Білім беру саласының ардагері, 1964-1989 жылдары №103 «Қызылту» сегізжылдық мектебінің директоры, 1974 жылдан орта мектеп болған «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағының, «Халық ағарту қызметінің үздігі» төсбелгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50, 60 жыл» мерекелік медальдарының иегеріТыл ардагеріСыр бойының саялы бәйтеректері
Сыр бойының қоңыр самалы мен Қазалының қасиетті топырағы талай жанның мінезін шыңдап, талай әулеттің берекесін бекіткенін тарихтың өзі дәлелдейді. Ал сол өңірдің жүрегінде өмір сүріп, елге еңселі еңбек сіңірген Байғара Қанатұлы мен Аққайша (Биғайша) Сүлейменқызының ғұмыр жолы өнегеге толы. Қоғамға ұстаздықпен қызмет еткен ердің қайраты мен үй ішіне мейірім ұялатқан ананың сабыры ұштасқанда, ұрпаққа үлгі болар тұтас әлем қалыптасатыны бар. Дәл сондай жарасым бұл шаңырақтан айқын байқалады.
Осы мақаланың бастауында біз Байғара Қанатұлының ағартушылық жолын, Аққайша
(Биғайша) Сүлейменқызының аналық ғибратын, сондай-ақ ұрпаққа қалған рухани мұраның мәнін сөз етіп, уақыт өтсе де көмескіленбейтін адал қызметтің ел жүрегіндегі орнын ашып көрсетеміз.
Сыр бойының самалы бірде сыр шерткендей баяу есіп, бірде өмірдің өз ырғағын сездіріп, адам баласын төзім мен табандылыққа баулитын қоңыр мінезімен ерекшеленеді ғой. Дәл сондай қасиет дарыған Қазалы өңірінің қойнауында – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Октябрь ауылдық кеңесіне қарасты «Октябрь» колхозында 1929 жылы кедей шаруа шаңырағында дүние есігін ашқан Қанатов Байғара Қанатұлының ғұмыры да ауыл тынысымен, ел тағдырымен, ұрпақ үмітімен қабысып жатқан тағылымды жолға айналды. Саналы өмірін оқу-ағарту ісіне арнап, ұлағат пен парасатты қатар ұстаған ол – білім беру саласының үздігі ретінде танылған, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына лайық деп бағаланған басшы-педагог. Ал мұндай биік мәртебе кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтіні белгілі.
Байғара Қанатұлының болмысын түсіну үшін оның шыққан тегі мен тәлім алған ортасына үңілмей өту мүмкін емес, өйткені адамды адам ететін – әуелі шаңырақтағы тәрбие, кейін ел ішіндегі өмір мектебі. Әкесі Қанат – Бұлан есімді байдың жалғыз баласы болып, әке дәулетін
арттырған. Ал мейірім нұры таңғы сәуледен де шуақты анасы Қалампыр шаңырақтың шырайын сөндірмей, екі ұлды – Қарабек, Байғара өсірген. Кейін тағдыр жазуымен Қалампыр анасының көзі көрмей, әкесі екінші рет Аққоянға үйленеді. Осылайша екінші анасы да Кеңшілік, Оңталап атты екі ұлды – қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, адамдықтың өзегін ұғындырып, сабыр мен сыйластықты үйдің берекесіне айналдыра білді.
Жарқын келешекке жетелер білім сүрлеуінің алғашқы қадамын Байғара Қанатұлы 1938 жылы Арал өңіріне қарасты Қасқақұлан ауылдық кеңесінің Ұзынқайыр балық зауыты жанындағы жетіжылдық оқу ордасында бастап, балалық шағының өзінде-ақ танымға ұмтылған зерделі өрен ретінде көзге түсті. Сөйтіп, 1945 жылы іргелі білім ордасын тәмамдаған сәтте оның жүрегінде білімге деген ынтықтық одан әрі бекіді. Ел тағдырын өрт шарпыған сұрапыл кезеңде «бәрі майдан үшін» деген ұран әр шаңырақтың маңдайшасына айналып, ауылдағы еңбектеген бүлдіршіннен еңкейген қарияға дейін тынымсыз іске жұмылған шақта, бұғанасы толық қатпаған бозбала да тіршіліктің ауыр жүгін ерте арқалап, еңбек дәмін ерте татты. Алайда сол қатал сынақ оның сағын сындырмай, қайта жігерін жанып, төзімін шыңдай түсті.
Өмірдің ащы сабағынан сүрінбей өткен талапкер оқу жолын үзбей, 1946 жылдан бастап
№ 24 «Октябрь» қазақ орта мектебінде білімін жалғастырып, 1949 жылы орта дәрежені аяқтап, тағдырын ағартушылықпен сабақтастыруға біржола бел буды. Арман тұлпарын тақымға қыса ұстаған жас жігіт 1949–1953 аралығында Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы (бүгінгі Қорқыт Ата есімімен белгілі) институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде тәлім алып, ана тілінің мәйегін, сөз өнерінің тылсым қуатын терең меңгеріп, ой жүйесін айқындап, рухани кеңістігін кеңейтті.
Біліммен бекінген жас маман көп созбай, 1953 жылы № 24 «Октябрь» колхозына жол тартып, қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін ұстаз ретінде еңбек майданына кірісті. Сөйтіп, ауыл тіршілігінің қалың ортасында жүріп, оқушы жүрегіне сәуле құятын, сөз қадірін сезіндіретін, ұлттық рухты оятатын жауапты міндетті өз тағдырындай қабылдады. Осы мезеттен бастап оның өміріндегі әр күн тек күнкөріс қамы емес, жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін себетін үлкен миссияға айналып, ұстаздық атты қасиетті жолдың алғашқы белесі нақ осы ауылда нық қаланды.
№24 «Октябрь» қазақ орта мектебіндегі ұстаздық ғұмыры 1964 жылға дейін үзілмей жалғасып, Байғара Қанатұлы шәкірт жүрегіне сөз мәйегін сіңіріп, тіл мен рухтың қадірін ұғындырған тәлімгер ретінде ел ықыласына бөленді де. Тәжірибесі толысқан шақта оған одан да салмақты аманат жүктеліп, 1964 жылдың қыркүйегінен бастап Қарашеңгел ауылдық кеңесіне қарасты «Қызылту» колхозындағы №103 «Қызылту» сегізжылдық оқу ордасына жетекші болып тағайындалды. Сол сәттен бастап оның өмір ырғағы сынып қоңырауымен үндесіп, оқу-тәрбие ісінің ыстығы мен суығына қатар төтеп берген жауапты жылдарға ұласты. Өйткені ол басқару қызметін мәртебе деп емес, ұрпақ алдындағы парыз деп қабылдап, әр баланың ертеңін елдің келешегімен бір таразыға салды.
Қ. Пірімов атындағы №103 мектептің тізгінін ширек ғасырға жуық уақыт бойы ұстап, педагогикалық ұжымды үздіксіз ұйыстырған басшы 1989 жылдың 1 шілдесінде алпыс жасқа толуына байланысты еңбек демалысына шыққанға дейін тәртіпті талаппен ұштастырып, білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмысты орнықтырды. Дәл осы кезеңде оқу мекемесіне қосымша ғимарат жалғанып салынып, оқу кеңістігі кеңейіп, ауыл баласының арманына жол ашатын мүмкіндік молая түсті. Оның жетекшілігі тұсында ұстаздар қауымы 35 маманнан құралып, соның
25-і жоғары білімді, 10-ы арнаулы орта даярлықтан өткен кәсіби кадр ретінде қызмет атқарды. Ал төрт жүзге жуық оқушы білім алып, ауылдық ортада мазмұны терең, тынысы кең ұжым қалыптасты. Бұл сандық көрсеткіштердің ар жағында күн сайынғы қажыр, әр сабақтағы жауапкершілік, әр шәкіртке деген жанашырлық жатқанын аңғару қиын емес. Себебі Байғара
Қанатұлы үшін оқу орны – қабырға мен тақтадан ғана тұрмайтын, мінез тәрбиелейтін, елдік сана қалыптастыратын киелі ұя болатын.
Қоғам сенімін де қоса арқалаған ол жиырма бес жыл бойы жергілікті кеңестің депутаты ретінде ауыл мүддесін қорғап, жұрттың мұң-мұқтажын жеткізіп, қоғамдық іске белсене араласты. Зейнетке шыққаннан кейін 6 жыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін быроймен атқарып, ұстаздық еңбегін елдік қызметпен сабақтастыра білді. Уақыттың ұзын көшінде талай ұрпақ алмасып, талай белес артта қалғанымен, білімге сіңген маңдай тер ешқашан ескірмейді.
2012 жылы сексен бес жасқа қараған шағында өмірден озған Байғара Қанатұлы да артында сондай өшпес із қалдырды.
Байғара Қанатұлының ұстаздық ғұмыры – күнделікті тірліктің шаңына көміліп қала салатын жай еңбек емес, қайта уақыттың таразысына түскенде салмағы ауырлап, қадірі асқақтай беретін азаматтық қызмет. Өйткені ұрпақ тәрбиесіне адалдық танытқан жанның еңбегі түбі бір елдің ертеңіне қызмет етеді. Сынып қоңырауы соғылған сайын бала жүрегіне үміт отын жағуды мақсат тұтқан, ауыл мектебінің тынысын кеңейтіп, ұстаздар ұжымын ұйыстырып, шәкіртінің болашағына жауапкершілікпен қараған парасатты басшының маңдай тері елеусіз қалған жоқ. Керісінше, ол білім саласының ең биік бағаларына ие болып, мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты құрмет көрді.
Елдік мүддені көздеген ағартушылық қызметі үшін оған Қазақстан Республикасы оқу саласы тарапынан 1969 жылы «Халық ағарту қызметінің үздігі» төсбелгісі табысталып, бұл марапат оның ұстаздық жолындағы табандылығы мен талапшылдығын ғана емес, педагогикалық ұстанымының беріктігін де айқындап берді. Ал еңбекті ұлықтайтын тарихи кезеңдерде оның есімі тағы да аталып, мерейтойлық марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ: 1970 жылы «За доблестный труд. В ознаменование 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина» мерекелік медалі табысталып, қоғам үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар қатарына қосылса, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» құрмет белгісі оның педагогикалық шеберлігі мен оқу-тәрбие ісін өрістетудегі нәтижесін мойындатты. «Еңбек ардагері» медалі ұзақ жылғы маңдай тердің, төзім мен табандылықтың заңды қорытындысын көрсетсе, 1995 жылы «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» мерейтойлық медалімен және 2005 жылы «Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қанатов Байғараның тұлғалық болмысы тек мектептің табалдырығынан басталып, тақта алдымен шектелген ұстаздықпен өлшенбейді. Қайта ол – кісіліктің ең биік өлшемі саналатын шаңырақ ішіндегі тәрбие мен татулықтан, отбасыға деген жауапкершіліктен, перзентке көрсеткен қамқорлықтан айқын көрінеді. Өйткені елге өнеге болған азаматтың үйі де өнегелі болғанда ғана оның сөзі салмақ табады. Өмірдің алуан белесінде еңбек пен міндеттің жүгін қатар көтерген Байғара Қанатов асыл жарға арқа сүйеген сенімді серік, ұрпағына асқар тау әке бола білді. Сөйтіп, жан жары екеуі алты перзентті өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әулетке береке дарытқан алтын діңгекке айналды.
Осы бір деректен кейін кейіпкеріміздің өмірлік серігі Аққайша Сүлейменқызы туралы кеңірек толғану орынды. Себебі талай жыл ұстаздық пен басқарушылық міндетті арқалаған ер адамның ел алдында еңсесін тік ұстауына үй ішіндегі сабыр, жан жарының мейірімі мен тірегі үлкен қуат береді. Қанатова Аққайша Сүлейменқызы 1939 жылдың 25 наурызында Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Қасқақұлан ауылында дүниеге келіп, тағдырдың ең күрделі тарауларын балауса шағында-ақ көрді. Әкесі Тұяқов Сүлеймен соғыс өрті шарпыған жылдары Отан қорғауға аттанып, майданнан оралмай, елге аманат болып есімі ғана емес, ерлік рухы да қалды. Ал анасы Шәмбике колхоздың ауыр бейнетін арқалап, жоқшылықтың ішінде де үміт отын өшірмей, қызын еңбекке, төзімге, ибалыққа баулыды.
Қасқақұландағы жетіжылдық мектептен білім алған
Аққайша ана он жеті жасында, 1956 жылы Байғара Қанатовпен отау құрып, жас болса да жүрегі кең, жауапкершілігі зор жанға айналды. Ерте тұрмысқа араласып, тіршіліктің ыстық-суығын қатар өткерген ол шаңырақтың шырайын сақтап, алты перзенттің әрқайсысының бойына мейірім мен тәртіпті қатар дарытып, отбасының ұйытқысы болды. Уақыт өте келе балаларының білім алып, ел қатарына қосылуына жанын салып, тәрбиенің ең нәзік тұстарын – инабатты болуды, үлкенді сыйлауды, еңбекке адал қарауды – күнделікті тірліктің өзімен үйретті. Сөйтіп, ұрпағын өмірдің майданында сүрінбей жүретіндей етіп шыңдады.
Шаңырақтың берекесін сақтаған ана балаларының құтты орындарына қонуына куә болып, немере мен шөберенің тәтті күлкісін естіп, әулеттің өсіп-өнуіне шын қуанды. Ал бұл қуаныштың түбінде жылдар бойы үнсіз төгілген маңдай тер, жүрекпен көтерілген жауапкершілік жатқанын сезесің. 2001 жылы алпыс бір жасқа қараған шағында дүниеден озған Аққайша Сүлейменқызы артында бір үйдің жылуын ғана емес, тұтас әулеттің тірегіндей болған өнегені қалдырды: төзімнің тынысы, мейірімнің мектебі, сабырдың салмағы.
Байғара Қанатов пен Аққайша Сүлейменқызы құрған шаңырақ – ұрпақ өрбіткен ғана емес, тәрбие мен ізгілікті қатар өрген берекелі ұя. Өйткені олар алты баланы қанаттыға қақтырмай өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберенің қызығын көріп, өмірдің ең тәтті сыйына бөленді. Ұлағатты ұстаздың мектеп қабырғасындағы игі ісі бүгінгі күнде де тоқтаған жоқ. Оның үлгілі жолын өз ұрпақтары мен келіндері жалғастырып, бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың рухани кеңістігіне қызмет етіп келеді.
Әулеттің үлкені ретінде ағайынға қамқор, інісін бауырына басқан Қарабеков Бейбіт Қарабекұлы 1969–2002 жылдар аралығында
Қ. Пірімов атындағы №103 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, шәкірт тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған ұстаз ретінде танылды. Ұстаздықтың жүгін жеңіл санамай, тіл мен әдебиеттің тереңін үйретіп, жас жүректердің рухын оятқан ол 2002 жылы өмірден озды. Ал өмірлік серігі Алтынкүл
Төлегенқызымен 1976 жылы шаңырақ көтеріп, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Алтынкүл ана да ел ішінде абыройлы еңбек етіп, есепші ретінде совхоз жұмысының жауапты саласын атқарды. Алайда
2015 жылы дүниеден өтіп, артында Лаура, Айзат, Жанат (марқұм), Аида есімді перзенттерін және жадта мәңгі сақталатын мейірім бейнесін қалдырды.
Қанат Берік Байғараұлы 1964 жылы «Қызылту» совхозындағы №103 орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып, ауыл мектебінің аяулы қабырғасында сауат ашып, бала күнінен кітапқа құмар, сөз қадірін терең сезінетін, ұстаз тәлімін зейінмен қабылдайтын талапты шәкірт ретінде өсіп жетілді. 1974 жылы аталған білім ордасын ойдағыдай тәмамдап, сол жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қабылданып, ана тілінің байлығын, әдеби мұраның тереңдігін, көркем сөздің қасиетін зерделеуге ден қойды. Студенттік кезеңінде ел алдындағы азаматтық парызын да абыроймен атқарып, 1975–1977 жылдары Мурманск қаласында Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп қайтты.
1977 жылдан бастап Қанат Берік Байғараұлы қырық жылға жуық уақыт №103 Қ. Пірімов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, сан буын шәкірттің жүрегіне ана тілге құрмет, әдебиетке сүйіспеншілік, ұлттық рухқа адалдық ұялатты. І санатты білікті ұстаз әр сабағын бала санасына сәуле себетін тағылымды сәтке балап, Абайдың ой тереңдігін, Мұхтардың сөз құдіретін, қазақ қаламгерлерінің асыл мұрасын жас ұрпаққа жүрек жылуымен жеткізді.
Ұзақ жылғы қажырлы қызметі аудандық білім бөлімі мен облыстық білім департаментінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары арқылы бағаланып, ұстаздық жолдағы еңбегі әріптестерінің ықыласына, шәкірттерінің алғысына, ата-аналардың ризашылығына бөленді. Мектеп ұжымында салмақты сөзімен, ақ жүректі қалпымен, кішіпейіл мінезімен, бауырмал пейілімен зор бедел жинаған ардақты жан үлкенге ізет танытып, кішіге қамқорлық көрсетіп, ағайын-туыс пен дос-жаран арасында кең пейілді азамат ретінде абыройға бөленді.
Берік Байғараұлының ұстаздық еңбегі ешқашан зая кеткен жоқ. Бүгінде шәкірттері кең-байтақ еліміздің әр өңірінде түрлі салада абыройлы қызмет атқарып, сүйікті мұғалімінен алған тәлімді өмірлік бағдар етіп келеді. Әр шәкірт жетістігінің астарында ұстаздың талапшыл мейірімі, әдебиетке баулыған ыстық ықыласы, ана тілін ардақтауға шақырған парасатты үні жатыр.
Жары Алмагүл – Қарашеңгел ауылдық округінде қырық жыл бойы мемлекеттік қызмет атқарып, бас маман ретінде ел ісіне араласып, ауылдық кеңесте хатшылық міндетті де тиянақты жүргізген қадірлі жан. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан аяулы ана шаңырақтың берекесін сақтап, екі ұл, бір қыздың тәрбиесіне еңбек пен жауапкершілікті, сыйластық пен адамдықты алтын арқау етті. Ербол – жары Гауһармен, Ернар – жұбайы Ақмаралмен, Айжан – жолдасы Талаппен отау құрып, әулет сабақтастығын жарасымды жалғап келеді.
Өкінішке орай, Берік Байғараұлы 2016 жылдың 22 желтоқсанында дүние салды. Оның өмір жолы – ауыл мектебіне адал қызмет еткен ұстаздың, ана тілін жүрегімен сүйген әдебиетшінің, отбасына қорған, ағайынға сыйлы, шәкіртке шырақ жаққан парасатты жанның өнегелі соқпағы ретінде ел жадында жаңғыра береді.
Қанатов Серікбай Байғараұлының еңбек жолы: ол Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың математика факультетін тәмамдап, 1976–2002 жылдар аралығында Қашақбай Пірімов атындағы
№103 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен дәріс беріп, жасөспірімнің бойына жігер мен жинақылық дарытқан ұстаз ретінде танылды. Кейін 2002–2009 жылдары Ақтан батыр ауылындағы
№190 мектепте директор болып, оқу ордасының тынысын жүйелеп, ұжымға бағыт-бағдар берді. Ал 2009–2022 жылдар аралығында
«Көларық» ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне араласып, жұрттың жүгін көтерген азаматтық келбетін айқындады. Серікбай
Байғараұлының өмірлік серігі Жанқанова Шара – өзі де ұстаздықты ғұмырлық мұрат еткен жан. Қызылордадағы М. Мәметова атындағы училищені 1981 жылы бітіріп, сол жылдан бастап
Қ. Пірімов атындағы №103 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, 2017 жылға дейін отыз алты жылдық мағыналы еңбек өтілін қалыптастырды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ана 2022 жылы дүние салғанымен, шәкірт жүрегінде қалған мейірім мен отбасы ішінде орныққан тәрбие өлшемі – оның өмірінің өшпес жалғасы. Балаларының үлкені Айтуған жары Балжанмен шаңырақ құрып, әулет сабақтастығын жалғап келеді.
Қанатов Ырысбай Байғараұлының еңбек жолы қаржы,
сауда және салық салалары секілді тиянақтылықты талап ететін жауапты бағыттармен өрілген. Ол 1987–1991 жылдары Қазалы аудандық қаржы бөлімінде ревизор-инспектор және атқару комитетінде сауда инспекторы қызметтерін атқарды. Одан кейінгі жиырма жылға жуық уақыт ішінде аудандық салық комитетінде инспектордан бөлім басшысына дейінгі белестерден өтіп, салмақты тәжірибе жинақтады.
Зейнетке шыққанға дейінгі жылдары аудандық мәслихатта, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жолаушылар көлігі бөлімдерінде абыройлы еңбек етті. Жары
Қанатова Нұрғайша Мәделіқызы да – есеп-қисап пен шаруашылық ісіне жүйрік, білікті маман. Семей қаржы-экономикалық техникумы мен Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған ол экономист ретінде аудандық аурухана мен «Шұғыла» балабақшасында бухгалтерлік міндеттер атқарды. Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Бүгінде бұл шаңырақ Еркін (жары Гүлзат), Елеу (жары Айгерім), Ерік, Ерболат (жары Зарема) және Ақкенже есімді бес бала өсіріп, бес немере сүйіп отырған берекелі отбасы.
Одан кейінгі перзенті, әр кезеңнің талабын дұрыс аңғарып, іскерлік пен ізденісті қатар ұстанып, бір салада тоқтап қалмай, қабілетін жаңа бағыттармен толықтыра білген Қанатова Айжамал. №103 мектептің қабырғасында 1970–1980 жылдары білім алып, сол ортадан тәлім-тәрбие жинаған Айжамал кейін Қызылорда қаласындағы тұтынушылар техникумына түсіп, «Тауар тану» (товароведение) мамандығын меңгеріп, сауда мәдениетінің, есеп-қисап пен жауапкершіліктің алғашқы негізін осы оқу ордасында қалыптастырды. Еңбек майданына ерте араласқан ол алғашқы қызметін Қазалы ауданына қарасты аудандық тұтыну кеңесі жүйесінде, сол кездегі «Ак-Узек» мекемесінде товаровед ретінде бастап, ауыл тіршілігінің қарапайым ырғағында жүріп-ақ тәртіп пен тиянақтылықтың мәнін ұғынды. Сауда саласының көзге көрінбейтін, бірақ тіршіліктің тамырындай маңызды тұстарын меңгеріп, тауарды саралау, есеп жүргізу, халыққа қызмет көрсету тәрізді жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүрді. 1992 жылдың қазан айында Қызылорда қаласына қоныс аударып, еңбек жолын қалалық ортада жалғастырып, сауда саласында қызмет етті де, тәжірибесі толысқан шақта 2000 жылдан бастап Қызылорда қалалық статистика басқармасына маман болып ауысып, дерек пен дәлдікке сүйенетін жаңа арнада өзін таныта білді. Сан мен сарапқа негізделген бұл салада да ол ұқыптылық пен жүйелілікті серік етіп, жауапты қызметтің жүгін көтерді. Еңбектен қол үзбей жүріп, білімін тереңдетуге ұмтылған Айжамал 2002–2005 жылдары Алматы қаласындағы Статистика академиясында «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқып, кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтерді. Осылайша теория мен тәжірибені ұштастырған ол статистика саласындағы қызметін 2010 жылға дейін жалғастырып, кейін 2011 жылдан мемлекеттік қызметке ауысып, қоғамдық жауапкершілігі жоғары бағытта еңбек етті. Ұзақ жылғы маңдай тер мен тиянақты қызметтің заңды қорытындысы ретінде 2024 жылы құрметті Мәшенбаев Оңдаш Тұрғанбайұлы да ел игілігіне қызмет еткен азамат ретінде білім саласында, сондай-ақ статистика және су шаруашылығы бағытындағы мекемелерде еңбек етіп, жауапты міндеттер атқарған. Бұл шаңырақтың ұрпағы да өз жолын тапқан: Эльмира – жары Серікболмен, Жазира – жолдасы Бағланмен, Ақмоншақ – жұбайы Талғатпен отау құрып, әулет сабақтастығын жалғап келеді.
Қанатов Бақытжан Байғараұлы: ол 1980 жылы сегізінші сыныпты аяқтап, Қызылорда политехникалық техникумының құрылыс бөліміне түсіп, 1984 жылы бітіріп шықты да, көп ұзамай 1984–1986 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет етіп, старшина шенімен оралды. Білімге деген құштарлығы мен мақсатқа беріктігі оны әрі қарай алға жетелеп, 1986 жылы
Новосибирск темір жол инженерлері институтына қабылданып,
1991 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып шықты. Тәуелсіздік таңындағы өтпелі жылдары ол жаңа экономикалық кеңістікке бейімделіп, 1992 жылы Қызылорда облысы жас кәсіпкерлікті қолдау қорының атқарушы директоры қызметін атқарып, кәсіпкерлікпен де қатар айналысты. Кейін мемлекеттік қызметтің жауапты арнасына бет бұрып, 1998 жылдан бастап Қызылорда облысы бойынша салық және қаржы полициясы құрылымдарында 2004 жылға дейін еңбек етіп, одан әрі Қазақстан Республикасы Қаржы полиция агенттігінде 2012 жылға дейін қызметін жалғастырды. 2012–2016 жылдары квазимемлекеттік мекемелерде тәжірибесін тереңдетіп,
2016–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы ретінде жауапты бағытты басқарды. Ал қазіргі таңда осы комитетке қарасты республикалық мемлекеттік мекемеде қызмет атқарып, кәсіби жолын жалғастырып келеді. Өмірлік серігі Нысанова Макира Әшірбекқызы да ұстаздықты серік еткен, өнер мен тәрбиені қатар ұстаған білікті маман. Ол М. Мәметова атындағы училищені 1985 жылы тәмамдап, сол жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтында жоғары білім алып,
1989 жылы Қазалы қаласындағы ән-әуез мектебінде музыка пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастады. Бүгінде Астана қаласындағы №59 мектепте шәкірт тәрбиелеп жүрген тәжірибелі ұстаз. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бұл шаңырақта да тәрбиенің өзегі – білімге құрмет пен еңбекке адалдық: Әсел жолдасы Нұржанмен, ал Шыңғыс пен Мағжан өздерінің өмірлік мақсаттарына қарай қадам басып, әулеттің абыройын асқақтатып келеді.
Әулеттің кенжесі Қанатов Амангелді – әулеттің кенжесі ретінде аға буынның жолын лайықты жалғап келе жатқан білікті ұстаз. Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, ол 1989 жылы Қ. Пірімов атындағы №103 орта мектепте
нұсқаушы болып алғашқы еңбек жолын бастады. Он жылдан соң аталған білім ордасында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерді спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты. Кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2013 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 2021 жылдан бастап бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметтеріне тағайындалды. Қазіргі таңда ол мектептегі білім сапасын арттыру мен оқу үрдісін жүйелеу бағытында жемісті еңбек етуде. Өмірлік серігі Қанат Лида Сейтжаппарқызы да – білім саласының маманы. М. Мәметова атындағы педагогикалық колледж бен Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде кітапхана ісі мамандығын игерген ол бүгінде №103 орта мектепте кітапханашы болып қызмет етеді. Бұл шаңырақта да ұрпақ сабақтастығы өз жалғасын тауып отыр: ұлдары Нұрсұлтан (жары Айдана) және Бексұлтан (жары Назгүл) отау құрып, әулеттің мерейін асырса, кенже қызы Жібек мектептің 4-сыныбында білім алуда.
Байғара Қанатұлы мен Аққайша (Биғайша) Сүлейменқызының ғұмырнамасына үңілген сайын, адам өмірінің ең үлкен жеңісі атақ пен даңқта емес, артында қалған өнегеде, ел жадында сақталған игі істе, ұрпаққа дарыған тәрбие мен мінезде екенін анық аңғарамыз. Бірі – білім шырағын жағып, талай буынның жүрегіне үміт отын тұтатқан ұлағатты ұстаз, парасатты басшы ретінде ауылдың рухани тірегіне айналса, бірі – шаңырақтың шырайын сөндірмей, сабыр мен мейірімнің мектебін көрсеткен аяулы ана ретінде әулеттің алтын діңгекке айналды. Осылайша екеуінің өмірі еңбек пен ізгіліктің, талап пен татулықтың жарасымды үйлесімін танытты.
Мектеп қоңырауының үнін өз тағдырының үнімен тең көрген Байғара Қанатұлы қай жерде қызмет етсе де білімнің қадірін биік қойып, шәкірттің бойынан бір сәуле іздеп, сол сәулені маздата білуді мақсат етті. Ал оның басқарушылық еңбегі де құрғақ тәртіппен шектелмей, ұжымға ұйытқы болар әділет пен жанашырлыққа негізделді. Аққайша (Биғайша) Сүлейменқызы тағдырдың талай сынағын үнсіз еңсеріп, соғыс салған жараны жүрекпен көтеріп, отбасын ұйытып, алты перзентті адам қатарына қосып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана болды. Отбасылық берекені бір күндік
қуанышпен емес, жылдарға созылған төзіммен, мейіріммен, жанкешті еңбегімен қалыптастырды.
Олардың есімі ел есінде ұстаздықтың ұлағаты, аналықтың аяулы мейірімі ретінде сақталып, кейінгі буынға бағыт-бағдар берер шамшырақ болып қала бермек. Екі асыл жанның рухына тағзым етіп, артында қалған ұрпаққа амандық, береке, бірлік тілей отырып, осы мақаламызды құрметпен қорытындылаймыз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()