Білім беру саласының ардагері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, «Еңбек ардагері» медалінің иегері
Ғибратты ғұмыр
Т
леубаев Амангелді Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Өндіріс» колхозында 1937 жылы наурыз айының 15 күні қарапайым ауы
л отбасында дүниеге келген. Амангелді ақсақалдың әкесі де, анасы да Алсай руынан. Әкесі Алсайдың Қайып табынан, анасы Ақбура табынан. Нағашысы – Тілеубай Сатанұлы, нағашы әжесі Айша – Нұра тоқасы, оның ішінде Бекше табы. Нағашысында ұл болмаған, екі қыз, бірі – Амангелдінің анасы Әсия, екіншісі – Құстия. Құстия Тоқа Мақай дегенге тұрмысқа шығып, одан Жұмажан деген қыз болған. Ол тұрмыс құрмай, бойжеткен кезінде қаза болған екен. Амангелдіні ата-анасы нағашысына берген екен. Содан ол «Ақбурамын» деп жүреді. Күні бүгін Ақбура әруағын, нағашысы Тілеубайды, нағашы апасы Айшаны құрмет тұтып, әруақтарға құран бағыштап отырады. Амангелді Алсайдың Қайып табынан. Әкесі Жетімектен – Аманкелді (Қодан), Жайлыбай, Қойшыбай (1959 жылы қайтыс болды), Жарқынбай және Ақтиын, Жұпар деген қыздар туды. Ақтиын 1962 жылы күзінде, Жұпар 1986 жылы қайтыс болды. Ақтиыннан үш ұл, Жұпардан екі ұл қалған. Олар үйленіп, оқу бітіріп, балалы-шағалы болып, қазіргі таңда кәсіптерін жасап жатыр.
Амангелді 1946 жылы колхозда ашылған мектеп табалдырығын алғаш аттады. Сол жылы әкесі қой фермасына завферма болып, Сарысу өзенінің солтүстік жағасында Тоқты деген тауы бар жерге жіберілді. Осылайша ол екінші сыныпты туысқандарының үйінде жатып оқыды. Үшінші сыныпты «Өндіріс» совхозында оқып, төртінші сыныпты 57-ші разъездегі туысқандарының үйінде жатып, оқып бітірді. Әкесі сол жылы қой фермасынан шығып, колхоздың сиырын бағуға ауысты. Амангелді әрі қарай оқуды «Жеңіс» совхозындағы Секер деген жақын туыс апасының үйінде жатып жалғастырды. Кісі үйіндегі қиындықтарды басынан кешірген бала, ол үйден кетуге мәжбүр болады. Бұдан әрі ол Жаңаарқа ауданындағы В.И.Ленин атындағы №1 мектепке оқуға барып, 1950-
1951 оқу жылында бесінші сыныбын аяқтады. 1951-1952 оқу жылында «Өркендеу» колхозында жетіжылдық мектеп ашылып, сол мектептен алтыншы, жетінші сыныпты аяқтады. 8-сыныпты Жеңіс совхозына барып оқып, 1955-1956 жылдары 9-10 сыныптарды Жаңаарқа ауданындағы интернатқа орналасып, В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіріп шығады. Қандай жағдай, қандай қиындықты басынан өткерсе де білімге құштар Амангелді мектепті ойдағыдай аяқтап, Ақмоладағы педагогикалық училищеге оқуға түсті. Талапты жас оқуға түскен жылы анасынан айырылып, үй-іші қиналып қалады. Қиын кезде жақындарына демеу болу үшін Амангелді оқып жүріп-ақ, 1957 жылдың қараша айынан Қаражалдағы бастауыш мектепке бірінші сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Одан әрі Жаңаарқадағы Қызылтау совхозында №1 ферма мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.
Өркендеу совхозында 1976 жылға дейін жерде мұғалім болып қызмет атқарды. Білімді әрі еңбекқор, жалынды азамат 1964-1965 оқу жылында Карағанды педагогикалық институтының Тарих факультетінде оқып, сәтті аяқтады. Отбасылық жағдайға байланысты 1976 жылы Қаражал қаласында қоныс аударып, 1977-1978 оқу жылында сол жердегі түзету мекемесінің мектебінде жұмысын жалғастырды. Қосалқы №1 қазақ орта мектебінде де жұмыс істеді. ![]()
1978 жылдың 26-қыркүйегінде қалалық білім бөлімінің бұйрығымен №6 Ктай мектебіне директор болып тағайындалып, 1996 жылға дейін директорлық қызмет атқарды. Осы Ақтай ауылындағы мектеп үшін сіңірген еңбегі – елге жасаған қызметінің айқын көрінісі. Сол мектепті 9 жылдық негізгі мектептен 11 жылдық орта мектепке ауыстыруды мақсат етіп, аянбай еңбек етті. Ақырында аталмыш мектеп 11 жылдық орта мектеп болып, ауыл тұрғындарының төбесі көкке жеткендей болды.
Ардақты ұстаз «Ктай» деп аталып кеткен ауылдың атауын дұрыстап, «Ақтай» болып аталуына да еңбек сіңірді. Өз кітабында былай деп жазады: «Біздің отырған елді мекен «Қтай» деп аталды. Бұл атау қайдан келді? Неге бұлай аталады? Осы сұрақ кез келген адамның көкейіне келеді. Бұл сұраққа жауап іздедік. Сөйтсек, екінші дүниежүзілік соғысы кезінде геологтар зерттеу жүргізіп, бұл өңірде темір, марганец, барит т.б. түсті металлдар бар екенін анықтаған. Геологтар осы жердің қалай аталатынын сұрайды. Өзен жағасында отырған малшылар бұл жердің Ақтай деп аталатынын айтқан ғой, ал геологтар «
Ақтай» сөзінің алғашқы әрпін қалдырып «Ктай» деп жазып алған. Содан картаға, құжатқа «Ктай» деп сақталып, солай аталып кетті. Ал бұл тарихты білмеген адам бірден кәдімгі Қытаймен байланысы бар деген ойға келеді. Мекеніміздің «Ктай» атауын өзгерту, нағыз дұрыс атауын қалпына келтіру мақсатымен сол кездегі Қаражал қаласының әкімі Көпеевке арызданып бардым. Ол кісі бұл мәселе оның құзырында емес екенін, Жоғары Кеңеске жүгіну керек екенін айтты. Мен сол кездегі Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне арыздандым. Олардан бұл мәселені біз шешпейміз, жергілікті органдар шешеді деген жауап алдым. Содан Көпеевке арызымды алып қайта барып, ауылымыздың атын «Ақтай» деп өзгерткізіп алдым. Ал енді бұл елді мекеннің «Ақтай» деп аталуының себебі неде? Ақтай жерін Кіші жүз руы мекендеген. Қылыш әулие - руы Тама, Кедей табынан болады. Сол кезеңде осы елде Мәдібек деген бай болған. Мәдібектің Ақтай деген қызы қайтыс болып, сол қыздың тамын тұрғызған соң, бұл жер «Ақтай» деп аталып кеткен. Әкімшілік «Ақтай» деп ауыл атын өзгертіп берген соң, екінші күні Нұрсұлтан Тұңғышбаевты Жезқазғанға аттандырдым. Жезқазған қаласы ол кезде Жезқазған облысының орталығы болатын. Нұрсұлтан «Ақтай орта мектебі» деген жазуы бар мектептің мөрін алып келді». ![]()
Ұлағатты ұстаз Ақтай ауылының халқының басын біріктіріп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды. Өзі зейнеткерлікке шыққан соң, Ақтай ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы болып, ел ішінде орын алатын көптеген мәселелерді шешуге атсалысты болды. Ол қоғам, жастар тәрбиесіне белсене араласты. Әр жиын, отырыс, кездесулерде өз ортасы мен жас ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар берер ақыл-кеңестерін аямады, оларды ең бірінші ұлтын сүюге шақырды. Әр өнегелі әңгімесінде: «Жер бетінде біз сияқты, яғни қазақ ұлтындай ұлт жоқ» деп мақтанышпен айтып отырады. Жасы келген шақта жастарға үлгі боларлық тұлға және қадірлі қария болуды насихаттады. Оны өз кітабында жазған мынадай естеліктерінен аңғаруға болады: «Біз де осылай жас болып тұра бермейміз ғой, қатарыма ой салайын дедім. Қаражал қаласының «Қазыналы өңір» газетінің редакциясына барып, редакторы Тажитова Алтыннан газет бетінен бір айдар сұрадым. Ол кісі не үшін керек екенін сұрады. Мен ойымды толық жеткізіп: «Қалай әдемі қартаямыз?» атты айдар ашайық» - деп едім, ол кісі келісті. Менің осы тақырыпта жазылған бірінші мақаламды газет бетіне жариялады. Тағы төрт-бес мақала жазып, оқырмандардың пікірін күттім. Ешкім пікір білдірмеді. Тек бір айдан кейін Жәйремнен б
ір азамат өз ойын жазып, толық пікір білдіріпті. Бұл мақаламда Жаңаарқа ауданының совхоздарында ел ағасы, ақсақалдар мен қарттардың атын атап өткен болатынмын. Сол пікір жазған азамат та осы тақырыпты жалғай әңгіме қозғап, білікті де, үлгі-өнеге боларлық ақсақалдардың атын, өз атасының үлгілі істерін жазыпты», - дейді.
Тлеубаев Амангелді білім беру саласына қосқан зор еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған және «Қаражал қаласының Құрметті азаматы» атағын алды. Ең маңызды айтпай кетуге болмайтын жайт- Амангелді ақсақал тыл ардагері екендігі. Ұлы Отан соғысы жылдары сол кездегі үлкенге де кішіге де оңай болмады. Соғыс жылдарында өзі сияқты қаршадай балалармен қатар Амангелді Тлеубаев та тылда жұмыс істеп, отаны үшін қызмет етті. Өзінің саналы ғұмыры жайындағы толғаныс кітабында анасы екеуінің соқамен жер жыртып, таңның атысы, күннің батысы ауыр еңбек еткенін жазыпты. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің кітабында өнегелі өмірі жайында былайша жазады:
«Шаруашылық енді басталып қыза бастаған кезде, ел басына нағыз қаралы күн туды.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс ашып, ел еңсесі тағы түсті. Біздің үй де көздеріне жас алып, уайымға түсті. Бір күні әкемді «Труд армияға алындың» деп алып кетті. Үйдің іші азан-қазан жылап жатыр. Мен де жылағандарға қосылып егіліп жүрмін. Не екенін көп түсіне қоймаймын, бірақ әкемді алып кеткеніне жылап жүрмін. Үйіміз қоржын үй болатын. Бір жағында атамдар тұратын. Екінші жағында әкем мен анам тұрды. Ортада тамақ істейтін асхана болатын. Енді үйдің ішін қорқыныш, уайым, үрей билей бастады. Себебі әкем жоқ. Бұл 1941 жылдың қысы еді. Мен бала болсам да, «неге алып кетті, қашан келеді, келмей ме?!» - деп уайымдап, алаңдай бердім. Дегенмен бірнеше күннен соң тіршілік бір сарынға түсе бас
тады. Нағашы әкем Тілеубай атам азын-аулақ малды айналдырады, әжем Айша ескі киімдерді жамап-жасқайды. Анам Әсия ас-сумен айналысады, диірмен тартады. Осындай тіршілікпен күндер өтіп жатады. Бір күні түнде, қыс айлары болатын, шешем далаға шығып келіп:
– Жүріңдерші, дала бір түрлі болып тұр, – деп, бізді далаға алып шықты. Шықсақ, аспан қып-қызыл қан сияқты боялып тұр. Атам: «Бұл соғыстың алапаты ғой», -деді, үйге кірдік. Ауылдан пәленді соғысқа әкетіпті, пәленді «Труд армияға» әкетіпті деген сөздерді жиі еститін болдық. Шешемді «Апатай» деп атаушы едім. Бір күні апатайымды жиналысқа шақырып кетті. Жиналыстан келе жаңалықтарды айтып жатыр. Бізден әскерге көмек сұрап жатыр: «көпейке, биалай, носки тоқып тапсырыңдар, біздің көмегіміз сол болады», – деп, әрқайсымызға салық салып жатыр екен. Білетінім, әжем биалай тігіп, носки тоқып беріп, біз міндеттен құтылдық. Мұнымен біткен жоқ, кейін де тағы да қолдан келгенше көмек беріп жатты. Колхоздың азын-аулақ малын бағушылардан басқа азаматтар тегіс соғысқа – Отан қорғауға аттанды.
1942 жылдың көктемі келді. Ел егіске көше бастады. Соқа айдап, дән себетін азаматтар жоқ. Олардың орнын әскерге кеткендердің жесірлері басты. Апатайым да солардың бірі болып, егін салуға баратын болды. Шешемді егін салуға көшіртетін болған соң, мен де қалмаймын, бірге барамын деп едім, атам мен әжем мені жібергісі келмеді. «Киіз үй суық, ауырып қаласың» деп көндірмек болып, қарсылық білдіріп жатыр. Ал мен болсам шешемнен қалғым келмейді. Ақыры жібермеген соң, жылап шалқамнан түстім. Артымда айран құйған кесе тұр екен, соған құладым. Қираған кесе желкеме кіріп кетті. Осы күнге дейін желкемде сол тыртық (шрам) бар.
Егін салып болған соң, анам қайта оралды да, жаз айында шөп дайындауға шықты. Шөп дайындауға бәріміз көшіп бардық. Шөп дайында
лып болар-болмастан, егін оруға аттанады. Осылайша күндер, айлар, жылдар өтіп жатты. 1943 жылдың көктемі келді. Егін салуға мені де бірге алып кетті. Мен соқаның басына мінемін, Апатайым соқаны ұстап отырады. Осылайша бірнеше рет егін салуға қатыстым. Егін егетін аймақты «омыраша-милаша» деп атайды. Ол жер Құдайменді өзенінің басы болатын. Арасында балық аулаймыз, балығы көп болатын. Түйреуіштен қармақ жасап алып, азын-аулақ балық аулап, оны кешкі асқа пайдаланамыз. Осылайша мен үшін қызық, анам үшін шыжық күндер өтіп жатты. Соғыс ел әлеуетін әлсіретіп, тамақ та, басқа да жағдай қыспаққа ала бастады. «Көппен көрген – ұлы той» демекші, күнімізді көріп жаттық. Бала демей, кәрі демей ел тегіс жұмысқа жегілген. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін», «Майданға кеткен ерлер үшін екпінді еңбек ет!» деген ұранды алға салып, еңбекке бар халық жұмылды. Шешем көктемгі егіске барса, мені де ала барады, мен көліктің басына мінем, шешем соқаны қолымен тік ұстап жүреді. Соқа бір жүзді, не екі жүзді болады. Оны биік тұрған тұтқасынан ұстап тұрмаса, құлап қалады. Аңыздың басынан соңына дейін қолмен ұстап жүріп отыру керек. Аңыздың ұзындығы 500-700 метр. Күніне оны неше рет айналамыз, сонша уақыт оны тік ұстап, құлатпай жүріп отыру керек. Кешке жұмыс аяқталғанда мен екі атты ауылға мініп қайтам. Анам иығына қабын арқалап, жол-жөнекей бір қап тезек теріп ала келеді. Онсыз тамақ піспейді. Кешкісін диірмен тартып, табаға салып бір таба нан пісіріп, түскі тамаққа бірге жұмысқа ала кетеді. Күндегі кәсіп – осы. Менің таңғы ұйқыдан оянуым әрине өте қиын. Бригадир таң атпай зікір салып, «жұмысқа, жұмысқа»,-деп ысқырып жүреді. Батыста оқ атып, соғысып жатса, ауылда еңбек майданы қайнап жатты... Амангелді ақсақалдың жұбайы Рахила ана 2013 жылы дүниеден озды. Шаттықты шаңырақта 8 бала – 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. 8 баладан 23 немере,
17 шөбере сүйді. Асыл текті азамат бүгінде ұрпақтарының ортасында, әулетінің қазығы, қазынасы болып отыр. Ақтай ауылындағы ардагер-ұстаз отырған қара шаңыраққа әулет болып жиі жиналып, бас қосып, ақсақалдың ақылға, үлгі-өнегеге толы ғибратты әңгімелерін тыңдау -дәстүрге айналған.
Ардагер-ұстаз Амангелді ақсақал 1991 жылдан бастап ата-баба жолымен дінге бет бұрып, намазға жығылып, мұсылмандық парызын орындап келеді. 2020 жылы Алланың қалауымен Умраға қажылыққа барып келді. 86 жасында өзінің әулетіне, ұрпақтарына арнап «Өмір соқпақтары» атты өзінің өнегелі өмірінен сыр шертетін кітабын жазды. Аталмыш кітапты немере-шөберелері оқып, тәлім-тәрбие алуда. Әр адамның өмір жолы бір тарих. Ал тарих – өшпес мұра, ұрпаққа аманат. Тәлімді де тағылымы мол ғұмырдың иесі Амангелді ақсақалға мықты денсаулық пен отбасы амандығын тілейміз!![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()