Алимов Сабен, Көкенова Зоя

Рейтинг:

Ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған әулет

      Жарық дүниеде адамзат баласының жүрегінен орын алатын ең асыл есімдердің бірі – ұстаз. Уақыттың ағысында өзгермейтін, ұрпақтар алмасса да, қадірі кемімейтін, керісінше арта беретін қасиетті бейне, мәңгілік шырақ. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де білім беру саласына саналы ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздар, бір ауыздан ұстаздар династиясы деп ауыз толтырып, айтуға тұрарлық өнегелі отбасы – Алимов Сабен мен Көкенова Зоя туралы қалам тербемекпіз.
       Сабен Алимов – байыпты мінезімен, байсалды болмысымен, ұлт рухын ұлықтаған парасат иесі болса, Зоя Көкенова – мейірімі мен білімі үндескен, әр балаға анадай мейіріммен қарайтын жүрек иесі. Екеуі де ұстаз деген ұлы ұғымның шынайы бейнесін сомдаған, уақытпен бірге жасасқан тұлғалар. Білім мен тәрбие саласының қос тұғыры іспетті бұл жұп, тағдырларын мектеппен, болмысын шәкіртпен байланыстырды. 
      Отбасының ғана емес, білім ордасының да алтын діңгегіне айналып, жас ұрпаққа сапалы білім беруде қатардағы ұстаздықтан, мектеп директорына дейін көтерілген парасатты тұлға, көкірек тереңіне үңіліп қарасаң, тағылым мен тәлім, ұлағат пен ұлылық, адами асыл қасиеттер менмұндалап жатқан Сабен Алимов 1942 жылы Ұлытау облысы үш жүздің басын қосқан Ұлытау ауданының сырға толы Сарыкеңгір өзенінің бойындағы Малшыбай ауылында дүниеге келген. 
      Ауылдың емес, халықтың, ұлттың тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған, тарих тасында есімі мен еңбектері алтын әріптермен жазылып қалған дүлдүлдер мен баһадүрлердің табаны тиген қасиетті топырақта балалығын өткізіп, 1957 жылы №5 Сарыкеңгір жеті жылдық мектебінің табалдырығын аттады. Балалығы соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келіп, еңбектің ауыр қамытын мойнына ерте киіп, жұмысқа араласып өскен Сабен Алимов колхоз жұмысына да араласып, білім де алды.

       Қайраққа түскен пышақ өткір болады емес пе?! Балалығын ауыр еңбек ұрлаған Сабен Алимов мектеп қабырғасында да талапты, алғыр, еңбексүйгіш оқушылардың бірі болып, білімін одан әрі Жезқазған руднигіндегі №7 қазақ орта мектебінде жалғастырып, 1960 жылы тәмамдап шығады. Мектеп қабырғасында жүріп, ұстаздарының сенім арта білгендігі, ісіне деген тиянақтылығы мен жауапкершілігі жас талапкерді аяғын, білім ордасынан алыс шығармай, 1960 жылы өзі түлеп ұшқан мектептің аға тәлімгері болып, алғашқы еңбек жолын бастайды. 
      Еңбектен қол үзбей жүріп, 1964 жылы Алматы қаласындағы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1968 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, Ақкеңсе бөлімшесіндегі №9 Жетіқоңыр сегіз жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып орналасады. Мектеп партасына шынтағы тиген оқушылардың бойына білім нәрін сеуіп, өзінің таңдаған математика мамандығы бойынша сабақтар өткізіп, шәкірттерді ғылымның жарығымен нұрландыра білген Сабен Алимов лауазымды қызметтерді де атқарды.

       Өзінің бекітіліп берілген пән сабағымен қатар, білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Сабен Алимов 1983 жылы №9 Жетіқоңыр орта мектебіне директор болып тағайындалады. «Жас келсе іске» демекші, шалғайдағы ауылдың білімін көтеруге білек сыбана кірісіп кетті. 
      Қоңырдың құмында 1983 жылы жаңадан Жетіқоңыр совхозының ірге тасы қалана бастады. Айтуға оңай, ал жаңа типті мектептің тірлігін түзеп кету қиынның қиыны еді. Типтік мектептің материалдық техникалық базасын жасау, мамандарды оңтайлы жүйемен орналастыру қажет болатын. Білім сапасын арттыру, тәрбие жұмыстарын күшейту секілді маңызды міндеттерді жолға қою, осы мақсатта бар мүмкіндікті пайдалану секілді қым-қуат шаруаларды шешу үшін шебер басшы керек екені түсінікті. Қамал бұзар қырықтың қырқасына шыққан Сабен Алимов осы түйткілі көп, түбі көрінбейтін істің басында болды.

      Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қайсарлығы, өжеттігі, табандылығы мен парасатының арқасында жеңіп шыққан Сабен Алимов 1986 жылы жаңадан ашылған №9 Мибұлақ орта мектебінде математика пәні мұғалімі және сыныптан тыс жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1995 жылдан мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып, 40 жыл еңбек өтілінің 15 жылын оқу ісінің меңгерушісі, 15 жылын мектеп директоры болып қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына шықты. 
      Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да ауылдық қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан Сабен Алимов зерттеу жұмыстарымен айналысып, жергілікті баспасөз беттеріне бірнеше мақалаларын жарыққа шығарды.
      2002 жылдың 25 қазанында «Сарыарқа» газеті №124 санында Құттықтау өлең шумақтары;
      2007 жылдың 5 қаңтарында «Сарыарқа» газеті №1 санында «Ұлағатты ұстаз»;
      2011 жылдың 9 желтоқсанында «Мысты өңір» газеті «Жер күнді айналмайды»;
      2012 жылдың 27 қазанында «Ұлытау өңірі» газетінде «Аспан шырақтарының қозғалысы»; 
      2012 жылдың 27 қазанында «Ұлытау өңірі» №42 санында «Сарыкеңгір саңлағы»;
      2013 жылы «Математика және физика» журналының №3 санында «Бұрыштың ұш секциясы» есебінің шешімі;
      2013 жылдың 15 ақпанында «Мысты өңір» газетінде «Бұрыштың ұш секциясы есебін шығаруға болады»;
      2013 жылдың 17 мамырында «Сарыарқа» газетінде «Мәңгі қазақ календары»;

      2013 жылдың 28 қазанында «Ұлытау өңірі» газетінің №36 санында «Егемен елдің ертеңі нұрлы»;
      2016 жылдың 8 наурызында «Мысты өңір» газетінің N25 «Қадір түні» мақаласы;
      Сонымен қатар елге сыйлы азамат Сабен Алимов жайлы жазылған бірнеше мақалалар жарық көрді.
      Дәуір алмасып, заман өзгеріп жатады. Бұл аралықта ұрпақтар өсіп, алдыңғы толқынның ізін жастар басады. Сарыкеңгір өзенінің жағасында тамаша табиғаттың аясында, алтын ұяда тәлімді тәрбиеленген Сабен Алимовтың биіктерді алып шыңға құлаш сермемеске хақысы да жоқ еді. Солай болады да. Оған дәлел – табан аудармай бір мектепте қырық жыл жұмыс істеуі. Бір кездері өзі тәрбиелеген шәкірттері Пернекүл Абуляйсова, Ұлжалғас Смағұлова, Гулжанар Бөлішбаева, Ұрлығайым Есімсейітова, Салтанат Жаңабаева, Сағындық Дәндібаев, Камалхан Вазиева, Зәуреш Байсалбаева, Жолашарова Нұрхан, Ұлтай Ақжанбаева, Күлшат Қалиева, Күлтай Жанмайылова секілді мұғалімдерімен мектепте бірге қызмет атқарған. Содан болар, мектептегі барлық ұстаздар Сабен Алимовты «Сабен мұғалім» деп атаулары орынды болатын. Қарап отырсақ, осының бәрі – тарих.

      Ұлағатты ұстаз Сабен Алимов – жайдарлы жарқын мінезімен, зор қабілеттілігімен, халқының қадірлісі болған асыл жан. Замандас әріптестерінің сенімді серігі, ақылшысы. Ұстаздар ұжымына басшылық жасап, еліміздің болашағы – жас бүлдіршіндерге білім мен тәрбие берген жылдардағы еңбегі елеусіз қалмай, ол түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалі;
      1972 жылы ҚазКСР Оқу Министрлігінің Құрмет грамотасымен;
      1989 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
      1993 жылы Кеңес атқару комитетінің Құрмет грамотасы;
      1996 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі;

      2001, 2006 жылдары ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғыс хаттары;
      2017 жылы «Білім шыңы – ғылым сыры» журналы редакциясының «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісі;
      Сонымен қатар аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармаларының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. 
      «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, оқушының мықты болуы – мұғалімнің айтқан сөзінде ғана емес, көрсеткен үлгісінде. Негізінен тәжірибелі ұстаздың шәкірттерімен бірге осыған дейін қол жеткізген жетістігі жетерлік. Сабен Алимовтың шәкірттерінің бірі – Сатыбалдин Ерболат Жалғасбаевич – ҚР Парламент мәжіліс депутаты. Өмір атты үлкен жолда олардың ең басты шығармалары – алтындай ұл-қыздары, бар қызықтары – немерелері мен шөберелері. Тәрбиесі қандай болса, ұрпағымыздың да сондай болып өсетіні белгілі. Айта берсек мұның бәрі тағылымы мол, тәрбиеге келіп тіреледі. 
      Сабен Алимов бар саналы өмірінде асып-тасып, қуанғанда шектен шыққан емес. Қандай бір лауазымды қызмет атқармасын, нендей ортада жүрмесін, өзінің қарапайым қалпынан, мөлдіреген адами болмысынан айнымай, айналасындағылардан жүрек жылуын еш аямаған азамат. Ғұмыр болғаннан кейін, оның ащысы да, тұщысы да кездеседі. Соның бәрінде сыр алдырмайтын, жігерін жасытпайтын, асып-таспай, үлкенді үлкендей сыйлап, кішіге қамқор бола білетін, өз ортасында сыйлы азамат болды. Бұл да болса қазақи тәрбиенің әсері, атаның қаны, ананың сүтімен келген тектіліктің көрінісі. Оның осындай мәрттік адами қасиеттерін, зайыбы Зоя да толықтырып, ұл-қыз өсіріп, өсіп-өнген, немере мен шөбере сүйген бақытты шаңырақ иелері болып отыр.

      Бүгінде ынтымағы жарасқан, бақ қонып, құт береке дарыған, үлкен бір берекелі, текті әулеттің арқа сүйер ағасы болып отырған Сабен Алимовтың жары Зоя Көкенованың өнегелі жолына мақала бағытын бұрсақ. 
      Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Ол – барша адам баласының жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін қадірлі жан. Адамның құрметтейтін жанының бірі, әрине, ұстаз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп өскелең ұрпақтың өнегелі өмірінің жарқын болашағы үшін жанын аямай, бойындағы бар білімі мен білігін сарп етіп, білгенін үйретуден жалықпаған Зоя Көкенова – талай шәкірттің жүрегінен орын алған қадірлі ұстаз.

      Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз, қоғамдық өмірде де белсенділік танытып, тамыр тереңінде парасаттылық пен ұлылық тұнып жатқан Көкенова 3оя 1942 жылы 20 қазанда Ұлытау ауданы Сарыкеңгір кеңшарында дүниеге келді. Ұғымы Мариан шұңғымасынан да терең, ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта балалығын өткізген ол білім ордасының табалдырығын №1 Ұлытау орта мектебінде аттайды.
       Жастайынан ілім-білімге жаны құмар, зерек те зейінді жас, оқушы күнінен-ақ білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтты. Себебі заманның ағысын тамыршыдай тап басып, сұңғылалықпен болашақтың білімділер қолында болатынын болжап білген ата-анасы білімнің адамның келешек өміріндегі маңызын, қоғамдық ортада тек білімдарлықпен даралануға болатынын балаларының құлағына құйып отыратын. Жалған дүниедегі жанына аса жақын жандардың ақыл-өсиетін тыңдаумен қатар, осыған дейін өзіне беймәлім әлемнің қыр-сыры ашылған сайын тұңғиығына тартатын қасиетке ие екенін аңғарған Зоя Көкенованың қызығушылығы да күннен-күнге арта түсті.
       Болашақ қай салаға бағыт алатынын мектеп қабырғасында жүріп бағдарлап қойған Зоя Көкенова орта мектепті 1960 жылы бітіріп шыққан соң, Сарыкеңгір кеңшарында әртүрлі салада жұмыс жасап, 1964-1968 жылдары Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтында оқып, сырттай бөлімге ауысады. Одан әрі 1968-1971 жылдары Жезқазған қаласындағы Педагогикалық училищесінде оқып, алғашқы еңбек жолын №9 Жетіқоңыр орта мектебінде мұғалім болып бастайды. 
      Зоя Көкенова – білімділігімен, жылы шырайымен, шынайы сөзімен өз шәкірттерін баурап алатын жан. Ол оқушылардың сабаққа деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтарын әрдайым түрлендіріп, шәкірттерінің жүрегіне оңай жол таба білетін, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаздар қатарынан көрінді. Өз пәнін жетік білетін, оқытудың жаңа әдістері мен білім беруді шебер үйлестіретін ұстаз шәкірттерімен бірге білім аламанында оза шапты.

       Зоя Көкенова – жауапкершілігімен, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген ұстаз. Ұжымда қарапайымдылығы мен сыпайылығының арқасында әріптестеріне сыйлы болды. Жаңа келген мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісті. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әріптестеріне көмектесуге әрдайым дайын.
      Ұстаздықты жан жүрегімен түсініп, үздіксіз ізденісте жүруді өмірлік қағидасына айналдырған. Жаңашылдық пен шығармашылықты серік етіп, өз ойын қағазға түсіріп, тәжірибеде қолданады. Мұғалім – мектептің жүрегі екенін дәлелдеп жүрген Зоя Көкенова – нағыз ұлт зиялысы. Ол жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып қана қоймай, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді. 
      Міне, осындай ұстаздық мамандықты да меңгеріп, оқушылармен жұмыс жасау барысында өзіндік қабілетін танытып, шәкірттердің сүйікті апайына айнала білген, 1992 жылы көп балалы ана ретінде құрметті зейнет демалысына шыққан Зоя Көкенова түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      1978 жылы ІІ дәрежелі «Медаль материнство» белгісі;
      1985 жылы ІІІ дәрежелі «Материнская слова» ордені;
      1989 жылы «Еңбек ардагері» медалі;

      2010 жылы «Алтын алқа» иегері;
      Сонымен қатар ұстаздық еткен жылдары аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасының бірнеше мәрте Құрмет Грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. 
      «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен», – дейді халық даналығы. Елдің ел болып қалуында осы аналардың еңбегі ерекше екендігі белгілі. Зоя Көкенованың шәкірттеріне берген адамгершілік, турашылдық, еңбекқорлық қасиеттері ең алдымен өз бойынан табылады.
      Сыр алдырмайтын, жігерін жасытпайтын, асып таспайтын, үлкенді үлкендей, кішіге қамқор бола білетін, өз ортасында сыйлы ана болып, қазақи тәрбиенің сыры, атаның қаны, ананың сүтімен келген тектіліктің көрінісін бойына сыйдыра білген Зоя Көкенова – асыл жар, аяулы ана. Ол 7 бала тәрбиелеп, 21 немере, 19 шөбере сүйді.
      Үлкені Алма Сәбенқызы – Талдықорған облысында оқытушы.

      Ұлы Серік – Сәтпаев қаласында инженер-механик. 
      Қызы Нұржамал – «Жомарт» кенішінде қойма меңгерушісі.
      Қызы Шолпан – Сәтпаев қаласында мейірбике. 
      Қызы Балдырған – Жезқазған қаласындағы №13 ЖББОМ оқытушысы;
      Торғын – жеке кәсіпкер.
      Кенжесі Ақнұр – Жезқазған қаласының №133 негізгі орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі. 
      Немерелері де әр салада жұмыс істейді.
      Қамшының сабымен өлшенген мына ғұмырда сүйікті перзент, асыл жар, дана әже, ұлағатты ұстаз, халық қалаулысы болған Зоя Көкенова – білім беру тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалған дара тұлға. Заты әйел, жаны нәзік болса да әкеден алған адалдығы мен қайсарлығы, ана сүтімен бойына енген имандығы мен ибалығы, қазақ қызына тән болмысын жоғалтпаған ұстаздың еңбегі мен өнегелі ғұмырын келер ұрпақ үлгі етері анық.

       Өмірде талай сындардан өтіп, тайғанақ тағдырда сан мәрте тайып жығылса да, өмір сүруге деген құштарлығы қайта аяққа тұрғызған, жігіттен де жігерлі, бүгінгі күннің емес, ертеңгі болашақтың қамын күйттеген, болашақ ел тізгінін ұстар шәкірттердің сауатты да салмақты, ұлттық құндылықтарды бойына сыйдырған перзент, белсенді қоғам мүшесі болып қалыптасуы үшін еңбек еткен қос ұстаздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...