Садықова Раиса Төлеуқызы

Рейтинг:

Ғалым, ұстаз, филолог, алаштанушы, «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесі Гуманитарлық факультетінің деканы және «Филология» кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қалыптасуына және кәсіби жоғары білікті мамандар даярлауға қосқан үлесі үшін» және «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне сіңірген еңбегі үшін», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің, «Үздік ғылыми қызметкер» медалінің, «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесінің «Университеттің дамуына қосқан көрнекті үлесі үшін» құрмет белгісінің иегері

Ұлт руханиятының шырақшысы

      Қазақ ұғымында ұстаздық қашанда ұлық міндет саналған. Ұстаз – бір ғана пәннің парқын ұқтырып, шәкірт санасына білім дәнін себуші ғана емес, адам жанының бағбаны, ұлт зердесінің шырақшысы, уақыт пен ұрпақ арасын жалғаған рухани алтын көпір. Ғылымға ғұмырын арнап, сөз өнерінің қадірін терең түсініп, білімді адамдық мұратпен ұштастыра білген жанның өмір жолы қашанда көпке өнеге. Осындай ұстаздық ұлағатты, ғылыми ізденісті, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық руханиятқа адалдықты бойына тоғыстырған тұлғалардың бірі – Садықова Раиса Төлеуқызы.
      Раиса Төлеуқызының болмысынан сөзге деген құрмет, ізденіске құштарлық, елдік мұратқа беріктік пен азаматтық жауапкершілік айқын аңғарылады. Оның танымындағы білім – мансапқа бастайтын баспалдақ емес, адамды кемелдікке жетелейтін рухани қуат, ғылым – ақиқатқа адал қызмет етудің жолы, ал ұстаздық – ұрпақ тағдырына жауап беретін қасиетті аманат. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны – мұғалім», – деген тағылымы мен хакім Абайдың: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», – деген өсиеті Раиса Төлеуқызының тұлғалық болмысынан айқын көрініс табады. Ақылға сүйенген ізденісі, қайратпен шыңдалған табандылығы және жүрекпен атқарған ұстаздық қызметі оның ғибратты ғұмырының негізгі өзегіне айналған.
      Адамның бүкіл ғұмырына туған жердің табы сіңіп, өскен ортасының өнегесі мінез болып дариды. Садықова Раиса Төлеуқызы 1974 жылғы 23 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданына қарасты Тасарық ауылында дүниеге келді. Қазақы тіршіліктің қаймағы бұзылмаған ауылда өмір есігін ашқан ол – отбасының тұңғыш перзенті. Өзінен кейін бір інісі мен екі сіңілісі дүниеге келіп, Раиса жастайынан үлкенге ізет, кішіге қамқор болудың мәнін отбасылық тәрбиеден танып өсті. Әулет шежіресі Найманның Тоққожа, Бектембай атасынан тарайды. Тамыры терең тектілік пен ата жолын қастерлеу оның өскен ортасындағы рухани сабақтастықтың бір арнасына айналды.
      Әкесі Садықов Төлеу Жақсыгелдіұлы 1949 жылы дүниеге келген. Ол еңбек жолын туған жері Южный ауылындағы «Красный дозор» колхозында механизатор болып бастап, маңдай терімен елге танылған азамат болды. Дала еңбегінің бейнетін үнсіз көтеріп, адал кәсіпті азаматтық парыз санаған Төлеу Жақсыгелдіұлы 1991 жылдан өмірінің соңына дейін туған-туыстарымен бірге ұйымдастырған шаруа қожалығында абыройлы еңбек етті. Еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында ауылдастарының құрметіне бөленген ол 1997 жылы дүниеден өтті. Әкенің ерте қайтыс болуы отбасы үшін ауыр қаза болғанымен, оның адал еңбекке негізделген ғұмыр өнегесі перзенттерінің жадында өшпес із болып қалды.
      Анасы Садықова Фарида Әміртайқызы 1953 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын туған ауылында қарапайым жұмысшы болып бастап, ауылдық кәсіптік училищеде аспаз көмекшісі, жатақхана коменданты қызметтерін атқарды. Қандай міндет жүктелсе де, оны адалдықпен орындап, ұзақ жылғы еңбегімен ел құрметіне ие болды. Бүгінде Раиса Төлеуқызы анасымен бірге қалада тұрады. Анасының маңдай тері, әкесінің еңбекке адалдығы және ауыл тіршілігінің қарапайым да қатал мектебі оның дүниетанымын қалыптастырды.
      Қазақтың «оқу инемен құдық қазғандай» дейтін байырғы тәмсілінің астарында білімнің бейнетпен келетіндігі ғана емес, адамды кемелдікке жетелейтін рухани тәртіптің тұтас философиясы жатыр. Білімге ұмтылу – бір сәттік талаптың қызуы емес. Ол уақыт өте тереңдеп, танымға айналып, ізденген жанның ойын орнықтырып, дүниеге деген көзқарасын қалыптастырып, ақырында азаматтық мұратын айқындайтын ұзақ сапар. Садықова Раиса Төлеуқызының білім жолына зер салғанда, осындай үзілмеген ізденіс желісі айқын аңғарылады. 
      Ол 1982–1992 жылдары Үржар ауданының Южный ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектепте білім алды. Ауыл мектебі талай қазақ баласы үшін үлкен дүниеге бастар алғашқы терезе болса, Раиса Төлеуқызы үшін де сол білім ордасы әріп танытқан мекен ғана емес, ойға ұмтылудың, сөз қадірін сезінудің, алыс мұраттарға көз тігудің алғашқы баспалдағы болды. Мектеп қабырғасында өткен он жыл оның кейінгі өмірлік таңдауына негіз қалап, тіл мен әдебиетке деген қызығушылығын айқындай түсті. Әсіресе, ұстаздарының тәлімі мен өнегесі ерекше әсер етті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Дадахова Тәжігүл, Ақылбекова Разиля және Баймусанова Тілеуғаным есімді ұстаздары білімге деген құштарлығын арттырып, ана тілі мен әдебиетінің қадір-қасиетін терең түсінуге жол ашты. Олардың кәсіби шеберлігі, қамқорлығы мен үлгі-өнегесі оның болашақ мамандық таңдауына елеулі ықпал етті. 
      1992 жылы ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсті. Бұл кезең жас талапкердің білімді кәсіп үшін ғана емес, рухани мұрат жолында игеруге ден қойған шағы еді. 1996 жылы «Семей» мемлекеттік университетін «Орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Ана тілінің табиғатын өзге тілдік ортада таныту аса ұқыптылықты, терең білім мен әдістемелік зердені қажет ететін жауапты сала болатын. Оның кәсіби бағытының алғашқы өзегі осылайша қазақ сөзіне қызмет етумен сабақтасты.
      Алайда алған білімін ақырғы меже санау оның табиғатына жат еді. 2011–2013 жылдары Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің магистратурасында оқып, «Филология» мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін алды. Бұл белес оған сөз өнеріне тек оқытушылық тәжірибе тұрғысынан ғана емес, ғылыми таным биігінен қарауға кең мүмкіндік ашты.
      2017–2020 жылдары «Филология» мамандығы бойынша докторантурада білім алып, «Семейдегі Алаш әдеби ортасы және Халел Ғаббасұлы мұрасы: шығармашылық ықпалдастық» тақырыбын ғылыми зерттеу нысанына айналдырды. Ғылыми жетекшісі – филолог, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, ал шетелдік ғылыми кеңесшісі Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қазан федералдық университетінің профессоры Миннегулов Хатип Юсупович болды. Бұл зерттеу оның ғылыми бағытын айқындап, Семейдегі Алаш әдеби ортасының рухани арналарын Халел Ғаббасұлы мұрасымен сабақтастыра зерделеуіне жол ашты.
      Білімге деген құштарлық оны ұлттық ғылым кеңістігімен ғана шектеп қойған жоқ. 2018–2020 жылдары Болгарияның Варна қаласындағы Варна Жоғары менеджмент университетінің магистратурасында оқып, «Бизнес әкімші» академиялық дәрежесін иеленді. Филологиялық тереңдік пен басқару саласындағы білімді қатар меңгеруі оның таным көкжиегінің кеңдігін айқын көрсетті.
      Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек», – деп адамдық кемелденудің жолын қысқа да нұсқа түйіндеген. Раиса Төлеуқызының жүріп өткен өмір жолы осы қағиданың нақты көрінісіндей. Ауыл мектебінен басталған білімге құштарлық жоғары біліммен толысып, магистрлік және докторлық ізденістер арқылы ғылыми мұратқа ұласып, шетелдік білім кеңістігінде одан әрі кеңейе түсті. Осылайша оның өмірінде білім мен ғылым өзара сабақтасқан тұтас рухани жол қалыптасты. Білімді дәреже үшін емес, ойды тереңдету үшін іздеген жанның еңбегі де уақыт өткен сайын өз бағасын табады. Адамның шын қадірі иеленген лауазымымен  емес, артында қалған ізгі ісімен өлшенеді. Садықова Раиса Төлеуқызының еңбек жолына көз жүгіртсек, ұстаздықтың жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ғылымдағы табанды ізденісі мен қоғамдық қызметі өзара үйлесім тауып, кейінгі ұрпаққа өнеге болар тағылымды ғұмырдың жарқын көрінісіне айналған.
      Раиса Төлеуқызы еңбек жолын 1996–2000 оқу жылдары Семей мемлекеттік қаржы институтының «Тілдер» кафедрасында лаборант әрі оқытушы болып бастады. Үлкен еңбек жолының алғашқы баспалдағы да осы кезең еді. Лаборанттық қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, жоғары оқу орнының ішкі тынысын тануға, оқу үдерісінің сырттай елеусіз көрінетін, бірақ тұтас жүйенің негізін құрайтын қырларын меңгеруге мүмкіндік беретін тәжірибе мектебі болды. Ол осы ортада күнделікті еңбек тәртібін де, аудитория алдындағы ұстаз жауапкершілігін де қатар игерді. Қолына диплом алған жас маманның бірден жеңіл жол іздемей, еңбек жолын ең төменгі басқыштан бастауы оның кейінгі кәсіби болмысының қалыптасуына негіз болған елеулі нышан еді.
      2001–2003 оқу жылдары Шәкәрім атындағы «Семей» мемлекеттік университетінде оқытушы қызметін атқарды. Бұл кезеңде оның ұстаздық тәжірибесі толысып, жоғары мектептегі білім беру талаптарын тереңірек меңгеруіне жол ашылды. 2004–2006 оқу жылдары М.О. Әуезов атындағы «Семей» университетінің қазақ филологиясы кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарып, сонымен қатар филология факультеті деканының орынбасары міндетін қоса атқарды. Ұстаздық пен басқару ісін қатар алып жүру оңай емес. Бір жағында дәріс, оқу бағдарламасы, шәкірттің білімі мен тәрбиесі тұрса, екінші жағында факультеттің күнделікті тынысы, ұйымдастыру жұмыстары мен сан түрлі мәселенің шешімі тұрды. Осындай қос жауапкершіліктің ортасында жүріп, ол кәсіби жинақылық пен ұйымдастырушылық тәжірибесін шыңдай түсті. 2008 жылы гуманитарлық факультет деканының орынбасары қызметіне тағайындалуы да осы жылдары қалыптасқан іскерлік қабілетінің заңды жалғасы болды.
      2009–2016 жылдары Раиса Төлеуқызы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің тәрбие жұмыстары бөлімінің бастығы әрі қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін қатар атқарды. Ал 2016–2017 оқу жылында осы университеттің тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы қызметінде болды. 2017–2020 жылдары докторантурада оқып, 2021 жылдың 24 желтоқсан күні «Семейдегі Алаш әдеби ортасы және Халел Ғаббасұлы мұрасы: шығармашылық ықпалдастық» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласында сапаны қаматамасыз ету комитетінің шешімімен 6D0202500 «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша Философия докторы (PhD) дәрежесін алды. 
      2020 – 2025 жылдар аралығында Alikhan Bokeikhan University» ББМ-нің «Серпін» үйлестіру орталығының жетекшісі, әрі «Филология» кафедрасының аға оқытушысы қызметінде болды.
      Күнделікті қызметтің қарбаласы мен ғылыми ізденістің машақатын қатар алып жүру үлкен табандылықты талап етеді. Әсіресе архивтік деректерге, әдеби мұраға, тарихи орта мен шығармашылық сабақтастыққа негізделген зерттеу асығыстықты көтермейді. Бір деректің соңынан айлар бойы іздену, бір тұлғаның төңірегіндегі көмескі мәліметтерді салыстыра зерделеу, әдеби ортаның өзара ықпалын байыптау зерттеушіден ерекше төзім мен тиянақтылықты қажет етеді. Раиса Төлеуқызы осы ғылыми жолды саналы түрде таңдады.
      Бұл екі міндеттің аясында оның көп жылғы тәжірибесінің қос қыры тоғысқан. Бірі жастармен тікелей жұмыс істеп, олардың білім алу жолындағы мәселелерін үйлестіруді қажет етсе, екіншісі қазақ тілі мен әдебиетінің терең қатпарларын шәкірт санасына жеткізуді талап етеді. Жоғары мектеп қабырғасында ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бүгінгі қызметінің берік негізіне айналды.
      Қазіргі уақытта ол «Alikhan Bokeikhan University» ББМ-нің Гуманитарлық факультетінің деканы, әрі «Филология» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарып келеді.
      Раиса Төлеуқызының ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттары қазақ әдебиетінің тарихын, әдебиеттануды, Алаш әдебиетін және қазіргі қазақ тілінің өзекті мәселелерін қамтиды. Бұл бағыттардың әрқайсысы өз алдына кең ғылыми кеңістік болғанымен, олардың ішінде Алаш мұрасы оның зерттеушілік болмысында айрықша орын алады. Алашты зерттеу – өткенді мадақтау ғана емес, ұлт ойының үзілген арналарын жалғау, көмескі тартқан тұлғаларды тарихи жадқа қайтару, азаттық идеясының әдебиет пен көсемсөздегі көрінісін тану. Осы бағыттағы мақалалары баспасөз беттерінде, халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференциялар жинақтарында, сондай-ақ Scopus базасындағы басылымдарда жарық көрді.
      2017 жылы Раиса Төлеуқызының «Алаш бекзаты» атты монографиясы жарық көрді. 
      Монография – бір күндік ойдың жемісі емес. Оның негізінде ұзақ жылғы ізденіс, дерекпен жұмыс, салыстыру, саралау және ғылыми тұжырым жатыр. Сондықтан «Алаш бекзаты» еңбегінің жарық көруі оның зерттеушілік жолындағы елеулі белестердің біріне айналды. Ал 2018 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ-ның тапсырысы бойынша Алаш қайраткері Халел Ғаббасұлының өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған «Беймәлім Алаш» деректі фильмінің түсіріліміне қатысуы ғылыми ізденістің қоғамдық таныммен сабақтасқанын көрсетті. Ғалымның архивтен тапқан деректерін көпшілікке жеткізіп, ғылыми ортаның игілігін халыққа ұсынуы да рухани қызметтің маңызды бір қыры болды.
      Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен қатар, жыл сайын студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп келеді. Ғылым жолына келген жас талапкерге тақырып ұсыну бір бөлек болса, оны дерекке адалдыққа, жүйелі ойлауға және ғылыми жауапкершілікке баулу – одан да үлкен міндет. Ұстаздың шынайы жалғасы кейде өз еңбегінен емес, шәкіртінің ізденісінен көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Раиса Төлеуқызының студенттік ғылымға ерекше көңіл бөлуі оның ұстаздық қызметінің табиғи жалғасы деуге болады.
      Оның дәріс беру ұстанымы да көп жылғы тәжірибеге негізделген. Қазіргі қазақ әдебиеті мен тіл білімі пәндерін оқытудың сапасын арттыру мақсатында студенттердің белсенділігін дамытатын интерактивті әдістерді кеңінен қолданады. «Кеңестік кезең әдебиеті», «Алаштану», «Тіл біліміне кіріспе», «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы», «Нормативті қазақ тілі», «Академиялық жазу» секілді пәндерді оқыту барысында студенттердің ойлау қабілетін дамытуға айрықша мән береді. Оның сабақтары жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде өтеді. Теориялық материалды түсіндіруде оқулық аясымен шектелмей, әдебиеттану мен тіл біліміндегі заманауи ғылыми жетістіктерді кеңінен пайдаланады. Сонымен бірге өзі жүргізетін пәндердің оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуіне де ерекше көңіл бөледі. Өйткені сапалы дәріс шешен сөйлеумен ғана өлшенбейді. Оның негізінде жүйелі дайындық, ғылыми жаңалықтан хабардарлық пен әдістемелік ұқыптылық жатуы тиіс.
      Ғалымның кейінгі жылдардағы жарияланымдары да оның зерттеу өрісінің кеңдігін айғақтайды. «Мұхтар Әуезов және Халел Ғаббасұлы: рухани әріптестік байланыс» атты еңбегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» халықаралық кітап жинағының бірінші шығарылымында жарияланды. Бұл зерттеуде қазақ руханиятының көрнекті тұлғалары арасындағы рухани сабақтастық мәселесі жан-жақты қарастырылған.
      «Алаш идеясының Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығындағы көрінісі» атты мақаласы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ғылымның заманауи парадигмалары: өткеннің тәжірибесі және болашаққа көзқарас» атты білім алушылардың XVI ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдарында жарияланды. Бұл еңбекте Сұлтанмахмұт мұрасындағы Алаш идеясы зерделеніп, әдебиет пен ұлт мұратының өзара байланысына ғылыми тұрғыдан назар аударылды.
      «Әлихан Бөкейхан публицистикасындағы ұлттық идея және тілдік қолданыс» атты зерттеуі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына арналған «Алаш және ұлт руханияты» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағында жарық көрді.
      Ал «Әлихан Бөкейханның көсемсөздік мұрасы» тақырыбындағы еңбегі қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» өңіраралық ғылыми-практикалық конференциясы материалдарының жинағына енді.
      «Семейлік әдеби ортада туған баспасөздегі Алаш идеясы» атты мақаласы «Oyshyl» ғылыми журналында жарияланды. Осы журналда «Халел Ғаббасұлының әдеби-көсемсөздік еңбектері» тақырыбындағы зерттеуі де жарық көрді. Бұл еңбектердің өзегінен тұрақты ғылыми мұрат айқын аңғарылады. Ол Семейдегі әдеби ортаны, баспасөздегі Алаш идеясының көрінісін, ұлт қайраткерлерінің көсемсөздік мұрасын және Халел Ғаббасұлының әдеби әрі қоғамдық ойдағы орнын жүйелі түрде зерделеуге ұмтылысынан байқалады.
      Раиса Төлеуқызы үшін ұстаздық қызмет аудиториядағы дәріспен ғана шектелмейді. Ол студенттерге сапалы білім берумен қатар, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де өзіндік үлес қосып келеді. Жастардың отансүйгіштік қасиетін, парасаттылығын, адамгершілігін қалыптастырып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету мақсатында университетішілік тәрбие жұмыстарына белсене араласады.
      Ұлт зиялыларының ағартушылық мұрасында білім мен тәрбие ешқашан бір-бірінен ажыратылған емес. Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», – деген сөзі ұстаз еңбегінің халық алдындағы мәртебесін айқын танытады. Алайда төрден орын алу үшін ұстаз ең алдымен сол құрметтің салмағын көтеруі керек. Раиса Төлеуқызының ұзақ жылғы ұстаздық және ғылыми қызметінен де осындай жауапкершілік пен адалдық айқын аңғарылады. Сондықтан оның еселі еңбегінің ел алдында лайықты бағалануы – заңды құбылыс.
      Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін ол 2012 және 2018 жылдары Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2018 жылы «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қалыптасуына және кәсіби жоғары білікті мамандар даярлауға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болса, 2021 жылы «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
      Ғалым еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. 2023 жылы Астана қаласында «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі ұйымдастырған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» халықаралық байқауында жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен және арнайы тағайындалған «Үздік ғылыми қызметкер» медалімен марапатталды. Ал 2024 жылы «Alikhan Bokeikhan University» ББМ-нің «Университеттің дамуына қосқан көрнекті үлесі үшін» құрмет белгісіне ие болып, ана тілін дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен де лайықты бағаланды.
      Раиса Төлеуқызы шетелдік және отандық жоғары оқу орындарында біліктілігін үнемі жетілдіріп, арнайы сертификаттарға ие болған. Мұның өзі тәжірибесі толысқан маманның қол жеткізген білімін жеткілікті санап тоқмейілсімей, заман талабына сай үнемі жаңарып, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылысын көрсетеді. Ұстаз үшін кешегі біліммен бүгінгі күннің талабына жауап беру жеткіліксіз. Өйткені шәкірт өзгереді, ғылым дамиды, оқыту әдістері жаңарады, уақыттың талабы да үздіксіз өзгеріп отырады.
      Қазақ үшін отбасы – тіршіліктің табалдырығы ғана емес, адамның бүкіл болмысын бүтіндейтін қасиетті ұя. Қоғамдық қызметтің қарбаласы, ғылымның толассыз ізденісі мен ұстаздықтың күн сайынғы жауапкершілігі қаншалықты салмақты болғанымен, адам көңілінің ең терең тынысы бәрібір өз шаңырағынан табылады. Раиса Төлеуқызы Садықова үшін де отбасы – өмірінің ең қымбат құндылығы, көңілінің медеті, ғұмырының басты тірегі әрі мақтанышы.
      Өмірлік серігі – Брадаров Бейімбет. Тағдыр қосқан жары 2005 жылы дүниеден өтті. Жардан айырылу адам жүрегінде уақыттың өзі оңай өшіре алмайтын із қалдырады. Алайда өмірдің өз заңы бар. Раиса Төлеуқызы тағдырдың ауыр сынағына мойымай, аналық парызын, ұстаздық міндетін және азаматтық жауапкершілігін қатар алып жүрді.
      Бір қызы бар. Қызы Толғанай 1996 жылы дүниеге келген. Бүгінде ол Қобыланды есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешіп келеді. Перзентінің өз шаңырағын көтеріп, өмірден лайықты орнын тапқаны – ана үшін ең үлкен медет. Қазіргі таңда Раиса Төлеуқызы Әлім мен Алайя есімді екі немеренің аяулы әжесі. Немерелерінің бал күлкісі шаңырағына шуақ сыйлап, ұрпақ жалғастығының баянды қуанышын сезіндіреді.
      Раиса Төлеуқызына алдағы ғұмыр жолында зор денсаулық, ұзақ та мағыналы өмір, шаңырағына құт-береке, жүрегіне тыныштық тілейміз. Ардақты анасының амандығын көріп, қызы Толғанайдың қызығына кенеліп, немерелерінің ер жетіп, елге қызмет етер азамат болғанын көру нәсіп болғай. Ғылымдағы ізденісі толастамай, ұстаздық еңбегінің жемісі еселеніп, тәрбиелеген шәкірттерінің құрметіне бөлене берсін. Алаш руханиятына арнаған адал қызметі мен ана тілімізге сіңірген еңбегі ұлт игілігіне қызмет ете бергей. Өмірдің көрген бейнеті артта қалып, алдағы әрбір күні жақсылық пен қуанышқа толсын. Әулетінің ақылман анасы, немерелеріне өнеге болар аяулы әже, ел құрметтеген ғалым-ұстаз ретінде ұзақ жасап, еңбегінің игілігін көре берсін!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 июля 2026 13:54
Кульжами Есимхановна
Прочитала с большим уважением к человеку чье имя внесено в летопись золотой книги Казахстана, своему шефу, Кенжекыз...
12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...