Казиева Алия Дайрашқызы

Рейтинг:

Заңгер, Ақтөбе облысы заң консультанттары палатасының мүшесі, Медиатор, медиатор-жаттықтырушы, Астана қаласы «Келісу» кәсіби медиаторлар одағы» РҚБ-нің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры, Мұғалжар ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі, «Kazinterservis» ЖШС-нің құрылтайшысы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған мерекелік медальдің иегері

Дауға тоқтам, елге медет болған ғибратты ғұмыр

      Адамның саналы ғұмыры – артында қалдырған өнегелі ізімен, ел игілігіне сіңірген адал еңбегімен өлшенеді. Өмір жолын халық тағдырымен сабақтастырып, адамгершілік пен парасаттылықты ту еткен тұлғалардың бірі – заңгер әрі кәсіби медиатор Казиева Алия Дайрашқызы. Оның кәсіби қызметі – заң саласындағы терең білім мен мол тәжірибені, адам тағдырына деген ерекше жанашырлықты және қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты орнықтыруға бағытталған жауапкершілікті ұштастырған жарқын үлгі.
      Алия Дайрашқызы 1961 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Балалық шағы теміржолдың тынымсыз тіршілігімен біте қайнасып, еңбек пен тәртіпті, жауапкершілік пен адалдықты жастайынан бойына сіңіріп өсті. Әкесі Дайраш Ермағанбетов пен анасы Марзия Ермағанбетова бар ғұмырын темір жол саласына арнап, маңдай термен келген адал еңбектің қадірін ұрпағына ұғындырған жандар еді. Осындай еңбекқор да өнегелі шаңырақта тәрбиеленген Алияның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ата-анасының тағылымы айрықша ықпал етті.
      Ол бір анадан тараған жеті бауырдың ортасында өсті: Ахмет, Қуан, Сәрсенбі есімді үш ағасы, Ғалия мен Гүлсия есімді екі сіңлісі және Жүсіп есімді інісі болды. Ағайын арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты жүрегіне берік ұялаған Алия үшін әр бауырының орны ерекше еді. Өкінішке қарай, отбасының кенжесі Жүсіп 2002 жылы небәрі 33 жасында өмірден ерте озып, артында орны толмас өкініш қалдырды. Дегенмен бірге өткізген балалық шақтың жарқын сәттері мен бауырлар арасындағы ыстық ықылас Алияның жүрегінде мәңгі сақталып, өмір жолындағы ең қымбат естеліктерінің біріне айналды.
      Тағдырдың жазуымен ата-анасынан ерте айырылған Алия Дайрашқызы үшін өмірінің ең сындарлы шағында Ахмет пен Қуан ағаларының орны айрықша болды. Қос аға соңынан ерген бауырларына әке орнына әке болып, қиын-қыстау кезеңде қорған болып, бар мейірімі мен қамқорлығын төкті. Оларды жетімсіретпей жетелеп, ата-анасын жоқтатпай, қолдан келгеннің бәрін жасап, өмірдің талай белесінен сүрінбей өтуіне жол көрсетті. Бүгінде бауырларының жеткен әрбір биігі мен бағындырған асуының ар жағында қос ағасының ақ тілегі, ақыл-кеңесі, еңбегі мен жанашырлығы жатыр. Асқар таудай ағаларының арқасында олар қанаттанып, ел қатарлы өмір сүріп, өз жолдарын тапты.
      Ахмет пен Қуан – темір жол саласына саналы ғұмырын арнаған, еңбегімен ел алғысына бөленген ардагерлер әрі туған-туысқа сүйеніш бола білген парасатты азаматтар. Олардың бауырларына жасаған жақсылығы – уақыт өте көмескіленбейтін, жылдар өткен сайын қадірі арта түсетін өлшеусіз адамгершіліктің жарқын үлгісі. Қос ағасының мейірімі мен маңдай тері, ақ батасы мен ағалық өнегесі бауырларының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
      Алия Дайрашқызы Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепті 1978 жылы тәмамдады. Бала кезінен заңгер болуды армандағанымен, туған жердің болашағына үлес қосуды алдыңғы орынға қойып, 17 жасында еңбекке араласты. Жастық жігері, туған жерге деген патриоттық сүйіспеншілігі мен елге қызмет етуге деген құлшынысы оны өмірдің үлкен сынақтары мен шыңдалу мектебіне алып келді. Бұл – сол кездегі жастардың санасын Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол... Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым біліп қой» деген өсиетімен шыңдаған шағы еді.
      1976 жылы Октябрь ауданының Шилісай мекенінде фосфорит тау кеніші ашылып, фосфорит ұнын байыту фабрикасы салынды. Осыған орай КСРО-ның әр түкпірінен білікті мамандар келе бастады. Сөйтіп, Қандыағаш өңірінде жаңа қаланың іргетасы қалана бастады.
      Шилісай Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланғанда, Алия Дайрашқызы да жастармен бірге осы ауқымды істің бел ортасында болды Ол жастық жігерін еңбекпен ұштастырып, 1978 жылы өзінің пікірлес сыныптастары – Гүлнар Абдрахманова, Ырысты Абдулгазизова, Сәуле Уразымбетова, Клара Елеуова, Болат Мәмбетов және Нұрсұлу Досовамен бірге «Фосфорит-78» құрылыс бригадасын ұйымдастырды. Осылайша, олар еңбек жолын жаңа қаланың құрылыс алаңынан бірге бастады. 1978–1979 жылдары Алия Дайрашқызы мен оның бригадалас достары Қандыағаш қаласының жаңа қонысы – бүгінгі «Жастар» шағын ауданының іргетасын қалауға айтарлықтай үлес қосты.18 жастағы жалынды жас қыз теледидар мен радио желісі арқылы үндеу жолдап, жан-жақтан КСРО жастарын жинауға мұрындық болды. Шағын ауданның «Жастар» атанғаны да осыдан еді.
      Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан жас қыз үшін құрылыс алаңы үлкен өмір мектебіне айналып, оның бойындағы табандылық, жауапкершілік пен еңбекке деген құрметті шыңдай түсті. Таңның атысынан кештің батысына дейінгі тынымсыз еңбегімен Жаңа қоныстың алғашқы кірпіштерін қалап, ел игілігіне өз үлесін қосқан Алия Дайрашқызы өз жастық шағының өшпес ізін қалдырды. Бүгінде сол қажырлы еңбек пен жастық жалынның куәсі болған «Жастар» шағын ауданының әрбір көшесі мен үйі – оның ел үшін аянбай қызмет ету сияқты өмірлік ұстанымдарын қалыптастырған алғашқы белесінің жарқын ескерткішіндей.
      1980–1982 жылдары ол Қазпошта мекемесінде оператор болып жұмыс істеді. Ал 1983 жылдан бастап өмірінің жаңа бір маңызды кезеңі басталды. 1983–1998 жылдар аралығында Шилісай тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан шебер, кейін технолог қызметіне дейін көтерілді. Атқарған әрбір қызметі оған өмірдің түрлі қырын танытты: қарапайым еңбек адамының қадірін де, маманның жауапкершілігін де, басшылықтың салмағын да терең сезінді.
      1991 жылы Еліміз Тәуелсіздік алып, жаңа мемлекет құру табалдырығында тұрған шақта, Алия Дайрашқызы курсқа жолдама алып, Мәскеу біліктілікті арттыру институтына оқуға түсті. Онда «Бизнес, нарықтық экономика және менеджмент» мамандығы бойынша білім алып, куәлік алды. Сол кезде ол бар болғаны 30 жаста еді...
      1998 жылы экономикалық дағдарысқа байланысты фабрика жұмысы тоқтап, ол Шилісай кенішінен өз еркімен жұмыстан шығуға мәжбүр болды. 1998–2001 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жолаушылар тасымалдау кәсібін жүргізді. Ал 1999–2001 жылдары заңгер көмекшісі болып еңбек етті.
      2001 жылдың наурыз айында Алия Дайрашқызы Қандыағаш қаласының әкімдігіне бас маман болып қызметке қабылданды. XXI ғасырдың алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезеңінде қаланы қайта жаңғырту қажеттілігі туындады. Жұмыссыздық белең алып, жылу мен су тоқтаған, қаржы тапшы, халық абдырап, үйлер бос қалған ауыр шақ еді. 17 жасында өзі іргесін қаласқан сүйікті қаласының иесіз қалғандай күйін көрген ол мойымай, халқымен бірге қаланы қайта аяққа тұрғызуға бар күш-жігерін жұмсады.
      Оның қызметіндегі басты міндет – иесіз қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру, жылу мен су жүйелерін қайта қосу, қаланың еңсесін көтеріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болды. Тұрғындардың еңсесін түсірмей, ертеңге деген сенімін ояту мақсатында Алия Дайрашқызы өзі туып-өскен өлкесінің тарихын тереңнен қозғап, елдің рухын көтеретін ауқымды шара өткізу туралы бастама көтерді. Ол сол кездегі Қандыағаш қаласының әкімі К.М. Бекетовке қала тарихын негізге ала отырып, арнайы «Қала күнін» белгілеу және оны жоғары деңгейде атап өту жөнінде ұсыныс білдірді.
      Бұл ұсыныс қолдау тауып, 2002 жылы Алия Дайрашқызының тікелей үлесімен Қандыағаш қаласының мәртебе алғанына 35 жыл және сәулетті «Жастар» шағын ауданының іргетасы қаланғанына 25 жыл толу мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Сөйтіп, 2002 жылдың 
      28 қыркүйегі Қандыағаш қаласының тарихына алтын әріппен «Қала күні» болып енді. Осы айтулы мереке халықтың болашаққа деген үмітін оятып, көңіл-күйін көтерді. Ал жергілікті басқару аппараты, аудандық және қалалық әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері тұрғындардың шынайы қуанышы мен ризашылығын көріп, сөзбен жеткізе алғысыз ерекше әсерде қалды.
      Үміт, сенім және жауапкершілік оның бойына сарқылмас күш-қуат берді. Әкімдік қабырғасындағы бұл жұмыс оған ел басқару жүйесі мен халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын терең түсінуге мүмкіндік берді.
      Алия Дайрашқызы үшін заңгер болу – бала кезгі арманы әрі халыққа адал қызмет етудің жолы еді. Ол 2000–2005 жылдары Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алды. Еңбек ете жүріп білім алу табандылықты талап етсе де, ол алдына қойған мақсатына жетті.
      2004 жылы Қандыағаш қаласында тұңғыш рет «Заңгер» кеңсесін ашып, халыққа құқықтық көмек көрсете бастады. Бүгінде тәжірибесі толысқан маман – Ақтөбе облысының заң кеңесшілері палатасының мүшесі, кәсіби медиатор. Заң саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Алия Дайрашқызының басты қағидасы – адам құқығын қорғап, адалдық пен әділдікке жол ашу.
      «Халықтың құқығын қорғау үшін қызмет барысында бар тәжірибемді, білімім мен күш-жігерімді жұмсадым. Әділдік пен адалдықтың салтанат құруы үшін тартынып қалған кезім жоқ. Бұл – менің санамда орныққан заңдылық. Еңбегімді абыроймен атқарып келе жатқаныма халықтың алғысы себеп болды», – деген сөзі оның азаматтық болмысын аңғартса керек. Шын мәнінде, заңның әр бабының артында адам тағдыры тұрады. Ал адам тағдырына жауапкершілікпен қарау кәсіби біліммен қатар жүрек жылуын да қажет етеді.
      Өнегеге толы өткенге көз тастасақ, қазақ қоғамында дау-дамайды елдің бірлігі мен ағайынның татулығын ойлаған билер шешкен. «Дау мұраты – бітім» деген сөз де халқымыздың санасында ғасырлар бойы сақталып келеді.
      Бүгінде сол дәстүрді заманауи құқықтық жүйемен сабақтастырып отырған салалардың бірі – медиация. Алия Дайрашқызының қоғамдық-саяси белсенділігі де оның азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Ол «Ақжол» партиясының мүшесі ретінде елдегі құқықтық және демократиялық үдерістерге белсене араласты. 2011 жылы партия жетекшісі А. Байменовтің өкілі әрі сайлау барысында бақылаушы ретінде ашықтық пен әділдікті орнықтыруға өз үлесін қосты. Бұл қоғамдық тәжірибе оның заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауға деген сенімін шыңдап, өміріндегі тағы бір үлкен белес – медиаторлық қызметке бет бұруына берік негіз болды.
      2012 жылы Астана қаласындағы «Келісу» кәсіби медиаторлар одағында кәсіби медиаторлық біліктілігін арттырып, алғашқы медиаторлық кабинетін ашты. Содан бері он төрт жылға жуық уақыт бойы кәсіби медиатор әрі заңгер ретінде халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Оның пайымынша, медиатордың міндеті – бір тараптың жеңісі мен екінші тараптың жеңілісін анықтау емес, екі жақты ортақ мәмілеге келтіру.
      Бұл – үлкен сабырды, терең түсінікті және адам психологиясын сезінуді қажет ететін жұмыс. Кейде бір ауыз жылы сөз талай жылға созылған даудың түйінін тарқатса, енді бірде екі тараптың да уәжін тыңдап, олардың бір-бірін түсінуіне жағдай жасау қажет болады. Осындай сәттерде медиатордың білімі мен өмірлік тәжірибесі қатар сыналады.
      Алия Дайрашқызы – қазақтың ата билерінің лайықты ізбасары іспетті. Оның мақсаты – дауласқан тараптарды жауластыру емес, жарастыру, араздасқан адамдарды татуластыру. Майталман маман жылдар бойы осы жолда еңбек етіп, талай азаматтың алғысына бөленді.
      Кәсіби ізденісін тоқтатпаған Алия Дайрашқызының қызметтік жылнамасына көз жүгіртсеңіз, оның медиация саласындағы халықаралық тәжірибеге де ерекше назар аударғанын аңғарасыз. Ол 2015 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің жобасын талқылауға белсене қатысты. Ал 2022 жылы Медиация туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық дөңгелек үстелге қатысып, өз ұсыныстарын білдірді. Дәл осы жылы қазан айында, кәсіби біліктілігін одан әрі арттырып, «тренер-медиатор» сертификатын иеленді.
      2023 жылдың қазан айында Франция мен Нидерландта сот жүйесіндегі медиацияның маңызына арналған жобаға қатысып, халықаралық тәжірибемен танысты. Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотта болды. Париж академиясында медиация жүргізу бойынша білімін жетілдіріп, арнайы сертификат алды. Франция мен Нидерландтағы медиация тәжірибесін зерделеу арқылы отандық бітімгершілік мәдениетін дамытуға өз үлесін қосуға ұмтылды. Бұл сапарлар – жай ғана шекара асып, шетел аралау емес, кәсіби тәжірибені кеңейтуге бағытталған ізденіс. Өзінің кәсіби білігін ұдайы арттыруды мақсат еткен жетекші медиатор бұл саланы одан әрі тереңдету үшін арнайы білім алуды ұйғарып, Санкт-Петербург қаласында орналасқан Халықаралық Психология Институты «Лидер»мекемесінде білім алып шықты. Нәтижесінде, 2023 жылы «Психолог-консультант» мамандығы бойынша ресми диплом беріліп, бұл алған білімі мен халықаралық тәжірибесі оның медиация саласындағы кәсіби шеберлігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
      2017 жылы «Kazinterservis» ЖШС-нің құрылтайшысы атанған ол өз кәсібін қалыптастырып қана қоймай, ел игілігіне қызмет ететін еңселі істің негізін қалады. Бүгінде аталған кәсіпорынды ұлы Казиев Алпысбек басқарып, өз бағыты бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетіп, абыройлы еңбек етіп келеді. Бұл жетістіктің астарында ана тәрбиесі мен маңдай термен қалыптасқан еңбек мектебінің айрықша ізі жатыр. Анадан алған тәлімін өмірлік ұстанымына айналдырып, өз кәсібін дөңгелетіп, ел алғысына бөленген ұлдың әрбір жетістігі – ана үшін зор мәртебе әрі жүрекке қуаныш сыйлайтын үлкен мақтаныш. Өйткені перзентінің биіктен көрінуі – ана еңбегінің ақталғаны, берген тәрбиесінің өмірдегі жалғасы.
      Алия Дайрашқызы кәсіби қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Ол 2022 жылдан бастап күні бүгінге дейін Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі. Бұл бағыттағы қызметі де оның өмірлік ұстанымымен үндес. Себебі отбасының берекесі, әйелдің қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесі – кез келген елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер.
      Ұзақ жылдар бойғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның кәсіби біліктілігі мен азаматтық еңбегі мемлекеттік органдар мен кәсіби қоғамдастықтар тарапынан жоғары бағаланып келеді. 2025 жылы Кеңес Одағының Батыры Алия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мен – Алиямын!» форумында жас ұрпаққа өнеге болып, ел игілігі жолындағы істерге қосқан үлесі үшін Ақтөбе облысы әкімдігінің Алғыс хатымен және мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстан Республикасы күніне орай заң саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Ақтөбе облысының заң консультанттары палатасының Алғыс хатына ие болды.
      Ел мүддесі мен адам құқығын бәрінен биік қойған заңгердің еңбегі қарапайым еңбек ұжымдары тарапынан да айрықша бағалануда. Мәселен, «СНПС-Ақтөбе Көлік Компаниясы» ЖШС Кәсіподақ комитеті жұмыстан босатылған қызметкерлердің еңбек дауларында құқығын қорғап, жұмысқа қайта орналасуына көмектескен кәсіби шеберлігі мен жанашырлығы үшін Алия Дайрашқызыға арнайы ризашылық білдіріп, оның еңбегін «Халық заңгері» ретінде жоғары бағалауды ұсынды.
      Қызметтегі жетістіктің ар жағында әрдайым отбасының берік қолдауы тұрады. Алия Дайрашқызының бұл жолдағы ең сенімді тірегі – аяулы жолдасы Сүгірбаев Сағынай Сақыпұлы. Жұптары жазылмай, бірге шаңырақ шайқалтпай келе жатқан қос бәйтерек бүгінде өнегелі тәрбие беріп, өсірген төрт перзенттің ата-анасы.
      Анасының салған сара жолын қуып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген перзенттері – отбасының басты мақтанышы. Мәселен, қызы Салтанат заңгер-медиатор, Айдана да заңгер мамандығын таңдап, құқық пен әділдік саласында еңбек етіп келеді. Ал ұлы Алпысбек жеке ЖШС басқарып, кәсіпкерлік салада халыққа қызмет көрсетсе, кенже қызы Гаухар өнер мен шығармашылық жолын серік еткен.
      Бүгінде қос бәйтерек осы перзенттерінен 6 немере сүйіп, аналық пен әжелік бақыттың шыңына бөленіп отыр. «Оларға артар үмітіміз мол. Шыны керек, солар үшін өмір сүреміз. Ұрпағымыз салиқалы, салауатты, ғұмырлы болсын!» – дейді ол ақжарма тілегін білдіріп. Бұл – кез келген ата-ана үшін ең ізгі тілек. Ұрпағының осылайша өнегелі де парасатты азамат болып қалыптасып, елге адал қызмет етуі – Алия Дайрашқызының өмір бойы ұстанған биік құндылықтарының заңды жалғасы.
      Алия Дайрашқызының сүйікті істерінің бірі – саяхаттау. Ол Италия, Испания, Франция, Грекия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланд, Бельгия сынды елдерде болып, олардың мәдениетімен және тарихымен танысты. Саяхат оған жаңа әсермен қатар тың ой мен өзгеше көзқарас сыйлайды. Әр елдің тыныс-тіршілігін көріп, адамдардың өмір салтын бақылау адамның дүниетанымын кеңейтетіні анық. Ал өмір бойы адамдармен жұмыс істеп келе жатқан маман үшін мұндай тәжірибенің маңызы ерекше.
      Алия Дайрашқызының еңбек жолына көз салсақ, оның ғұмырының негізгі өзегін үш ұғыммен түйіндеуге болады: еңбек, әділдік, татулық. Құрылыс алаңынан басталған еңбек жолы тау-кен өндірісіне, пошта саласына, кәсіпкерлікке, әкімдік қызметіне, заңгерлік пен медиаторлыққа ұласты. Әр кезең оның бойына жаңа қасиет дарытты. Жұмысшы болу еңбектің қадірін үйретсе, әкімдіктегі қызмет халықпен жұмыс істеудің жауапкершілігін танытты. Заңгерлік әділдіктің маңызын тереңдетті, ал медиаторлық қызмет адамдарды тыңдап, түсініп, татуластырудың үлкен өнер екенін айқындады.
      Бүгінде Алия Дайрашқызы жиырма жылдан астам уақыт бойы заңгерлік бағытта елге қызмет етіп, 2012 жылдан бері кәсіби медиатор ретінде де еңбек етіп келеді.
      Ол үшін ең үлкен жеңіс – даудың тоқтауы, ең үлкен жетістік – екі адамның бір-бірін түсінуі, ал ең үлкен марапат – халықтың батасы мен алғысы. Ең үлкен арманы – артында жақсы сөз қалдырып, ұрпағына өнеге болу.
      Қандыағаштың қарапайым теміржолшылар отбасынан шыққан Алия Дайрашқызының өмір жолы – маңдай термен келген еңбек пен үздіксіз ізденістің, адамға деген құрмет пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның ғұмыры қажырлы еңбек, табандылық және тынымсыз ізденіс арқылы үлкен белестерді бағындыруға болатынын дәлелдейтін тағылымды өнеге.
      Әрбір жетістігінің негізінде қасиетті қара шаңырағынан дарыған тәртіп пен жауапкершілік, адамға деген құрмет, елге деген сүйіспеншілік және өз ісіне адалдық жатыр. Дауға тоқтам айтып, татулыққа жол ашқан жанның сара жолы да өзгелерге үлгі боларлық. Өйткені елге қызмет ету – биік лауазымның өлшемі емес, жүректен туған азаматтық парыз. Ал сол жолда халықтың сеніміне ие болып, алғысына бөлену – маңдай термен атқарылған еңбектің ең қымбат әрі ең биік марапаты.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 октября 2026 19:09
Алёна
Самый лучший врач в городе Шымкент...
6 октября 2026 14:18
Зухра Зуфаровна
Сергей Михайлович — руководитель, которого я вспоминаю с особым уважением и благодарностью. Я сама была ученицей этой...
16 сентября 2026 19:29
Шолпан Дюсекеновна
Я благодарю судьбу, что моим наставником был Сергей Михайлович. Он Человек-Педагог-Руководитель с большой буквы. Те...