Ұлы Отан соғысының ардагері, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» мерекелік медальдарының иегері
Ерлігін ел ұмытпайды...
Жеңбесе де сендерді қанша сынақ,
Жағылса да сендерге барша шырақ;
Әлі шошып оянып жүрсіңдер ме,
Көздеріңнен от пенен қан шашырап?!
Көрмесек те төгілген солдат қанын,
Шер-шежіре бетінде қалды аттарың.
Жау жұлынын әлі де мұздатардай
Солқылдатқан көшені балдақтарың.
Үні естілсе –
Бұлт болып қатер көшкен
Келеді әлі соғыстың аты өлместен.Менің де тұр санамда жаңғырығып,![]()
Атам кешкен қан майдан, әкем кешкен.
Жанарларға жарғанат – жат ой сарып,
Жатқызбай ма –
Уайым бақай шағып?
Ұйықтап бара жатқан ұрпағыңды
Оятып кет, тағы бір атой салып!.. – деп Маңғыстаулық ақын Советқали Нұржан жырламақшы, Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан өшпек емес. Кеудесін оққа төскен алыптар жайлы жазылды, жазылып та жатыр, жазыла да бермек. Қасық қанын ұрпағының бейбітшілігі мен бақытты сәттері үшін қиған батыр аталарымыздың ерлігі әлі да талай ерліктің куәсі болып тұра бермек. Жыл өткен сайын азайып келе жатқанымен, келместің кемесіне мініп кеткен майдангерлердің де есімі Ұлы Отан соғысы Жеңісінің алтын тақтасында жазылып қалған. Сондықтан олар туралы жазу, мәңгілік алауын жағу – ұрпақтың міндеті.
![]()
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңісті жақындатқан батыр аталарымыздың бірі Отаров Нұрғали Отарбайұлы жайлы болмақ.
Жауынгерлігі мен қайсарлығының арқасында бір-бір медаль тағынып, еңбегінің мерейін өсірген Нұрғали Отарбайұлы 1923 жылы Алматы облысының Кеген ауданы Жылысай ауылында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі Боранбайұлы Отарбай мен тағылымның көрпесін тәліммен көктеген анасы Ұмсынай адал еңбегімен күн көрген, орта шаруа адамдары болған. Отбасында үш ағайынды болған кейіпкеріміз – ағасы Әлдибек пен әпкесі Мөрбаланың ізін басқан үйдің кенжесі.
1935-1936 оқу жылында жеті жылдық мектепті бітіріп шыққан соң, №336 кеңшардың орталау мектебінде жеті жылдық білім алған соң, Нұрғали Отарбайұлы ауыл шаруашылығында жұмыс жасады. Кеңшар жұмысында еңбек ете жүріп, жасы он тоғызға толғанда ел шетіне қауіп төнген сол бір сұрапыл жылдары ағасы Әлдибекпен бірге соғысқа аттанды.
Алдымен Чкалов облысы Троицкий станциясында әскери жаттығудан өтіп, жауынгерлік
![]()
дайындығын машықтандырған соң, Украина майданының Орлов бағытында 1942 жылы қыркүйек айында соғысқа кірісті. От пен оқ төбеңнен зулап, өлім мен өмір итжығысқа түсіп жатқан арпалыс шақтарда, әскери госпитальға түсті.
Ол туралы кейіпкеріміз өзінің қолжазбасында былай деп баяндайды.
«1943 жылдың 26 ақпанында Горький қаласындағы госпитальдан емделіп шықтым. Қайтадан №961 атқыштар полкіне (№274 атқыштар дивизиясы) қосылып, ұрысқа кірісіп кеттім. Дұшпан тобын барлауға бардым. 1943 жылы 4 желтоқсанда госпитальға қайта түстім», – деп еске алады.
Соғыстың аты – соғыс. Ол жерде жатқандарда шек болмады. Қалқаны сөгілсе де, қабырғасымен ел қорғаған елдің ұрпағы емеспіз бе?! Майдан даласына қайта аттанған Нұрғали Отарбайұлы 1944 жылдың наурыз айында елге оралды. Өкінішке орай, ағасы Әлдибек майдан шебінде ерлікпен қаза тапты.
Елге келген соң жұпыны тартқан ауылдың тіршілігіне араласып кете барған
![]()
Нұрғали Отарбайұлы Шырғанақ ауылында бригадир, «учетчик» болып қызмет атқарып, кеңшардан зейнеткерлік демалысқа шықты. Ұлы Отан соғысындағы ұрыстарда жеңімпаз болып шыққан Нұрғали Отарбайұлы ұл-қызынан тараған немере-жиендерінің қызығын көріп, Жеңістің 50 жылдығын көріп, 1995 жылы Нұрғали Отарбайұлы өзінің соғыс жылдарындағы өмірін еске алып, қағаз беттеріне түсірген.
«Бұрын-соңды мұндай дүние жазып көрмеппін. Соғысты көзбен көрген адам ретінде, соғыстан кейін 50 жыл өмір сүріп, 50 жылдық тойды өткізіп отырған маған естелік жазу – парыз және міндет», – деп естелік қалдырған Нұрғали Отарбайұлы сол жылы 28 қазан күні 72 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
Жеңісті жақындатқан майдангер әр жыл сайын жеңімпаз ретінде марапатталып отырды. Атап айтар болсақ:
- 1946 жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені;
![]()
- 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1965 жылғы 7 мамырдағы Жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл» мерекелік медалі;
- 1969 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» мерекелік медалі;
- 1970 жылы 26 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан «Владимир Ильич Ленинге 100 жыл» мерейтойлық медалі;
- 1978 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалі;
- «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл» мерекелік медалі;
- 1985 жылы ерен ерлігі үшін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдық мерекесіне орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені;
- «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл» мерекелік медалі;
- «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» мерекелік медалі;
![]()
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 21 наурыздағы Жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, Ұлы Жеңіске 50 жыл толуына орай мемлекеттен Таврия автокөлігі сыйға тартылды.
Соғыс және еңбек ардагері Нұрғали Отарбайұлы ата-анасынан ерте айырылып, шаруаға ерте араласып, төрт кластық мектепті ғана бітірген соң, ағайынды бауырының қолында тәрбие алған, 12 құрсақ көтерген батыр ана Күлжәмила Бікірқызы екеуі 50 жыл отасып, дүниеге 9 перзент әкелді. Өкінішке орай, 3 баласы нәресте кезінде шетінеп кетсе, қалғандары өмірден өз орындарын тапқан отағалары мен отаналары. Үлкені Бектұр жары Күләшхан екеуінің Гаухар, Бекнұр, Лаура есімді үш баласы бар.
Бекберген мен Зәуреш екеуінің Салтанат, Думан, Жадыра, Жазира, Назира, Ербол есімді алты перзенті бар.
Нәсіпбек жары Қағазхан екеуі – Алия, Ғалия, Айгерім, Абылай, Әлібек есімді бес перзенттің ата-анасы.
Нәсіпжан жары Ұлжалғас екеуі Нұрбол, Ернұр, Әсел үш перзент тәрбиелеп отыр.
Құрманғазы жары Ғалия екеуінің Дархан, Гүлбаршын, Бағдәулет есімді үш перзенті бар.
![]()
Гүлзада жолдасы Тұрсынжан екеуі Мұрат, Жанат, Меруерт, Самал, Назгүл есімді бес бала тәрбиелеп өсірді.
Гүлнар жолдасы Құдайберген екеуінің Айдос, Гүлсім, Әсем, Сымбат, Алмас есімді балалары бар.
Бинар мен жолдасы Жантұр екеуі – Абзал, Ғанибек, Гүлназ есімді үш перзенттің ата-анасы.
Нұргүл мен Еркін екеуінің Далер есімді перзенті бар.
Қазіргі таңда Нұрғали Отарбайұлының 34 немересінен 100 шақты шөбере тарап, үлкен әулетке айналып отыр.
Ағасы Әлдибек жары Шәуен екеуінің Абай есімді ұлы ғана қалып, майданнан оралмаған ағасының аты өшпесін, Абай әкеден жалғыз болмасын деген оймен Нұрғали өзінің бес баласына Әлдибеков деп ағасының тегін берген. Қазірде Абай мен жары Жәмила екеуінің Сәуле, Сырым, Сабыр, ал әпкесі Мөрбала мен жары Көдек екеуінің Жеңіс, Қайрат, Данышпан, Базархан есімді ұл-қыздары бар.
Ел үшін от кешкен, ел үшін белі жазылмай еңбек еткен адамның есімі қашан да халық жүрегінде сақталып қалмақ. Елге келген соң да адал еңбектің үлгісін көрсетіп, артына саналы ұрпақ қалдыра білген Нұрғали Отарбайұлының жаны пейіште, иман жолдас болғай!