Еңбек – ер атандырады
Төрт тұяғын тең алып, бәйге аламанынан түскен тұлпардай жастық жалыны мен білім-біліктілігін, мол тәжірибесін өзі сүйген саласына арнап, қарапайым жұмысшыдан мекеме басшылығына дейін көтеріле білген іскер азамат, білікті басшы, құрметті зейнеткер Сағидолла Елепұлы 1954 жылдың 1 қаңтарында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Тұздыкөл елді мекенінде дүниеге келді.
Әкесі Балтоғаев Елеп ауыл шаруашылығында ферма меңгерушісі болып еңбек етсе, анасы Балтоғаева Әлия да ауыл шаруашылығында елеулі еңбек етті. Дүниеге 10 перзент (6 ұл, 4 қыз) әкеліп өсіріп, құтты орындарына қондырды. Үлкені Балтоғаева Рахила Ембі совхозында Бас есепші болып қызмет атқарған, бүгінгі таңда зейнеткер. Екінші қызы Балтоғаева Оңай білім беру саласында еңбек етіп, мектеп директорлығына дейін көтерілген ұлағатты ұстаз, бүгінгі таңда зейнеткер. Одан кейінгісі Балтоғав Сағидолла. Кейіпкеріміз жайлы төменде толығырақ айтып өтеміз. Кейінгі перзенті Елеп Хамидолла "Теңізшевройл" компаниясында қызметкерлерді тасымалдау бөлімінде еңбек етті. Тағдырдың жазуымен кейіпкеріміз дүниеден өтті. Одан кейінгі перзент Балтоғаева Қымбат мұнай өндіру саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Балтоғаев Асқар "Теңізшевройл" компаниясының жүк тасымалдау бөлімінде қызмет етеді. Кенжесі Балтоғаев Жайлы Атырау педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты. Үлкен өмірдің есігі болған білім ордасын 1961 жылы Құлсары қаласындағы Н.А.Островский атындағы 8 жылдық мектептің табалдырығын аттап, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып кетті. Айтқан сөзді тез қағып алатын, ұстаз тапсырмасын екі етпей орындайтын шәкірт қай ұстаздың да мақтанышы емес пе, Сағидолла сабақтағы алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, зеректігімен сыныптағы оқушылардың алды бола білді. Өмірге деген құштарлығы ерекше, қандай істі бастауға білегі түрулі тұратын Сағидолла 1969 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепте жалғастырып, 1971 жылы бітіріп шығады.
Мектепті жақсыға бітірген әбір жүректе бір ұшқын болатыны бар емес пе, оның үстіне қимылы ширақ, іске мығым талапкер арман дейтін оттың жалынымен Алматы қаласына оқуға
аттанады. Сол 1971 жылы Алматы қаласындағы Қазақ полтитехникалық жоғарғы оқу орнын «Бұрғылау» мамандығы бойынша оқуға түсіп, өз мамандығының қыр-сырын енді танып келе жатқанда ауылдан келген суық хабар, бала арманының тамырына балта шапқан еді. «Ажалдан дейтін атқан оқ, Бір Алланың қақпаны» дегендей, ауылдағы шаңырағының тіреуі болып отырған әкесі дүние салып, студент Сағидолланың қайтуына тура келеді. Ауылда анасының қасына бас-көз болып, қарайласатын адам керек. Әпкесі Балтоғаева Оңай бұл уақытта Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университетте оқып жатқан кез еді. Осылайша, оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, 1974 жылы елге оралады.
Талап қаламын қайта ұштаған ол сол жылы Ембі совхозында спорт нұсқаушысы болып жұмысқа орналасады. Өзінің туған ауылы, оның үстіне кішкентайынан еңбекке араласып өскен, мектеп қабырғасында да талай ұйымдастырушылық қабілетімен ұстаздарын мойындатқан жас маман жаңа жұмыс орнында да осы қалпынан
танбайды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі, қадамын нық басып, басшылыққа деген сенімділігін ұлғайта түскен Сағидолла Елепұлы қолына алған қандай жұмысты да иіріп алу кету қабілетінің арқасында, совхоздың жастар ұйымының жетекшісі (секретарь комитет комсомола) болып сайланады. Міне, осы бір сәт кейіпкеріміздің үлкен өмірге басқан алғашқы қадамы ғана емес, бүгінгі құрмет төріне шығара білген үлкен еңбегінің алғашқы сатылары болатын. Осы совхоздың комсомол ұйымын басқара отырып, Семей облысы, Шұбартау ауданы жастарының бастамасымен қолдай отырып, мектеп бітіруші жастардан мал шаруашылығында еңбек етуге совхоз басшыларымен бірлесе отырып, «Достар - 74», «Қайнар - 75», «Достар - 76» бригадасын құрған топтың бел ортасында жүреді. Кейін осы совхозға Республика көлемінде белгілі болған «Гүлдер - 75» сауыншы жастар бригадасын құруға да ат салысады. Осы жастар бригадасында болған бірнеше қыздар кейіннен облыстық кеңестің депутаты болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Осы бригаданың өмірімен танысу үшін Республиканың
түкпір-түкпірінен, әр облыстан қонақтар мен тілшілер келіп жататын. Әрине, ауыл шаруашылығына көп мән беріліп, еңбегімен көзге түскен бір топ адамдардың еселі еңбектері газет беттерінде жарық көріп жататын. Бұл - топ болып жасаған үлкен жемістің, жеңістің белгісі еді. Міне, осындай құрмет, абыройға Сағидолла Елепұлы қызмет ететін совхоз да ие болды. Оның дәлелі жоғарыда айтып өткендей «Гүлдер - 75» сауыншы бригадасының еңбегі еді. Келген құрметті азаматтардың сапында 100 жылда бір туатын тұлғалар да болды.
Ауылға Сәуле мен Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Хамит Ерғалиев ағаларымыздың келуі үлкен бір құрмет еді. Осы совхозда комсомол ұйымын басқара отырып, совхозда мәдени-үгіт бригадасын құрады. Іргесін жаңа көтерген «Қайнар» мәдени-үгіт бригадасы аудандық байқауға қатысып, жеңімпаз атанып, облыстық бәсекеде де бағын сынайды. Одан әрі облыстың мәдени-үгіт бригада байқауынан жеңімпаз атанып, Республикалық жарыста да топ жарады. Міне, осындай жеңістің, ұйымдастырушылық өнердің, мәдени-үгіт насихаттың басы-қасында жүрген Сағидолла Елепұлы еді.
Республикалық байқаудан II орын алған «Қайнар» мәдени-үгіт бригадасы арнайы Дипломмен марапатталып, бригада құрамындағы күйші Мағзам Дәрібаевтың орындауында 2 күйді, Сайлау Мейірханованың орындауындағы 2 әнді және Сағидолла Елепұлының 2 әнін қазақ радиосы таспаға түсіріп алады. Сол кездері бұл орындаушыларды Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасынан еліміз тәуелсіздік алғанша беріліп, оқырмандар ықыласпен қабылдайды. Міне, жұлдыздың жанғаны, еңбектің еленгені еді. Осы бір жастар ұйымы, жастар өмірі үшін жасалған қызметін кейіпкеріміз әлі күнге дейін мақтан тұтады. Сол әндер әлі күнге дейін Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасынан шырқалып жүр. Өнегелі ғұмыр өрнегі осылайша өріліп келе жатқанда жүрекке от жағып, өмірлік жарын таңдап, шаңырақ көтерген Сағидолла Елепұлы 1980 жылы Құлсары қаласындағы құрылыс мекемесіне инженер болып ауысады. Десе де, қандай ортада жүрсе де қоғамдық істерді назардан тыс қалдырмайтын жас комсомол қызметінде жүріп Атырау қаласындағы педагогикалық жоғарғы оқу орнын сырттай бітіріп алып еді.
Еңбекте ерінбейтін, айналасына ықпалды, өз ісіне берілген маман Сағидолла Елепұлын 1985 жылы Құрылыс мекемесінде жүрген
жасты Аудандық партия комитеті аудандық баспасөз бөлімінің бастығы қызметіне бекітті. Бұл қызмет аса біліктілікті, зор жауапкершілікті талап ететін. Бірақ, әрдайым алға ұмтылып, өзіне сеніп тапсырылған істі аяғына жеткізбей тынбайтын, шаруаның алдыға жүруі үшін барын салатын ол бұл жұмысты да өз деңгейінде атқара біліп, бедел биігіне көтері түсті. Осындай сенімнен шыға білген кейіпкерімізді аудан басшылары 1986 жылы аудандық мәдениет бөліміне, 1 ай жұмыс жасаған соң, Облыстық кәсіподақ комитетінің аудандағы өкілі етіп тағайындайды. Қай салада еңбек етсе де, қандай ортада болса да қоғамдық жұмыстардан қолын бір сәт те үзіп көрген емес. Облыстық кәсіподақтың өкілі бола тұрып, аудандағы тұрғын үй алатын адамдардың құжаттарын қарайтын комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Одан кейінгі жылдары Комиссия төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, көбіне көп комиссиясының жұмыстарына да қатты назарда ұстап, комиссия мәжілістерін жүргізе білген, көсем де парасаты тұлғаға айналды. Осы қызметте жүріп көптеген үй алушылардың алғысына алған Сағидолла Елепұлы «Ең жоғары марапат - халықтың ыстық ықыласы мен риясыз алғысы» дейді.
1988 жылы Теңіз мұнай кені ашылған соң, өз еркімен жұмыстан босап, осы мұнай қалашығының вахташылар шағын қалашығын салып жатқан «ТенгизНефтСтрой» тресне Бас диспетчер болып орналасады. 1990 жылы осы трестің азаматтық құрылыс салу басқармасы бастығының орынбасары қызметіне келеді. 1993 жылы Қазақстан-Америка бірлескен компаниясының (ТШО ТеңізШеврОйл) материалдық қамту бөліміне инженер болып келіп, кейіннен бөлімнің басқарушысы болып тағайындалады. 1997 жылы ТШО компаниясының өнімдерін шет елге шығару бөлімдері құрылып, осы ТШО компаниясына мердігер «Асқартауинжениринг» компаниясы құрылып, осы мекеменің газ өнімін тиейтін және құжаттарға декларация жасап шет елге шығару бөлімінің диспетчері қызметіне орналасады. 2017 жылы зейнеткерлікке шыға отырып, осы мекеме басшыларының ұсынысы бойынша тағы да 4 жыл қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына аттанады.
- Жалпы менің дұрыс тәрбие алып, жақсы азамат болып өсуіме марқұм әкем мен анамның және өзімнен үлкен екі әпкемнің үлесі зор деп білемін. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында білім нәрін беріп, дұрыс тәрбиелей білген марқұм алғашқы ұстазым Жарас Қабдешовке, кейін еңбекке орналасқаннан кейін еңбектегі ұстаздарым партия ұйымының хатшысы Мерген Бурабаев ағайға, кәсіподақ ұйымының төрағасы Абдрахман Сартаев ағайға, Жаманқұл Жаулыбаевқа, комсомол ұйымының жетекшісі Гүлсім Нұржанова апайға айтар алғысым шексіз! – деп өмірдің шуақты жолын көрсете білген жандарға шын жүректен алғысын білдірген Сағидолла Елепұлы ел ағасына лайықты істер атқарып, халыққа қамқорлық танытқаны үшін түрлі марапаттарға ие болды. Бұл да бергенін екшемейтін, ақылын міндетсінбейтін, жомарттығын саудаламайтын дархан жүректі қазақ ұлының, қалыпқа сыймайтын бір келбеті, болмысы, азаматтығы мен жомарттығының белгісі.
Бүгінгі таңда зейнеткерлікке шығып, өзінен тараған ұрпағының қызығын көріп отырған Сағидолла Елепұлы жары Мәриям Мырзабайқызы екеуі ұл-қыз өсіріп, құтты орындарына қондырды. Алтын жүректі жары Мәриям Мырзабайқызы Ақтөбе медициналық жоғарғы оқу орнын «Емдеу» бөлімін бітірген. Көп жылдар аудандық біріккен ауруханада емдеу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, зейнеткерлікке шығады. Зейнет жасына шықса да қарап отырмай бүгінгі таңда аудандық шипажайда бас дәрігер, «Алтын дәрігер» белгісінің иегері. Қызы Балтоғаева Ақтілек тұрмыста. Ұлы Сағидоллаев Қабілет Польша мемлекетінен жоғары білім алып, «Кадрлармен жұмыс» мамандығын алып, қазіргі таңда Атырау қаласында «Атырау – Болашақ» мекемесінде қызмет етеді.
Міне, осындай қабілеттер мен асыл қасиеттерді бойына жинаған, ауыспалы, аумалы-төкпелі заманда адами асыл қасиеттерінен айнымаған арда азамат Сағидолла Елепұлының өмірі кейінгі жастарға үлгі болып, түн қараңғылығын жарық еткен таңғы шолпандай өскелең ұрпаққа жарқын жол сілтеп тұра бермек!