Тоқжанов Жолдас

Рейтинг:

Мұнай саласының ардагері, Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, Қарақия ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Ленин», «Парасат» ордендерінің иегері

Еңбегімен еленген жан

      Қазақтың сайын даласында туып, маңдай терін туған жерінің төсіне төккен бір жан болса, ол – Тоқжанов Жолдас. 1934 жылдың 21 наурызында Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы шағын ғана «Коммунизм жолы» колхозында дүние есігін ашқан қарапайым қазақ баласы есейе келе еңбектің нағыз майталманына айналды.
      Балалық шағы майданның отты жылдарымен тұспа-тұс келген Жолдас Тоқжановтың өмірі – ерте есейткен тағдырдың айқын айғағы еді. Әкесі мен анасы колхоздың қойын бағып, күн-түн демей еңбек етті. Жеті жасар баланың ойыны мен қиялына соғыс бұлты шемен болып байланды. Ол да басқа балалар секілді ерте бастан еңбекке араласып, қара жұмыстың дәмін татты.
      Асқар тау әкесі қайтыс болар алдында суық хабардың баласына жетпеуін аманат еткен. Оқысын, алаңдамасын деген әке жүрегінің қалауы орындалып, хабарды Жолдас Тоқжанов тек жарты жылдан кейін ғана естіген екен. Соңғы сапарына аттандыра алмағаны ардақты азаматтың көңіліндегі бір күйініші болар. Дегенмен әкесінің үміт артқан перзенті биік шыңнан көріне білді. 
      1944 жылы небәрі он жасқа толған Жолдас Тоқжанов қолына таяқ ұстап, шопанның көмекшісі атанды. Бұл оның маңдай термен өлшенген өмір жолының бастауы еді. Сол кездегі ауыл балалары үшін ойыншық деген ұғым жат болатын, олардың ең сенімді серігі – қойдың соңынан ерген күшік, қойшының таяғы мен еңбекке толы күндер еді.
      Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде қой қоралап, таң алдында өріске шығару – ол үшін қалыпты тірлікке айналды. Көктемде төлдету, жазда шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан жайылым іздеу, күзде қой қырқу, қыста боранға төтеп беру – осының бәрі бала Жолдастың өмір мектебі болды.
      Бірақ қиындыққа толы күндер оның жігерін жасыта алмады. Керісінше, шыңдады, қайрат берді. Ол еңбекке адал болуды, туған жерге перзенттік борышпен қарауды сол кездің өзінде-ақ санасына сіңірді.
      Жолдас Тоқжановтың еңбек жолы – төзімділік пен қайсарлықтың, еңбекқорлық пен патриоттық сезімнің шынайы көрінісі. Ол 7-сыныпты тәмамдағаннан кейін-ақ қолына құрал алып, өмірдің үлкен мектебіне қадам басты. Доссордағы қолөнер училищесінде оқи жүріп, тек білім ғана емес, нағыз еңбек адамы болудың алғашқы сабақтарын алды.
      Жас маманға өмір өз сынақтарын дайындап қойған еді. 19 жасар жігіт жолдамамен Құлсарыдағы Мұнайлы кенішіне келіп, бұрғылау алаңында табан тіреп еңбек етті. Ол кезде жер қойнауынан мұнай алу оңай шаруа емес еді. Қара алтынның әр тамшысы маңдай термен келетін. Талай ұңғыма қазылды, талай ауыр техникамен арпалысты. Мұнайлы, Құлсары, Қарсақ, Төлеш, Қосшағыл… Бұл атаулар Жолдас атамыздың жүрегінде ерекше орын алды. Ол бұл кен орындарын тек картадан ғана емес, әрбір тастың астында қанша тері қалғанын білетіндей дәрежеге жетті.
      1958 жыл оның өмірінде жаңа кезеңнің бастауы болды. Жас маманның іскерлігі мен еңбексүйгіштігі бағаланып, Тоқжанов бригадасымен бірге «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресіне жіберілді. Кызан, Жетібай далалары ол үшін жаңа сынақ алаңына айналды. Сол кезде ешкім болашақта бұл өңірдің мұнайлы өлкеге айналатынын білген жоқ. Бірақ Жолдас атамыз бен оның серіктері бұл жердің қойнауында бір сыр жатқанын сезді.
      Қазылған 6-ұңғыма – тарихтың алтын әріптермен жазылар беттері. Бұл мұнайлы өлкенің дамуына, ел экономикасының өркендеуіне жол ашқан алғашқы қадамдардың бірі еді. Жолдас Тоқжанов сол бір ауыр да абыройлы күндердің куәгері ғана емес, сол тарихтың тікелей жасаушысы болды. 1954 жылы жас жігіт Жолдас Тоқжановтың бригадасы алғашқы ұңғымадан мұнай бұрқағын алған сәтте, олардың көңілінде қуанышпен қатар алаңдаушылық та болды. Бұл –үлкен сынақ еді. Мұнай – байлық, бірақ оны игеру, оны ауыздықтау – нағыз батырлардың ісі. Ал 1961 жылғы 7 шілде… Бұл күн – қазақ мұнайшыларының қайсарлығы сынға түскен күн. Бұл ұңғымада мұнай ыстығына 1 қабат тері күйген болатын.
      Жетібайдағы 6-ұңғыма… Аспанға шапшыған 50-60 метрлік газ аралас мұнай бұрқағы тоқтар емес. Қысымы 280 атмосфера. Мұнай температурасы 80-85 градус. Ауада дем алу мүмкін емес. 40-45 градус аптап ыстық. Адам шыдас бермес жағдай. Бірақ артқа шегінуге болмайды.
      «Бұны тоқтату мүмкін емес, сырттан көмек шақырайық!» – деген дауыстар шықты. Баку, Башкирия, Ресейден мамандар шақыру туралы ұсыныс айтылды. Бірақ Жолдас Тоқжанов пен Сабырбай Шонтабаев бастаған ержүрек мұнайшылар бұған көнген жоқ. «Өз күшіміз жетеді!» – деді. Олар от пен мұнайдың арасындағы шайқасқа кірісті. Айналаны 1500 метрге дейін қоршады. Техника қауіпсіздігі қатаң сақталды. Алты адамнан құралған екі бригада 20 минут сайын ауысып, үш күн, үш түн тоқтаусыз еңбек етті. Шаршау, әлсіздік, ыстық, шөл… Бірақ бұл жігіттердің жүрегінде тек бір ғана ой тұрды – «Біз жеңуіміз керек!»
      Жеңіс оңай келген жоқ. Мұнайшылар ыстық оттан көздері қызарып, бастары айналып, тіпті кейбірі құлап та жатты. Бірақ қайта тұрды. Қайта ұмтылды. Ақыры 1961 жылғы шілденің сол ми қайнатар күнінде Жолдас Тоқжанов пен Сабырбай Шонтабаев бұрқақты ауыздықтады.
      1971 жылы Жетібайдағы 6-ұңғыма басына орнатылған ескерткіш тақта – тек бір кен орнының ғана емес, тұтас бір дәуірдің символы. «Маңғыстаумұнай» барлаушыларының даңқы арта берсін!» деген сөздер – қажырлы еңбекке берілген әділ баға, маңдай терін жерге төгіп, оның қойнауынан байлық алған батырлардың құрметіне қойылған мәңгілік белгі.
      Сол күні ескерткіштің ашылуында тек ардагер мұнайшылар ғана емес, жаңадан құрылған Жетібай «Мұнайгаз» өндіру басқармасының жас мамандары да тұрды. Өйткені олар – тарихтың жалғасы еді. Бір кездері қолына күрек, құрал алып, шөл далада ұңғыма қазғандардың жолын жалғайтын да – осы жастар.
      «Жетібаймұнайгазбарлау» экспедициясы Ақсексеуіл, Бірінжік, Самтыр, Қожантай, Өтежан, Дамқала, Гасан, Тасойық алаңдарында талай тер 
      төкті. Өндірістік қоры бар мұнай табылмады, бірақ олар құнды мәліметтер жинады. Ғылым үшін, болашақ үшін. Олар қара алтын ғана емес, білімнің, тәжірибенің қайнар көзін ашты.
      Ал «Қарақия Мұнайгазбарлау» экспедициясы Қызыладыр, Көкімбай, Қорғанбай өңірлерінде жаңа үміт отын жақса, «Оңтүстік Маңғыстау мұнайгазбарлау» экспедициясы Темір баба, Кендірлі, Ақсу маңында іздестіру жұмыстарын жалғастырды. Олар – іздеушілер. Олардың еңбегі болашақ мұнайшыларға жол сілтейтін шамшырақтай болды.
      1962 жылы Гурьев қаласында шебер бұрғылаушы курсын тәмамдап, білімін жетілдірген Жолдас Тоқжанов – еңбектің адамды қалай шыңдайтынын дәлелдеген тұлға. Мұнайлы өлкеде еңбек ету оңай емес еді. Күн астында, аптап ыстықта, мұнай иісі сіңген далада жұмыс істеу – нағыз қайрат пен төзімділікті талап ететін еді.
      Сол кезеңде мұнайшылар қатарын толықтыру үшін жергілікті жастарды бұрғышы көмекшісі, моторшы мамандықтарына оқытты. Форт-Шевченко қаласындағы мектепті 1958-1959 жылдары аяқтаған жас түлектер енді Ақшыңырау, Қызан, Жетібай, Қызылсай, Төбешік алаңдарында еңбек жолын бастады. Бұл жастардың ішінен мұнай және халық шаруашылығының белгілі ардагерлері шықты. Олар тек өз еңбектерімен ғана емес, өзінен кейінгі буынға жол ашып, із қалдырды.
       Ел азаматының Жетібайда басталған еңбек жолы оны Қызанға, Қарамандыбасқа, Тасболатқа, Шығыс Жетібайға, Қансуға жетеледі. Әрбір кен орны – бір сынақ, әрбір ұңғыма – бір майдан. Тарихтың осы майданына ол қайсарлықпен кірді. 1973 жылы Жолдас Тоқжанов білімін жетілдіру үшін Саратов қаласындағы политехникалық техникумда сырттай оқып, бұрғышы-техник мамандығын меңгерді. Бұл – оның еңбекке адалдығының тағы бір дәлелі. Білім іздеу, тәжірибе жинау, білгенін болашақ ұрпаққа үйрету – оның мұраты еді.
      1975-1979 жылдары Жетібайда ұңғымаларды жөндеу бойынша аға шебер болып еңбек етті. Ал 1979-1995 жылдары «Маңғышлақмұнайгаз» зерттеу станциясында бұрғылау жөніндегі нұсқаушы-шебер қызметін атқарды. Ол тек бұрғы сүңгіткен жоқ, ол өз ісінің қыр-сырын өзгелерге үйретті, жаңа буын мұнайшылардың қалыптасуына үлес қосты.
      1965 жылы Қарамандыбас кенішін алғаш ашқан – Тоқжановтың бригадасы. 5-ұңғымадан мұнай атқылағанда, бұл жеңістің артында қанша маңдай тер тұрғанын олар ғана білді. Бұл – Жетібай мен Қызаннан кейінгі жаңа қадам, жаңа үміт. 1966 жылы Тасболаттағы 1-құдықтан газ бен конденсат алынды. Бұл жердің қойнауы да байлыққа толы екенін дәлелдеді. Ал 1967 жылы Тоқжановтың бұрғышылары Шығыс Жетібайдың 2342-2346 метр тереңдігінен мұнай бұрқағын атқызды. 1970 жылы оның жігіттері Қансу алаңында 1262-1275 метр тереңдіктен газ конденсатын тапты. Бұл – ерлікпен тең еңбек еді.
      Оңтүстік Үстірттен 22 терең ұңғыма қазылды. Кейбір алаңдардан газ кен орындары табылды. Бірақ сол кездегі солақай саясат кесірінен бұл аймақ толық зерттелмей қалды. «Елімізде газ жеткілікті, керек болса, көршілерден аламыз» деген Одақтық Министрліктің шешімі қазақ жерінің астындағы байлықты ашуға мүмкіндік бермеді. Мұнай мен газдың мол қоры бола тұра, оларды игеру кейінге шегерілді.
      Бірақ бұл қиындықтар мұнайшылардың рухын сындырған жоқ. Олар бар мүмкіндікті пайдаланып, әрбір метр тереңдіктен сыр тартып, байлықты ел игілігіне айналдыру үшін күресті. 1972 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен Өзенде «Маңғыстау газөндіру» басқармасы құрылып, Маңғыстау газын ел игілігіне жарату ісі қарқынды дамыды. Жетібай, Теңге және Өзен кен орындарынан өндірілген газ компрессор станциясы арқылы Бекташ-Бейнеу құбырына айдалып, кейін Орта Азия – Орталық магистраліне қосылды.
      Бұл кезеңде мұнай өндірісі ғана емес, оның тиімділігін арттыру бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Жетібайда алғаш рет мұнай қабаттарына теңіз суын айдау басталып, бұл тәсіл мұнай өндіру тиімділігін еселеп арттырды.
      1984-1985 жылдары Қызылорда облысында мұнай игеріліп, Құмкөл кен орны ашылды.
      1997 жылдың наурызында Гурьев облысынан бөлініп, Маңғышлақ облысы құрылды. Осы жаңа өңірдің экономикалық қуатын арттыруда мұнайшылардың еңбегі орасан зор еді. Шевченко, Жаңаөзен қалалары, Маңғыстау, Форт-Шевченко аудандары және жаңадан құрылған Бейнеу мен Ералиев аудандары мұнай-газ өнеркәсібінің маңызды орталықтарына айналды. Жетібай қалашығы Ералиев ауданының құрамына берілді.
      Осы кезде мұнай өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп, 1973 жылдың үшінші тоқсанында «Қазақгазөңдеу» зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Оның екінші кезеңі 1976 жылы пайдалануға берілді. Зауыттың қуаты жылына 3 миллиард текше метр газ өңдеуге жетті.
      Жолдас Тоқжанов дәл осы кезеңде өзінің еңбегімен ерекше көзге түсті. Құмкөл мұнайын игеру жолында бар күшін сарп етіп, қарамағында төрт бригада болды. Осы жылдары ол көптеген жас мұнайшыларға тәлім берді. Бұрғышылық – тек физикалық еңбек емес, ол үлкен тәжірибе мен білімді талап ететін сала. Жолдас аға осы білімді жас мамандарға үйретуден ешқашан жалыққан емес.
      Ол өткізген үш жылдың ішінде ондаған жас бұрғышылар оның мектебінен өтті. Қарапайым бұрғышыдан бастап, нағыз маманға айналған бұл жігіттер Жолдас ағаның адамгершілігін, ұстаздық қамқорлығын ешқашан ұмытпады.
      Кетерінде олар өз ұстаздарымен қимай қоштасты. Бірақ бұл қоштасу ұзаққа созылған жоқ. Жолдас аға шәкірттерімен әрдайым байланыста болды. Олар үшін ол – тәжірибелі ұстаз, ақылшы, өнегелі аға еді.
      Жер қойнауынан байлық игеріп, оны халық игілігіне айналдыру – тек техника мен білімнің ғана емес, шынайы адалдық пен төзімділіктің, табандылық пен еңбексүйгіштіктің жемісі. Мұнайлы өлкенің маңдайалды мұнайшысы Жолдас Тоқжановтың өмір жолы – осы қасиеттердің айқын үлгісі.
      1959 жылы өмірлік серігін тапқан Жолдас Тоқжанов Таушыққызы Атжетпеспен тағдырын тоғыстырып, үлгілі отбасының негізін қалады. Жары Атжетпес еңбекқорлығы мен жанашырлығымен отбасының ғана емес, ауылдастарының да құрметіне бөленді. Жетібайда аспазшы болып жұмыс істеп, кейін тұрғын үй коммуналдық бөлімінде еңбек етті. ПГМК-де дүкен ұстап, сауда саласында да өзін көрсетті. Ең бастысы ол 8 баланың анасы атанып, «Күміс» және «Алтын алқа» иегері болды. Балалары өмірден өз жолын тауып, әрқайсысы ата-анасының мақтанышына айналды.
      Тұңғыштары Бұрыш көпбалалы ана болып, ата-ана жолын жалғастырса, Мұрат тіс дәрігері мамандығын алып, кейін қылмыстық істер атқару жүйесінде басшылық қызмет атқарып, подполковник шеніне дейін жетті. Талғат техникалық салада еңбек етіп, конденционер және тоңазытқыш жөндеу ісін меңгерді. Сәуірбек – көлік инженері мамандығын игеріп, өз ісінің шебері атанды. Немере-шөберелерін сүйіп, ұрпағының өсіп-өркендеуін көру бақытына жеткен Жолдас Тоқжанов пен Атжетпес ана – шын мәнінде берекелі әулеттің тірегі еді. Тоқжанова Раушан наубайханадағы кондитер, Тоқжанова Сәуле «Маңғыстаумұнайгаз» кенсесінде жұмыс атқарады. Тоқжанов Мақсот жұмысшы. Талғат желдеткіш жөндеумен айналысады.
      Еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болған кейіпкеріміз Қазақстанның дербес зейнеткері, «Құрмет» ордені мен «Ленин» орденінің иегері, Маңғыстау мұнай-газ өндірісінің ардагері, Ақтау қаласының Құрметті азаматы атанды. Оның белсенділігі тек мұнай саласымен шектелген жоқ. 1969-1970 жылдары Өзен аудандық кеңесінің депутаты болып, халықтың мүддесін қорғады. Аудандық партия комитетінің Пленум мүшесі, облыстық партия конференциясының делегаты болды. 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен өткен ардагерлер кездесуінде Маңғыстау халқының әлеуметтік мәселелерін көтеріп, халықтың тұрмысын жақсарту жолында өз пікірін білдірді. Мәскеуде өткен 26 сьезд КПСС-не делегат ретінде қатысқан.
      Жолдас Тоқжанов өзінің еңбек жолын еске алғанда, ата-анасының қамқорлығы мен олардың ақыл-кеңесін тебірене еске алатын. Әкесі Тоқжан мен анасы Санзира бір ұл, бір қызын қиындыққа бермей, оқытып, азамат қылуға бар күшін салды. Әкесі Тоқжан баласының мұнай саласында үлкен жетістіктерге жеткенін көре алмай, ерте дүниеден өтсе де, анасы Санзира немерелерін жетелеп, бақытты әже атанды.      Қарындасы Дәріш те мұнай саласында еңбек етіп, дизелист-моторист мамандығын игерді. Жолдасы Тоқсанбай Қабдолов екеуі үш ұл, бес қыз тәрбиелеп, өнегелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналды.
      Жолдас Тоқжанов – мұнай өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, маңғыстаулық мұнайшылардың аңыз тұлғасына айналған азамат. Оның қажырлы еңбегі, өнегелі өмір жолы – болашақ ұрпаққа үлгі. Бүгінде оның есімі тек отбасы мен туған-туыстарының ғана емес, бүкіл Маңғыстау өңірінің мақтанышына айналды. Ол бар ғұмырын туған жерінің игілігіне арнады. Оның еңбегі, ұрпаққа қалдырған өсиеті мен өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Жолдас Тоқжановтың өмірі – адал еңбектің, отансүйгіштіктің, қайсарлық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...