![]()
ҚР Мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, Республикалық көркемөнерпаздар фестивалінің Лауреаты, сазгер, Республикаға танымал «Жетісу гүлдері» вокалды-инструменталды ансамблінің негізін қалаушы
Өміршең өнердің өнерпазы
Өнер мен мәдениет саласы – адамзаттың санасымен бірге жасап, жаңарып, дамып келе жатқан салалардың бірі. Өйткені мәдениет пен өнерде халықтың үні, жан тыныштығы, кең сарай руханияты жатыр. Өнер мен мәдениет сондықтан да өлмейді.
![]()
Алмағайып кезеңде де адамзатты әлеуметтік тұрғыдан әлдендірумен қатар рухани жағынан да қолдау үлкен маңызға ие. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны бет қаратпай тұрған қиян-кескі майдан кезінде де қазақ даласының әр түкпірінде ақындардың аламан айтысын өткізіп, елдің рухын ояту керек болғандығы тарихтан белгілі. Шашасына шаң жұқпаған Шашубай сынды ақындар, халықтың пәс көңілін әнмен көтеріп, майдан даласында өлең айтқан қаршадай қайраткер Роза Бағлановалар сол кезеңде елге рухани тірек бола білді. Осыдан-ақ мәдениеттің ет пен сүйектен жаратылған жұмыр жүректі пенде үшін қаншалықты маңыздылығын білуге болады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір мәдениет саласында еңбек еткен, ұлттық болмыстың бояуын қалың ете түсіп, ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының үздігі, Республикалық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты, сазгер, Республикамызға танымал «Жетісу гүлдері» вокалды-инструменталды ансамблінің негізін қалап, жетекшілік еткен – Оңалбаев Сейітқали Оңалбайұлы.
Сым пернесін баса сөйлесең, сыр пернесі ағытыла жөнелетін мәдениет саласында еңбек етіп, аудандық, облыстық, республикалық көлемде түрлі іс-шаралар өткізіп, мәдениет саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан, Республикалық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты, суретші, мәдени ағарту ісінің үздігі, әуесқой композитор Сейітқали Оңалбайұлы 1940 жылы қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Онжас ауылында еңбекпен өрісі ұзарған Оңалбай мен Қалипанның отбасында дүниеге келді. Күлғайша, Сәрсенқұл, Биғайша, Нұрғайша және Жұмагүл есімді бауырларымен бірге өсіп, ата-анасының тәлімін көрді.
![]()
Том болып жатқан тарих көздерін парақтасақ, ұлы тұлғалар мен батырлар, ақындар мен таңды таңғы ұрып жырлаған дүлділдер, ақындар дүниеге келген топырағына кие дарыған өлкеде балалығын өткізді. Өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу, ісі мен сөзінде адалдық пен адамдықтың иісі шығып тұрған ата-анадан тәлім алып, солардың қолдауымен өмір баспалдағын аттаған кейіпкеріміз 1947 жылы Онжас ауылындағы жетіжылдық мектептің табалдырығын аттады.
Шабамын деген тұлпардың төрт тұяғы жер тарпып тұратыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп те өзінің бойындағы алғырлық, зеректік қабілетімен көзге түсіп, үлкендердің алғысын алумен қатар ұстаздарының мақтанышына айнала білген жас сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды. Үлкеннің сөзін екі етпейтін жас мектептің қоғамдық өміріне белсене араласумен қатар, сыныпішілік, мектепішілік өткізілген қоғамдық іс-шаралар мен пән сайыстарында топ жарып, сынып мерейін үстем ете білді. Әке тәлімі, ана тәрбиесімен бойына сіңген үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізетінің арқасында қатарластарының да алдыңғы қатарында болып, мектепті үздіктер қатарында Қоғалы орта мектебін тәмамдады.
Арманшыл жасқа күн – ашық, білім – шақырып тұрған даңғыл жол болады емес пе, өнердің сатысынан аяғын алмай жүріп, мектепті де жақсы оқып, қоғамдық іс-шараларда домбырасы қолынан түспей, қабілетінің арқасында сыныптың өнерпазы, көшін алға сүйрейтін белсендісіне айналған жас дарын мектепті бітірген соң да, осы өнер саласында білім алып, еңбек етуге бел байлады.
Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училище Сейітқали Оңалбайұлы үшін болашақ өнер қақпасының ашылуы еді. Кіммен болса да еркін араласып кететін ашық мінезді, әділ сөйлеп, игі істер жасағанды, қолынан келгенше біреуге көмектескенді жаны қалап тұратын жомарт жүректі ол жоғарғы оқу орнында жүріп те қоғамдық өмірге белсене араласты. Түрлі ауылдан келген, тұяғымен жер тарпып тұрған талантты тұлпарлармен сан мәрте сайысқа түсіп, өнер додаларында топ жарды.
Қайта айналып келмейтін студенттік өмірдің қызығы өз алдына, шанағының әр нүктесі сан түрлі құбылатын, шертуіңе қарай түрлі әуендер шығаратын қасиетті домбыраны толық танып, зерттеп, үйрену барысында талмай ізденіп, оқып, үздіксіз дайындалды. Өзгені үйретіп, оларды өнерге құлшындыра білу үшін де ұстаз талантты, білімді болу керек екенін сана түйсігімен сезген Сейітқали Оңалбайұлы үшін бала кезден сәулесі алыстан ғана көрінген, арман оты жақындап, оның жүрегіне сенім мен батылдық, мейірім мен ерекше махаббат берді.
– Сейітқали Оңалбайұлының алғашқы еңбек жолы Алматы қаласындағы филармонияға орналасумен басталды. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды танымал өнер қайраткерлерімен бірге еңбек етіп, еліміздің бірқатар аймақтарында гастролдік сапарларда болды. Шәмші Қалдаяқов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев сынды еліміздің танымал азаматтарымен замандас болды. Отбасы жағдайына байланысты туған жерге оралды. Ондағы мақсаты «Ауыл іші – өнер кеніші» дегендей, ауылдың өнерлі жастарының басын біріктіріп, ансамбльдер құрып, өнердің биік шыңын бағындыру болды. Ол өмірінің соңына дейін қазақтың әні мен жырын, күйі мен биін дәріптеді. Аудан, облыс, республика көлеміндегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды. Кәсіпқой композитор Сейітқали Оңалбайұлы Тұман Молдағалиевтің «Талдықорған» және «Жетісу – жерім менің» өлеңдеріне, Гүлжанат Иманғазиеваның «Ана тілім», Шәміл Мұхамеджанның «Гүлім менің» өлеңіне және басқа да өлеңдерге ән жазып, халыққа ұсынды.
«Елеулі еңбегі еленіп, Республикалық көркемөнерпаздар фестивалінің Лауреаты, мәдени ағарту ісінің үздігі а
![]()
танды. Сондай-ақ, қоғамдық істерге де белсене араласып, ауылдық кеңестің депутаты болды, - дейді, журналист Айнаш Мәміленқызы «Кербұлақ жұлдызы» газетінде жарияланған «Өнерімен сый-құрметке бөленген» атты мақаласында.
Мәдениет саласындағы еңбектерді жинақтап, тасада қалған батырларымыз бен майталмандарымызды қайта жаңалап, елге таныту мақсатында атқарылған жұмыстарға бас-көз болып, кейінгі ұрпаққа рухани дем беретін іс-шараларды атқара білді. Бақ бағалай білгеннің басында мәңгі тұрақтайды. Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, әлемнің түкпір-түкпірінен келген кіл мықты талантты өнерпаздардың арасында тылсым өнердің табалдырығын аттап, сәл сүрінсең еңсеңнен басуға дайын тұратын қиыншылық пен сәтсіздік деп аталатын өмірдің қиқар шиебөрісін, еңбек пен ізденіс деп аталатын қамшымен ұрып құлатқан Сейітқали Оңалбайұлы шығармашылық айдынында өзінің өнер кемесінің желкенін түріп, жүзе білді.
«Мәдениет» саласындағы түрлі қызметтерді абыроймен үздіксіз атқара білді. Өзі қызмет жасайтын саладағы мәдениет пен өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, жауапкершілігі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Қоғамдық өмірге белсене араласып, ұжым қызметкерлерімен қарым-қатынаста мәдениетті, қарапайым, адамгершілігі, айналасына қамқор ниеті, дос-туысқа сыйластығы ерекше азамат. Қоғамдық пікір туындай қалған жағдайда жалтақтыққа жаны қас. Турашыл, өмірде өзіндік орнын таңдап, әділеттілікті ұстанымына айналдырған азаматтың ар-ұжданы биік. Сондықтан да болар, іскер маман, білікті басшы бола жүріп жиған абырой тек қана адалдығының жемісі деуге болады.
Сейітқали Оңалбайұлы тек маман ғана емес, ұлттық болмыстың қиясына ұя салған қыранның кеңістігін кеңейту, ұмыт болып қалған ұлттық дәстүрлеріміз бен салтымызды, шаң басқан тарих беттерінен қайта аршып алып, кейінгі жас ұрпақтың бойына сіңіріп, күнделікті тұрмыста қолдануы үшін үздіксіз еңбектеніп келе жатқан зерттеуші, ұлт жанашыры еді.
Жаратқанның назары түскен, талантты тұлғалар өмірге екі мақсатпен келеді. Біріншісі, өзгеден бұрын айтпағанды айту болса, екіншісі – өзгеге ұқсамай өзінше айту деген, бүгінгі кейіпкеріміз де топырағына қасиет дарыған құтты мекен Алматы облысының мәдениетінің, өнер саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, өнерлі де талантты ұл-қыздарды тәрбиелеп келе жатқан, төрден орын ұсынылатын лайықты тұлға.
Сейітқали Оңалбайұлы да табиғи таланты бар жас өркендерді кәсіби мамандыққа бейімдеуге жұмыстар жасады. Жастардың бойында вокалды дарыны болса, қабілетіне қарай классикалық вокалға, не дәстүрлі ән салуға, не эстрадамен ән салуға қосымша дайындап, өнерлерін халыққа ұсынып, байқауларға қатыстырып шыңдап отырды. Сонымен қатар, Сейітқали Оңалбайұлы кеудесінен өнер шуағы төгілген, әрбір сазгерлік шығармашылығынан дала тербеген шығармашылық иесі еді. Ол туралы көптеген газет беттерінде мақалалар жарияланап, есімі мен еңбегі ұлықтанды. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Жетісу» басылымында жарияланған Ақбасова Ғалияның «Өнерімен өрге жүзген» атты мақаласын айта аламыз.
![]()
– Сонау бала кезімізде 30-40 жастағы ағалар көзімізге біршама қартайып қалғандай көрінетін. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, уақыт өте келе бұл түсінік те көп өзгеріске түскендей. Жасымыз жетпіске қадам басқан қазіргі шақта «сол кісілер тіптен жас екен-ау» деп ойласақ та көңіліміз кәріліктің ауылынан емес, өзімізге жас сияқтымыз. Тіпті, әрдайым қатарластар бас қоса қалғанда қарттықты ұмытып, жастарша шулап қоя беретін әдетіміздің бары да рас.
Артта қалған ауыр жылдар тізбегі кімнің есінен шыға қойсын?! Қарашоқы ауылының алаулап атар таңы мен батар күні көз алдымнан кетпейді. Барған сайын құлағыма күмбірлеген күйдің, сазды әуеннің сыңғыры келеді де тұрады. Сол бір сағымды жылдардың жадымда жатталып қалғанын қалай ұмытайын?! Сондықтан да болар, қолыма қалам алып, сонау жылдарға, дәлірек айтсам, бұдан тура 50 жылға шолу жасауды өзімнің шәкірттік парызым деп ойладым.
Ән мен оның құдыреті жайлы сөз бола қалса, Сейітқали Оңалбаев ағай есіме түседі. Артта қалған сол күндерді ойласам, Сейітқали ағайымыз бар-жоғы 35 жаста екен...
Иә, ол кісінің меңгермеген аспабы жоқ шығар, сірә?! Екі ішекті домбырамен күй шерткенде сілтідей тынушы едік, аккордеонмен сүйемелдеп жұртты таң-тамаша ететін. Саксафоны үнемі қолынан түспейтін. Бас гитара, ритм, соло және үрмелі аспапта да отыра қалып үйретуден жалықпайтын, шіркін! Өз басым сол кісідей барлық аспапты толығымен меңгерген жанды көрмеппін. Қай аспапты қолына алса да жаныңды жадыратып, жүректі тербейтін, мына дүниенің қызығы мен қуанышын, шаттығы мен мұңлы сәттерін айрықша аялай жеткізіп, көпшілік көңілінен шығып жататын.
Алматыға келіп, отбасы жағдайына байланысты туған жерге оралып, еңбек жолын «Сарыбұлақ» асыл тұқымды қой кеңшарында бастаған ол кейіннен Жоламан ауылындағы мәдениет ошағын жандандырды. Одан кейін «Қарашоқы» кеңшарының сол кездегі директоры
Нұрғали Ахметқалиев ағаның шақыруымен «Жетісу гүлдері» ансамблін құрды. Өнер жесе ішкен асын жерге қоятын кеңшар директоры Нұрғали ағаның қолдауының арқасында ансамбль танымал болды. Ансамбльге мектеп оқушылары топтастырылып, ағаның еңбекқорлығының арқасында ауылдан ғана емес, облысымызға танымал болды. Әр мерекеде жаңа бағдарлама дайындап, репертуарымыз Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуовтердің әнімен толықты.
Әр мерекеде Мәдениет Үйі ансамблінің концерті, артынан жастарға би кеші ұйымдастырылатын. Оқушы болсақ та өнер қуған сол жылдары жазғы демалысқа шыққан кезімде «гастрольдік сапарға» барып, кеңшар берген автобуспен Талдықорған, Көксу, Панфилов аудандарының елді мекендерін аралап, концерт қоятынбыз.
Ұстазымыз жаз жайлауда, қыс қыстауда, егістік алаңдарында, сақпан, қырықтық сынды еңбек майданында жүрген жұмысшыларға өнер көрсетуді бірінші кезекке қоятын. Мереке күндері Мәдениет Үйінің сахнасынан табылатынбыз. Аудандық, облыстық фестивальдерде
Лауреат атанып, республикалық телеарналардан концерттеріміз берілген болатын.
Мұның бәрін жіпке тізіп айту оңай әрине, бірақ соның артында қаншама адамның қажырлы еңбегі жатыр?! Мұның бәрі Сейітқали Оңалбаевтың ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында іске асқаны белгілі.
Ол отбасында да асыл жар, бақытты әке бола білді. Осылайша өнер отын маздатып, отбасында адами құндылық биік қойған ұстазымыз 2005 жылы мәңгілік мекеніне кете барды.
Өзі өмірден озғанымен артында өшпестей із қалдырған Сейітқали ағаның жарқын істері әлі күнге дейін есімде. Ол кісі білімі мен білігін, тұла бойындағы барша қабілет-қасиетін ұрпақтарына, артындағы шәкірттеріне беріп кетті. Елі үшін еңбек еткен абзал ағаның жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын дейміз», – деп еске алады шәкірті, журналист Ғалия Ақбасова.
Кейіпкеріміздің өнер жолында тәрбиелеген шәкірттері көп. Олар: Самат Мәлімбай, Балапан Мырзалинов, Бақытжан Мырзалинов, Ләйла Оңалбаева және Дүйсенғазы Болатбаев, т.б. Сейітқали Оңалбайұлы туралы газет бетінде жарияланған мақалалардан бөлек, ақындар да өлеңдерін арнады.
Біссіміллә сөз басы,
Мен бастайын жырымды,
Өр шабытым шарқ ұрып,
Түсірмесін құнымды.
Тақырып қып алайын,
Сейітқали Оңалбаевтай,
Бір ғасырда бір туар, Тұлғасы бөлек тұғырлы,
Кербұлақтық ұлыңды.
Таза өнерге арнаған,
Бес-ақ күндік ғұмырды.
Ей болашақ ұмытпа,
Таласа алмас төбелер,
Аласармас алпауыт,
Сейітқалидай шыңыңды. Оңалбайдай әкесі,
Қалипандай анасы,
Дүниеге әкелген,
Сейітқали Сері қазақтың,
Қасиет қонған баласы.
Бес перзенттің ішінде,
Парасатты санасы.
Болған екен дарасы,
Туған жері Онжасы.
Күреңбелдің даласы.
Ән мен күйдің мөп-мөлдір,
Бұлағы болған Сейітқали.
Өнерге ғашық жастардың,
Шырағы болған Сейітқали.
Шығармалары даламның,
Тұмары болған Сейітқали.
Мәдениетті көтерген
Күреңбелдің мұзбалақ
Қыраны болған Сейітқали – деп, ақын Бақыт Қалибек кейіпкеріміздің бүкіл өмірі мен шығармашылығын жыр шумақтарымен көмкереді.
Өнер әлемінде есімі мен еңбектері алтын әріптермен жазылып қалған Сейітқали Оңалбаев жұбайы Оңалбаева Адас екеуі жеті перзент дүниеге әкеліп, олардан 13 немере мен 9 шөбере сүйді.
Үлкені Оңалбаев Байғали Сейітқалиұлы - Қарағанды Мемлекеттік Университетінің математика факультетінде 1982-1987 жылдары қызыл дипломмен аяқтап, қазіргі уақытта Д.Қонаев атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Жұбайы Оңалбаева Күләй Мұхамедқалиқызы - Қарағанды Мемлекеттік медициналық институтын 1990 жылы бітіріп, қазіргі уақытта Кербұлақ ауданының медициналық сараптама орталығының директоры лауазымын атқаруда.
Ұлдары Оңалбаев Шыңғыс Байғалиұлы - Жолдасбеков атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, Кербұлақ аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істейді. Жұбайы Жексенбаева Мадина Нургазиевна - Тынышбаев атындағы КазАТК бітіріп, мемлекеттік автоинспекцияда жұмыс істеуде. Олардың Хабибулла, Ұлағат, Аружан, Дінмұхамед есімді ұл-қыздары бар.
Екінші баласы Оңалбаев Олжас Байғалиұлы 2007-2011 жылдары КазАГА авиациялық технология факультетін бітіріп, Астана қаласында ҚазТЖМ-де Казавиаспаста жұмыс істеп жүр, жұбайы Назым екеуінің Наргиз есімді қызы бар.
Екінші перзенті Оңалбаев Бауыржан Сейітқалиұлы - автошколаны бітіріп, КамАЗ жүк машинасының жүргізушісі болып жұмыс істеді, 1989 жылы кенеттен қайтыс болды.
Үшінші баласы Оңалбаев Әбілхан Сейітқалиұлы - 1988-1992 жылдары Алматы қаласы Н.Гоголь атындағы көркем сурет училищесінде оқып, көркем-безендіруші мамандығын алып шықты, жанұялық ансамбль құрып, әкесінің жолын әрі қарай жалғастыруда. Жары Оңалбаева Бақытгүл Оразғалиқызы - 2007-2011 жылдары Алматы қаласы Қыздар педагогикалық университетінің вокалды дауыс үйретуші мамандығын бітіріп, қазіргі уақытта ансамбль мүшесі.
Әбілханнан бір ұл, Сейітқалиев Әділжан Әбілханұлы 2017-2021 жылдары Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мемлекеттік Университетінің музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып, Қарашоқы ауылында Музыка мектебінде жұмыс істеуде.
Оңалбаев Бағлан Сейітқалиұлы - Қонаев қаласында Казэлектросеть бірлестігінде жұмыс жасайды. Жұбайы Оңалбаева Алтынай Зейнешовна кәсіпкер болып жұмыс атқарады.
Бағланнан екі ұл, бір қыз. Сейітқали Серіғали Бағланұлы КазАТК-ны бітіріп, кәсіпкерлікпен айналысады. Сейітқали Біржан Бағланұлы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжді бітіріп, музыка саласында қызметте, кенжесі Сейітқали Маржан Бағланқызы Қапшағай қаласындағы көпсалалы колледжді бітіріп, тігінші болып жұмыс істеуде.
Одан кейінгі Оңалбаев Нұрлан Сейітқалиұлы – Балпық би кенішінде мектепте. Жары Имашева Гүлнар Қыдырбекқызы - жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейді.
Нұрланнан үш ұл, бір қыз. Сейітқали Бекжан Нұрланұлы Қазақ Ұлттық Университетінде ақпараттық технологиялар факультетін бітіріп, қазіргі уақытта «АО КсеІІ» компаниясында жұмыс істеуде, жұбайы Рабинур екеуінің Кемел есімді ұлы бар. Одан кейінгі Сейітқали
Мағжан Нұрланұлы, келесі қызы Сейітқали Малика Нұрланқызы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде шет тілі факультетінде 3 курс студенті, кенжесі
Сейітқали Досымжан Нұрланұлы - мектеп оқушысы.
Қыздарының үлкені Оңалбаева Бибігүл Сейітқалиқызы - 1982-1987 жылдары Қарағанды Мемлекеттік Университетінің экономика факультетінде оқыған, қызмет жасап қазіргі уақытта зейнеттік демалыста.
Бибігүлден бір қыз. Оңалбаева Мадина Жомартқызы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мемлекеттік Университетінің Экономика факультетін тәмамдап, Қазақстан Сақтандыру (Казахинстрах) бөлімінде жұмыс істеді, жолдасы Ербол екеуінің Дәрия, Нұрай, Рәмина есімді үш қыздары бар.
Екінші қызы Оңалбаева Нұрлыгүл Сейітқалиқызы Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде 1991-1995 жылдары оқып бітірген, жанұялық ансамбльдің мүшесі.
Нұрлыгүлден Айдос және Елдос есімді екі немересі бар. Үлкені Алматы қаласы Нархоз университетінде болса, екіншісі мектеп оқушысы.
Елдің қамын ойлаған, ұлттың бояуын боямасыз келтірген, жүрген жерінде күн сияқты айналасына жылуы мен жұпарын шашып жүретін асыл жүректі жан, білікті маман, күнделікті өмірде ұлттық этно киімдеріміз бен ұлттық әшекей бұйымдарымызды насихаттап тағып, киініп жүретін, «Салтым садағам, дәстүрім дәрежем!» сөзін ұраны етіп алған, ұлттық кескін-келбетіміздің жақтаушысы, жанашыры болған, өлмес өнерді дәріптеп кеткен Сейітқали Оңалбайұлының отбасына амандық тілейміз!