Қасымбек Айсұлу

Рейтинг:

Ұстаздық жолдағы ұлы белес

Ұстазда көріпкелдің көзі, суретшінің қиялы, ақынның жүрегі болу керек.
А. Қыраубаева

      Адам тағдырына қатысты зор жауапкершілік жүктелетін ең ұлы мамандық – ұстаздық. Жүрегі лүпілдеп мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырған сәттен бастап, есейген кезеңге дейін жан-дүниесіне мейіріммен шуақ шашып, жүрегіне адамгершілік нұрын егіп, жолына білімнің шырағын жаққан ұстаз есімі кімнің де болса жадында жаңғырары хақ. Оның қиындығы мен қия беткейлі соқпақтары, жеңіл келмес жеңістері – ұстазға ғана аян құпия. Шәкіртті тұлғалық тұғырға бастайтын ұстаз еңбегі жансыз заттан жаныңды тебірентіп, қайталанбас ғажайып туынды жасайтын шебердің жұмысымен пара-пар. Ол – бала жанын зерттеу, оның ерекшелігін тани білу, дарынын дамытып, талантын ұштау, сенімін нығайту, ғұмырына мән сыйлау. Ал ұстаздық – әулеттегі негізгі мамандық болса, оның өз шежіресі, өз тарихы болары анық: ол аға буынның еңбегін үлгі тұту, жастықтың жалыны мен жаңашылдық қадамдарын үйлестіру, өзіндік ізденісі мен шеберлігін шыңдау, білім саласына үлес қоса отырып елдің ертеңін нығайту. Ұстаздық ұлағаттың өзіндік философиясы мен логикасы да терең: тәрбие мен білімді бір арнаға тоғыстырып, теория мен тәжірибенің тізгінін тең ұстайды. Шәкірттерін шығармашылықпен шыңдап, жетістіктер мен жеңістер асуына жетелейді. Игерілген білімді талдап, ойын жинақтап, жүйелі қолдана білуге баулиды. Кез келген жағдайдан жол тауып, шешім қабылдай алуына қолдау көрсетеді. Осындай ұстаздардың бірі – жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру мәселесін көтеріп, қазақ педагогикасының бүгіні мен болашағына үлес қосуды мақсат тұтқан Қасымбек Айсұлу.
      Айсұлу Асылханқызы 1964 жылы мамыр айының 23-жұлдызында Алматы облысына қарасты Балқаш ауданы, Қарағаш ауылында дүниеге келген. «Асылдан асыл туады» демекші, Айсұлу ханымның ата-анасы перзенттерінің бойына адалдық атты арда мінезді қалыптастырып, еңбегімен елге елеулі жан болуына барынша тәлім-тәрбие бере білді десек, артық айтпағандығымыз. Ақ жаулықты анасы – Ақшамбаева Зібила. Ол Балқаш өңірінде ел басқарған өнерлі Рашит шешеннің қызы. Әкесі Қасымбеков Асылхан 1915 жылы тоғыз түрлі өнерді терең игерген «дархан ұсталар» әулетінде дүниеге келген. 14 жасынан білім іздеп, мұғалім мамандығын меңгерген Асылхан ақсақал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады, кейін бар саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнайды. Еңбегі бағаланған жан алғашқылардың бірі болып «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» атағымен марапатталған. Отбасында әкесі Асылхан, әпкесі Әсет, нағашысы Эскадронның сабаққа дайындалғанын, оқушыны қызықтырар материалдар таңдап, өзара пікір алмасып жатқанын көріп өскен, көңіліне арман ұялатқан жас өркен, әрине, мұғалім болуды армандады. 
      Әулеттегі мамандықты болашағына бағдар ретінде ұстаған Айсұлу ханым 1981 жылы Қарағаш орта мектебін бітіріп, еңбек жолын мектепте пионер ұйымының жетекшісі болып бастады. Болашақ мамандығына батыл таңдау жасаған жан 1983 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. 1988 жылы қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы мамандығын алып шықты. Кейіпкеріміздің З.Қабдолов, Т.Кәкішев, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев, М.Томанов, Б.Сағындықов, С.Мырзабеков, Т.Сайранбаев, Ж.Түймебаев т.б. ұстаздардан алған ғылыми білім көзі тек білім беруде ғана емес, оқулық жазу барысында да тереңдігін байқатты.
      Айсұлу Асылханқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Рославль (қазір Мәтібұлақ) орта мектебінде жалғастырады. Жас маман шәкірттердің жүрегіне жол тауып, тіл мен әдебиет әлеміне қызықтыра білді. Өз шәкірттерін білім байқауларына қатыстырумен қатар айтыс өнеріне де баулыды. Қазақ халқының тарихы мен тағдырын тіл мен көркем әдебиетпен байланыстыра отырып, пәннің қыры мен сырын әр шәкіртінің бойына сіңіре білді. 1994 жылы өз шәкіртінің қабілет-қарымын білетін университеттегі ұстазы, ғылыми жетекшісі Алма Қыраубаева Алматы облысына қарасты Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданы, Ораз Жандосов ауылында ашылған Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектеп-лицейіне арнайы шақыртып алдырады да орталық қызметін жандандырады.
      Ұстаздық ұлағат, даналық – жылдар бойы толысатын тағылымды арна. Алма Қыраубаеваның авторлық мектебі – Айсұлу ханымның ұстаз ретінде қалыптасуындағы айтулы кезең. Алма Қыраубаеваның өз шәкірттері туралы жазған «Жаным садаға» атты еңбегінде Айсұлу студент күнгі кейіпкері болса, мектеп өмірінен жазған еңбегінде «кешегі шәкірт Айсұлудың бүгін ұстаз Айсұлу ретінде әріптесіне айналғанын», оның тапқырлығы мен белсенділігін, шәкірттерінің шынайы «Сіз кереметсіз, Айсұлу бике!» деп тақтаға жазып сезімін білдіретінін сүйсіне жазады. Сондай шәкірттердің шамшырағы бола жүрген Айсұлу ханымның еңбегі еленген сәттер де аз болмады. Мектеп-лицейде ұстаздықпен қатар мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде әдістемелік жұмысты алып жүрді. Бұл мектеп – сипаты жағынан авторлық мектеп және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тың идея. Қазақ педагогикасы тарихындағы қазақ баласының табиғи болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін ашуды мақсат тұтқан, өз кезеңінен жиырма-отыз жыл бұрын озған идеяларға негізделген, баламасы жоқ тұңғыш ұлттық мектеп еді. Қазіргі кезде білім саласына енгізілген жаңалықтардың барлығы сол мектептің сынама мерзімінде қолданылған тың ойлармен үндес. Осы мектепте жұмыс істеген кезеңінде, Айсұлу Асылханқызы 1995 жылы «Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің панорамалық байқауында» өзінің авторлық идеяларына негізделген үздік сабақ үлгісін көрсетіп, Гран-При жүлдесін иемденіп «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» атағымен марапатталғандығы да өзінше бір тарих. 
      Айсұлу Асылханқызының еңбек жолы уақыт таңдауымен түрлі бағытта дамыды. 1996-1997 жылдарда Қаскелең аудандық Білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейді. Қазақ тілі және тарих пәні мұғалімдерімен жұмыс істеген тәжірибелі әдіскер үнемі тың идеяларды жүзеге асыруға үлес қосты.
      Қандай ортада болмасын өзінің білім-білігімен, жарқын идеяларымен дараланған кейіпкеріміз 1998-2004 жылдары аралығында отбасы жағдайымен Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы Теректі ауылына қоныс аударады. Сол жылдары Айсұлу ханым Ә. Молдағұлова атындағы мектепте директордың орынбасары болып тағайындалады. Бұл мектепте оқушылармен бірнеше білім жобаларын жүзеге асырып, мектеп ұстаздарының яки әріптестерімен тың әдістерді игеріп, авторлық ізденісін арттыратын, түрлі байқауларға дайындалуына жол ашатын әдістемелік орталықта қызметін жандандырды. Алдынан шәкірті шыққанда шаршап-шалдыққанын ұмытып, баламен бірге балаға айналып сала беретін ұстаз әлемі – бір бөлек дүние. Бала жанының бағбаны болу өзіндік мәртебе болумен қатар, сол баланың бүкіл сезімін, жан-дүниесіндегі қуаныш пен мұңды өз бойынан өткізу. Оқушы бойында бәсекеге қабілеттілікті арттырып, құзіретті құндылықтарды қалыптастыруда, еркін ойлау, тез шешім қабылдап, дарынды шәкірттерді даралау ісінде ұстаздың еңбегі ерек. 2004-2007 жылдарда Айсұлу ханым жары Смағұлов Қалижанның қызмет жағдайымен мекенжайын ауыстырып, мектеп өмірінен бөлек Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінде жұмыс істейді. Жастар саясаты бағытындағы істердің мазмұнды атқарылуына үлес қосып, аудан жастарының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елжандылық рухында тәрбиеленуіне үлес қосады. Жастар форумы, түрлі экспедициялар мен туған өлке тарихын зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, көптің көңілінен шығады. Жамбыл ақынның 160 жылдық мерейтойы аясындағы «Жамбыл баба ізімен» экспедициясына жетекшілік етіп, Жамбыл ақынның өмір тарихына қатысты деректер көзін толықтыруға ықпал етіп, есімі тарих беттерінде қалды десек, артық айтпағандығымыз.
      Жинақтаған теориялық және тәжірибелік білімді өзге әріптестерімен бөлісу – өзінше бір еңбек шежіресі. Кейіпкеріміз 2007-2011 жылдары аралығында ББЖКБАРИ (қазіргі «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ) оқытушысы болып, Республика ұстаздарының кәсіби білімді арттыруда білім мен тәжірибе арнасын кеңейтуіне үлес қосты. Республикалық институттың «Педагогикалық технологиялар» зертханасында жұмыс істегенде оқу-ағарту ісіне үлес қосқан алаш зиялыларының әдістемелік жұмыстарын зерттеді. Тәрбие бөлімінде жұмыс істеп, білім мен тәрбие бағытындағы зерттеулерін жүргізген әдіскер маман осы бөлімдегі әріптестері Г.Қажиева, Б.Қағазовтармен бірлесе отырып «Тәрбие құралы» оқу-әдістеме құралын жазып, сынып сағаттарын өткізуге бағдар ретінде ұсынды.
      Білімі үстелген сайын тың бағытты таңдап, ізденіспен алға ұмтылған Айсұлу ханым А. Қыраубаеваның авторлық мектебі тәжірибесіне негізделген, 6-11-cыныптарға арналған, «Арман-ПВ» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешендерінің авторы ретінде танылды. 2011-2015 жылдарда «Арман-ПВ» оқулықтар баспасының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі зертхана меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ұлттық мектеп жобасы сынамадан (эксперимент) өткен 1993-1996 жылдары аралығында атқарылған істердің толық жүйесін меңгерген педагог мектеп оқулықтарының сұхбат (әңгімелесуші) оқулық үлгісінде жазылуына жол салды, оқушы қызығушылығы мен өзіндік ізденісін арттыруына басымдық берді. Республика ұстаздарының тың бағыттағы әдістемелік кешендермен жұмыс істеп қана қоймай, автормен тікелей іскерлік байланыста болуына мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар, өз оқулықтарын пайдаланып жатқан мектептерге барып «Авторлық шеберлік сыныптарын» өткізді. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Қостанай, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана қалаларында «Білім мен ізденіс» тақырыбында мұғалімдермен кездесіп, оқулықтарға қатысты «тәжірибе алмасу алаңдарын» ұйымдастырды.
      Жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде Айсұлу Асылханқызы ұстазы профессор А. Қыраубаеваның «қазақы құбылыс» идеясына ден қойып, ұлттық психология, ұлттық болмысты қалыптастыру тақырыбында ізденіс жұмыстарын жариялап, қызықты идеяларымен бөлісті. 2015-2017 жылдарда «Қайнар» академиясында білім алып, психология мамандығы бойынша Әлеуметтік ғылымдар магистрі атанды. Шешендік сөздерді психологиялық кеңес беруде қолдану, шешендік сөздердің психологиялық аспектілері мен ұлттық құндылықтардың өміршең мәнін барынша насихаттап келеді.
      2017-2019 жылдары аралығында «Шығармашылық шеберлікке баулу» ЖШС орталығының тренері ретінде мұғалімдердің пәнді оқыту шеберлігін ұштау, авторлық бағдарлама жазу мүмкіндігін өрістету бағытындағы курстарын өткізіп, «Вilimland.kz.» порталында «Эссе жазуға баулу» жобасын жүргізді. Аударма ісімен айналысып, Мұрат Әуездің «Главпочтамт» атты күнделіктер жазбасын «Шеркүмбез» атауымен оқырмандар назарына ұсынды. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының дәстүрлі сөз саптау ерекшелігін зерттеу экспедициясының материалдарын транскрибациялау жұмысына жетекшілік етіп, 170 беттік кітапты дайындауға үлес қосты. 
      2019-2020 жылдарда «Батыр бабалар» мемориалдық мұражай кешенінің ғылыми қызметкері болып істеді. Осы кезеңде этнография, құнды жәдігерлермен жұмыс істеу тақырыбында қызықты зерттеулермен айналысып, «Балқаш өңірінің ұсталары» экспедициясына жетекшілік етіп, ұсталар ұстаған 70 шақты құнды жәдігерді мұражай қорына тапсырды.
      2021 жылдан бастап педагогика, ұлттық мектеп, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты жеке ізденіс жұмыстарымен айналысуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерінің мемлекеттік шығармашылық тапсырысын» жеткізуші «Нұрмұхаммед» ЖК жанынан құрылған «Сенім» қосымша білім беру және дамыту орталығында «Айтыс» және «Шешендік өнер» сыныптарын және «Жас ұлан» оқушылар үйінде «Тележурналистика» үйірмесін жүргізеді. 
      Кейіпкеріміз еліміздегі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын конференцияларға белсене қатысады. Елімізден бөлек, 2011 жылы Дюссельдорф қаласындағы Женева біліктілікті арттыру орталығының педагогика-психология саласындағы тәжірибе алмасу ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, сол орталықтың «Гонорар-доцент» атағын иемденсе, 2015 Стамбулдағы Түркі тілдес халықтар форумына қатысып, оқулықтарға қатысты зерттеулерін жүргізді. 2022 жылдың қазан айының 26-28 аралығында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Нидерланд елінің Лейден университетінде өткен М.Әуезовтің 125 жылдық мерей-тойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі заманауи зерттеулер» атты конференцияға қатысып «Ұлттық код: айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Жас ұрпақты ұлт мәдениетінің жауһары – айтыс өнеріне баулу, ұлттық өнеріміздің болашағын бекем етіп, айтыс өнерінің әлемдік мәдениет қазынасының алтын қорына қосылуына, қазақ халқының суырып салма айтыс өнерінің кеңінен танылуына үлес қосу туралы өз пікірін ортаға салды. Нәтижесінде, Нидерландттық ғалымдар қазақ өнерімен танысып, зор қызығушылық танытты.
      Иә, білікті маман Айсұлу Асылханқызы жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ бола білгенінің арқасында осы жылдар ішінде оның тәлімін көріп, алдынан білім алған шәкірттері де үлкен тұлғаға айналып, еліне адал қызмет ететін азаматтар қатарын көбейтті. Отбасындағы ата-ана үлгісін көрген балалары да қоғамдық өмірге белсене араласуда. Қызы Смағұлова Салтанат Астана қаласында тұрады. Туризм саласының маманы. Жолдасы Маратпен екі ұл, екі қыз тәрбиелеген өнегелі отбасы. Ұлы Сматаев Нұрмұхаммед филолог, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты.
      Білім саласының мамандары қашанда халыққа барынша сапалы, жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді мақсат ететіні анық. Бұл салада Айсұлу Асылханқызы да өз білімділігімен, тәжірибелігі және адал еңбегімен ерекшеленіп келеді. Өнерлі отбасы дос - туысқа да сыйлы.
      Сізге таза көңілімізден шыққан ізгі ниетімізді білдіре отырып, бақытты да баянды ғұмыр, жемісті де жеңісті күндер, қажымас қайрат, талмас қанат тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...