Жақан Сара Тілеубайқызы

Рейтинг:

Білім беру саласының ардагері, СССР халық ағарту ісінің үздігі, ҚазССР білім беру ісінің үздігі, 
«Еңбек ардагері» медалінің иегері
(11.12.1942-21.05.2025 жж.)

Білім шырағын жаққан ұстаз

      Қазақтың кең сахарасын бойлай көз жүгіртсеңіз, әр қырат пен әр қырқадан тарихтың ізі сайрап жатыр. Сол тарихты жасаған да, келер ұрпаққа аманат еткен де – ел үшін еңбек еткен абзал жандар. Олар – қарапайым болмысты, бірақ биік жүректі, өз ісіне адал, еліне жанашыр азаматтар. Осындай тұлғалардың бірі де бірегейі – ұстаздықты өмірінің мәніне, адам тәрбиесін тағдырының өзегіне айналдырған Жақан Сара Тілеубайқызы.
      Өнегелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, бір қолымен шәкіртін білім шыңына жетелеп, екінші қолымен елдің рухани жүгін көтерген жанның өмір жолы – өнегелі де өрнекті. Оның әрбір қадамы – қоғамға қызмет, әрбір сөзі – жас ұрпақтың жүрегіне себілген ізгілік дәні. Сара Тілеубайқызы үшін ұстаздық тек мамандық емес, ол – ұлт алдындағы борыш, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, өмірлік мұрат болды. 
      Еңбек жолында ол мыңдаған шәкірттің санасына білім сәулесін сеуіп қана қойған жоқ, олардың бойына адамдықтың, ізгіліктің, парасат пен тектіліктің дәнін екті. Жай ғана сабақ үйреткен ұстаз емес, жүректен жүрекке жол тапқан, өмірлік бағыт сілтеген, болашаққа сенім сыйлаған тұлға ретінде сананың төрінен орын алды. 
      Ұрпаққа білім беру, елге қызмет ету – Сара Тілеубайқызының өмірлік кредосы. Бір сәт те еңбектен қол үзбеген, әрдайым ізденісте, дамуда жүрген жанның тағдыр жолы – біз үшін тағылымды сабақ. Әр белесі – өрлеудің, әр кезеңі – күрестің, әр жетістігі – қажырлы еңбектің жемісі. 
      Оның ғұмырнамасын парақтай отырып, бір ғана адамның өмірінде тұтас дәуірдің, бүтін ұрпақтың, білім саласының тарихы өріліп жатқанын аңғарасыз. Сара Тілеубайқызы – тек ұлағатты ұстаз ғана емес, халқына, елінің болашағына деген адалдығымен биіктеген, қарапайым болмысымен ұлы мұраттарды жүзеге асырған жан.
      1942 жылдың қысы. Қар аралас аязға шыңдалған дала. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында дүние есігін ашқан нәресте – болашақта мыңдаған жүрекке сәуле себетін ұлағатты ұстаз Сара Тілеубайқызы еді. Ақмола өңірінің сол кездегі тынысы бөлек. Ақ түтек борандары мен желтоқсанның үскірік ызғары қанша қатал болғанымен, сол даланың топырағында туған ұрпақтың жүрегі жылы, ниеті таза, арманға толы болатын. 
      Сара Тілеубайқызының кіндік қаны тамған мекен – бүгінгі тарихы терең Ақмола қаласы, сол кездегі Целиноград. Арқа даласының ақжарқын табиғаты, көсілген кең жазық, сұлу Сарыарқаның төсін тербеген жел, бораны мен борасаны, айлы түндері мен самал таңдары – мұның бәрі бала көңілдің әсем суретін сомдап берді. Әр тасында, әр талында елдің тарихы мен тағдыры жатқан қасиетті мекен Сара Тілеубайқызының мінезі мен болмысына да із қалдырмай қойған жоқ. 
      Сараның әкесі Жақанұлы Тілеубай – Аңғал батырдың неменесі (Аңғал батыр Абылай ханның оң қолы болған), терең ойлы, парасатты, кең көкірек азамат болған. Еліне сыйлы, сөзі өтімді, ойы терең әкенің тәрбиесі балаларының өмірлік бағыт-бағдарын айқындап берді. Ол өз перзенттерінің көкірек көзін оятып, білімге, ізгілікке ұмтылуға баулыды. Анасы Баймағанбетқызы Қабиба – ауыл-аймаққа сыйлы, маңдай терін еңбекке сарп еткен жандардың бірі болатын. Сол кезеңде халық арасында «Стахановка» деген атымен танымал болған Қабиба анамыз ең жоғары еңбек ақы иесі болған. Оның мейірімге толы жүрегі, сабыры мен төзімі, адалдығы мен еңбекқорлығы Сара Тілеубайқызының болашақтағы қайсар мінезін қалыптастырды.
      Бұл шаңырақта береке-бірлік пен сыйластық салтанат құрды. Сараның бауырлары – Шортанбай, Махмед, Төлеу, Кеңес, Сағима. Алайда, тағдырдың жазуымен Сара Тілеубайқызының алдыңғы буын бауырлары ертеректе өмірден өтіп, жалғыз ағасы Кеңеспен қалған екен.
      Бала Сара Тілеубайқызы осы құндылықтар ортасында өсіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді жастайынан үйренді. Ауыл өмірінің қарапайым тіршілігі, табиғатпен етене байланысқан тірек дәстүрлер, үлкендерден естіген өнегелі әңгімелер оның жүрегінде өмірлік қазына болып қалды. Сонау соғыс жылдарының қиындығы, күнкөріс қамындағы күрес, жетіспеушілік – бәрі де сол дәуірдің балаларына ерте есейуді үйретті. Бірақ бұл қиындықтар бала Сара Тілеубайқызының бойындағы өмірге құштарлықты өшірген жоқ, қайта керісінше, болашаққа деген үмітін, білімге деген ынтасын күшейтті. 
      Қысқасы, Сара Тілеубайқызының балалық шағы Арқа даласының кеңдігіндей, ата-анасының мейіріміндей, отбасының татулығындай қымбат естеліктерге толы болды. Сол ұядан алған тәлім-тәрбие, ата-ананың асыл қасиеттері мен туған жердің рухы болашақта үлкен мақсаттарға жетелейтін берік іргетас қалап берді.
      Өмірдің даңғыл жолы білімге бастайды. Бұл ақиқат – Сара Тілеубайқызының бала күнінен-ақ жүрегіне сіңген қағида болатын. Ол үшін білім – тек әріп танып, есеп шығару ғана емес, өмірді танудың, өз орныңды табудың, арманға жетудің ең биік баспалдағы еді. 
      1949 жылы жеті жасар кішкентай қыз Қызылжар ауылындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттады. Ол алғашқы күннен-ақ зеректігімен, алғырлығымен, білуге деген құмарлығымен ұстаздарының көңілін аударды. Қарапайым ауыл мектебінің партасында отырған кішкентай қыздың көзінен үлкен арманның ұшқыны, білімге деген шексіз құштарлық көрініп тұратын. 
      Жеті жылдық білімді аяқтаған соң, тағдыр Сара Тілеубайқызын жаңа белестерге жетеледі. 1956 жылы ол Ақмола қаласындағы №4 мектеп-интернатқа қабылданды. Жаңа орта, жаңа достар, жаңа талаптар – бәрі де оның бойындағы табандылық пен қайсарлықты одан сайын шыңдады. Интернаттағы өмірде бала Сара Тілеубайқызы тек білім алып қана қойған жоқ, өзін-өзі басқаруды, тәртіпке бағынуды, көпшілікпен тіл табысуды үйренді. Ол әрқашан үздік оқушылар қатарында болды, ұстаздарының сенімін ақтап, достары арасында үлгіге айналды. 
      1959 жылы мектепті ойдағыдай аяқтаған Сара Тілеубайқызының жүрегін енді үлкен арман биледі – ұстаз болу арманы. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Кішкентайынан кітапты серік еткен, қазақтың сөз өнеріне, әдебиетіне, тіліне ғашық болған бойжеткен үшін ұстаздық – тағдырдың өз жолындай көрінді. 
      1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетінің студенті атанған күн – Сара Тілеубайқызы өміріндегі жаңа бір биіктің бастауы еді. Арман мен үміттің араласқан сол сәтінде ол болашаққа сеніммен қадам басты. Институт қабырғасында білімге деген ынтасы мен талпынысын ұштаған жас қыз қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін ғана емес, сонымен қатар ән өнерін де игеріп, бойындағы сан қырлы қабілетті шыңдай түсті. 
      Сол жылдар – еліміздің білім мен мәдениет саласында шоқтығы биік тұлғалармен қатар оқыған уақыт болатын. Курстастарының қатарында кейін ҚР Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева мен белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева секілді дара жандар болған. Өзі де белсенді студент, топтың старостасы ретінде оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да алдыңғы қатарда жүрді. Сол дәуірдің аңызға айналған тұлғаларының бірі – батыр Мәншүк Мәметованың анасы да осы оқу орнында ұстаздық еткен. 
      Бұл кезең Сара Тілеубайқызының дүниетанымын кеңейтіп, рухани кемелденуіне жол ашты. Талай дарынды студенттермен қатар білім алып, тәжірибелі оқытушылардың тағылымды дәрістерін тыңдау – оның жан дүниесіне ерекше шабыт сыйлады. Топ старостасы болып сайлануы да оның ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиетін айқындай түсті. Жаңа ортада өзін еркін сезініп, тек ғылым-білім жолын ғана емес, адамгершілік пен парасаттылық биігін де бағындырды.
      Тағылымды ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, туған еліне, ұлтының тілі мен руханиятына арнаған Жақан Сара Тілеубайқызының еңбек жолы – нағыз табандылықтың, адалдықтың, білім мен парасатқа деген беріктіктің символы. Оның тағдыры – бір ғана адамның өмірбаяны емес, ол – тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ұрпақтың тарихымен астасып жатқан тағылымды жол. 
      1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін ойдағыдай тәмамдап шыққан жас маман Сара Тілеубайқызы Астрахан ауданының Жарсуат орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып тағайындалады. Бұл жылдар – оның ұстаздық жолындағы алғашқы ізденіс, алғашқы қадам, алғашқы толқу кезеңдері еді. Соғыстан кейінгі ауылдың тұрмысы ауыр, мектеп жағдайы жұпыны, бірақ бала оқытуға деген ынта, білімге деген құштарлық күшті болатын. Сол ортада Сара апай шәкірттерінің жүрегіне ізгіліктің, білімнің алғашқы сәулесін себумен айналысты. Сабақтарын өмірмен байланыстырып, сөз өнерінің сұлулығын терең сезінуге баулыды. Өз ісіне шексіз адал жас маманның бұл еңбегі аудандық оқу бөлімінің назарынан тыс қалмады – бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл – оның ұлағатты жолының алғашқы мойындалуы еді. 
      1968 жылы ол өз өтінішімен Қызылжар орта мектебіне ауысып, ұстаздық еңбегін жаңа белесте жалғастырады. Мұнда да ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берумен қатар, аудан бойынша ең үлкен интернаттың меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Интернаттағы балалардың баспанасы, тамағы, тәрбиесі – бәрі оның тікелей бақылауында болды. Ата-ана мейірімінен алыста жүрген талай баланың көңілін жылытып, білімге деген сүйіспеншілігін оятты. Қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарда да белсенді болды: мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы, аудандық партия Пленумы мен Бюросының мүшесі, ауылда ұйымдастырылған оқу-ағарту университетінің ректоры ретінде танылды. 1970 жылы ол Целиноград облыстық партия конференциясының делегаты болып сайланды, бұл – қоғам алдындағы еңбегінің, ұстаздық абыройының дәлелі еді. 
      1972 жылы Сара Тілеубайқызы Көкшетау облысы, Ленинград ауданы, Чистяковка орта мектебіне ауысып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Сол жылдары мұғалімдерге деген сұраныс жоғары еді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандарға мемлекет тарапынан бағыт-бағдар беріліп, олар түрлі мектептерге жолдамамен жіберілетін. Сара Тілеубайқызы да жұбайымен бірге осындай жолдамамен осы ауыл мектебіне келіп, мұғалімдік қызметке кірісті. Дәл осы мектеп – оның ұстаздық тағдырының алтын беттері жазылған қасиетті орын еді. Алғашында ол сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырып, оқушылардың шығармашылығын дамытты. Әдеби кештер, мәнерлеп оқу байқаулары, сахналық қойылымдар арқылы оқушыларды өнер мен ойдың, сөз құдіретінің әлеміне жетеледі. 
      1975 жылы аудандық оқу бөлімі оның ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Ал 1976–1977 оқу жылының соңына қарай Чистяковка орта мектебінің директоры қызметін уақытша атқарушы болады. Бұл сенім кейін 1977 жылы толықтай расталып, ол осы мектептің директоры қызметіне тағайындалады. Осылайша, 1977 жылдан 1990 жылға дейін 13 жыл бойы мектептің басшысы ретінде білім ордасының дамуына, оқушылардың жан-жақты қалыптасуына бар күш-жігерін сарп етті.
      Бұл жылдары оның еңбегі тек білім берумен ғана шектелген жоқ, ол мектептің материалдық-техникалық базасын күшейтті. Жоғары сынып оқушылары үшін өндірістік бригадалар ұйымдастырып, оларды жазғы маусымда қозы бағуға, егін егуге, картоп жинауға қатыстырып, еңбектің қадірін сезінуге үйретті. Бұл еңбек тәрбиесі талай шәкірттің бойына жауапкершілік пен табандылық қасиетін дарытты. Бригадалардың өз техникасы, өз көліктері болды, аудандық слеттер осы жерде өтіп, үздік оқушылар облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Оның шәкірттерінің бірі – Жакулин Әскербек облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алғаны – ұстаз еңбегінің айқын жемісі. 
      Сара Тілеубайқызы ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқыту ісін де назардан тыс қалдырған жоқ. Ол олардың да бойына сенім ұялатып, қоғамнан шеттетпей, ортаға бейімдеуге бар күшін салды. 
      Ұстаздық еңбегімен қатар, ол қоғамдық қызметте де белсенділік танытты. 1974 жылдан 1990 жылға дейін ауылдық кеңестің тұрақты депутаты болып, кеңес төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарды. Ауыл әйелдері кеңесінің төрайымы ретінде ауылдағы қыз-келіншектердің білімін жетілдіруге, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосты. 
      Оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды. 1971 жылы оған «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі табыс етілді. 1979 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасына ие болды. 1985 жылы «СССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алып, бүкілодақтық деңгейде мойындалды. 1987 жылы Қазақстан мұғалімдерінің VII съезінің делегаты ретінде республика көлеміндегі білім саласының өзекті мәселелерін талқылауға қатысты. 
      1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұл марапаттардың әрқайсысы – оның ұстаздық жолдағы тынымсыз ізденісінің, ұрпақ алдындағы адалдығының белгісі. 
      1990 жылы қыркүйек айында ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтына шақырылып, қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы болып қызметке кіріседі. Замана талабы қазақ тілінің мәртебесін арттырып, ұлттық тіл мамандарын жедел даярлауды қажет еткен кезең еді. Сол себепті филология факультетінің құрамында екі жылдық жедел дайындық бөлімі ашылып, Сара Тілеубайқызы осы бөлімнің алғашқы деканы болып тағайындалды. 1992 жылы білім министрі Ш.Шаяхметовтың институтқа келген кезінде жергілікті ғалымдар мен ректораттың ұсынысы негізінде қазақ филология факультеті жеке шаңырақ көтеріп, ол осы факультеттің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болды. 1992–1996 жылдары факультет деканының орынбасары қызметін атқарып, жас мамандарды дайындау ісіне өлшеусіз үлес қосты. 
      Осы жылдары республикалық деңгейде өткен ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, қазақ тілін оқыту мен білім сапасын арттыру мәселелерін көтерді. 1996 жылы Көкшетау облыстық әкімдігі құрамындағы Тілдер басқармасына мемлекеттік тіл бойынша бас маман қызметіне шақырылды. Мемлекеттік тіл саясатын дамытуда, оның мәртебесін көтеруде табанды еңбек етті. 
      1997 жылы облыстық басқарма қысқарған соң зейнеткерлікке шықса да, Сара Тілеубайқызы еңбек жолын тоқтатпады. 1997–2005 жылдары «Бурабай институтына» шақырылып, қазақ тілі пәнінен аға оқытушы әрі аудармашы болып жұмыс істеді. 2005–2006 жылдары Қазақстан-Ресей университетінде де аға оқытушы әрі аудармашы қызметін атқарды. 2006–2009 жылдары Көкшетау қаласындағы қазақ тілін оқыту орталығының әдіскері болды. 2009 жылы осы орталық негізінде шығарылатын «Бабалар аманаты» газетінің редакторының көмекшісі болып еңбек етті. 
      1966 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықтағы қажырлы еңбегі үшін Сара Тілеубайқызы сан мәрте Грамоталар мен Алғыс хаттармен марапатталды. Оның есімі республика, облыс, аудан көлеміндегі газет-журналдар беттерінде жиі жарияланып отырды. Жазушы Галина Черноголовинаның «Я к вам вернусь» кітабында, республикалық «Простор» журналында ұстаздың еңбегі мен қызмет жолы кеңінен сөз болды. Әріптестері, шәкірттері, замандастары шығарған кітаптарда оның өмір жолы мен тағылымы жайлы жылы лебіздер қалдырды. 
      Жақан Сара Тілеубайқызының еңбек жолы – ұлт болашағына арналған, ұрпақ санасын нұрландырған өнегелі ғұмыр. Ол тек білім беріп қана қойған жоқ, ол жүрекке жол тапты, ұрпаққа рух дарытты, туған тілді төрге шығарды. Оның өмірінің мәні – ұстаздық, мақсаты – шәкіртінің жетістігі, еңбегінің жемісі – елінің алғысы. 
      Өз ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сара Тілеубайқызы үшін отбасы – өмірінің тірегі, жан тынысы, күш-қуаттың сарқылмас қайнары болды. Жақсы жар, үлгілі ана, ұрпаққа өнеге болған әже ретінде ол шаңырақтың шаттығын, отбасының құндылығын биік қойды. 
      Сара Тілеубайқызының өмірлік серігі – Муталляпов Елеусіз Баймағанбетұлы. Өмірінің қырық жылға жуық уақытын білім саласына арнаған абзал азамат мектепте талай шәкірт тәрбиелеп, ағарту ісіне өз үлесін қосқан. Жаны да, жүрегі де ұстаздықпен біте қайнасқан Елеусіз Баймағанбетұлы «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі және «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ел сыйлаған, шәкірт құрметтеген, әріптестер арасында беделді ұстаз болды. Олардың бір-бірін толықтыратын өмірлік серіктестігі, рухани үндестігі Сара Тілеубайқызының өз ісіне деген құлшынысын арттырып, отбасына да, қоғамға да бірдей үлгі етті. 
      Бұл шаңырақтың шаттығы – қыздары. Үлкен қызы Муталляпова Шынар Елеусізқызы – білім мен ғылым саласында биік шыңдарды бағындырған парасатты жан. 1990 жылы мектепті «Алтын» медальға бітірді. 1995 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын үздік аяқтап, Астана қаласындағы аспирантураға жіберілді. 2004 жылы кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, кейіннен доцент атағын алды. Ғылым жолында табысты еңбек етіп, бүгінгі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Экономика» кафедрасының меңгерушісі қызметінде жұмыс жасайды. Шынар Елеусізқызының ғылымдағы табандылығы, еңбектегі ізденімпаздығы ананың өнегесі мен әкенің тәрбиесінің жемісі екені даусыз. Ол 100-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектің авторы. 2014 жылы университеттің үздік оқытушыларының бірі ретінде «Лидеры университета» дипломына ие болып, 2017 жылы білім саласына қосқан зор үлесі үшін ҚР Ғылым және білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2024 жылы С.Сейфуллин атындағы медальға лайық деп танылды. Ана үшін баласының осындай жетістігі – өмір бойғы еңбектің ең үлкен сыйы еді. 
      Кіші қызы Муталляпова (Бекхожина) Жұпар Елеусізқызы да екі бірдей жоғары білім алып, экономист және заңгер мамандықтарының иегері атанды. Ол да мектепті «Күміс» медальмен бітірді. Ол Көкшетау қаласындағы ірі фирмаларда бас есепші болып еңбек етіп, кәсібилігімен танылды. Бүгінде Астана қаласындағы беделді компанияның бас есепшісі қызметін атқарып жүр. Жұпардың отбасы да берекелі: жолдасы Серік екеуі төрт баланы тәрбиелеп отыр – Ақбаян, Мерей, Жанэлла және Линара. Сонымен қатар Сара Тілеубақызының шөбересі – сүйкімді Алихан әулеттің көз қуанышы.
      Сара Тілеубайқызы үшін отбасы – мейірім мен тәрбие мектебі еді. Үйінің табалдырығы аттаған әр адамды жылы қабақпен қарсы алып, дастарқанынан дәм таттырмай жібермейтін. Үлкенді сыйлау, кішіні қадірлеу, ағайын арасындағы сыйластық, бауырмалдық – бәрі де осы шаңырақтың ұстанған басты қағидасы болды. 
      Өмірінің сан соқпақтары, ұстаздық жолындағы ауыр да жауапты сәттері мен қоғамдық қызметтің қым-қуыт тірліктері оны талай сынақтан өткізгенімен, отбасы әрдайым сүйеніш, әрдайым қуат берер құтты мекен болып қала берді. Елеусіз Баймағанбетұлының жанашырлығы, қыздарының жетістігі, немерелері мен шөбересінің күлкісі – Сара апайдың жүрегін шаттыққа толтырып, өміріне мән сыйлады. 
      Бұл әулет – тек бір отбасы ғана емес, өнегелі тәрбие мен парасатты өмірдің мектебі. Сара Тілеубайқызы мен Елеусіз Баймағанбетұлы сіңірген ізгілік пен еңбекқорлық, ұрпаққа берген мейірім мен тәлім бүгінгі күні балалары мен немерелерінің өмірінде жалғасып келеді. 
      Сара Тілеубайқызының аялы алақанында өсіп, ана мейірімін сезініп ержеткен жандардың бірі – ағасының ұлы Қайрат Кеңесұлы. Қайрат 10 жасында Сара Тілеубайқызының қолына келіп, осында білім алып, азамат атанып, әскер қатарына барып, ел қатарлы отбасын құрды. Сара апасының тәрбиесі мен қамқорлығы оның өмір жолына берік бағыт-бағдар берді. Бүгінде ол – Сара Тілеубайқызының туған жерінде, өз еліне қызмет етіп жүрген абыройлы азамат, ауыл әкімі. 
      Бұл – Сара апайдың адам тәрбиелеудегі биік парасаты мен жүрек жылуының жемісі.
      Ұстаздық жолын ұлт болашағына арнаған Сара Тілеубайқызының өмірі – адалдықтың, ізденістің, табандылықтың айқын үлгісі. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ол мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім шырағын жағып, туған тілдің қадір-қасиетін ұқтырып, адамгершілік пен парасатқа баулыды. Еңбегі ел тарапынан да, шәкірт құрметінен де, әріптес ықыласынан да жоғары бағаланды. Бүгінгі күні оның ізін жалғап, өрелі ойлы шәкірттері биік белестерді бағындырып келеді. Сара Тілеубайқызының өнегелі ғұмыры – өткеннің естелігі ғана емес, келер ұрпаққа үлгі болатын тағылымды тарих, білім мен мейірімнің мәңгілік шамшырағы.
      Сара Тілеубайқызы – ұзақ ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнап, ел жүрегінен мәңгілік орын алған тұлға. 80-нің сеңгіріне шыққанда өмір жолын шынайы ризашылықпен саралап, жүрек тербеген сырларын, тағдыр сабақтарын «Ризашылық» атты кітабында қаламмен өрнектеп жазып шықты. Бұл туынды – бір адамның ғана ғұмыр баяны емес, тұтас бір дәуірдің келбеті, ұстаздықтың шынайы шежіресі іспетті.
      Ол өмірге философиялық тереңдікпен қарай білетін, өмірдің мәні мен мағынасына үнемі ой жүгіртіп, пайымдап отыратын жан еді. Сондықтан да кітабының беташарында Мұқағали Мақатаевтың: «Өмір деген – өзім екем, мен екем» деген терең мағыналы сөзін таңдап алуы – ішкі болмысының көрінісі болатын.
      Халқы, шәкірттері Сара Тілеубайқызын құрметпен «Легенда», «Эпоха» деп атады. Оның есімі ел есінде асыл ана, аяулы әже, ұлағатты ұстаз ретінде қалды. Ұрпақ жадында да, парасат биігінде де ол кісі – өмірінің әр сәтін өнеге еткен тұлға.
      «Менің өмірім – жақсылармен өткен күндерден құралған. Сол үшін де – Ризашылық! Балаларыма да ризамын!» – деп өзі айтқандай, бұл өмірбаян – шүкір мен алғысқа толы кемел ғұмырдың шынайы куәсі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
7 марта 2026 20:14
Арманбек Кеңесұлы Тілеубай

Кішкентай бала кездерінде Кеңес ағасының ұл балалары (жеті ұлы бар), тілдері келмей Сара Тілеубайқызын Дәдә деп атап кеткен. Дәдәміз ағасы Кеңестің отбасына, жеті ұлына өмір бойы қамқор, жол көрсетуші, ақылшысы болып өтті. Кеңес ағасының жұбайы, марқұм Тұрсын Досболсынқызымен апалы-сіңілі ретінде терең құрметпен араласты. Бір қатты сөйлеу, реніш деген бауырлар, туыстар арасында болмайтын, оған Дәдәміз үлкен мән беретін. Дәдәміз жолдасы Елеусіз Мүтәлләпұлы жағынан Көкшетау өңіріндегі бауырлары, туыстары, құдалары, сондай-ақ мыңдаған оқушылары және өзі туған Ақмола облысы, Астрахан ауданы Жаңа-Тұрмыс ауылы тұрғындары, жалпы Дәдәні танып, білетін жұртшылық Сара Тілеубайқызын үлкен ұйымдастырушылық қабілеті бар адам, ой-өрісі кең, сана-сезімі, мәдениеті биік, ерекеше сөз саптай алатын (оратор) ретінде білетін. Жалпы бауырларының, туыс-жақындарының оқушыларының той-домалақтары, қайғы-қасіреттері болсын Дәдәнің сөз сөйлеуінсіз өтуі кемде-кем еді. Дәдә бәрінің жүректеріне жол табатын, қуантып та, жұбатып та алатын сөздерді тауып сөйлей алатын үлкен Тұлға адам болатын. Мысалы, 7-8 жыл бұрын Атырау қаласына, студенттік құрбысының бір немересінің тойына шақырылып, тойдың алғашқы сөзі Дәдәға берілген екен. Дәдәмнің сондай бір керемет сөзінен, тілегінен таң қалған тойдың жүргізуші-асабасы Тұрсынбек Қабатов: апай, Сіз мен асаба болып жүргізетін тойларды бастап беретін, оларда сөйлеп беретін партнерым болыңызшы деп, әзілдеп айтқанын атап өткім келеді. Еліміздегі қазіргі өзгерістерді құптап, халықты ақылға, жаңаруға, заман өзгерісіне жетектейтін, жол сілтейтін кең көзғарасы бар болатын. Кейде айтатын, осы мен мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевпен кездесе қалсам, біріншіден барлық бастамалары дұрыс екендігін айтар едім, одан кейін еліміздің, қазақ ұлтының дамуы тұрғысында тағы басқа да ойларыммен бөлісер едім дейтін. Дәдә, Сізге үлкен рахмет, жәннәттән орын алыңыз, мәңгі есіміздесіз!!!
22 января 2026 13:43
Жупар

Анашым, сағындым ғой мен сені. Осы ақпаратты өзін көрсен ғой, тірі кезінде шықса ғой, сен мәз болу ішедің. Маған деген, елге деген еңбегін зор. Сендей адам жоқ ғой бұл әлемде: ана ретінде, ұстаз ретінде, АДАМ ретінде. Менің балаларым , құдаларым сені көріп, біліп кетті, соған тәубе. Жаның жәнаттә болғай, о дүниенің жақсылығын тілеймін. Әкетайыммен бірге иманды болыңдар

Последние комментарии

12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....