Мүсіров Хамит Мүсірұлы, Мүсірова Імклас Сабырқызы

Рейтинг:
      

Ұлағатты өмір иелері

      «Өнер-білім бар жұрттар, 
      Тастан сарай салғызды. 
      Айшылық алыс жерлерден, 
      Көзіңді ашып-жұмғанша, 
      Жылдам хабар алғызды»
, – деп болашақтың болжамын біркелкі өлең жолдарында қалдырып кеткен ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, жаңа ғасыр – жаңа технологияның, үлкен мүмкіндіктердің ғасыры. Жантайып жатқан қарт Орал тауынан, ақ самайлы Алатауға дейінгі аймақты айшылық жолмен жүріп өткен аталарымыздың заманы келмеске кетіп, ақын айтқандай жаңа үрдіске иек артып, жылдам хабар алдыратын кез келді. Оның жемісі – күнделікті қолданып жүрген сымсыз ұялы байланыс құралымыз. Бір сәтімізді де байланыс құралынсыз, ғаламторсыз көзге елестете алмайтын сәт қазір. Іздегенімізді бір пернесін басып жіберіп-ақ тауып аламыз. Ағайынмен де амандығымыз сол бір тұтқаның ар жағынан естіледі. Күнделікті сабақ, іздеген біліміміз де шағын ғана байланыс құралының көмегімен жүзеге асады. Десек те, осы бір күнделікті игілігін көріп жүрген қызметтің, ғаламтордың, байланыс құралдарының тұрақты жұмыс жасап тұруы үшін еңбек етіп келе жатқан жандар туралы еске ала бермейміз. Бұл қызметтің артында қаншама адамның еңбегі, саналы ғұмыры жатыр. Біреуге рақмет айтсақ, байланыс құралдарының қызметкерлеріне айтуымыз керек. Себебі, уақытпен санаспайтын олардың біздің әлеммен, ағайынмен байланысымызды қамтамасыз етуде еңбектері зор.
      Біз қалам тербегелі отырған жан да саналы ғұмырын осы байланыс саласына арнаған, қазіргідей ұялы байланыс құралы, ғаламтор желісі жоқ кезде пошта көмегімен хат-хабар, телеграмма алысып, телеграф байланысын реттеген, тіпті қазіргі банктік операциялар (кассалық, есеп айырысу т.б.), зейнетақы беру қызметін жүргізген, осылайша байланыс сапасын жақсарту, қалыптастыру, халыққа қызмет ету жолында еңбек еткен айтулы тұлға – Мүсіров Хамит Мүсірұлы.
      Үздіктердің үздігі, жүйріктердің жүйрігі, тұлғалық болмысы таудан биік маман иелері ғана жазылатын кітаптың бір бетінен орын алған еңбек адамы туралы кеңінен таратып жазсақ. 
      Хамит Мүсірұлы 1929 жылдың 5 қыркүйегінде қазақ даласының батыс өңірі саналатын Ақтөбе мен Атыраудың арасында далалықтағы киіз үйде өмір есігін ашқан кіші жүз Он екі ата Байұлы Таз руының Құлжабай бөлімінен тараған ұрпақ. Олай дейтініміз, әкесі Мүсір Арыстанұлы 1930 жылға дейін қыста Жылыой, Құлсары, жазда Шыңғырлауға дейін көшпелі өмір сүрген, орта шаруалы, діни сауатты адам болған екен.
      Кейіпкеріміздің балалық кезеңі өте ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. Оны біз кейіпкеріміздің мына бір сөзінен көре аламыз:
      – «Біз бала болып, асыр салып ойнаған емеспіз. Ол кезде ұжымның біріккен уақыты.
      Тәукебай деген ағайым қамбашы болып қызмет еткен. Сол кісі тұқымнан анамызға тары ауыстырып, бізге жәрдемдескен. Қиын заманда тіршілік еткенімізде кішкене інім Мәкәрім мәңгілік сағынышымыз болып қалды.
      1934 жылы ауыл азаматтары Қаражар астынан Ойыл өзенін бөгеп, Шатпаға құр Ойылға су жинап, халық теппе салды. Әркім өз әлі келгенінше 3-5 сотық жерге тары егіп, піскеннен кейін оны орып, жинап, күнкөріс қамын жасады. Бірде осы күнелтіп отырған теппеде су болмай қалып, анамның аспанға қарап, екі қолын жайып, жылағанын көргенмін. Осы сәт әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сол жылы үш шақырым жердегі Қарасу елді мекеніне қоныстанбай, Ойыл өзенінің бергі бетінде жертөле қазып алып, әкем, шешем, үш апайым (Нұрбибі, Бақтылы, Нағима) және мен қыстап қалдық, – дейді ауыр еңбекпен, қиын күндермен өткен балалық шағы туралы жазып қалдырған естелігінде.
      Әке ту етіп ұстанған әділдік пен адалдықты бала бойына сіңіріп, анасының мейірім-махаббатына шомылып өскен Хамит Мүсірұлы білім ордасының табалдырығын 1937 жылы Қарасу бастауыш мектебінде аттайды. Бірақ қиын кезеңнің бұлты кейіпкеріміздің шаңырағын да жиі торлады. 
      Сауат ашып, алғаш білімнің табалдырығын ұсынған осы жылды сәтті мерзімге балаған жас бала көп ұзамай өз өмір парағында осы бір 1937 жыл қара әріптермен жазылатынын сезбеді. Әкесінен ерте қалған сол жылы ол әке махаббатына сусап, «жарым жетімдіктің» күйін бауырларымен басынан өткереді. Кейін анасы Ақжібекті халық жауының әйелі деп колхозға мүшелікке алмай қояды. Алдымен сынақтан өткізіп, мерзімі аяқталған соң, сиыр фермасына сауыншы етіп алады. Осылайша, қиындыққа толы ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп, балалық, оқушылық кезең уақыт сырғып өте береді.
      Көп ұзамай халықтың басына тағы бір соғыс деген ауыр кезең төнді.
      Соғыс басталған жылы Хамит Мүсірұлы Қарасудағы бастауыш мектепті бітіріп, Тамдыкөл ауыл советінің орталығы Көптоғайдағы жеті жылдық мектепке ауысады. Қарасу елді мекенінен ара қашықтығы тоғыз шақырым Көптоғайға жеті бала асығып, өгіз, түйе шанамен қатынап оқыған кездері болыпты. Шатырлы үй, жарық деген жоқ. Тұрбалы шам да біреуде болса, біреуде жоқ, некен-саяқ. Қолда барын пайдаланады.Бүгінгідей сән-салтанат жоқ. Иықта дорба, үсте жамаулы киіммен түлкі құрсақ жүрсе де сол кездің балалары мұғалімнің аузынан шыққан әрбір білімді, сөзді қағып алуға аса ынталы еді. Олардың көпшілігі осы бір жеті жылдық білім негізін өмірлік азық етті. Сабақтан шыға сол жеткіншектер жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан, үлкендермен бірдей бейнетке араласты.
      «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, әке мен оның інісінен айырылған 13 жасар жас бала араға бес жыл салып, қос бауырынан бірдей ажырады. 1942 жылғы қақаған қаңтар айында 30-50 жас аралығындағы ер-азаматтар соғысқа алынып, олардың арасында ағайынды Тәукебай мен Махмет бауырлары да кете барған.
      Қолдарынан келгенше көмек қолдарын созып жүрген ағаларынан айырылған соң, ол 1943 жылдың жаз айынан бастап, колхозға жұмысқа кіріп, 1949 жылғы қыркүйекке, яғни әскер қатарына алынғанға дейін жұмыс жасайды. 
      Әскерден келген соң, ауыл шаруашылығына араласып кете барған Хамит Мүсірұлы ауылдың тіршілік көзі болып отырған ұжымшарда еңбек етеді. Күндік еңбегіне алған 250 грамм тары, 250 грамм бидайды анасы жинап, тарыны қуырып, ұнтатып, талқанын көк сүттің айранына былғап, ал бидайды қол диірменнен өткізіп, ұн қылып, собалақ пісіріп берген және бауырларымен бірге соған қарындары тойысып, мәз болысып, барға қанағат еткен еді. 
      Еңбек майданында ысылып шыққан, ұйымдастырушылық қабілеті басым Хамит Мүсірұлы Ойыл аудандық байланыс торабының Қопа байланыс бөлімшесінің басшысы болып қызметке орналасты. Бұл кейіпкеріміздің осы байланыс саласына анық бет бұрғаны еді. 
      Қай саланы таңдасаң да, нағыз білікті маманы бола білу – міндет. Өзіңнің мамандығың бойынша еңбек етіп, дамушы қоғамға, халыққа пайдаңның тигенін көру – үлкен абырой. Қолымнан келмейді демей, оқып-білгені бойынша жергілікті байланыс құралдарының жұмысын тоқтатпай, кезіккен мәселелердің дер кезінде шешімін тауып отырды.       Бұрымды арудың шолпысындай ойнақтаған қыр желі сым арқылы байланыстырып тұрған желілерді үзіп жібергенде де, сол жерден табыла білетін осы Хамит Мүсірұлы еді. Өзіне тапсырылған істерді уақытылы, дер кезінде тиянақты орындай білген кейіпкеріміз бұл жұмысты өзіне жеңіл санап, қолайлы көрмесе де, кейін жауапкершілігі мол, ыждағаттылықты талап ететін мазасыз қызмет екенін, оны атқару кез келгеннің қолынан келе бермейтінін түсінді. Қазіргі банктер атқаратын, қолымыздағы телефон арқылы аударым жасай салатын кассалық, есеп айрысу, зейнетақы тарату қызметтерін де сол кезде қоса атқарып, мыңдаған, миллиондаған ақшаларға жауапкершілік жүгін де арқалады. Бұл жұмыс сауаттылықты, мұқияттылықты, тиянақтылықты, шапшаңдықты, сыпайылықты талап етті. Осылайша, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарап, аянбай тер төге білді.
      «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан» демекші, 1954 жылдың 16 шілдесінде жары Імклас Сабырқызымен бас қосады. Жас отбасына бірден-бір керек қасиет ол – төзім. Жоқшылық кезеңде үйлі болып, отбасын құрған жандар жоқ деп жасымай, бір-біріне сүйеу болып, сезімдеріне сызат түсірмей, адал еңбек ете отырып, берекелі шаңырақтың іргетасын қалай біледі. 
      Хамит Мүсірұлы отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке болды. Жары Імклас екеуі Қорғанбай, Мергенбай, Тұрғанбай, Сырым, Гүлнар, Амангелді, Әліби, Шырақбек, Гүлмира, Ербол, Мұхтар есімді 11 перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырды. 
      Імклас Сабырқызы 1936 жылдың 1 қаңтарында туылған, руы – Құрманқожа Ожырай кете. Әкесі Сабыр Ұлы Отан соғысының ардагері. Ойыл ауданы Құмжарған елді мекенінің тумасы. Анасы Құндыз Жалғасбайқызы пысық кісі болған. 1971 жылы дүниеден озған.
      Хамит Мүсірұлы 1956 жылы өзінің ерік-жігерінің арқасында Ойыл аудандық байланыс торабы Алтықарасу бөлімшесінің басшысы болып, одан кейін Тамдыкөл байланыс бөлімшесінде (кейін Көптоғай байланыс бөлімшесі болып өзгертілді) қызмет атқарғанда да өзінің азаматтық ұстанымын биік қойып, қызметкерлермен тонның ішкі бауындай біріге жұмыс жасай алды. Әр қызметкерге тұлға ретінде қарап, жұмыс барысында кезіккен кедергілерді бірге шешуде ақылдаса отырып, адамдық қалпынан айныған емес.
      Өзі ғана емес, балаларын да жастай қастарында баулып, байланыс саласының қыр-сырын меңгерткен. Кейде ата-аналары болмай қалған кездерде олар өздері пошта қабылдап, үйді-үйге таратып, халықтың зейнетақысы мен жәрдемақыларын да есептеп беріп жүрген.
      «Ер дәулеті – еңбекте», – деген, әрбір істің бір тиер шапағаты, әрбір еңбектің үкімет тарапынан, қоғам тарапынан, халық тарапынан алар бағасы болады. Дүйім облыстың байланыс саласының өрге көтерілуіне сеп болған, бір мекемеде 37 жыл 6 ай қызмет еткен, 1989 жылдың қазан айында байланыс саласының үздік қызметкері ретінде облыстық дәрежеде құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан Хамит Мүсірұлының еңбектері мен атқарған жұмыстары өз бағасын алды. Атап айтар болсақ:
      1961 жылы 21 ақпанда «КСРО Байланыс Министрлігі Социалистік жарысының озаты» белгісі;
      1970 жылы 31 наурызда «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесіне орай «Еңбекте үздік шыққаны үшін» мерейтойлық медалі;
      1975 жылы 16 қазанда, 1980 жылы 22 желтоқсанда, 1982 жылы 19 ақпанда, яғни ІХ, Х, ХІ бесжылдықтар қорытындысы бойынша «Бесжылдықтың екпіндісі» белгілері;
      1974-1981 жылдар аралығында үздіксіз бірнеше рет «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгілері;
      1986 жылы 3 шілдеде «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі;
      1987 жылы 12 мамырда «Еңбек ардагері» медалі;
      «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медальдары;
      2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі;
      Өзге республикалық, облыстық, аудандық деңгейлерде бірнеше мәрте Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 
      1967 жылы Ойыл аудандық байланыс торабы және байланыс қызметкерлері кәсіподағы жергілікті комитетінің, 1968 жылы ҚазКСР байланыс Министрлігі және байланыс қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің, 1970 жылы Ақтөбе облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасы мен байланыс кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет кітапшаларына есімі енгізіліп, Құрмет тақталарында суреті ілінді.
      1974, 1976 жылдары Ойыл аудандық халық сотының халық заседателі (қосшы биі) болып екі мәрте тағайындалды. Сөйтіп құқықтық тәрбиені жолға қоюға да зор үлесін қосқан. 
      Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да, қоғамдық жұмыстардан тыс қалмай, ауылдағы мектепте ата-аналар комитетінің төрағасы болып көп жылдар қызмет еткен. Ата-аналар мен мұғалім және бала арасындағы байланыстың нығаюына үлес қосқан. Мектепті жылыту маусымына даярлау, жөндеу жұмыстарын жүргізу, жағдайы төмен отбасының балаларына көмектесу мәселелерінде белсенділік танытып, бала тәрбиесіндегі ата-аналар жауапкершілігі мәселесін көтере білген.
      90 жылдардан өмірден өткенше Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ел ағасы болды. 
      Тиісті жерінде көпшілік алдында сөз де сөйлеп, қажет кезінде ұсыныс білдіріп, хат та жазып, кейбір ауылдағы, аудандағы, жалпы қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты (жайылым тапшылығы, жеке шаруа қожалықтарының малдарына көңіл аудармаушылық, өзен бойындағы қараусыз жатқан бөгеттер т.б.) баспасөз беттерінде өз пікірін жариялап та жүрген. 
      1983 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Құрманов атындағы орта мектепті типтік жобада салуға қатысты халық атынан ұсыныс хат жазып, бұл сұраныс орындалыпты. 
      Жоғарыда айтып кеткеніміздей, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған әкесі Мүсірдің есімін де ақтап алады. 1959 жылы облыстық сотқа хат жазып, одан «панисламшыл» деген айыппен ату жазасына кесілген әке ісінің 1959 жылдың 14 қазанында қайта қаралып, айыпталудың дәлелденбеуі себепті істің тоқтатылғаны жөнінде анықтама қоса тіркелген жауап хат алады. Бірақ қанша жылға үкім шыққанын, сүйегінің қайда қалғанын біле алмайды.. 1997 жыл – «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды және сол жылы «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Осыған орай, әкесі туралы қайта көтеріп, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасына тағы да хат жазып, толыққанды мәлімет алады. Онда әкесінің 1937 жылдың 10 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты үштігінің қаулысымен тұтқынға алынып, ату жазасына кесілгені, үкімнің сол күні Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Түйетөбеде орындалғаны туралы және де 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының №2144 «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» заңына сәйкес толықтай ақталғандығы жөнінде жазылған. Содан бері бұл әулет үшін 31-мамыр күні Түйетөбеге бару дәстүрлі үрдіске айналды.
      Әруаққа деген құрмет, ізденімпаздығы арқасында сұрастырып жүріп, бабасы Арыстанның да қорымын тауып, құлпытас орнатқан. Арыстан атасы сол кезеңде екі рет қажылыққа барған, қасиеті бар, киелі жан болған. Хамит Мүсірұлы да ауырғанға дейін осы өмірде маңдайын сәждеге тигізіп, бес парызының бірін орындауға үлес қосқан.
      Хамит Мүсірұлы байланыс саласында еңбек етіп, ел қызметіне жарап, марапатқа бөленген жылдары адал қызметі үшін демалыс кезінде шипажай, курорттарға барып, көптеген жерлерді аралап, ірі-ірі курорттық аймақтарда, әсіресе, Ресейдің бальнеологиялық және климаттық курорттарында болған.
      Жары Імклас екеуі 1961 жылы Ливадия (Қырым), 1962 жылы Сергиевск (Құйбышев), 1963 жылы Белокуриха (Барнауыл), 1965, 1968, 1981 жылдары Хоста (Сочи), 1972 жылы Түрксіб (Алматы), 1966, 1973, 1978 жылдары Кисловодск (Ресей, Ставрополь өлкесі), 1974 жылы Бернус (Латвия), 1981 ж. - Ялта (Қырым), 1986, 1987, 1988, 1989 жылдары Ақжайық (Орал) және 1987 жылы Кисловодскте болып, ем алып, демалысын жақсы өткізген.
      Імклас Сабырқызы – білім қуып, биік шыңға жетпеді, мансап қуып та кетпеді, бірақ есесіне отағасының өмір жолын жалғар ұрпақтарын өмірге әкеп, «ардақты ана» деген теңдессіз шыңды бағындырған шамшырақ. Мәуелі бәйтеректің суалып, қурамай, тамырын тереңге жаюына сеп болған, бағып-күткен, жанына демеу болған мөлдір бұлақ, сүйікті, адал жар, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, балапандарын қызғыштай қорғаған аяулы да асыл ана, тату абысын, үлгілі келін, немере, шөберелеріне бар мейірін төккен ардақты да қамқор әже боп кеткен бұл өмірден.
      1974 жылы «Батыр ана» атын иеленсе, 2008 жылдан «Алтын алқа» иегері атанған. Ол Хамит Мүсірұлына қызметте де сүйеу бола білді. «Байланыс басшысының зайыбымын» демеді, керекті кезінде от та жақты, кеңсені де тазалады. Пошташы болып қызмет атқарды, газет-журналдар мен хаттардың тұрғындарға уақытылы жетуін қамтамасыз етті, баспасөзге жазылу науқанына сүбелі үлес қосты. Бұл еңбегі зая кетпей, Ақтөбе облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасы бастығының Құрмет грамотасымен де марапатталды.
      Імклас Сабырқызы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққаннан соң, оның орнын келіні Күлән басқан. Бұл келінінің әулет үшін орны бөлек. Алдындағы екі ағасынан бұрын ата-анасын қуанышқа бөлеп, 1980 жылдың күзінде кейіпкеріміздің Тұрғанбай деген баласы жар еткен, шаңырақтың тұңғыш келіні. 1981 жылы Амангүл есімді тұңғыш немере сүйгізген де осы бала-келіні екен. Содан бері ұрпақ жалғасып, бүгінде 11 баладан 41 немере, 38 шөбере тарап отыр. Олар асыл тас, дүние жинамады. Олардың өмірден тапқан, ештеңеге айырбастамас бағалы байлықтары, асыл мұралары ұрпақтары және сол ұрпақтарына берген мол тағылымы. Бүгінде ата-анадан қалған дәулетті, ұқсатып, "Арыстан" шаруа қожалығын басқарып, ісін дөңгелетіп, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған бала-келіні – Ербол-Шынаргүл. Өмір жалғасса, бәйтерек тамырын тереңге жайып, бұталары салалана берері хақ.
      «Алтын менен күмісті, 
      Зергер үшін жаратқан. 
      Арқар менен құлжаны, 
      Мерген үшін жаратқан»,
– дегендей, Хамит Мүсірұлын Ақтөбе облысының мерейі, байланысы, халқы үшін Алла нәсіп еткен. Әке тәлімін алған ұл адал еңбек ете білсе, елдің баласы болуы лайықты. Аттан түспей, байланыс саласының дамуы жолында еңбек етіп, ел ауқатының жақсаруы үшін, әлем мен халықты байланыстыру жолында жар құлағы жастыққа тимей қызмет еткен, жүзін топырақ жасырса да жасаған істері мен мұндалап жатқан Хамит Мүсірұлы мен Імклас Сабырқызының жаны пейіште, иманы жолдас болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...