Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасының» иегері КСРО «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері
Өмірі – өнеге, ісі – үлгі
Дәрігерлер – бұл ерекше адамдар, адам жанының бағбандары. Дәрігерлер өте құнды қасиетке ие, қай мезетте болмасын науқастарға көмектесуге дайын жандар.
Елімізде есімі ерек аталатын тұлғалардың бірі – дәрігерлер. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандар – әрқашан сұранысқа ие екендігі сөзсіз дүние.
![]()
Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған жандар жайлы сөз ету – бізге де құрмет. Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған жан – Күнжан Ахметов.
Күнжан Ахметов Теңіздің батыс жағалауындағы Арал ауданы, Ауан елді мекенінде 1943 жылдың қаңтар айының 7-жұлдызында балықшы отбасында дүниеге келген. Отбасында кейіпкеріміздің асқар тау әкесі Сералиев Ахмет – балықшы болып қызмет еткен жан болса, ақ жаулықты анасы Елеусізова Ағынжы – үй шаруасындағы әйел болып, балаларының тәрбиесімен айналысқан жан. Күнжан Ахметов 7 жасқа келгенде қапыда анасынан айырылып қалады. Тұлымшағы желбіреген кейіпкеріміз 1950 жылы Ауан орта мектебінің 1-сыныбына қадам басады. 1960 жылы кейіпкеріміз аталмыш мектепті жақсы үлгеріммен тәмамдаған шәкірттерінің қатарынан орын алады. Кейіннен әкесі Батыма Есбергенқызымен көңіл жарастырып, екінші рет отбасын құрады.
Бала күнінен «дәрігер» атты ұлы мамандықтың тізгінін ұстауды місе тұтып, мектеп қабырғасын тәмамдаған Күнжан Ахметов құжаттарын Алматы медициналық институтына тапсырады. Өкінішке орай, ол жылы оқуға түсе алмай, ауылда балықшылардың жылым бригадасында қызмет атқарады. Күнжан қандай ортада болмасын өз ісіне тиянақты, жауапкершілікпен қарайтын, ісіне деген еңбекқорлығын, қоғамдық жұмысқа деген белсенділігін көрсетіп жүруден жалыққан адам емес-ті. Бала арманы ер жігітке алдына қояр мақсатқа айналып, қолы қалт еткен сәттерде жоғарғы оқу орнына оқуға түсуге дайындалумен болады. Кейіпкеріміз 1962 жылы өзі армандаған дәрігерлік институттың «емдеу» бөліміне оқуға түсіп, студент атанады.
![]()
Жоғарғы оқу орнын 1969 жылы аяқтаған жас маман, өзінің туған ауылына қызметке келеді. Атап айтсақ, Ақбасты ауруханасының бас дәрігері болып орналасады. Ол жылдары Ақбасты ауруханасына Құланды, Ақеспе, Қосамандағы медпункттер де қарайтын. Ауылдағы ауруханада еңбек етіп жүрген жас маман жас ұрпақтың тәрбиесіне, өскен өлкесінің болашағына деген жанашырлығын көрсетіп, қоғамдық жұмыстарда да белсене араласып, осындағы «Бастауыш» партия ұйымының хатшысы болып тағайындалады. Нәтижесінде, кейіпкеріміз ауылдық кеңестің бірнеше рет депутаттығына сайланады. Өз қызметін мінсіз атқарған Күнжан Ахметов – нағыз ақ халатты абзал жан екендігін көпке танытты. Бір кездері ол емдеген адамдар дәрігердің алғашқы сұхбатынан-ақ сырқаттарынан айыға бастағандай күй кешетінін еске алады. Ауыл дәрігері қойған диагноз басқа ауруханаларға барып ем қабылдағанда да өзгере қоймайтын еді. Небәрі 27 жасында аурухана басшысы болып сайланады. Өз мамандығын жете меңгерген Ахметов Күнжан – аурухананың шебер ұйымдастырушысы бола білді. Ерен еңбегімен аурухана ұжымы бірнеше рет аудандық, облыстық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанады. Аурухана тарихында 30 жылдай абыройлы қызмет атқарған Күнжан Ахметов 1997 жылы денсаулығына байланысты бейнетінің зейнетін көрмекке зейнеттік демалысқа шығады.
![]()
Әр науқасты – жақыным деп қарап, жүздерінен әсем күлкі үйіру үшін аянбай еңбек етіп, адал еңбегімен кімді болсын тәнті етті. Сол еңбектің еленгені болар кейіпкеріміз бірнеше мәрте марапаттар мен алғыс хаттардың иегері атанды. Атап айтсақ, ерен еңбегі үшін одақтық, республикалық, облыстық деңгейдегі бірқатар «Диплом», «Алғыс хат» және «Құрмет» белгілерімен марапатталды.
- 1979 жылы – Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.
- 1983 жылы – КСРО Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай атқару комитетінің қаулысымен «Кеңестік Қызыл Крестің Құрмет белгісімен» марапатталады.
- 1983 жылы – Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің «Дипломымен» марапатталады.
- 1983 жылы – Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.
- 1985 жылы – Қазақ ССР балық шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.
- 1988 жылы – Қазақ ССР Қызыл Крест қоғамы Орталық комитетінің «Грамотасымен» марапатталады.
- 1988 жылы – КСРО Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін алады.
- 1989 жылы – Қызыл ай қоғамы Орталық комитеті Президиумының қаулысымен «КСРО санитарлық қорғанысы ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады.
- 1989 жылы – Қызыл қоғамы Орталық комитеті Президиумының қаулысымен «КСРО санитарлық қорғанысы ісінің үздігі» төсбелгісін алады.
- 1991 жылы – Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.
- 1996 жылы – Арал аудандық ауруханасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.
Тәжірибе жүзінде жүктелген міндетті нәтижелі орындап жүрген ел азаматы өз отбасында жақсы жолдас, ең бастысы мейірімді әке бола білді. Кейіпкеріміздің жары – Жамила Мелдеханова. Жамила ханым – қасиетті қара шаңырақ Қыздар Педагогикалық институтының түлегі. Жамила Мелдеханова ауылдағы Ауан орта мектебінде ұзақ жылдар бойы білім саласында мұғалімдік қызмет атқарады. Кейіпкерлеріміздің балалары бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарын бітірген, әртүрлі мамандық иелері атанып, еліміздің әр қилы мекемелерінде абыройлы қызмет атқарып жүрген ел азаматтары мен азаматшалары.
Күнжан Ахметов – ел үшін еңбек етіп, медицина саласына өз үлесін тигізіп, бала арманын мақсатқа айналдыра білген абыройлы жан атанып, 2005 жылдың қазан айының 25-жұлдызында 63 жасқа қараған шағында дүниеден өтеді.
Дәрігердің азаматтық парызы – туған елге аянбай еңбек ету болса, ол парызы өтелгендей. Оған елдің әр түкпірінде жүрген, дәрігерімізден ем алған науқастары куә. Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар...
![]()
![]()
![]()