Мәрт жүректің иесі Адам баласы «Ұстаз» дейтін ұлы ұғымды ұлықтап, беделін арттырса, тіршіліктің мәні еселенбек. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге. Талай ұрпақтың санасында есімдері мәңгілікке жазылып қалған ұстаздар, абзал жүректі ұлағат иелері бар. Осындай ұлағатты жанның бірі, ғибратты ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған асыл жан, мейірбан әйел, заң ғылымдарының магистрі – Элмуратова Дилрабо Адилбековна.
![]()
Асқартаудың тасындай асыл кейіпкеріміздің саналы ұрпақ тәрбиелеудегі атқарған ерен еңбектері жайлы, ойы жүйрік оқырманға сыр шерту кез-келген қаламгердің арманы. Ендеше арманға бір қадам жасап, таным таразысын тең ұстаған заңгердің балалық шағына көз жүгіртіп көрелік.
Ол – 1985 жылы маусым айының 10-шы жарық жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы,Сайрам ауданында өмірге келген. Кішкентайынан алғыр өскен талантты қыз ерте жастан хат танып, мектеп табалдырығын да ерте аттайды. Білімге жаны құштар балғын аталмыш білім ордасындағы байқауларда сан мәрте бақ сынап, шәкірт күнінен толағай табыстарға қол жеткізеді. Жылдар өте келе мектепті де бітіріп, түлек атанып, білім қуып қалаға жол тартады.
2007 жылы Оңтүстік Қазақстан Ашық университетіне «Заңгер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, заң саласының небір күрделі, қым-қуыт ғылымына білік сыбана бет-бұрыс жасайды. Әрине, студенттік өмір қай жастың болмасын есінен кетпес ең қызықты сәттері. Кейбір жандардың осынау бал уақыттың балын татамын деп жүріп, алаңғасарлықпен алтын уақытының демде өте шыққандығын аңғармай да жатады. Бірақ, біздің жомарт жүректі кейіпкеріміз Дилрабо мұндай өтпелі кезеңнің болар-болмас шақтарына еш алданбады. Керісінше, бар уақытын тиімді пайдалануға тырысып, үнемі ізденіс үстінде жүретін.
Университет қабырғасында белсенді студенттердің бірі болған алғыр жастың ұйымдастырушылық қабілеті тым жоғары болатын. Үнемі мәдени іс-шаралардың басы-қасынан табылып, өз септігін тигізе білетін. Өзіне жүктелген тапсырмаға жауапкершілікпен зер салып, уақытында тиянақты орындайтын. Студент шағының өзінде-ақ сондай парасатты жан екендігін талай құрбыларына сан мәрте дәлелдеп, тіпті, кейбірінің таңдайын қақтырған кездері де болған. Мінезі жағынан тым қарапайым, кішіпейіл, сондай үлкен жүректі жан еді. Үлкенді де, кішіні де баурап алатын. Қолында барын аямай, реті келсе құрбыларына бөліп беріп отыратын. Мінекей, осындай ашықтығының, білімділігінің, алғырлығының арқасында Дилрабо оқуын ойдағыдай тәмамдап қана қоймай, ғылым соңына шам ала түсті. Бұл жолы ол – заңгерлік мамандығы бойынша магистратураға қабылданып, оқуын одан әрі жалғастырады.
Негізінен ғылым – әрбір адамның бақытты болуына кепілдік беріп, оларды адамдықтың биік шыңына бастай білсе ғана пайдалы. Сондықтан жаңа бір құбылысты зерделеген сайын өзіңнің білетінінен білмейтінің көп екенін және оның шексіздікке созылатынын, одан сабақ алған адам ғана дұрыс ойлай алады әрі оның ғылыми пайымдауы да жоғары болатыны сөзсіз. Ендеше, ғылым жолында сабақ ала алған жанның бірі біздің ізденімпаз кейіпкеріміз. Ол өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, мол білім алып қалуға т
![]()
алпыныс жасады. Жылдар өте келе, оқуын абыроймен бітіріп, «Заң ғылымдарының магистрі» деген мәртебелі ғылыми атаққа ие болды.
Қолына қос диплом ұстаған жас маман иесі алғашқы еңбек жолын – 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық қаржы колледжінен бастайды. Сөйтіп, қазыналы қара шаңырақта «Құқық негіздері пәні оқытушысы» қызметін атқарады. Дегенмен, алғашқы жұмыс орны, қызметі Дилрабоға айтарлықтай қиыншылықтар әкелмеді. Ортаға тез сіңіскен жас маман әріптестерімен жиі-жиі пікір алмасатын. Әрі шәкірттеріне де көп көңіл бөлетін.
Жалпы ұстаз үшін өмірдегі ең құрметті де, өнегелі іс – алдына келген ақ қағаздай таза көңілді шәкіртке алғашқы білім нұрын құю. Баласының болашағын ойлаған әр ата-ана баланы колледжге берерде оқытушылары кім болар екен, қалай оқытады, мамандықты санасына сіңіріп, арқа сүйер сенімді азамат етіп тәрбиелей ала ма? - деп алаңдайды. Сәби кезінде тамағын тоқ, киімін көк еткенге қуанатын ата-ана алдында енді он сегізге толған баласының болашағы, зор жауапкершілігі тұрады. Міне, осы кезде білім іздеп келген студентке көмекке келер ұлы адам, ол – оқу орнындағы оқытушылары. Сондықтан оқытушыға артылатын салмақтың жеңіл болмасын сезінген кейіпкеріміз колледж қабырғасында ұйымдастырылған дөңгелек үстелдер мен ғылыми-конференцияларда мамандығы төңірегінде өзекті мәселелерді талқыға салып, тың ойларды бастама етіп көтеретін. Әр сөзінде зілдей ой жатқан тапқыр қызметкердің ерекше қозғалысынан-ақ оның көшбасшы болуға лайықты жан екендігін жанындағы адамдар бірден аңғарып қоятын. Иа, уақыт өте келе өзі де солай болды. Еңбексүйгіштігінің арқасында ол – 2009 жылы «Байтура» Жамбыл колледжіне ауысып, аталған колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады.
Лауазымды мандатты иеленген асыл кейіпкеріміз бармақ басты көз қыстылыққа салынып, өзгелерге озбырлық, әлімжеттік көрсетпеді. Қай маманмен болса да тең дәрежеде сөйлесіп, мүмкіндігінше қолдан келген көмегін көрсетуге ұмтылды. Қиналған жанға қол ұшын созып, ылғи да игілікті, қайырымды істердің бастамашысы бола білді. Кез - келген кадрдың еңбегін бағалап, олардың саннан гөрі сапаға жұмыс істеуін талап етті. Және ол жолға мүмкіндікке жол ашатын бағыттарға ешқашан тосқауыл болған жан емес. Мейірімділігінен, парасаттылығынан, сабырлы, қарапайым қалпынан танбаған кәсіби маман.
Дилрабо өз қызметінде 3 жылға тарта жұмыс атқарып, 2012 жылы «Ибн Сина» атындағы Тараз медициналық колледжіне ауысып, мұнда колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де ешкімнің алдынан кесе өтпеді. Әрдайым адамдық парызға, азаматтық қарызға келгенде адалдықтың ақ туындай желбіреген айрықша адам тұлғасын қалыптастыра алды. Білім саласының мұраттарына ұмтылудың үздік үлгісін көрсетіп келе жатқан колледж ардақтыларының қ
![]()
атарында кейіпкеріміздің есімі ерекше аталады. Өйткені, оның – тағлымы да, тәжірибесі де мол...
Зерттеушімін, ғылым-білім иесімін дейтін көптеген адамдарға жетіспейтін үлкен тұлғалылық пен кісілік бір Дилрабоның бойынан табылып жататын. Өзі оқу ісі жөніндегі орынбасар болса да, атқарған еңбегі әлдеқайда ауқымды еді. Уақытында еңбегінің жемісін татқан өршіл қызметкер 2014 жылы ЖШС «Орта-Азиялық медициналық колледжінің» директоры болып тағайындалады.
Білікті басшының білім саласы мен құқықтық жүйеде ғана емес медициналық ғылыми ортада және қоғам өмірінде де сіңірген еңбегі орасан. Тіпті, өзі білімді бола тұра басқаларды да білімге талпынса екен деп ойлайтын. Ол колледждің студент жастарына білім беруді, оның ішінде болашақ медицина саласы бойында мамандар дайындауды өзіне мақсат етіп қойды. Медицина колледжіне ұлтымыздың заңғар ғалымдарын топтастырып, оқу жүйесін жаңа талаптарға сай жүргізе білді. Ерен еңбектің ортасында болған білікті мамандар бой көрсеткендігін құрметпен айта аламыз.
Өне бойына біткен адамгершілік, бауырмашылдық қасиеттері айрықша құрметтеуге лайық Дилрабо – 2019 жылы «Орта-Азиялық медициналық колледжі», «Жан Динара балабақшасы», «Жасмина» ЖШС балабақшаларының құрылтайшысы қызметтеріне тағайындалды.
Көптеген сала бойынша басшылық мандатты ала жүріп, үлкен істер тындырды. Және сол еңбегінің жемісі үшін көптеген республикалық, қалалық марапаттарды иеленді. Солардың ішінде: Қалалық білім басқармасының «Алғыс Хатымен» марапатталғандығын айрықша тілге тиек етсек те артық емес... Болмысынан атақ пен мәртебеге аса қызыға қоймайтын кейіпкеріміз, өзінің ісіне жауаптылықпен, ұқыптылықпен қарай алды. Алдымен шәкірттерінің ертеңіне алаңдап, студенттерге сапалы білім беру үшін тәжірибелі оқытушыларды топтастырып, олардың бастарын бір арнада түйістірді.
Өмір – өзен. Өзеннің бір тұстағы ағысына екінші рет түсу мүмкін емес деген философиялық тұжырым да бар. Яғни, сынаптай сырғыған уақыт жекелеген пенделердің бастарынан өткен қызық-қуанышты да, реніш-қайғыны да бірте-бірте ұмыттырады. Әрине, дара тұлғаның асыл бейнесі оқырманның жүрегінде сақталары даусыз. Ал басқалар үшін уақыт жылжыған сайын көмескілене түсері де шындық.
Еңсесі тік, дидары нұрлы кейіпкеріміз – Дилрабо Адилбековнаның жанарынан өнегелі өмір оты ұшқындайды. Педагогтік пайым мен басшылық біліктілік талантының тереңінде бұғып жатқандай. Жаны ізгі басшыға дәйім жақсылықтар тілейміз!