Өшпес бейне
Ұлы қазақ даласында елдің жайын ойлаған, өнегелі өмірімен, айтар ойы, ерекше сөзімен, тәлімді істерімен елдің сыйлайтын, алдын кесе өтпейтін, жүктің ауырын көтерген нардай, ел тыныштығының, ел мүддесінің жолында адалдық таныта алатын азаматтар ортамызда баршылық. Аптал азамат ретінде ол иығына артылған жүкті қара нарша көтеріп, сындарлы сынақтардан сүрінбей өте білді. Талғат Рәшитұлы елдің елдігі мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген азамат. Халқына адал қызмет етті. Намысына дақ түсірмеді. Азаматтық абыройының туын жоғары ұстады. Қайсар, бірбеткей мінезінен танбады. Қатаң талапшылдығымен тәртіп орнатып, жағымсыз көріністердің жолын кесті. Әр сөзін орынды сөйлейтін ол шешендігімен де жұртты өзіне қаратты.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Ысқақов Талғат Рәшитұлы 1950 жылдың 8 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы (қазіргі Есіл), Бұлақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Рашит көпті көрген, көкірек көзі ояу, айналасына өте сыйлы жан болатын. Қара жұмыстан бастап, кеңшардың жанар-жағар май базасының меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шықты. Жастайынан қиыншылық көріп, әкеден 7 жасында жетім қалған ол 1928-1929 жылдары коллективтендіру науқаны кезінде қудалауға
ұшырап ағайындарымен бірге 1936-1937 жылдарға дейін Ресейдің Түмен, Омбы облыстарында бас сауғалап жүреді. Заман тынышталып, ағайындарымен бірге елге оралғаннан кейін Рәшит 1938 жылы көрші Жаңалық ауылының қызы Жамалмен отау құрып, 5 ұл, 4 қызды тәрбиелеп өсіреді. Талғаттың анасы өте зерделі болмысымен, ақыл-парасатымен ортасына сыйлы еді, ән салғанда ұйып тыңдамайтын жан қалмайтын.
Талғаттың туып өскен жері Солтүстiк Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай 140 шақырымдай жердегі Бұлақ ауылы. Солтүстіктегі бірыңғай қазақтар тұратын Ақтас, Қарағай және басқа ауылдарымен іргелес орналасқан орман-сулы өңiр. Ауылдың оңтүстiк шығысында 7 шақырымдай жерде Сәбит Мұқанов өзiнiң «Аққан жұлдыз» кiтабында суреттейтін Жалғызтау бар. Кезiнде онда арқар, киiгi аралас аң-құстың сан түрi мекен еткен екен. Жалғызтаудан әрі Үкілі Ыбырайдың туған жері Өскен ауылы, одан әрі Құмтөккен, Ақан сері мекен еткен Жұмысшы, Ақан, Қарақамыс, Дәуқара, Бірлестік, Сырымбет секілді ауылдар жалғаса береді. Сырымбетте Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен, әжесі Айғаным ханымның ордасы бар. Ауылдың терiскейiнде 15 шақырым жерде аумағы өте кең Тораңғұл көлi көсіліп жатыр. Бұлақтың оңтүстiгiне көз тiксек Әулие Ата шоқысын көремiз. Әулие Ата аталу себебi бұл шоқының үстiнде Абылай ханның сенiмдi серiгi болған батыр, көзi тiрiсiнде әулие атанған Құлсары бабамыз жерленген. Талғаттың өмірінің бір ғажабы туған жері мен өмірінің ең бір мәнді кезеңі өткен жер де Құлсары деген атпен байланысты еді. Елдік пен бірліктің белгісі болып, самал болып ескен сары даланың сырлы самалына балалық кекілін сүйдіріп өскен Талғат Рәшитұлы ордасының табалдырығын 1957 жылы аттап, 1965 жылы орта білімді бітіріп шықты. «Тау баласы тауға қарап өседі, қыр баласы қол созалды аспанға» демекші, еңбекке ерте араласқан ол алдына үлкен мақсат қойып, мектепті бітірген соң тарихы 1923 жылдан басталатын Покровка ауыл шаруашылық техникумының агрономия факультетіне өсімдік қорғау мамандығы бойынша оқуға түседі. Қазақ мектебінде оқыған, ауылдан ұзап алысқа шықпаған, орысша шала-шарпы сөйлейтін жас талапкер орыс тілін меңгеріп, ұлағатты ұстаздарынан терең білім алады, еңбекке ерте шыңдалады. Техникумда әртүрлі спорт секцияларына қатысып, еркін күреспен айналысатын. Жаңа достар тауып, кітапханасының кітаптарын оқып рухани байлығын арттыра түседі.
Жер-Ана қашанда еңбек еткен адамның несібе дорбасын құр қайтарған емес, тіршіліктің негізгі көзіне, алып державаның басты сүйреуші локомотивіне айналған ауыл шаруашылығының сол жылдары дүркіреп тұрған кезі еді. Игерусіз қалған жерлерді соқаның тісі қопарып, шұрайлы жерлерге шопандар құрық сілтеген кездер болатын. Сондықтан, мектепті үздік бітірген, қолынан іс келетін түлектердің де дені осы бір саланы таңдап жататын.
Өзінің алғашқы еңбек жолын Техникумды аяқтап агроном дипломын алғаннан кейін Бескөл ауданының Озерный совхозына өсімдік қорғау маманы – агроном болып бастаған Талғат Рәшитұлы қайнаған тіршіліктің ортасына енді де кетті. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі мол жұмыстың күрделілігі мен қиыншылығынан қорықпай бар ынта-жігерін салып атқара білетін жас аз ғана уақыттың ішінде шаруашылықтың бетке ұстар мамандарының біріне айналды.
Қызылжар қаласының жанындағы көкөніс совхозының қыз-қыз қайнаған жұмысының қызығына түскен жас маман 1969 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып Новосібір қаласы маңындағы әскери бөлімде жауынгерлік борышын өтейді. 1971 жылдың мамыр айында елге оралады. Сол жылы классик жазушы Сәбит Мұқанов депутаттыққа түсіп, ауыл жұртымен кездесуге келген еді. Әлі әскер киімін шешіп үлгермеген Талғат та даңқтты тұлғаны қарсы алғандардың ортасында болады.
Майданнан ширап келген жас жігіт Талғат Рәшитұлы Ауыл жастарымен бірге Целиноград (қазіргі Астана) қаласына келіп Ауыл шаруашылық институтының агрономдық бөліміне оқуға барады. Бірақ, техникумнан кейін 3 жыл жұмыс істеу керек болғандықтан құжаттарын қабылдамай, Целиноград инженерлік-құрылыс институтына оқуға түседі. Кейіпкеріміздің азамат болып қалыптасуы осы беделді оқу орнында білімді ұстаздардың қатысуымен жүзеге асқан еді. Бұл мамандықты таңдауда да заңдылық бар сияқты. Себебі суретке бейім, қолы шебер Талғат жас кезінде-ақ көрші-қолаңның үйінің шатыры құласа я қорасының қабырғасы қисайса, іштей «мына жағын былай жасау керек» деп балалық қиял жетегіне еретін еді.
Институтты тәмамдаған соң деканат берген жолдамамен Мәскеу қаласында орналасқан Бүкілодақтық Союзгазпромстрой деген бірлестікке барады. Ол жерден басқарма ұсынған КСРО әр жеріндегі бірнеше бағыттың ішінен Қазақстанда ғана еңбек етуді армандаған Талғат Маңғышлақ облысындағы Бейнеу ауданындағы екпінді комсомол құрылысын таңдайды. Солайша тағдырдың жазуымен 1977 жылдың 20 қазанында Бейнеу-Опорная-Құлсары-Мақат станцияларын басып өтетін Орта Азия–Орталық деп аталатын газ құбырының компрессерная станцияларында құрылыс объектілерін салатын мекемеге жұмысқа орналасады. Опорная станциясы - шағын темір жол бекеті.
Негізгі тұрғындары - теміржолшылар мен компрессерная станциясының жұмыскерлері. Одақтың бұрыш-бұрышынан келген адамдар бір-бірімен тату-тәтті араласып, қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларының көпшілігі шартты түрде босаған сотталғандар екен, осындай күрделі ұжымда жұмыс бастауға тура келеді. Әскерде болып, ерте жұмысқа шыңдалған Талғатқа жаңа ортаға бейімделіп, өзіне бейтаныс азаматтардың басын қосып жұмысқа ұйымдастыру аса қиынға соққан жоқ. Көп ұзамай учаске бастығы болып, қызметі көтеріледі.
Аталмыш қызметінде жүріп ағамыз көп жылдар бойына қасықтап жинаған мол тәжірибесін орталық жұмысының ілгері басып, қарыштай дамуына жұмсады десек те болады. Бұл сөзімізге ағамызбен істес болған әріптестері мен жақын араласқан дос-жарандары куә. Аз уақыт ішінде жергілікті тұрғындардың ішінде беделге ие болып, тез танылады, басқа ұжым мүшелерімен де жақсы қарым-қатынас орната біліп, беделді азаматқа айналды.
1980-1981 жылдары Пенза облысында компрессорная станциясының құрылысына қатысып, іскерлігімен көзге түскен жас маман сол жерге жұмысқа шақырылады. Алайда елінде ғана жұмыс істеуді аңсаған азамат ол ұсыныстан бас тартып, Қазақстанға қайтады. Ата-анасы қартайған шақта қастарында болуды қалап 1981 жылы Солтүстік Қазақстан облысына Мәскеу ауданының орталығы Корнеевкаға көшіп, прораб, учаске бастығы лауазымдарында қызмет атқарды. Туған ауылы Бұлаққа совхоз прорабы болып ауысып, еңбек етеді. Сол жылдары ауылда құрылыс қарқынды жүріп, Талғат Рәшитұлының басшылығымен салынған үйлер осы күнге дейін ауылдарымыздың сәнін келтіріп тұр.
Өткен ғасырдың 80-жылдардың ортасында «Тенгизшевройл» компаниясының дүркіреп тұрған кезі, жан жақтан іскер азаматтар жиналып, құрылысқа ат салысып жатады. Соның ортасында жүрген институтта бірге оқыған жолдасы Сембин Дулат та Талғатқа қолқа салып, бірге жұмыс істеуге шақырады. Осылайша, 1987 жылы өмір жолы Талғатты Атырау облысы, Жылыой ауданында орналасқан Құлсары қаласына әкеледі. Қала ірі мұнай кен орындарының бірі Теңіз кенішіне жақын орналасқан.
Талғат Рәшитұлының өмірінде жаңа кезең басталып, еліміздегі ең жетекші құрылыс жүрген аймақтың дамуына ат салысу бұйырды. Еңбекке ерте ысылып, жан жақты тәжірибе жинаған азаматқа жаңа ортаға бейімделу қиын болған жоқ. Біліктілігі, іскерлігі арқылы жұмыста абыройға ие болса, жеке басының адамгершілік қасиеттерімен, бауырмашылдығымен жаңа достар тауып алады. Бірі жезде, енді бірі бауырым деп жақын тартатын. Өте күрделі құрылыстарды сапалы қылып аяқтап уақытында тапсыру Талғат Рәшитұлы үшін үйреншікті іс еді.
Сондай абыройының арқасында 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында дүниежүзілік жазғы Олимпиадаға Қазақстандық спортшыларды қолдауға баратын топқа берілген жолдамалардың бірі Талғат Рәшитұлына беріліп еліміздің әр қалаларынан келген жерлестермен, спортшылармен бірге болады. Сол сапарда Роза Рымбаева ән салғанда, сахнаға Талғат Рәшитұлы та көтеріліп, екі дауыста ән шырқап әйгілі әнші қарындасының ризашылығына бөленген еді.
1997 жылы «Барыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басқарма басшысы қызметін 2003 жылы зейнетке шыққанша атқарады. Талғат Рәшитұлының басшылығымен салынып, бой көтерген өндірістік ғимараттар Прорва, Тереңөзек, Құлсарыға қарасты кен алаңдарында ел игілігіне қызмет етуде. Құлсарыдағы тігін фабрикасы, көппәтерлі тұрғын үйлер, Қаратон ауылы тұрғындарын Каспий суынан құтқару кезінде жаңадан салынған Жаңа Қаратон ауылы да Талғат Рәшитұлынан қалған ескерткіштер. Алты ай ішінде Қысымбай, Аққұдық, Ақінген кеніштерін салу жұмыстарының басында жүрді. Ембімұнайгазға қарайтын жатақханалар, асхана, өндірістік кешендер салынды.
Осы нысандарды салғанда Талғат Рәшитұлы өзінің біліктілігін көрсетті, жұмыс барысында қызу айтыстар болғанда ол өзінің пікірінің дұрыстығын дәлелдей білуші еді, аяғында оның айтқаны дұрыс болып шығатын еді дейді әріптестері. Ауданда кейіпкеріміз өте сауатты, білімді, тәжірибелі басшы, маман бола білді. Жылыой ауданының дамуына үлкен үлес қосқанын жергілікті тұрғындар осы кезге дейін ризашылық сезіммен айтып жүреді. Оның осы еңбегі бірнеше рет Мақтау қағаздарымен аталып, «Қазақстан мұнайының 100 жылдығы» медалімен марапатталған еді.
Ұжымның жұмысын жақсы жолға қоюмен ғана шектелмей оның жан жақты салауатты және мәдени өміріне де үлкен мән беретін. Спорттық турнирлер, шахмат жарысын өткізу дәстүрге айналған еді. Әртүрлі мәдени шаралар өткізіп өзі ән салып басында жүретін. Достарымен жиі хабарласып, жұмыстан кейін күн ара кездесіп тұратын. Мейрамдар, туған күндерді атап өту, үлкендерге сәлем беру, Наурыздарда көрісу әдетке айналып достары жиі Талғат Рашитұлының дастарханына жиналушы еді. Жолдастардың арасында отырыстарда, дастархан басында кейіпкеріміз басшы болатын. Өте сауатты, қазақтың әңгіме-аңыздарды терең білетін, домбырамен әндер айтатын.
Талғат Рәшитұлы жоғарыда айтып кеткеніміздей жастайынан еңбекқор, өмірге ғашық болған азамат. Қай кезде болмасын аузынан ауыл-елі түспейтін, жүрегі кең, реті келгенде шын мұқтажға көмек қолын созуға дайын тұратын жомарт жан. Елмен, жақын-жуығымен сыйластығы мығым, жан-жағындағы достары да, әріптестері де, қызметтестері де оның қарапайым қалпына тәнті. Бойындағы ізгілік пен парасаттылық оның адалдығы мен әділдігін паш етіп тұрғандай.
Әрдайым өз жұмысына асығып тұратын, бүгінін бір жақсы іспен аяқтауға тырысатын нағыз маман. Өзі қандай болса, жанындағы қызметкерлері де сондай іскер, өз шаруаларына мықты, сайдың тасындай қаланған жандар. Ал осындай ел басқарушысы бар аймақтың қандай болмағын бағамдай берсеңіз болады. Көп мақтауды ұната бермейтін, сөзден іске дейтін азаматтың өн бойы толы жақсылық. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талантты, талапты жастарды әрдайым қолдауынан кенде қалдырған емес. Білімді, өнерлі, спортсүйер жастарды үнемі демеп отырады.
Талғат Рәшитұлы үшін Жылыой құтты мекен болды. Себебі, осы елде ол өзінің Талғат екенін танытты, беделді және бүкіл ауданға танымал, жақсы басшы болды, маңайына адал достар, жолдастар, таныс, құда-жекжат, бажа-балдыздар жинады. Құлсарыда аңсап күткен ұлы Дәулет дүниеге келді.
2009 жылы Астана қаласына қоныс аударып, имандылық жолына бет бұрады. Маңдайы сәждеге тиген жұмыр жүректі әр пенденің Жаратқанның алдында бес парызы бар. Жүздің емес, мыңның біріне бұйыратын жаратқанның сыйы – қажылық парызын жұбайы Бибіажармен 2010 жылы өтеп қайтты. Қасиетті Қағбаның түбінде елі мен жақындарының амандығын, жерінің тыныштығын тілеп дұға қылды.
Ағасы Тасқын мен апасы Саруардан кейінгі үлкен болып саналатын Талғат бауырларына ерекше қамқор бола білді. Олардың шаңырақтарында болған тойлар Талғатсыз өтпеуші еді. Інілерін жақсы істерге бастап, ақыл кеңесін аямайтын. Мысалы, інісі Әйіп Мәскеуде аспирантурада оқығанда да, Киев қаласында кандидаттық диссертация, Алматы қаласында докторлық диссертация қорғағанда да қасында қолдап жүрді.
Талғаттың балалары мен немерелеріне деген махаббаты ерекше еді. Жары Бибіажармен тату-тәтті отбасын құрап, үш қыз бір ұл тәриелеп өсірді. Қыздарын өз қолынан ұзатып, құдаларымен етене жақын араласып тұрды. Үлкен қызы Әсел Атырау қаласында тұрады, заң саласының қызметкері. Күйеуі Нұрлан – жеке кәсіпкер, бірнеше ұл қыз тәрбиелеп отыр. Ортаншы қызы Нұргүл – дәрігер, Ақтөбе қаласында тұрады. Күйеуі Арман – жеке кәсіпкер. Бірнеше ұл-қыздың ата-анасы. Кіші қызы Нұрсәуле Астана қаласында тұрады. Білікті қаржыгер. Күйеуі Алмаз – қаржы маманы, бірнеше ұл-қыздың тәрбиелеп отыр.
Талғаттың тұяғын басып отырған ұлы Дәулет – қаржы маманы, жары Әйгерім екеуі анасы Бибіажарға Арайлым атты немере сүйгізіп, қуанышқа бөлеп отыр.
Қандай ортаға барса да өзінің адамгершілігімен, ақсақалдық парасаттылығымен, ойды түсініп, сөзді екшей білетін, ағалық сөзін тыңдата білген парасаттылығымен ел құрметіне бөлене білген Талғат Ришатұлы 2021 жылы мамыр айының 28-жұлдызында мәңгілік мекеніне кете барды. Тәні жер қойнына тапсырылғанымен, ол жасап кеткен істер, оның асыл бейнесі ұрпақтарының жадынан ешқашан өшпек емес!
«Жақсы адам елдің ырысы, Жақсы сөз жанның тынысы» деген, күн секілді шуағын шашып, көмейінде күміс сөздер мен мұндалап жатқан ақыл-кеңестері мен даналық сөздерімен жүздескеннің жүзін жарқыратып, жанын жадырата білген Талғат Рәшитұлының жаны пейіште шалқып, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!