Өнермен өрілген өмір
Ұлт – салт-дәстүрі, өнері, мәдениетімен мәңгі, талантты тарландарымен, өнерпаздарымен, мың жылда бір туатын ұландарымен құнды. Өнерпаздарымен өміршең болатын өнер – қай мемлекетте де, қай материкте де өзінің биік тұғырынан түскен өмес. Өйткені ол сан мыңдаған тарихы бар адамзаттың, ұлттың тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметі мен өркениетінен алынған. Өнер арқылы өткенді танып, әр кеудеде бүр жарған жас таланттардың жүрегіне жалын, талабына дем беріп, халықтың рухани-жан дүниесін байытып келе жатқан сала. Тау шыңында тек қырандар қалықтайтыны секілді, киелі өнердің табалдырығын кез келген көлденең көк атты аттай бермейді. Өнердің өзіне тән қадір-қасиеті болады. Сан мың жылдық тарихы бар саланы меңгеріп, талабы мен қабілетін ұштастырып, жұртшылықпен таныстырып, ел жүрегіне жеткізіп келе жатқан сахна төрінің жұлдыздары мен дарабоздардың еңбегі өлшеусіз.
![]()
Қолындаға қылқаламымен сұлу табиғатқа тіл бітіріп, тұрмыстың боямасыз келбетін келтірген тума таланттар бүгінгі таңда да ортамызда жүр. Олар мәдениеттің қазанын қайнатып, ұлттың болмысы болған өнердің желкенін түріп, ұрпаққа таңсық болған әлемнің пердесін түріп, өткеннің құмында жасырынып қалған мәдени құндылықтарды аршып алып, ұлттық бет-бейнесі мен рухани жан дүниемізді байытып келеді. Міне, осындай, қарадан шықса да қалың елдің қамын ойлаған, бір қолында қаламы, бір қолында мәденет өлмес өнердің өміршеңдігін дәріптеп келе жатқан азаматтарымыздың бірі – Жұмағалиев Әбіл.
Осындай құрметке ие, сахна төріне шығып ән салғанда күміс көмей әсем дауысымен көрермендерінің басын өзіне еріксіз бұрғыздыратын ұлағатты тұлға Жұмағалиев Әбілдің өнер үшін, мәдениет үшін, ұлт үшін жасаған еңбектері мен сала саңлағының өмір жолына тоқталып өтсек. Ұлттық өнердің өрістеуіне жол ашуда мәдениетіміздің қайнар көзі – халқымыздың бай мұрасын насихаттап жүрген, қоңыр дауысты, Маңғыстау халқының жүрегінде қайталанбас даусымен сақталып қалған өрелі өнерпаз Жұмағалиев Әбіл 1947 жылдың 10 сәуірінде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келді.
![]()
Қазақ дәстүрдің иісі шаңырағында мүңкіп тұрған өнерпаз жасыл желекке оранған әсем де сұлу өлкеде балалығын өткізіп жүріп-ақ бойындағы өзгеге ұқсамайтын ерекше қабілеті мен қызығушылығын танытты. Өнер – алыстан менмұндалап шақырып тұрған Алатаудың ақ шаңқан мұздықтары мен шыңдары іспеттес ұлы шың. Жұмағалиев Әбіл көздегені де осы көптің қолы жете бермейтін, қабілетті дегендердің де табаны тие бермейтін асқар болатын. Осынау ұлылардың ізінен дүниеге келіп, сол мекенде тәрбиеленіп, ізгілер өскен мектептің білім ошағынан нәр алып ержеткен Жұмағалиев Әбіл расында бала күнінен өзінің ерекшелігімен көзге түсе білуші еді. Алғашқы мектеп табалдырығын Қарашағыр Түрлен жерінде бастап, кейіннен Тұщықұдық жерінде Айдар Ишан мешіт мектебінде, кейін қазіргі С.Жанғабылов мектебінде жалғастырды.
Жас кезінен музыкаға әуестеніп, мектепте ән айтып, оркестер үйірмесіне қатысты. Жеті сыныпты бітірген соң, 14 жасында Атырау қаласында музыка училищесінде оқып, туған жерге келіп, мәдениет саласында жұмыс жасады. 1973-1975 жылдары Алматы эстрадалық колледжінде Қазақстан Республикалық профессор Бекен Жылысбаевтан әншілік шеберлігін шыңдаған Жұмағалиев Әбіл «Қазақ концертте» Тараз қаласында, Маңғыстау облыстық филормониясында қызмет етті.
![]()
Шәкірт тәрбиесі үшін танып-білгені мен оқып-білгенін жұмсап, еңбек еткен кейіпкеріміздің бойында үлкен істерді атқаруға, өнер мен мәдениеттің туы астында еңбек етуге аңсары ауып тұрады. Таза ниет қаламын талап және еңбекпен ұштай білсе, тұғырға көтере біледі емес пе, өзінің жаңашылдығы, жан-жақтылығы, қандай істі де үйіріп алып кетер ептілігінің арқасында ол қызмет төрінен де көріне білді.
Мәдениет саласында еңбек ету анау айтқандай оңай емес. Оның да қайталанбас қызықты сәттерімен қоса, сабырлылықты, табандылықты, тез шешім қабылдауды талап ететін сәттері болады. Бірақ, жастайынан өнерге іңкәр көзбен қарап, өмірге құлшындырған мәдениет саласында қызмет етсем деген арманына қолы жеткен Жұмағалиев Әбіл бар жан-тәнімен қызметке кірісіп кетті. Осы жылдар аралығында өз білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстардан, тағылымдамалардан өтіп, семинар-тренингтерге қатысты. Ұжымда әріптестер арасында сыйлы, қызметіне адал, тиянақты, әрі жауапкершілікпен қарайтын, қоғамдық шараларға белсене атсалысып, жас мамандарды қызметке баулу, бағыт-бағдар беруде тынбай еңбек ете білді. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық пен парасаттылықтың иесі Жұмағалиев
![]()
Әбілді ұжымдастары, тәлім берген шәкірттері, еңбегені бағалаған аудан басшылары өнерін көрсеткен халық арасында зор құрметке бөледі. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында талантты дарындарды тәрбиелеп шығып, үлкен додаларға қосып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» демекші, өзі тәлім мен ілім берген шәкірттері әр жерде ұстаздық етіп, өнер сахнасында талантын мойындата білді.
Жұмағалиев Әбіл 1977 жылдан бастап аудандық Мәдениет үйінде өнерге сусындаған халықтың шөлін қандырып, 2022 жылдың 6 шілдесінде мәңгілік мекеніне кете барды.
Жақсы адам түн қараңғылығында жанған шам секілді, үнемі айналасын жарықтандырып, жүз бұрғандарды нұрландырып, тек жақсы ой-көзқарас қалдырып, өмірге ұмтылдырып тұрады. Бүгінгі кейіпкеріміз осындай меже биігінен көріне білген жан. Оның жүрегінен жарып шыққан шығармалары, талас тудырмайтын, халқы мойындаған туындылары әлі күнге де өзі қызмет еткен Мәдениет Үйінің сахна төрінде шырқалып келеді.
Осы бір жерде кейіпкеріміздің көзін көріп, дастархандас, дәмдес болған, өнер аламанында бірге тақым қысқан әріптесі Ш.Есенов атындағы КМТИУ «Компьютерлік
![]()
инжиниринг» кафедрасының оқытушысы Д. Басшықызының сөзіне кезек берсек:
«Ән – адам жанының күйі. Рухани тыныштықты қалыптастыратын күш. Әуен арқылы адам психикасына әсер етуге болады. Жан рахатын әдемі әннен іздейтіндер жетерлік. Адамның моральдық көңіл-күйін тыңдаған әуеніне қарай топшалауға болады. Халықтың арасында қоңыр дауысымен жалғап жүрген Маңғыстау өнерпазына барша қазақ тәнті. Жан тебіренісін сөз бен сазға біріктірген әншіні ұйып тыңдамау мүмкін емес.
Дархан дала тұрғындары Әбіл Жұмағалиевтің бар болмысымен қабылдаған. Әбіл ағамыздың әр әнінен бір тағдыр іздейді. Жұрт сұлу сөз бен әуезді әнді адаспай табатын әншінің талғамын жоғары бағалайды. Осынау оның үлкенді-кішілі сахна төрінде ән шырқағалы елу жылға жуық уақыт ішінде Әбіл ағамыз туралы көп айтылды, көп жазылды, көгілдір экран көзден таса қылған жоқ. Атақты әншінің айтылмаған сыры, жазылмаған жыры жоқ секілді.
Мен де Әбіл Жұмағалиев ағама арнап «Өңірдің өнерлі ұлы» атты мақала жазуды жөн көрдім. Бұл күндері де, өткен күндер елестері қағаз бетіне жетеледі. Жыл асқан сайын өткен өмір естеліктері адамға ерекше ыстық болады екен.
1977 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық мәдениет үйінде қызметін жалғастыруда. Әбіл Жұмағалиевтің орындаған әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сазгердің әндері тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Әбіл Жұмағалиевтің шығармаларының басты тақырыбы. Әбіл Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы», Шебір ауылының «Құрметті азаматы», 1978 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері, бірінші және екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты, облыстық деңгейде әр жылдарда өткен 33 байқаудың жүлдегері атанды. Сондай-ақ 1986 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы аймақтық әншілер байқауының лауреаты, 1996 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты, 2002-2004 жылдары Алматыда өткен Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық әншілер конкурсының екі рет дипломанты болды. "Тәуелсіздіктің 10 жылдық" медалімен және "Маңғыстау облысының 40 жылдығы" медалімен марапатталып, ВДНХ-ның күміс медалінің игері атанды.
![]()
2017 жылы 70 жас мерейтойы мен мәдениет саласындағы 50 жыл қызметіне арналып, облыс орталығында «Өнерімен өнернектелген өмір» атты шығармашылық кешін өткізді. Оның халықаралық мәдениет, өнер саласына қосқан үлесі зор екендігін айта кетуіміз керек. Оған дәлел ретінде шет елде болған іс-сапаларын айтуға болады. 1980 жылы Әбіл "Отпан" фольклорлық ансамбілін бастап, Венгрияға барып қайтты. Мұнда ансамбль Венгрияның Шаторльяухей қаласында өтіп тұратын «Земплен» фольклорлық және би фестивалінде Қазақстаннан тұңғыш рет қатысып келді. Концерт бағдарламасында неміс композиторы Иоганнес Брамстың «Венгр билерін» шеберлікпен орындалған еді, Әбіл ағамыз «Венгр билерінің» музыкасына домбырамен үн қосты.
Ол 2015 жылы «Қаражанбасмұнай» ашық акционерлік қоғамының жолдамасымен бір топ мәдениет қызметкерлері болып, Қытай Халық Республикасында болып қайтты. Сонда ол Пекин Шанхай ұлттық консерваторияларында болып, «Аспан асты елінің» музыкасымен танысты. Әбіл Жұмағалиев әнші, домбырашы ғана емес, елге мәлім актер. «Тас-талқан», «Жаяу Муса», «Жаралы гүлдер», «Ақбөбек», «Кәусар», «Біздің Ғани», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Қолға түскен шайтандар», «Сырласу», «Еңлік-Кебек», «Кімнің тойы» пьесаларында негізінен басты рольдерді сомдап, көрермендер көңілінен берік орын алды. Қазақтың классикалық ән өнерінде өзіндік үні мен сара жолы бар, халықтың осынау бекзат өнеріне ерекше адалдығымен, даралығымен танылған асыл өнерпаз» – дейді, Әбіл Жұмағалиев туралы маржан сөздерді қағаз бетіне түсіріп.
![]()
Маңғыстау мәдениетінің аспанында Жетіқарақшыдай болған Әбіл Жұмағалиев өзінің қабілеті мен талантын мойындатқан, жүз жылда біртуатын азамат болумен қатар, отбасында да аяулы жар, асқар тау әке болды. Шаңырағының берекесін кіргізіп, әулеттің түтінін түзу ұшырған жары Қабиева Роза Ғұбайдоллақызы 1957 жылдың 30 сәуірінде Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Атырау облысының музыка училищесінде білім алып, өнер саласында қызмет етті. Мәдениет пен өнердің буы бұрқырап, түндігі жабылмаған өнерпаздар отбасы өмірге 3 ұл, 3 қыз әкеліп, жетілдіріп, құтты орындарына қондырады. Өкінішке орай, жары 2002 жылы дүние салды. Бүгінде олардан тараған перзенттердің әрқайсысы бір-бір әулет болып отыр.
Тұңғышы Жұмағалиев Жәнібек Әбілұлы – мұнай саласында аға инженер, Жұмағалиев Әлібек Әбілұлы – мұнай саласында мұнай өндіру шебері болса, кенже ұлы Жұмағалиев Әділбек Әбілұлы – Батыс Қазақстан облысының мұнай саласы бойынша, жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған білікті маман.
Қызы Жұмағалиева Жанар Әбілқызы – физика пәнінен ұстаздық етсе, екінші қызы Жұмағалиева Марал Әбілқызы – медицина саласында дәрігер болып еңбек етеді. Кенже қызы Жұмағалиева Әсел Әбілқызы – мектепте бастауыш сынып мұғалімі.
Өнер – өлмес қазына, жұтамас байлық. Мәдениет тарихында есімі жазылып қалып, саналы ғұмырын киелі сахна саласына арнаған талантты да дарынды аға-әпкелеріміз, айбынды азаматтарымыз аз емес. Олар өмірдің боямасыз болмысын сахнада көрсетіп, жұмыстан қажыған елдің рухани әлеуетін көтеріп, өнерге сусыған жандардың мерейін үстем етті. Тайғанақ тағдырда тайып жығылса да өнерін серік етіп, қиыншылық көрсе де табандылық көрсете отырып, қайсарлығы мен қабілетінен айрылмаған, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды, қазақы болмыстың бояуы өзгермеген қойылымдарды көрермендер жүрегіне жеткізе білген азаматтарға соғылатын шапалақ ұзағырақ, көрсетілер құрмет жоғары болмақ. Өйткені олардың тәні өзінікі болғанымен, жан мен рухани жан дүниесі халықтікі.