Маңғыстау шежірешісі атанған Алшекеңе биыл бір ғасыр толыпты-ау. Сол асыл ағаның тірісінде көрісіп-сəлемдесіп, əңгімелескен кездегі алған əсерлерім, асыл маржан сөздерді, көрген-білгендерім жөнінде жазып, мерейтойға өз үнімді қосайыншы деп, қолыма қалам алдым. Осы түбекте туып-өскен асыл аға Меңдалыұлы Алшын кезінде
«Алшекең айтып еді», «Алшекең – шежіреші», «Шоңай Алшын былай дейтін» деген абырой-
атаққа көзі тірісінде-ақ ие болған кісі еді.
Ойлап отырсаң, біздің қазекем өзіндік орны бар ел ағасы, тəуір кісілерді ғана көзі тірісінде осылай бағалаған ғой. Алшекең ер тұлғалы, кең жауырыңды, ажарлы, сабырлы, тілі жатық, сөзді нақышына келтіріп, кездескен кісімен танымаса да, ескі таныстай өзіне баурап, кішіпе-
йілдік пейілмен сөйлесетін еді. Алшекеңнің тұлғалығына байланысты ел аузындағы дəлелін айта кетейін. Мүмкін, бізден кейінгі ұрпақтарға аңыз-əңгіме болып қалар.
Сағын Беркінұлы
* * *
АЛШЫН – ҰЛЫ ШЕЖІРЕШІ
Ұяң да жайдары мінезімен адамдарды өзіне тартып, баурап алатын қасиеті бар, өзінің қатарлары мен өзінен кішілерге үлгі-өнеге болған адам, елгезек жан өлінің күзетіне, намазына, топырақ салуына қатысуды парыз санайтын абзал пенде еді. Алшекең ел өміріне белсене араласып, өзінің зеректігімен Маңғыстау, Атырау өңіріндегі елдерге əйгілі болған. Өзіне ғана тəн халықтың көбін танып, ататегін ажырата алатын шежірешілдігі мен ел ішіндегі атақ-абыройы артуынан оған құрмет көрсетіліп, «Адайдың Алшыны» деп атау əдетке айналған.
Шындығында да «сүйер ұлдың аты көп» дегендей, бұл атаққа ел оны айрықша қадірлегендіктен лайықты деп таныған.
Қалмырза Жұмалиев
*****
АЛШЕКЕҢ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
(очерк)
Қазан революциясы жеңген жылы Алшекең тепсе темір үзер, тебіренсе тау қопарар, кең иықты, ат жақты, қарасұр жүзді, палуан денелі, шиыршық атқан, 25-тегі жігіт еді. Ол өз қолы өзіне жетіп, есейгеннен-ақ жақсылардың тірісінде көзін көрді, өлісінде сөзін көрді. Естігенін ұмытпады, көргенін көңілде сақтады. Бұл күнде жасы сексеннің бесеуіне келсе де, əңгіменің жеті атасын ағызғанда таңданғаныңнан ауызыңды ашын, сілтідей тынып қаласың. Жəне Алшекең сөйлегенде нақты дəлелмен «ауызға ұрып» айтады да, айдан айқын етіп, алақаныңа салып береді. Иə, Алшеқең – тілі қайраулы, сөзі сайлаулы, əрдайым түтіні түзу шығып отыратын, əрі көп жасап келе жатқан, əрі көпті көрген абзал ақсақалымыз.
Алшеқеңе көптеген ақындар арнау жырларын жазып жүр. Мəселен, биыл Əбу ақын:
«Армысың аға, армысың,
Қайыспас қара нармысың?!
Келеді кербез кəрия
Арқалап əулет алғысын.
Тақтайдай аршын жауырынға
Жаудың да жүктеп қарғысын.
Осыдан сұра түбектің
Түйерген сонау арғысын...»,- деп жырласа, белгілі ақын Ғафу Қайырбеков:
«Жақсы еді нүрың қандай, жаның қандай,
Сөзіңде бір ғұмыр мен дəуір бардай.
Дүниеде сендей қазақ аз болғанға
Болады кейде жаным ауырғандай.
Жігіт болдым туған бір оңнан айым,
Сені көріп мен күнде толғанайын.
Қасиетімді күн сайын биіктеткен
Қадіріңнен, ақсақал, айналайын...», – деп таяуда ғана Маңғыстауға келген сапарында ағынан ақтарыла жырлады.
Ал, жас ақын Дүйсенбек Қанатбаев 1975 жылы қыркүйек айында «Қазақ əдебиеті» газетіне «Революция сарбазы» деген көлемді жыр жазды. Мұнда ақын «Маңғыстауда Кеңес үкіметін орнатушылардың бірі, 1924 жылдан бері СОКП мүшесі Алшын Меңдалиевқе арнадым» деп жазып:
«Көктемде бір қозғалатын сеңдердей
Бəрімізді баласынан кем көрмей,
Алматыға келеді бір ақсақал
Отты жырдың ортасынан келгендей...»,-деп толғанған еді.
Алшекең қарасөзден қамыр илеп, тіліне қамшы салдырмайды. Әр сөзі – ақыл мен нақыл. Солардың бірқатарын мен блокнотыма талай жазып алғанмын.
Алшекеңнің бір əңгіме үстінде көптің сауалына орай айткаңдары мынау еді: «Адамның жас кезінде жаны аяғында болады, сондықтан ол шаршамайды, жүреген келеді. Жігіт шағында жаны кеудесіне келеді, олардын, көкірегі көтеріңкі болатыны содан. Қартайған кезде əлгі жан тілдің ұшына келеді, міне, содан келіп ақсақалдар сөйлемпаз, алқалы топтың алдында арындап кетеді.
Солардың бірі өзіміз емес пе екен деп те қорқамын. Мен ел мен елдің, адам мен адамның, тіпті көрші-көлемнің де достығын, татулығын қатты қадірлеймін. «Досың ауырса — ыңыран» дегенді қазақ содан соң айтады: «Бір дос бар, қолыңдағы малың шыкқанша, бір дос бар — шекеңнен қаның шыкқанша, бір дос бар — кеудеңнен жаның шыққанша». Ал, енді, шырақтарым, халықтың осы даналығын өздерің ойша топшалап, ақыл таразысына салын көріңізші.... Абыл –
дана, Ақтан – шайыр, Нұрым – айтымпаз болған екен. Абыл «Сөзім екі ауыздан асқан жоқ» депті. Ал енді сөзге шалдырмас, жолға қалдырмас, суырып салма жезтандай ақын Қашаған еді ғой, оған ешкімнің де шарқы жеткен емес. Ол реті келгенде тіпті ойланбай, қолма-қол төгіп қоя беретін еді. Бір сұлу мүсінді, кереге жал биені көре салып:
Қарабуын биені,
Қалай өтем елемей,
Шоқтығына карасаң
Белгілі қара төбедей.
Екі кісі мінгессе,
Альт кетіп барады.
Су ішінде кемедей,
Жүрісіне қарасам,
Қанаты бар немедей...– деп төкпектете жөнелген екен.
Мен көпті көрдім, көп үйрендім, басшы да болдым, қосшы да болдым, досты да таптым,
жауға да шаптым. Сондағы түйгенім мынау: «Адамдармен тіл табу – істі басқарудың ең дұрыс та тиімді жолы. Көптің көңіл күйі жақсы болса, жүмыс та ілгері басады. Бастық болып көкке өрледім деп, көптен қара үзіп қалғандар қас-қағым сəтте құлап түседі. Үлкен ұрысады, кіші кешіреді, тек кекшіл болма – кері кетесің».
Əзірбайжан Қонарбаев
*****
ПІКІРІ ТЕРЕҢ ПЕНДЕ ЕДІ
Алшекең артына өшпес етіп Кіші жүздің, оның ішінде Адайдың ата таралысы жолдарын ескерткіш ретінде естелік, шежіре етіп жазып ұрпаққа қалдырды. Сонымен бірге, Маңғыстау түбегіне орналасқан Адай елінің өмірінде болған өзгерістер мен өнегелі жақсылардың сөздерін бір арнаға келтіріп жинақтап та кеткен адам.
Совет Нұрмағанбетұлы
********
АЙМАҒЫМНЫҢ АБЫЗЫ - АЛШЫН ЕДІ...
«Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» дейді ғой. Алшын Меңдалыұлы Маңғыстау халқына ортақ.
Ол əңгіме айтқанда өз елінің абыройын көтере, айбынын асқақтата, айдынын шалықтата сөйлейтін. Елінің кешегісі мен бүгінгісінің білгір шежірешісі бола білген ол бір көрген адамын ұмытпай танып, оның ата тарамын айтып отыратын. Тіпті бала күнінде бір көрген адамын өскенде жолықтырса, «Əй, сен бəленшенің баласысың ғой, сенің шешеңнің аты бəленше еді, пəленнің қызы еді» деп, шұқырана сөйлесе кететін.
Қандай ғажап! Бұны бір Алланың берген қасиеті демей, не дейсің!
Бисембі Əріпов
******
АҒЫЛ-ТЕГІЛ СЫР АҚТАРҒАН КҮНДЕР-АЙ...
Боны сырықтай, тіп-тік Алшекең кіріп келгенде қонақтар орындарынан жедеқабыл көтерілді. Ғафу Алшынның кең ашылған құшағына кірді де кетті. Бейнебір мауқын басып алайын дегендей, біраз тұрып қалды.
Ажырасқанда Ғафу аса бір толқулы сəтті кешіп тұрғандай түр аңғартты. Абыз бен ақынның айқара құшақ қауышуының өз əсері аз болған жоқ. Жолаушылармен жеке-дара амандық-саулық сұрасып жатқанда Ғафу əлденені тез-тез жазып жатқандай еді, бір сəт қанатын қомдаған қырандай шалқи төгілді дерсің.
Жақсы еді нұрың кандай, жаның кандай,
Сөзіңде бір ғұмыр мен дəуір бардай.
Дүниеде сендей қазақ аз болғанға
Болады кейде жаным ауырғандай.
Көріндің Махамбеттің інісіндей,
Солардың аман қалған тірісіндей.
Баяғы қатар көшкен қайран нарлар,
Солардың маған сіңген иісіндей.
Айтып ед білген қазақ «Сол бар ғой « деп,
«Баптаған ақырға бір ер-нар ғой « деп.
«Көкіректе қалса сенен жалғыз тамшы,
Соны да сол бір шалға арнай ғой « деп.
Асау ем, асыл туған асқын едім,
Қолыңды карағайдай ұстап тұрып,
«Балам «деп сүйіп, мауқын бассын дедім.
Жан едім Сіз тұрғанда сертім берік,
Əзірге жүрген құдай бетін беріп,
Көріне бер көзіме алыстан сен,
Маңғыстау мұнарасы секілденіп.
Жігіт болдым туған бір оңнан айым,
Сені көріп мен күнде толғанайын.
Қасиетімді күн сайын биіктеткен,
Қадіріңнен, ақсақал, айналайып... – деп барып тоқтады.
Баршамыз риза, хош көңілмен қол соқтық. Алшекең: «Рахмет, балам, өркенің өссін! Бұрын жүздеспесек, енді сырлас болып бастадық. Қашанда жұлдызың жарқырай берсін» деп көңілін білдірді. Киев пен Сайком сол арада қолына үстай келген бір-жар кітап бетіне қолтаңба түсіртіп алды. Арқа перзентінің Манғыстау топырағын тұңғыш басуы екен. Алшын Мендалыұлының есіміне сырттай қанық болып шықты. Тап осы жолы осындай арқа-жарқа отырып, сырласамыз деп ойламағанын жасырмады. Ғафудың аласқапаста жазған бұл өлеңінің қолжазбасы менде сақтаулы.
Асан Əбдіров
******
ОЛ - ЗАҢҒАРЛАР МЕКЕНІ АЛШЕКЕҢДЕЙ -
ӨҢІРДІҢ ҚОЖАСЫ - БІЗ ГҮЛ ЕГІЛГЕН
Алшекеңдер мəңгіге ұмытылмақ емес. Қай жағынан алғанда да монолиттей тұтас тұлға.
Алшекеңнің елімен бірге өлшеусіз өмір кеше беруін қара ормандай халқы қапысыз қамдады. Осы мерейтой — соның айғағы! Сол үшін де баршамызға ортақ ардағымызды, салиқалы сардар, сан салалы сайрауы бар сандуғаш-бүлбұлымызды, қандай жағдайда да ақиқаттың ақ жолының ақылгөйі де айқайшысы бола алған, ел мұң-мүддесінің шын мəніндегі жоқшысын ағымыздан жарыла, əрдайым еске аламыз. Өнеге мен үлгі, ұлағатқа толы әр сөзін ел жадына саламыз.
Базархан Сүйеуов
*****
Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Халық жазушысы Ə.Кекілбаев: «Бүгінгі Маңғыстаудың өшкені жанып, өлгені тіріліп, түтіні түгенделіп, бауыры бүтінделіп жатқаны, ең алдымен, тұлабойы мен өзегіне осы маң даланың қасіреті мен қайратын қатар құйып алған арғы-бергі ұлы перзенттердің арқасында деп ұққан жөн.
Маңғыстаудың еліне пана, жеріне қорған болған сондай атан жілікті, арқар мүйізді алып перзенттерінің бірі, сөз жоқ, Алшын Меңдалыұлы. Біз Алшекеңді өз жерінен, ер елінен безіп кетердей аса қастерлі кезеңде елдің бұйдасы байланған алып діңгегі болды деп білеміз. Ол сол нəубет жылдарында тоз-тоз боп бара жатқан елдің бүтіндігін сақтап қалды. Мұны əрқайсысымыз ұмытпауымыз керек. Əрине, Алшекең солай етуге тиісті де еді. Өйткені, оның тұлғасын да, тұрпатын да Аллатағаланың өзі Маңғыстаудың касиетті топырағынан илеп жасаған. Оның сөзінен Маңғыстау жусанының исі бұрқырап, оның ойынан Маңғыстау даласының шалқар кеңістігі ашылып, оның қарекетінен Маңғыстау мінезі көзге ұрып тұратыны сондықтан.
Алшекең Маңғыстауға өзінің бойындағы сүйіспеншілігін де, күш-қайратын да, сөзін де, шежіресін де, ақылын да, айбынын да – бəрін-бəрін берді. Ал оның ұрпағы Алшекеңнің қайтпас-кайсар рухын таспен сомдап, тұғырға отырғызды. Өсіңіздер, өніңіздер, өркендерің жайылсын!»
*****
МАҢҒЫСТАУ ӨЛКЕСІ ТҰРҒЫНДАРЫНА
Халық бірегей перзенттердің естеліктерін есінде сақтап, ұмытпай мұра-еңбектерін ұрпақтарына жеткізсе – елдігінің белгісі. Манғыстау топырағына белгілі халық мақтанышы, еңбегі еліне əйгілі, ұрпағына үлгі Алшын Мендалыұлының туғанына ІОО жыл толыпты.
Бүгін Маңғыстау өлкесі үшін ұлы той, халық үшін мəңгі бақытты сəт, ол – елінің ерлігі мен өнегесін ұрпағына паш еткен шежіреші Алшын ақсақалдың ғасыр тойы. Қазан төңкерісінен кейінгі аумалы-төкпелі сол бір қиын кезде халқының көшбасшысы бола білген, тағдыр еншісіне жазған қиындықты да бір кісідей көтере білген, қазақ халқы тарихының əмбебап білгірі, шежіреші этнограф Алшын ақсақал өз халқының жадында мəңгі сақталады. Оның мұраға қалдырған еңбектерін жаңаша бағалайтын уақыт жетті. Халқымыздың асыл байлығын толық меңгерген оның өмірі мен шығармашылығы жастарға үлгі болып қала бермек.
Ө.Жолдасбеков,
Жоғарғы Кеңестің ғылым, білім жəне жаңа
технологиялар жөніндсгі комитстінің торағасы, ғалым
******
ҚАТАРЛАРЫН ІЗДЕП, ЕЛЕНДЕП ОТЫРУШЫ ЕДІ
Алшекең үлкейе келе, жүріс-тұрысы шектелгеннен кейін Жыңғылды ауылынан Шетпе жеріне барған кісілерден ел амандығын, күнделікті ел ішіндегі болып жататын хабарларды бүге-шігесіне дейін сүрастырып, біліп отыратын.
Əсіресе, өз замандастарын, шал-кемпірлерді түгендеп, күнделікті жағдайын біліп отыруға құмар еді. Сосын ауылдың осылай өзімен кездесіп жүретін адамдары кездесе қалса, колхоздастыру кезіндегі өзі білетін шалдардың не жасап жүргенін, халық ішіндегі салмақ-беделін сөзге өріп, мінез-құлқындағы жəйттерді əзіл-оспақ етіп, зерделей əңгімелеп отыратын. Əсіресе, Алшекем менің əкем Олжабайды, Əнешті, Акжігіт, Сағындық, Ақниязды, Қуан, Такакты, Кенбай, Нүберекті, Көбеш, Кісібайды, Төребай, Байжанды сұрастырын, қалай да солармен жиі-жиі кездесіп отыруды армандаушы еді. Оларды көрсе, əзіл-оспақ, өткен кеткендерін айтын бір жасап, рахаттанын қалатынын жиі кездестіретінмін. Сол адамдардың жүріс-тұрысын, мен барсам да, өзі Жыңғылдыға соға қалса да, сұрап біліп кететін.
Алшекемнің өз қатарларын іздеп, елендеп отыруының өзі тəлімдік қасиетінің ерекше бір қыры еді. Қатарларымен бірге болғанда айтылатын əңгіме бейнебір үзіліс таппай жалғасып, тыңдаушысын таңғалдырып, тамсандыратынының жөні бөлек-тіі.
Хамит Олжабаев
******
Уəйіс Қайралапов
АЛШЫН МЕНДАЛИЕВ
(портрет)
Алшын десе, өзі де Алшын еді,
Мол пішілген боны бір аршын еді.
Сарқылып қалған талай сан бұлақтың
Жаңартып көзін қайта аршып еді.
Халқына деген үлкен жүрегінен
Жан еді жөн тапқан бас, білегімен.
Маңғыстаудың аймағы бір өзіне
Тұр еді түгел сыйып түбегімен.
Жан еді-ау ол музейге қоятындай,
Көзінде көп сыр кетті-ау оятылмай.
«Маңғыстаудың адамы — осындай» деп,
Көрсетсе, көрген көздер тоятындай.
******
Дүйсенбек Қанатбаев
РЕВОЛЮЦИЯ САРБАЗЫ
Сөз тындасаң Алшекеңдей абыздан,
Жаралған ба дерсің өзі аңыздан?!
Ұзақ түнге отырады мақтан ғып
Маңғыстауын қара алтын ағызған.
«Бір кездері болғанымен шері көп
Бұл даланың, — дейді, — енді кемі жоқ».
Ерте жанған бір жұлдызға Алшеқең
Бізден гөрі қуанады көбірек.
От ойнатып айтқан əбір сөзінен,
Тілдеседі болашақтың өзімен,
Революция сарбазына бір қарап,
Мен дəуірдің ұлылығын сезінем.
Ер көңілін еш нəрсеге жасытпай,
Халық үшін қиған қанын қасықтай,
Алшаң басып барады, əне, Алшекең,
Революция көшесімен асықпай...
*****
Əзірбайжан Қонарбаев
ҚАЙРАН БАБА!
Алшекем асып туған, дара туған,
Есімде ескірмейтін дара тұлғаң.
Пір Бекет, Бекбауылдар қол берген де,
Атағың аңыз болып жаратылған.
Білмеппін мұхит па едің, көл ме едің,
Ақжаңбыр əңгімеге шөлдейді елің,
Тусаң да Алшын болын жалғыз өзің,
Бұл күнде Алшын болып сөйлейді елің
БАБАҒА ТАҒЗЫМ
Сілкінді-ау, Жыңғылдының кең алабы,
Ешкімнен көрмей тұрмын шекараны,
Бүгін жұрт Алшекем боп сөз айтады,
Алшекем ауасымен дем алады.
Жатыр-ау тыныстап ел саңылағы,
Бүгін жұрт Алшекемді сағынады.
Ақкүмбез қасиеттім, қасыңдамыз,
Асқақ тұр Алшекемнің аруағы.
Маздады Алшекемнің күні бүгін,
Күмбірлеп қоңырау шалды, үні бүгін.
Басына Маңғыстауың көшіп келіп,
Көрсетті Алшекемнің ірілігін.
Алшекем, ұлылармен иықтасым,
Туған жер топырағында ұйықтасын,
Алшеке, арманың жоқ, шарт жүгініп,
Келіп тұр ұрпақтарың, иіп басын.
*****
Светқали Нұржанов
АРНАУ
(Көне жыраулар ізімен)
– Уа, Абызым менің, Аңызым менің
– Алшекем,
Өздеріңе арналған
жыр ед бұл-дағы!..
Уа, Абызым менің – Алшекем!
Құлағыңа даусым барса екен...
...Тамырым толқын тулатып,
Солқылдап кетті қан-шекем,
Жүрегімнен шыққан тамшы-жыр
...Ерлердің мəңгі басында
Гүл болып мəңгі қалса екен!..
******
Күн өткен сайын құндылығы арта түсетін алтын секілді жыл өткен сайын еңбегі жарқылдап шығып, ұлт руханиятының көгіне күн болып көтерілген Алшын Меңдалыұлы туралы қаншама мақала жазалып, қаншама кітаптар жарық көріп, көптеген деректі филмдер түсіріліп, көзін көрген ждандар ыстық лебіздерге толы естеліктер жазды.
Атап айтсақ, оның еңбектері, өнегелі ғұмыры, адамдық болмысы жайлы Бурабек Алшынұлы «Əкеден жеткен əңгіме», Əбілқайыр Спанов «Арыстың Алшыны еді ол», Есбол Өмірбаев «Алшын Мендалыұлы», Ергапи Төлесінов «Аңыз адам», Каршыға Сүйірбаев «Дəуірінің ділмары еді», Сисен Боқыбаев «Алшекеңнің аты аласармайды», Сағын Беркінұлы «Ел ағасы жайлы есімдегілер», Қалмырза Жүмалиев «Алшын — ұлы шежіреші», Əзірбайжан Конарбаев «Алшекең туралы аңыз», Совет Нүрмағамбетов «Пікірі терең пенде еді», Бисембі Əріповтің «Аймағымның абызы — Алшын еді», «Алшекең шежіреші еді ғой», «Алшекең айтқан ақыл сөз», Асан Əбдіровтің «Ағыл-тегіл сыр ақтарған күндер-ай», Есбол Өмірбаев «Жапырағын жайған бəйтерек», Бурабек Меңдалиев «Сібірге сапар», Асан Əбдіров «Тарих бастауы шежіреде», Базархан Сүйеуовтің «Алшекең — шежіреші, кенен дарын», Бірғали Бəйекеевтің «Маңғыстау түбегінің мақтанышы», Əбіш Кекілбаевтың «Алшын Меңдалыұлы ұрпақтарына», Өмірбек Жолдасбековтің «Маңғыстау өлкесі тұрғындарыша», Мүратбек Сейітмағамбетовтің «Кемел ойлы кесек тұлға», Хамит Олжабаев «Қатарларын іздеп, елендеп отырушы еді», Канат Аманиязов «Қап, қапыда қалыппын», Аталық Нəкимановтің «Ақылман», Нұралы Казакбаевтің «Алшын əңгімелері жинақ болып шықса...», Шыныбай Аккенжеевтің «Өлке суының мықты білгірі», Мырзағүл Панаевтың «Алшекем Алматыға келгенде», Əзірбайжан Конарбаевтың «Алшеқең айтқан екен», «Қырық жыл деген — қырық күн», «Сұмырай келсе су құриды», «Адайдан бірінші басшы болмасын», «Алшын білмейді, халық біледі», «Сенің сөзіңе күледі», «Үлкендігі үйдей болады», Ізбасар Шыртановтың «Аталардан калган асыл сөз», Сəттіғүл «Алшынға хат», Сəттіғүл Жанғабылұлының «Алшынға», Уəйіс Кайралаповтің «Алшын Меңдалиев», Ғафу Кайырбековтің «Алшекең туралы аңыз», «Қадіріңнен, аксакал, айналайын», Дүйсенбек Канатбаев «Революция сарбазы», Нүржігіт Ділжанов тың «Ел қайырған» (толғау) «Бəйтерек тұлға», Əзірбайжан Конарбаевтың «Қайран баба!», «Бабаға тағзым», Светқали Нұржановтың «Арнау» және Сабыр Адайдың «Бабалар рухы» атта өлеңдері, естіліктері, арнау-толғаулары бар.
Әр дәуірде әлемді уысында билеген хандар мен патшалар, өзін өмірлік етуі үшін түрлі амалдар қарастырса да, түйін тарқатылмады. Десек те, көреген уақыт өз пендесіне, ненің жоғалып кетпей, не нәрсенің өлмейтінідігін, ақындардың сөзімен, ғалымдардың көзімен, жақсылардың ісімен ұғындырып кетіі. 60 биі болған болса да, өміршең нәрсе іздеген Әз Жәнібек ханға берген Жиренше шешеннің жауабы әлі күнге өзектілігін жойған жоқ.
«Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені,
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді»,- деген асыл сөздердің астарында, дүниелік нәрсе емес, адами құндылық пен білім, ілім іздеп, таусылмас бұлақтың көзін ашқандардың есімі мен еңбегі мәңгі өлмейтінін көрсетіп кетті. Міне, осындай өлмес ілім-руханияттың жолына сәуле шашып, табанды тоздырса да тағылымы мол салада еңбек етіп, артына өшпес, өлмес із қалдырған Алшын Меңдалы-
ұлының есімі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталып қалмақ.