Ғибратты ғұмыр
Әр адамның өмір тарихы әрқалай. Өмір сүрген ортасы, араласқан адамдары, жасаған қызметі мен саналы ғұмырында жүріп өткен жолы – осының барлығы да адамзат үшін үлкен естелік, артынан ізін жалғайтын ұрпағына үлгі-өнеге, үлкен ұлағат. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірде түрлі тағдырлар кездеседі. Дегенмен, адам өз тағдырын жасаушы. Тек мықтылар ғана өзінің асыл арманына қол жеткізіп, мақсат-мүддесі жолында аянбай еңбек етеді. Әңгімемізге арқау болып отырған азамат өзінің ғибратты ғұмырымен ұрпағына өшпес мұра қалдырып отырған біртуар азаматтың бірегейі.
Нұрғараев Қойшыбай Қыстаубайұлы 1947 жылы 1 ақпанда Маңғыстау облысының Маңғыстау (Түпқараған) ауданы, Таушық елді мекенінде шахтерлер отбасында дүниеге келген. Атасы Қабақұлы Нұрғара 1932 жылы бүкіл қазақ елін шарпыған колхоздастыру жылдарында «Қызылтаң» колхозының жылқысын бағып жүріп, «Қаракеспе» жерінде 53 жасында дүние салады. Заманның тарлығы, жоқшылық мүрдені кебіндейтін мата да табылмай, қазақи дәстүрмен жақын маңдағы әулиелердің біріне жеткізіп жерленеді. Жылдар өте ол кісінің жатқан орны да көмескіленіп белгісіз болып қалды. Артында қалған үш ұл, бір қыз жетімдік, жоқшылықтың тауқыметін анасы Өрбісінмен бірге көп тартады. Сол кездегі колхоздың басқарма төрағасы Уәзіров Шабай қамдасып, әкесі Қыстаубай мен ағасы Көлдеубайды Форт-Щевченко (Кетік) қаласындағы жетімдер үйіне апарып орналастырады. Онда Қазақстан Республикасының тұңғыш бірнеше дүркін бокстан чемпионы, Қазақстанда бокс мектебінің негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлы, Кеңес Одағы кезінде аудан, облыс көлемінде ел басқарған қоғам, партия қайраткерлері Алшынбаев Өтежан, Есбол Өмірбаев, соғыс ардагері Абдуллаев Әбдіғали бірге тәрбиеленіп, ер жетіп, ФЗО-да оқып, әртүрлі кәсіби техникалық мамандықтар алып, еңбекке араласады. Әрине, ол кез екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың қызып жүріп жатқан кезі болатын-ды. Алғашқы еңбек жолын Башкерия жерінде Уфа маңында орман ішінде орналасқан танк құрастыру заводында құрастырушы слесарь болып бастап, Маңғыстау ауданының Таушық жерінде көмірдің мол қоры ашылуына байланысты шахтада шахтер болып жұмыс жасайды. 1948 жылы шахта жабылады. Үкіметтің қаулысымен шахтадан босаған шахтерлер ауданда ұйымдасып жатқан колхоздарға жіберіліп, мал бағуға кетеді. Әкесі
Нұрғараұлы Қыстаубай 1922 жылы наурыз айында Қарақия ауданының Қарашық Сайқұдық жерінде дүниеге келіпті. 1946 жылы Алиқызы Фәниямен бас қосып, шаңырақ көтереді. Өмірге алты перзент әкеліп тәрбиелеп өсіріп, жоғарғы оқу орындарында оқытып, мамандықтар алуына күш салады. Қойшыбай, Бақытжан, Жантөре, Ақсұлу, Бекбасар, Қанзиба есімді балалары бүгінде алдары зейнет жасында, арты да зейнет жасына жақын, балалы-шағалы, немере сүйіп отырған бақытты ата-әжелер.
Нұрғараұлы Қыстаубай жұбайымен бірге өмірі колхоз, совхоздарда мал соңында көшіп-қонып жүріп, өздері өмір сүрген заманының рахатын көп көріңкіремей бала-шаға, туған-туыстары, ел жұртының алдында 89 жасында, анасы 94 жасында өмірден озды. Ардақты жандар Шопан-Ата зиратында мәңгілікке тыныстап жатыр.
Нұрғараұлы Қыстаубайдың анасы Көтібарұлы Өтесіннің қызы. Ол Тобыштың бес Зорбайынан тін тартатын Құлбайдың ұрпағы. Өтесіннің әкесі Көтібар заманында еліне танымал сыйлы, дәулетті адам болған екен. Ата жұрты Шайыр маңын мекендеген
Көтібар өзінің абырой- атағын пайдаланды ма, әлде араларында өзара сыйластық болған ба, қалай болғанда да Құлат жерін мекендеген Қосай руының Бәлинен тарайтын Қашаған Күржіманұлының қызы Айжанға құда түсіп айттырып, сән-салтанатымен баласы Өтесінге алып береді. Сонымен Өрбісін ананың нағашысы Қашаған Күржіманұлы ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі Ақберен жырдың жүйрігі, айтыскер ақын болған. Оның жырлары Қазақстанға ғана емес, Орта Азия республикаларына, РСФСР облыстарына, Иран, Ауған, Түркия қазақтары арасында кең тараған. Өрбісін ана он құрсақ көтерген: Сәрсенбай, Орхан, Ақбала, Болтан, Маңдайлы, Сәуле, Қыстаубай, Көлдеубай, Сәуірбай, Тәрбие. Өрбісін ана 1968 жылы Базыгүрлі қыстағында ақпан айында 88 жасында өмірден озып, Шопан Ата зиратында жерленді.
Қойшыбай Қыстаубайұлының анасы Алиқызы Фәния 1925 жылы сәуір айында руы Бәйімбеттен тарайтын Жаманғара ауылының атажұрты Алаторпа Қошақ жерінде туған. Әкесі Али Ақбасұлы – Тіленбайұлы Исаның інісі, Орақтың немересі. Иса, Орақ –
тарихи тұлғалар болғанын айта кету керек. Иса Тіленбайұлы Ресей патшалығының езгісіне қарсы Маңғыстау шаруаларының көтерілісін бастап, үш жыл (1870-1873 ж.ж.) кескілескен соғыста жеңіліске ұшыраған соң, Фортта ұсталған пікірлестері мен тумаластарын тұтқыннан босатып алу үшін, өзі аяғынан келіп уезд басқармасына берілген. 1873 жылдан бастап өмірден озғанша Иса Тілембайұлы уездің №2 Түпқараған болысын басқарған. Иса ата әруақты батыр, әділетті би, ақын, ит жүгіртіп құс салған саяткер, аса мерген болған. Оның інісі Орақ Иса-Досан көтерілісінің бас батыры Досанмен бірге болған. Тілембайдан Иса, Орақ, Орақтан Ақбас, Ақбастан Керекбай, Али, Алидан Жаңбырбай, Фәния.
Нағашы атасы Ақбасұлы Али Иса болыстың тумаласының баласы болғандықтан, 1933-1937 жылдары бас сауғалап отбасымен Баку, Дағыстан асып Махачқалада босқын қазақтармен бірігіп, сол жерде ашылған құрылыс мекемелерінде құрылысшы болып жұмыс жасайды.
Алиқызы Фәния мектеп
табалдырығын Махачқалада аттап, Таушықта аттап оқып жеті класс бітіреді. Нағашы аталары Али, Жаңбырбай, нағашы шешелері Зияхан, Дәмеш Досалы зиратында жерленді.
Қойшыбай Қыстаубайұлы 1954 жылы Сам бастауыш мектебіне бірінші сыныпқа барып, жетінші сыныпты Қарақұм жетіжылдық мектебінен бітірді. Алғашқы ұстазы – соғыс ардагері Балтабай Сүндет. 8-сыныпты Шетпе сегіз жылдық мектебінде оқып, қалған үш жылды Таушықта Шахта орта мектебінде оқып, үздікке бітіріп шықты. Жоғарғы сыныптарда қатарынан үш жыл аудан, қалааралық математикалық олимпиадаларға қатысып, алғашқы орындар алып, республикаға да жолдама алған кездері болды. Әрине, оқушылардың білімінің сапасы дәріс берген ұстаздарға байланысты болса, Шахта орта мектебі ұстаздар ұжымы бүкіл одақ көлеміне танымал
болатын-ды. Ұстаздың тәлімі – жарты өмірің. Шоңқалов Торғай, Озғанов Тұраш, Есбосынов Жұлдызбай, Махуова Мәруа, Едігеев Маңғыстау, Хамзина Жаңылсын, Әбілханова Күләш, Нәсірқұлова Ақсындар сынды ұстаздарын әлі күнге дейін сағынып еске алады.
1965 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының «Автоматика и электронно вычислительная техника» факультетіне 25 ұпай алып, студент атанып, оқуға түсті. Емтихан тапсырған кездегі көрсеткен білім дәрежесіндегі жетістіктерін комиссия мүшелері аса талантты талапкер деп бағалап, политехникалық институттың ректорының ұсынысымен Қазақ ССР оқу және білім министрі М.Біләлов бүкіл одақтық жоғарғы оқу орны Ленинград политехникалық институтының электромеханический
факультетіне жолдама берді. Сонымен қоса, өзі оқыған Шахта орта мектебінің оқытушылар ұжымына Алғыс хат жіберді. Атақтары бүгінгі күндері бүкіл әлемге танымал, кейіннен ғалым, мәжіліс депутаттары болған Досмұхасан ансамбілінің мүшелері Досым Сүлеев, Мұрат Хұсайынов, Шәріп Омаров, Ұлықпан Сыдықовтармен бірге оқуға түсуі оған үлкен мақтаныш.
Ленинград – орыс халқының мәдениеті өркендеген, ғылымы дамыған бас қаласы. Кезінде орыс халқына батыстың озық мәдениетін әкеліп, оқуға, білімге тартқан патша Петр І атымен Санкт-Петербург атанған қала. Онда қазақ жастарының озық ойлы, талантты жастары жоғарғы оқу орындарында оқыды. 1963 жылы жас студенттер Сәбетқазы Ақатаев, Мұрат Әуезов, Серік Бәйкенов, Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтімов, Болат Хисарос сынды біртуар азаматтар қызыл империяның қақ ортасында, бас ордасында «Жас тұлпар» атты ұйым құрып, алдымен Мәскеуде оқитын 1438 қазақ жастарының басын қосты. «Жас тұлпар» өзінің эмблемасын, туын жасады. Жас тұлпарлықтардың үш түстен тұратын (қызыл, қара, көк) туына тұлпардың суреті салынған болатын. Қара түнектен шығып қызылды аттап, көкке жетеміз деген мағына.
1965 жылы 7 қараша күні Ленинградта оқитын қазақ жастары «Романтик» мейрамханасында бас қосып, жиын болды. Москва, Киев және басқа да қалалардан қонақтар келді. Москвадан Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтімовтер сөз алып, «Жас тұлпар» қоғамының құрылуы және оның мақсаты туралы түсіндіріп өтті. Сол жиында оқуға жаңа түскен сегіз студентке, оның ішінде кейіпкеріміз де бар, Мұрат Әуезовтың қолынан «Жас тұлпар» қоғамының мүшелік билетін алды. Жас студенттерге оқуға табыс тілеп, қоғамға мүше болғанымен құттықтады. Бұл қоғам жеті жылдан соң КГБ артына түсіп тарқады. Әрине, адамның ойлағаны бола ма? Айлап, жылдап, тіпті бірнеше жылдар бойына жауын болмайтын Маңғыстаудың жазы аптап ыстығы мен қысында желді аязында құрғақ ауада өскен қара сирақ балғын жігітке Ленинградтың жылдап күн көзін көрмейтін жауынды ауа-райы денсаулыққа әсер етті. Дәрігерлер климат ауыстыруға кеңес берді. Сегіз айдан кейін академиялық отпуск алып, елге оралды.
Таушықта Маңғыстау аудандық пионерлер үйінің директоры, Таушық сегіз жылдық мектебінде физкультура, математика пәндерінен оқушыларға дәріс берді. Келесі жылы Алматы Қазақ политехникалық институтында оқуын жалғастырып, азаматтық және өндірістік құрылыс мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Институтта «Железобетонная и металлическая конструкция» кафедрасында ассистенттік қызметте
қалдырылды. Институт жанындағы спорттық секцияларға қатысып, еркін күрестен СССР спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындап, студенттер арасындағы жарыстарда Бурьевестник қоғамының Алматы қаласында жеңіл салмақтан чемпионы атанды. Бапкерлері – Қазақстанның еркін күрестен бірнеше дүркін чемпионы, СССР чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әбілсейт Айханов, Қазақстанның жастар арасындағы чемпиондары спорт шеберлері Қабден Байдосов, Сержан Сақбаевтар болды.
Қойшыбай Қыстаубайұлы 1971-1973 жылдары Маңғол Халық Демократиялық Республикасында кеңестік одақ қарулы күштері қатарында взвод, рота командирінің орынбасары қызметтерін атқарды. Шені – СССР қарулы күштерінің запастағы майоры.
1973-1978 жылдары Жаңаөзен қаласында ГПТУ-162 кәсіби техникалық училищесінде оқу және өндірістік жұмыстары жөнінде орынбасары, Гурьев политехникумында оқытушы қызметтерін атқарды. 1978 жылы Жаңаөзен қалалық атқару комитетінің жолдамасымен УПТЖ мекемесіне қарасты Түйесу кен орнының бастығы болып келіп, зейнеткерлікке шыққанша 38 жыл басқарды.
1964 жылы КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығы негізінде 1972 жылдың 13 қаңтарынд
а «Мангышлак нефть» бірлестігі басшысының бұйрығымен технологиялық сұйықтар дайындау басқармасы ашылды. Өзен және Жетібай кен орындарының жерасты қабаттарынан мұнай өндіру мақсаттарында теңіз суымен және Түйесу кен орнынан ауыз су тасымалдайтын жаңа станциялар ашылды. Түйесу кен орны 1972 жылы ашылып, пайдалануға берілді. Ол Жаңаөзен тұрғындарын, өндіріс ошақтарын, Аққұдық, Төлеп, Сенек, Құланды елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Түйесудың қысқаша сипаттамасына тоқталып өтетін болсақ, оның жалпы ауданы – 190 шаршы км. Сулы қабаты батыстан шығысқа қарай 22 км. Сулы қабат құрып жатқан жалпы аумақ 82 шаршы км. Әр ұңғының сағатына өнімділігі 10, 15, 25, 40 м куб 29 ұңғы. Тәуліктік өнімі 10-11 мың куб. Қоры 160 миллион куб. Бұны 52 жыл халық игілігіне пайдаланып келеді.
Ардақты азаматтың жұбайы Керекбаева Қоңырау Жәңгірқызы 1955 жылы 14 сәуірде Түрікмен ССР-і Красноводск қаласында дүниеге келген. Арнаулы орта білімді. Еңбек жолын осы Түйесу кен орнында сораптық қондырғының машинисі болып бастап, 36 жыл қызмет етіп, зейнетке шықты. Қоңырау Жәңгірқызы мұнай саласын дамытуға қосқан жетістіктері ерен еңбегі
үшін «Қазақстан мұнайына 100 жыл» мерекелік медалін, қол сағатын, «Өзенмұнайгаз АҚ 55 жыл» мерейтойлық медалін, «Су өндіру және тасымалдау басқармасының құрылғанына 50 жыл» толуына орай мерекелік медалін, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалін, облыстың экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатын иеленген. Су өндірі және тасымалдау басқармасының өндірісті дамытуға қосқан үлестері үшін Грамоталармен де марапатталды. Қойшыбай Қыстаубайұлы жұбайы Қоңырау екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана, 21 немересі бар. Балалары Сәтжан, Кәдірбек, Асылбек, Бекболат – бәрі де жоғарғы білімді мұнайшылар. Қызы Ләззат – білім саласында бухалтер, келіндерінің бәрі де жоғарғы білімді. Рыс Амангелдіқызы – мұнайшы. Ақзипа Сабырғалиқызы – мұғалім, физика пәнінің маманы. Гауhар Саламадинқызы – экономист. Гүлшат Аманжолқызы – математика пәнінің мұғалімі.
Нұрғараев Қойшыбайдың Қазақстан экономикасы дамуына қосқан жетістіктері үшін «Даңқ» орденін, Маңғыстау облысының мұнай-газ кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін
«Маңғыстау мұнайына 50 жыл» мерекесіне орай мерекелік төсбелгісін, «Маңғыстау облысына 40 жыл» мерекелік медалін, «Қарақия ауданына 45 жыл» мерекелік медалін, «Жаңаөзен қаласына 50 жыл» мерекелік медалін, «Су өндіру және тасымалдау басқармасының құрылғанына 50 жыл» мерекелік медалін, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалін, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» естелік төсбелгісін иеленген. Сонымен қатар, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» естелік төсбелгісі мен қол сағатын, Өзенмұнайгаз АҚ 55 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалін, «Маңғыстаумұнайгаз АҚ-на 60 жыл» мерекелік медалін, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін, «39 Армия ЗАБВО. Монголия» медальін, «65 лет со дня подписания Варшавского договора» медалін иеленіп, Қарақия ауданының «Құрметті азаматы» атағы, Жаңаөзен қаласының
«Құрметті азаматы» атағы берілді. Қарақия ауданына 50 жыл төсбелгісімен наградталды. Адам ұрпағымен мың жасайды деген емес пе?! Осы ретте біз Қойшыбай Қыстаубайұлына ұрпағыңызбен мың жасаңыз, отбасыңыз аман болсын деп ақ тілегімізді білдіреміз! Мақаламыздың соңын ардақты азаматтың ұрпағына өсиет етіп қалдырған сөздерімен аяқтағанды жөн көрдік.
«Кейінгі ұрпағым біле жүрсін:
Отаныңды сүй, отқа түс-күймейсің.
А.Толстойдың сөзі: Патриотизмді идеологияға айналдырмай-ақ париот болады.
Патриотизм – дегеніміз ең қарапайым, анық мағынада – билеушілер үшін өздерінің тақ құмар, пайда құмар мақсаттарына жету жолында қолданатын қаруы, ал олардың қол астындағылары үшін адами қасиеттен, ақылдан, ар-ұяттан бас тарту және билікте отырғандарға өзін-өзі құл ету.
«Отаршылдардың тәрбиесінен шыққан элита -өз халқының ең басты жауы»
Махатама Ганди
«Ұлт тілінде сөйлемеген адам жақсылық әкелмейді»
Гете
«Баланы 12 жасқа дейін басқа тілде тәрбиелеуге болмайды»
Ушинский
Өзге тілдің бәрін біл – көптік етпейді, өз тіліңде сөйле құрметте, дамыт. Асыра діншілдікке берілудің негізі себебі-сауатсыздық. Еліміздің болашағы жастар болғандықтан, оларға діни білімнен гөрі ғылым мен адамзаттың негізгі құндылықтары философия, технология сынды бағытта білім алулары керек.
Өмірде ешқашан төрт нәрседен ұялма:
1.Қартайған ата-анаңнан;
2.Кедеймен дос болудан;
3.Арзан киім кигеннен;
4.Қарапайым өмір сүруден.
Қайырымды қартайса қазы болады,
Қарау қартайса қазымыр болады.
Үш түрлі адам бар:
Біріншісі - су сияқты күнде іздейсің,
Екіншісі - дәрі секілді керек кезінде іздейсің,
Үшіншісі - микроб секілді өзі іздеп табады.
Ұлдарға арналған бес қағида:
1.Күшті бол, бірақ дөрекі болма;
2.Мейірімді бол, бірақ әлсіз болма;
3.Қарапайым бол, ұялшақ болма;
4.Намысты бол, бірақ тәкаппар болма;
5.Шыдамды бол, бірақ аңқау болма.
Ашу деген ағын су, алдын ашсаң арқырар,
Ақыл деген дария, алдын тоссаң тоқырар.
Төле би
Бақ деген - құс ұшады да кетеді,
Тақ деген - түс кіреді де кетеді,
Байлық деген - мұз ериді де кетеді,
Мәңгілік қалатын - адал іс.
Әйтеке би
Баланы бес жасқа дейін хандай көтер,
Он бес жасқа дейін құлдай жұмса,
Он бес жастан әрі досыңдай ақылдас.
Күйеуім жаман деп ешкімге шағымдамба.Себебі сен оны ертең кешіресің. Бірақ басқалар оны ешқашан сыйламайтын болады.
Әйел үшін күйеуінен артық туыс жоқ.
Күйеуінен артық дос жоқ.
Күйеуінен артық пана жоқ.
Күйеуінен артық қорғау жоқ.
Әке мен баланың, күйеу мен әйелдің
арасына ешқашан түспе.
Текті жерден қыз алсаң,
иіліп жүріп қызмет қылады.
Тексіз жерден қыз алсаң,
бала туғанын міндет қылады.
Тектіден қыз алсаң, ошағың сөнбейді,
Жиынның ішінде сөзіңді бөлмейді.
Тексізден қыз алсаң, басыңа өрлейді.
Санасыз, сабырсыз айтқанға көнбейді.
Шақырғанда келмейтін әйелден
жұмсағанда бармайтын бала туады.
Айтқаныңды жасайтын әйелден
айтпасаңда жасайтын дана туады.
Жайсыз әйел ел қадірін білмес.
Майқы би
Бір адамның тілінде бал болады,
Бір адамның тілінде мұз болады,
Бал жаққандар жігеріңді оздырса,
Тұз жаққандар жүйкеңді тоздырады,
Сол себептен абайлап сөйле аузыңа .
Дұшпанның бірі тілден,
Өзіңе жеңіл болғанмен,
Өзгеге ауыр зіл деген.
Адамды бақытты қылатын байлық емес,
барыңды бағалай білетін қанағатың.
Адамды кейдей қылатын ақшаңның аздығы
емес, ақылдың аздығы».