Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Ақтөбе облысы білім саласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Хромтау аудандық оқу-ағарту саласының Ардагерлер кенесінің төрағасы, «Қазақ ССР-нің Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгілері және «Звезда славы – Экономика Казахстана» орденінің иегері
Ұстаз болу – адамның асылдығы
Ер азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі. Ер азамат деп ата-ананың ғана емес, ел баласы болып өскен, елінен ауа жүріп емес, халқымен бірге өмір кешкен, қиын-қыстау кездерде түйінді мәселелерді шешкен парасатты жандарды айтамыз. Ер азамат деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, сенімін бойтұмар қып сақтаған, достың сырын шашпаған, зұлымдық жолын баспаған, сегіз қырлы, бір сырлы, арлы жанды айтамыз. Ер азамат деп ата-анасының жанынан ұзап, ат жалын тартып мініп, қатарынан озып, биіктегіге қол созып, мен боламын, тезірек өсіп толамын деген екпінді де қарымды талапкер жасты айтамыз. Ер азамат деп ата-анасына, еліне, халқына адал, туысқанға бауырмал, ізгі жанды айтамыз.
Бүгінде елдің арда азаматтарына айналып, туған жерге тік тұрып, бар болмысымен шынайы қызмет етіп келе жатқан бірегей азаматтардың қатарын толықтырған ел жақсыларының бірегейі – Изтлеуов Серік Изтлеуұлы.
Серік Изтлеуұлы 1954 жылы еліміздің батыс өңіріне қарасты Ақтөбе облысы, Новоросей ауданы, Көктөбе совхозына қарасты Болат ауылында дүниеге келген. Балалық шағын аталған өңірде өткізіп, алғаш мектеп табалдырығын аттап, өз құрдастарының арасында сыйластық пен айнымас достыққа ие болған жан 1970 жылы Көктөбе ауылына қарасты Болат орта мектебінің түлегі атанды. Кейіпкеріміз жастайынан ел игілігі үшін еңбек етуді місе тұтқан ел ардақтыларының бірегейі бола білді. Бала шақты болашақпен жалғап, «ұстаздық» атты ұлы қызметті тізгіндемек ниетте Серік мырза 1970-1973 жылдар аралығында Ақтөде педагогикалық училищесінде білім алып шығады. Өз білімін одан әрі жетілдіре түсу мақсатында, Ақтөбе қаласында орналасқан іргелі оқу ордасы Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтта білім алып шығады.
Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Серік мырза да алғашқы мансаптық жолын асыл мамандықтан бастады. 1973 жылы Новоросей ауданына қарасты, Октябрь орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастайды.
Әрбір еліміздің ер азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Серік Изтлеуұлы да 1974-1976 жылдар аралығында Германия жерінде әскери борышын өтеп келеді.
Ұстаздық жолын одан әрі жалғастырмақ ниетте, 1993 жылы Хромтау ауданында Мағаджан орта мектебінің директоры атанып, біршама нәтижелі істердің аяқталуына сеп бола білді.
Қызметтік жолын одан әрі 1999-2004 жылдары Аққұдық орта мектебінің директоры, 2004-2006 жылдары Хромтау қаласындағы №5 мектеп-гимназия директоры болып шәкірттердің де әріптестердің де ішінде шынайы ыстық ықыласқа бөлене түседі. Нәтижелі істердің тәмамдалуына сеп бола білген ел азаматы 2006-2007 жылдары Көктау округінің әкімі қызметіне тағайындалып, ел арасында біршама сұрақтың шешімін табуға көмек көрсете білді.
Білім мен білікті ұштастыра білген жанның қызметтік жолында да оң өзгерістер орын алып, іс-тәжірибе барысында сан мәрте өзгерістер өмір көкжиегінде, еңбек жолында түйінді мәселелердің шешімін табуға сеп бола білді. Кейіпкеріміз мансаптық жолын 2007-2011 жылдары аралығында аудан әкімінің аппарат жетекшісі, 2011-2012 жылдары Хромтау қаласының әкімі болып тағайындалса, 2012-2013 жылдары аудандық мектептен тыс білім беру орталығының директоры болып жалғастырады. Ұстаздық жолда үздік деп таныла білген ел азаматы 2013-2017 жылдары Хромтау №5 мектеп-гимназия директоры болып қайта тағайындалды.
Серік Изтлеуұлы қызмет барысында әрдайым әріптестері мен шәкірттерінің жетістіктерімен мақтанатын ұлағатты ұстаздардың қатарынан. Кейіпкеріміз мектепке басшылық еткен жылдары мектеп оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларына және ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталғандығын мақтанышпен сөз ете аламыз. Елдің келешегі, жұрттың болашағы саналатын ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуында ұстаздың алар орны қашанда бөлек. Қадір-қасиеті де ерекше. Ұстаз деген ұғым кейін қалыптасқанмен, халқымыз ықылым заманнан ел жақсыларын сол ұстаз дәрежесінде алақанға салып ұстаған. Кейін ұрпақты білім нәрімен сусындатқан абзал жандарды «ұстаз» деп атауының өзінде бір мән бар. Ұлт ұстазына айналған арыстар шоғыр-шоғыр болып ел игілігі, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ете білді.
Ерен еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің 3 рет Алғыс хатымен, 1992 жылы «Қазақ ССР-нің Халық ағарту ісінің озық қызметкері» медалімен, 2005 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, Хромтау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін ауданның «85 жылдық» мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және №0694 нөмірлі «Звезда славы – Экономика Казахстана» орденімен марапатталды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағы беріліп, байқау энциклопедиясына есімі енді.
Ел азаматы зейнетке шықса да, қазір екі қолды бос қоймай, жеке шаруашылықтың басы-қасында қызмет атқаруда. Атап айтар болсақ, «Мұрагер» атты СПЖ-нің директоры. Қазіргі уақытта балаларымен бірігіп, «Жайлау» атты шаруашылық ашып, ірі қара мал, жылқы шаруашылығымен айналысып жатқан жайы бар. Жас кезінен атты бәйгеге жаратумен айналысқан Серік мырзаның аттары ауыл, аудан, облыс көлемінде бәйгелерде оза шауып, абыройын асқақтатып келеді. Ел азаматы бүгінде Ақтөбе облысы білім саласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Хромтау аудандық оқу-ағарту саласының Ардагерлер кенесінің төрағасы қызметтерін атқарып келеді.
Еңселі ел азаматының артында әрбір ісіне, әрбір бастамасына демеу болған өмірлік жары әрі қазір арқасүйер ересек перзенттері бар. Жары Изтлеуова Бағила Өтебайқызы екеуі 1974 жылы бас қосып, 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бағала ханым да ұстаз, зейнеткер. Үздік өнегелі отбасы ретінде облыста Хромтау ауданы атынан «Шатыққа толы шаңырақ-2022» байқауына қатысып, облыстан дипломант атанды. Бүгінде Серік мырза мен Бағила ханым 10 немере, 6 жиен, 1 шөбере бақытына кенеліп отырған жандар.
Перзенттерінің барлығы да жоғарғы білімді. Тұңғыштары Гүлнар бүгінде Ақтөбе мыс компаниясында бас эколог, екінші перзенті Ермек мыс компаниясында карьерде басшы, үшінші перзенті Гулжайна сол компанияда қатардағы эколог, отбасының кенжесі Айбек Серікұлы «ASC STROY» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарып келеді. Үлкен немеремелері атасы мен әжесінің ізін қуып, қазіргі уақытта Хромтау қаласындағы 2-мектеп гимназиясында ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет етіп келеді.
Өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп, мұғалімдікті мамандық деп біліп, ұстаздық атты ұлы қызметті өне бойына ұлы қасиет деп сіңіре білген Серік Изтлеуұлының әрбір ісі көпке үлгі.
Серік Изтлеуұлы сіз өз білімділігіңізбен, тәжірибелілігіңізбен, адал еңбегіңізбен ерекшеленіп келесіз. Сізге таза көңілден шыққан ізгі ниетімізді білдіре отырып, әрқашан да деніңіз сау, көңіліңіз жайдары, отбасыңыз берекелі болсын демекпіз! Сіздей ел азаматтары барда, елімізде әлі талай дүние оң шешімін табатына сенімдіміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()