Сейлов Сәрсенбай

Рейтинг:

Дәрігер-онколог-хирург, Махамбет ауданының  Құрметті Азаматы,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «СССР-дің Құрметті Доноры» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері

Есімі ел есінде...

      «Басты байлық – денсаулық» дейтін халқымыз он екі мүшесінің қадір-қасиетін жақсы түсінген. Дертке дауа, көңілге дем берген шипагер жандарды халық әу бастан ерекше қадірлеген. Қай кезеңде де көнермейтін, қайта күн өткен сайын құны арта түсетін бір мамандық болса, ол әрине – дәрігерлік. Адамзат баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, өмір бойы ақ халаттылардың қамқорлығында болады. Рас, басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан әсте болмайды. Науқас жанның алдымен іздейтіні – дертке дәру, жүрекке жылу сыйлар дәрігер. Сондықтан да дана халқымыз «Әуелгі байлық – денсаулық» деп тұжырымдап, қашанда дертке дауа, көңіліне дем беретін шипагер жандарды ерекше қадірлеген.
        Жарасымды ғұмыр кешу үшін адамға ең алдымен мамандықты және жарыңды дұрыс таңдау маңызды. Мұны бәрі біледі, алайда осы екі дүниелік нәрсеге теңдей қол жеткізетіндер нағыз бақытты жандар деуге болады. Себебі қателеспей қадам жасаған адамның өмір жолы көпке үлгі, өнеге болмақ. Кейіпкеріміз Сейлов Сәрсенбай Сейлұлы да өзінің мамандығын да, жарын да қателеспей тапқан нағыз бақытты жан деуге болады. 
       Уақыттан қалып кетпей, оның жаңалықтарына жатсынбай қарап, оқып, үйреніп отырудың өзі бір ғанибет. Ал жаңашылдықтарды өз тәжірибесіне енгізе білу, оны елдің игілігіне пайдалы етіп ұсына білу – үлкен еңбек. Бүгінгі заман талабы тұтынушының қалауын қанағаттандыру болып табылады. Ол үшін нағыз білікті маман үздіксіз оқып, жан-жақты ізденіп жүруге тиіс. 
       Денсаулықты сақтауда еңбек етіп, саналы ғұмырын медицина саласына арнаған, Атырау облысы, Махамбет аудандық ауруханасында хирург-дәрігер, аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, онколог-дәрігер болып өмірінің соңына дейін қызмет еткен Сәрсенбай Сейлұлы 1939 жылдың 21 қарашасында Атырау облысы, (бұрынғы Гурьев), Исатай ауданы, Тұщықұдық елді мекенінде дүниеге келді. Қарапайым қазақтың отбасында туып-өскен жас бала кезінен өте алғыр болды. Көргенін, естігенін ұмытпайтын зеректігімен көпті тәнті етіп жүретін. Бала болса да жүрегі нәзік, қамқор пейілді бауырмал болатын. 
       Әкесі Құсайынов Сейіл артық ауыз әңгімеге жоқ, ары да жаны да таза, байсалды мінезді, өр тұлғалы азамат өз замандастары арасында өте беделді болды. Қашан көрсең де өзінің жұмысына асығып тұратын, шаруасын бес саусағындай білетін және өзінің жұмысын шексіз сүйетін азамат ретінде де сыйлы, «қолы ашықтың, жолы ашық» деген емес пе?! Өзінің жомарттығымен де көптің алғысын арқалап жүрген азаматтың жүзі жарқын. Бір сөзбен айтқанда жан-жағына сыйлы азамат болған. Ал анасы Құсаинова Мария әкесі соғысқа кетіп, қайта елге оралмаған соң, Исатай ауданына қарасты Қызылүй деген жерде тұрған. Бөле апасы Даирова Қатима анасының қасында қалып, Сәрсенбай Сейілұлының оқуына көмек беріп, Махаббет ауданынан үй алып берген.
        Сейлов Сәрсенбай 1949 жылы Тұщықұдық елді мекеніндегі бастауыш мектепте білім ордасының табалдырығын аттап, 1951-1955 жылдары аралығында Айбас ауылында Жамбыл атындағы орта мектепте білімін жалғастырып, 1956 жылы Карл Маркс атындағы мектепті бітіріп шығады. Тың жерді игерудің алғашқы бесжылдықтары қарқын алып жатқан, еңбек күші жетіспей жатқан сол бір жылдары ауылдан аяғын алыс салмаған Сәрсенбай Сейлұлы Чапаев совхозына тракторист-механизатор болып орналасады. 
       Осылайша ауыл өмірінің тіршілігіне, колхоздың шаруасына араласып кете барған Сәрсенбай Сейлұлы механизатор болып 1963 жылға дейін болып еңбек етіп, 1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Жас болса да еңбектің дәмін татқан ол өзі таңдаған мамандық бойынша қырыққабаттай қатпар-қатпар медицинаның ішкі саласын меңгеріп, 1969 жылы «хирургия» мамандығы бойынша тәмамдайды. Осы жылы жолдасы Сейлова Ұлболсынмен шаңырақ көтерді. Өмірлік жұбайы Сейлова Ұлболсын зейнеткерлікке шыққанша учаскелік медбике қызметін атқарған. Үнемі дастарханы жиылмайтын, үйінен құдайы қонақ арылмайтын, қолы ашық, жүзі жарқын, ақылды да дана жан. Оның сабырлы қалпы мен парасаттылығы барлық балаларының бойына сіңген десек артық айтпаған болар едік. Ылғи да отағасының жағдайын жасап, балаларына үлгілі тәрбие беріп, барлығын да білімді болуға үндеп отырған.
       Өзінің алғашқы еңбек жолын Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Махамбет аудандық орталық ауруханасында дәрігер-хирург болумен бастайды. Алладан кейінгі адам жанына араша түсетін осы медицина саласында өмірінің соңына дейін қызмет еткен Сәрсенбай Сейлұлы қызмет еткен жылдары 1300-ден аса ота жасап, қамығып келген көңілдің пархын ашып, талай жанға үміт сыйлап, оттан да ыстық ықылас пен алғыстарға ие болды. Осы бір жерде тамыр жіберіп, Махамбет аудандық ауруханасында саналы ғұмырын өткізіп, 1977-1988 жылдар аралығында дәрігерлікпен қатар, Махамбет аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарды.
        Сәрсенбай Сейлұлының бойындағы қайтпас қайсарлық пен өжеттілік әке қанымен келген болса, бірсөзділігі мен табандылығы, жібектей мінезі, сабырлығы мен басқаға қамқор пейілі анасының сүтімен дарыған деуге болады. Жүрегі мейірімге толы, өзін ғана емес, өзгелердің қамын ойлап тұратын жанашырлығы бір бөлек. Әркез қолынан келген көмегін аянып қалмайтын, үлкен-кішіге бірдей ізеттілігі басқаларға үлгі боларлықтай. Өз саласына деген адалдығы мен жұмысына шынайы берілгендігі оның талай жылғы тынымсыз еңбегінен байқалады. Талай науқастардың үмітін ақтап, аяқтарынан тік тұрып кетуіне зор үлес қосты. Сонымен қатар, оның бойында Жаратқаннан берілген, өзгеден бөлек, өзіне ғана тән сынықты емдейтін қасиеті де болған. Өз саласын бес саусағындай білетін білікті маман хирургиялық оталар жасауда жаңаша әдістерді қолдана білді.
       «-Өмірдің талай қызықтарын, сынақтары мен қиындықтарын да көріп, жиырма бірінші ғасырдың талай жылдарын еңсеріп те қалыппыз. «Адам өз өмірін еңбектеуден бастап, еңбектанумен аяқтайды» дейді ғой. Менің де өмірім осы айтқан бір сөйлемнің ішіне сыйып кетеді.
       Міне, осы жасыма дейін адал тірлік кештім, қолымнан келетін бар жақсылықты жасап, шапағатымды шаштым. Сол үшін ең әуелі өзіме өмір берген Аллаға разылығымды айтқым келеді. Алла денсаулық берді, әл-қадірімше еңбек еттім, ғылымға көз майымды аямай төгіп, барынша үлес қостым. Алла өз басымды сыйлайтын, алтын басымды ардақтайтын өмірлік жар сыйлады. Тағы да шүкіршілік деймін, атымды абыроймен алып жүретін ұрпақтарым ұласты», – дейді Сәрсенбай Сейлұлы өз естелігінде. 
       Өз ісінің шебері, майталман маман атанған, ақ халатты абзал жандардың арасында есімі әрқашан құрметпен аталатын, 1980 жылдан бастап сол кездегі белді де, беделді партия Кеңес одағының Коммунистік Партиясының мүшесі болған Сәрсенбай Сейлұлы өзіне артылған сенім жүгін абыроймен арқалай білді. Оның Гиппократ антына адал екендігін, әр жылдарда алған түрлі марапаттарынан байқауға болады. Атап айтар болсақ: 
       1974, 1978 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісі;
       Кәсіподақ орталық комитетінің «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі;
       1980 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
       1982 жылы «Ленин орденді» атқару комитетінің және «Қызыл крест» қоғамдық Одағының       
       «СССР-дің Құрметті Доноры» төсбелгісі;
       1990 жылы Атырау облыстық «исполком» хатшысының «Еңбек ардагері» медалі;
       2012 жылы Махамбет ауданының «Құрметті Азаматы» атағы;
       Махамбет ауданынан ардақты азамат Сейлов Сәрсенбайдың атына көше берілді.
       1300-ден аса ота (операция) жасап, пышақ пен иненің сырын меңгерген айбынды азамат Сәрсенбай Сейлұлы 2009 жылы дүние салды. Артында текті әулеттің түтінін өшірмей, әке ізін жалғап келе жатқан 4 перзенті мен жары қалды. 
       Үлкен қызы Ғалия Қарағанды кооперативті институтты бітіріп, 1994 жылы Махаббет ауданында тұтынушылар одағында бас экономист болып қызмет етті. Одан кейін кәсіпкер Ұзақбаев Нұрланға тұрмысқа шығып, Асылжан есімді қыз бен Аманжан есімді ұл баланы дүниеге әкелді. Қазіргі таңда Ғалия жолдасы екеуі кәсіпкер. Қызы Асылжан мектепті алтын белгімен, университетті қызыл дипломмен бітірген. Польшада білім алған. Түпқараған компаниясында қызметкер, қазір бала күтімінде үйде отыр. Ұлы Аманжан Махамбет ауданында мәдениет бөлімінде редактор.
       Баласы Сейлов Жалғас 1971 жылы дүниеге келген, туылғаннан мүгедек. 
       Қызы Сейлова Алия 1976 жылы дүниеге келді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет етеді. "Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі" медалінің иегері.
       Қызы Сейлова Сая 1983 жылы дүниеге келген, банк қызметкері.
       Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты кез-келген адам таңдай бермейді ғой. Расында ақ халат кию – үлкен жауапкершілікті қоса алу деген ұғымды білдерді. Яғни қандай да науқас болмасын, қандай жағдай болмасын ақ халатты абзал жан адам өміріне жауапты болады. Сондықтан да дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбей, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, жүйкесі мықты болуы да керек. Науқастарының жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт пен екінші өмір сыйлай білген абзал азаматтың бойындағы шыдамдылығы, білімі мен біліктілігі, сақтық пен ұқыптылығы, жауапкершілігі мен адалдығы, мейірімділігі мен адамгершілік қасиеті көпке үлгі болып қалды.Ең бастысы мамандығын шексіз сүйетін, өр тұлғасында бекзаттық пен тектілік көрініп тұратын Сәрсенбай Сейлұлының иманы жолдас, жаны пейіште болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...